![]()
Главная Обратная связь Дисциплины:
Архитектура (936) ![]()
|
Дос КӨШІМ: ҚАЙРАТТЫҢ СОТЫ АРҚЫЛЫ ҰЛТТЫҚ АР-НАМЫСЫМ ОЯНДЫ
Мірбаяны 1973 – 81 жылы Шу ауданы Төле би ауылындағы орналасқан Сәду Шәкіров атындағы мектеп-интернатта оқып, 8 жылдық білім алды. 1981 – 83 жылы Бірлік ауылындағы бұрынғы Киров атындағы орта мектепте оқып, он жылдықты бітірген соң, әскер қатарына шақырылғанға дейін әкесі Ноғайбайға жәрдемші-малшы болып, Көктерек тауарлы-сүт фермасында жұмыс істеді. 1984 – 86 жылы Амур өлкесі Белогор қаласында әскери міндетін өтеді. Әскери-саяси қызметтердің үздігі ретінде бірнеше мақтау қағазымен марапатталып, әскери бөлімше командирлері ата-анасына алғыс айтқан құрмет қағаздарын жіберді. 1986 жылы мамырда әскери борышын өтеп ауылға оралды. Тамыз айында әскери бөлімшенің жолдамасымен Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтына келіп сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түсті. Осы жылы 16 – 18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісіне белсене қатысты. Бірақ көтеріліс қатыгездікпен жаншылғаннан кейін 1987 жылдың қаңтарында ішкі істер органының қызметкерлері «Алматыда бір төбелеске қатысты» деген желеумен Рысқұлбековті Мойынқұм ауданының орталығында тұратын нағашысы – М.Асанбаевтың үйінде демалып жатқан жерінен ұстап әкетеді. Кейіннен, көпшілікке мәлім болғанындай, тергеушілер зымиян әрекеттерімен Рысқұлбековке неше түрлі айла-шарғылар қолдана отырып, оны С.Савицкийдің өліміне кінәлі етеді. Қазақ КСР-і Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының төрағасы Е.Грабарниктің 1987 жылы 16 маусымдағы Үкімімен Рысқұлбеков – ең жоғары жаза – өлім жазасы – атуға бұйырылды. Зиялы қауым өкілдері СОКП Бас хатшысы Горбачев пен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президумының төрағасы Громыконың атына Рысқұлбековтің жазасын жеңілдету туралы өтініштерін жолдады. Кейіннен Рысқұлбековтың ату жазасы амалсыздан 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылды. Бірақ Шу, Қарағанды темір жол бекеттері арқылы Рысқұлбеков белгісіз себептермен Семей түрмесіне жеткізіліп, құпия жағдайда оның өміріне қастандық жасалды. Жетістіктері Желтоқсан көтерілісінің бас құрбаны болған Рысқұлбеков еліміз егемендік алғаннан кейін Қазақстан Жоғарғы Соты Пленумының 1992 жылы 21 ақпандағы шешімімен толықтай ақталды. Оған «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Тараз қаласында Рысқұлбеков есімімен аталатын демалыс паркі бар. Сондай-ақ онда Рысқұлбековке ескерткіш қойылған. Дос КӨШІМ: ҚАЙРАТТЫҢ СОТЫ АРҚЫЛЫ ҰЛТТЫҚ АР-НАМЫСЫМ ОЯНДЫ саясаттанушы, Қайраттың сотындағы тілмаш: – Дос аға, сіздің Қайрат Рысқұлбековтің сотында тілмаш болғаныңыздан хабардармыз. Ең алғаш Қайрат ағаны қай күні көрген едіңіз? – 1987 жылы прокуратура маған Қайрат Рысқұлбековтің ісін аудартты. Аударып болған соң барып маған «Енді сотта тілмаш боласың» деді. «Бармаймын» дегеніме қараған жоқ. Сонымен, сотта тілмаш болдым. Сот менің жанымды құлазытып кетті. Осы сот арқылы ұлттық ар-намысым оянды. Сол кезден бастау алған қоғамдық көзқарас мені саяси күреске алып келді. Сотта Қайрат Рысқұлбеков, Жамбыл Тайжұмаев, Қайыргелді Күзембаев, Түгелбай Тәшенов төртеуі тұрды. Ең қызығы, мен прокуратурада істі аударып жатқанда-ақ қызметкерлер «Қайратқа өлім жазасы, ал қалғандарына 15 жылдан беріледі» деп айтып жүрді. Сот бітіп, солардың айтқаны тура келгенде жағамды ұстадым. Мен Түгелбай мен Қайраттың сөзін аударып отырдым. Есімде қалғаны, Қайрат сотта екі өлең оқыды. Бірі – «Ей, прокурор!» деп басталып, түрмедегі жағдайын баяндайтын өлең, екіншісі – «Ақтық сөзі», яғни баршамызбен қоштасуы еді. Соттың төрағасы Ефим Грабарник деген еврей маған «Өлеңді аударып бер» деді. Мен: «Өлең аударылмайды. Ол әке-шешесімен қоштасу бағытында жазылған», – дедім. Қорғаушы солдаттардың бастығы таныс еді. Сол жігітке барып: «Маған Қайраттың дәптерін алып бер», – деп өтіндім. Әйтпесе олардан ештеңе алғызып, бергізбейтін. Ол әкеліп берді. Мен оны сол жердегі Қайраттың інілеріне тапсырдым. Сосын үкім оқылды. Қайраттың соңғы сөзі «Мен кінәлі емеспін, апа!» болды. Сонымен, сотталғандарды алып кетті. Қайратты «Савицкий дегенді ұрып өлтірді» деп айыптады ғой. Ол өлтірілген кезде Қайрат мүлде басқа жерде жүрген. Қасында куәлары да бар. Куәлары сотқа келгенімен, олардан еш пайда болмады. Қайрат «Менің жанымда пәленше, пәленше деген жігіттер бар еді» дейді. Сол жігіттерді шақырып: «Егер сіздер қатысқан болсаңыздар, осындай баппен сотталасыздар», – деп ескертіп алады да, «Сіз сол күні Қайрат Рысқұлбековпен бірге шықтыңыз ба?» дейді. Ол «Иә» десе, сотталайын деп тұр, сосын «Жоқ» дейді, әрине. Сонымен, куәлардың барлығы бас тартты. Қайрат, Жамбылдардың «Ей, пәленше! Біз бірге шықтық қой!» дегендері әлі есімде. Ал жігіттер жерге қарады.
– Қайрат Рысқұлбеков орыс тілін жетік білген дейді... – Аса жетік білді деп айта алмаймын. Ол біраз нәрсені өзі айтатын да, кей уақытта маған бұрылып «Нақтылап берсеңіз» дейтін. Түгелбай мүлде орысша білмейтін. – Қайрат марқұм соңғы шешімді естіген уақытта өзін-өзі қалай ұстады? – Ол кезде саяси күрес дегенді ешкім білмейді ғой. Бірақ олар өздерін кәдімгі ер-азаматтарша ұстады. Жігіттер «Біз кінәлі емеспіз» деп қасқиып тұрып алды.
– Сот аяқталған соң өзіңіз қандай күйде болдыңыз? – Мен үшін бұл үлкен соққы болды. Сот өткен 21 күннің ішінде жеті келі салмақ тастаппын... Қайраттың сотынан соң, «мынадай қоғамда өмір сүргенше, күресіп өтейік!» дедік. Желтоқсанның маған жасаған жақсылығы – мені оятқаны болар. ылтырғы жылдың желтоқсан айында «Екпін» журналы 1986 жылғы толқуларға қатысқандармен сұхбат жасаған еді. Алаңға шыққан сол кездегі Алматы студенттері бүгінде елуге таяп қалды, әрқайсысы желтоқсанның ызғарлы күндерін еске түсіріп, өз шындығын айтудан бас тартпай, бүгінгі жастармен бөлісті. Бүгінгі материалда Желтоқсан құрбаны болған Қайрат Рысқұлбековтың інісіТалғат Рысқұлбековтың естелігін жариялап отырмыз. Талғат Рысқұлбеков: Өз халқын өзге ұлт өкілінің билеуіне қарсы болған жастардың арасында мен де, менің туған ағам Қайрат та болдық. Қайрат көтеріліске шықпай тұрып алдын ала екі досымен барып академиясындағы (Қайрат Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында оқыған — "Екпін") Әркен Уақов деген кісіге жолығып ақыл сұраған. Ол кісі қазір демократия, перестройка, қолдарыңа плакаттарыңды алып, ұрандатып бейбіт шеру жасауға болатындығын айтады. Сөйтіп Қайрат пен оның өзімен бірге жатақханада тұрған Е және Б деген достары «Алаңда болғанымызды ешкімге айтпаймыз. Егер біреуіміз ұсталсақ, әрқайсымыз өзімізге жауаптымыз» деп уәделесіп, алаңға шығып кетеді. Бірақ екі досы ұсталған кезде сөздерінде тұрмақ түгілі «Әркен Уақов бізге алаңға шығыңдар деді» деп ағайларын да сатып кеткен. Сөйтіп ол 8 жылға сотталып кетеді. Әркен Уақов абақтыдан шыққаннан кейін мені тауып алып, үйіне шақырып қонақ қылып, қолымнан алып, бетімнен сүйіп: «Егер Қайрат тірі болса, тізерлеп тұрып рахмет айтатын едім» деді. Өйткені Е мен Б оны айтып бергенде Қайрат қана оны мойындамаған, сол үшін Қайратқа өле-өлгенше риза болып өтетіндігін жеткізді. «Егер сол кезде Қайрат та мені көрсеткенде, ату жазасына кесер ме еді» дейді Әркен Уақов. Қайраттың ерлігі - өзі ұсталып кетіп бара жатса да басқаны өзімен ала кеткен жоқ. Ол сот залында тұрып айтқаны қазір протоколда, Мұхтар Шахановтың кітабында да бар: «Мен алаңға бірінші елімді, жерімді басындырмаймын деп шықтым. Қылмысым сол болса, соттай беріңдер. Бүкіл жастарды, жатақханаларды көтергенім рас, сол үшін соттаймын десеңдер де соттай беріңдер. Екі мыңдай адамды алаңға алып барғаным рас. Мойындаймын. Бірақ ана Савицкийдің өліміне қатысым жоқ. Егер қатысым болса, оны да мойындайтын едім. Бір милиционер қазақ қызының шашынан сүйреп бара жатқандығын көріп жебер деген едім, жіберемеді, сонда мен оны ұрдым да қызды ажыратып алдым. Ол міне сот залында отыр» деп, Алмабеков деген кісіні көрсетеді. Ол сол кезде жәбірленуші болып сотқа қатысқан. Қайрат: «Қазақ қыздарын шашынан сүйреп жатқанын көргенде мен шыдап тұра алмадым. Қарындасым ғой, қазақтың қызы ғой. Адам емес, аң екеш аңның еркегі ұрғашысына мүйіздісі мүйізін, тұяқтысы тұяғын көтерген емес. Оның қасында біз Адам атадан тараған адамзат деген атты алып жүрген жоқпыз ба, - деп, өзі үлкен жазаға кетейін деп тұрса да, - ...және мен оған еш өкінбеймін. Мына оңбағаннан (Алмабековтен)кешірім сұрамаймын. Сол үшін соттаймын десеңдер соттай беріңдер. Егер осы оқиға қайталанса, мен қайтадан осыны істейтін едім, сол қарындасыма қайтадан араша түсер едім», - дейді 21 жасар бала. Бүгінгі Тәуелсіздік, біріншіден, ата-бабамыздың сонау заманнан құдайдан сұраған дұғасының қабыл болғандығы. Екіншіден, 86-жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысқан бүкіл қазақтың ар-намысының оянуы. Үшіншіден, Грузия, Прибалтика елдерінің бізден кейін іле-шала көтеріліп, КСРО-ның құлауына алып баруы еді. Қайрат: «Күнәдан таза басым бар, Жиырма бірде жасым бар, Қасқалдақтай қаным бар, Бозторғайдай жаным бар. Алам десең, алыңдар. Қайрат деген атым бар, Қазақ деген затым бар, Еркек тоқты құрбандық. Атам десең атыңдар!» — деп өз сөзінде соңына дейін тұрды. Ал достары оны сатып кетті. Жай ғана сатса мақұл екен, сорақысы, сол екеуі оған жала жапты. «11.30 мен 12.15 минуттың арасында Қайраттан көз жазып қалдық, қайда кеткенін білмедік. Біз сол уақытта Сәтпаев пен Фурманов көшесінің қиылысында едік, ол 40-45 минуттан кейін қасымызға қайтадан келді» деп жала жабады. Сөйтіп 20 мың адамның арасынан Қайрат Сәтпаев-Желтоқсанға барып Савицкийді өлтіріпті-міс. Ақылға сыйымсыз нәрсе ғой. Бұл өтірік жала еді. Жала бола тұра оны өтірік қолдан жасады және екі досы оны растады. Бірақ ол уақытта олар үшеуі де бірге болатын. Ол екі досы қазір «желтоқсан» деп кездесулер өткізіп, сұхбат беріп жүр. Олар да қазір батыр болып жүр. Біреуі қайта құдайдан қорқып, «Қайраттың өліміне мен кінәлімін, оны емес, мені ату жазасына кесу керек еді» деп ішіп кетіпті деп әпкесінен естідім. Ал Б деген досы қазір бір университетте деканның орынбасары болып отыр. Ондай желтоқсаншыдан не қайыр, не үміт. Бір рет сатқан адамнан ертеңгі күні жастар қандай тәлім-тәрбие алады. Ол жастарды да, елі, жері, Отанын да екінші рет сатпайтындығына кепіл бола аламыз ба? Қазір осындай жалған желтоқсаншылар көп. 20 мың адам қатысты, сөз жоқ, олардың әрқайсысы желтоқсаншымын деп мақтан ете алады. Бірақ сол кезде желтоқсаншыларды қудалап жатқанда: «Мен де қатыстым, Қайратқа ғана ату жазасын бересің бе? Маған да ату жазасын бер, мені де сотта, сол алаңда мен де болдым» деп шығуы керек еді. Сол кезде біреу шықты ма сөйтіп? Біз алаңда жүргенде басшылық армандарыңды, мұң-мұқтаждарыңды Колбинге жеткіземіз, араларыңнан өкіл шығарыңдар деді. Сол кезде 4 адам шығардық және олар трибунаға шығып, өздерін таныстырып кетуін талап еттік. Кейін жоқ болып кетсе қайдан табамыз, кім деп іздейміз, анық-қанығын біліп алайық дедік. Сонда бірінші болып Ахметова деген әйел сөйледі. Ол әлі күнге дейін жоқ. Сол кісіні Мұхтар Шахановтың комиссиясынан да, бәрінен іздедім. Қателеспесем ҚазПИ-да сабақ беремін деді. Ол әйел: «Лениннің ұлттар жөніндегі саясатының өзінде әр облыстың бірінші басшысы жергілікті ұлт өкілі болуы тиіс. Ал бізде төрт облыста орыс отыр. Онымен қоймай енді Республикамызға да орысты алып келіп отыр. Сонда бізде ел басқаратын қазақ қалмады ма? Біз ұл тапқанда ұл таптық деп қуанып қалжа жедік қой. Сонда бізді басқаратын қазақтың жоқ болғаны ма, бұл өтірік нәрсе. Біз осы үшін қарсымыз!» деп айта бастағанда төртеуінің қол-аяғын бұрап, алып кетті. Біз жіберіңдер деп жармастық, олар жібермеді, төбелес ешқандайда арақ, нашасыз солай басталып кетті. Біздің сыртымыздан неше түрлі айыптар тағылды. Енді біреулер мені Қайраттың атын жамылып жүр деуі мүмкін. Ондай нәрселерді де естіп жатырмыз. Бірақ оның барлығы жалған. Мен өзім алаңға еркек болып, қазақы намысым болғандықтан шықтым. Шыққанымды әлі күнге дейін мақтан етемін.
![]() |