![]()
Главная Обратная связь Дисциплины:
Архитектура (936) ![]()
|
Пенденің амалы тартылатын таразы
Адам жақсылы-жаманда амалдарымен Алла Тағаланың құзырына барады. Міне, сол жерде пенденің амалын өлшейтін таразы болады. Әр адамның амалы осы таразыда (мизанда) өлшеніп, сауабы ауыр тартқандар жәннәтқа кіреді де, күнәсі ауыр тартқандар тозаққа тасталады. Егер тозаққа тасталушы иман еткен кісі болса, күнәсінің мөлшеріне қарай тозақта жазасын өтейді де, сонан соң тозақтан шығарылып, жәннәтқа кіреді. Әрине, бұл таразы Иләһи әділет өлшемі болғандықтан, біздің ұғымдағы таразыдай емес. Оның шынайы болмыс‑бітімі бір Аллаға аян. Қиямет қайымдағы әділет таразысы жайында аяттарда төмендегідей мәліметтер келтіріледі: «Қиямет күні туралық таразысын қоямыз. Сонда ешкім әділетсіздікке ұшырамайды. Егер бір дән түйірінің салмағындай болса, оны әкелеміз. Есеп көруде жеткіліктіміз»[15]. «Ал, сол күні кімнің таразысы ауыр тартса, міне, солар – құтылушылар. Ал, кімнің таразысы жеңіл тартса, міне олар – өздерін зиянға ұшыратқандар. Олар тозақта мәңгі қалады»[16]. Пенденің қай амалы таразыда ауыр тартатындығы белгісіз. Мәселен, үлкен бір қайырлы амалыңыз титтей сауапқа баланып, керісінше өзіңіз «бұл титтей ғана амалым ғой» деп жүрген әрекетіңіздің сауабы ұшан‑теңіз болуы мүмкін. Кейде Алланы бір сәт зікір етудің өзі ұлы құлшылық екенін біле бермейміз. Асылында, Алланы зікір ету тілге жеңіл болғанымен – таразыда сауабы өте ауыр болады. Хазіреті Пайғамбарымыз былай дейді: «Тілге жеңіл, таразыда ауыр Рахманның жақсы көретін екі сөзі бар: «Субханаллаһи уа бихамдиһи, субханаллаһил азим»[17]. Кәусар хауызы Қиямет күні Алла Тағала пайғамбарларына бірер хауыз береді. Әр пайғамбардың жәннәтқа баратын үмметі сол хауыздан су ішеді. Ол хауыздан бір жұтым су ішкен пенде еш уақытта шөлдемейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да Кәусар атты хауызы бар екендігін «Кәусар» сүресі баян етеді. Кәусар хауызынан бір жұтым су ішу әрбір мұсылманға бұйыра бермейді. Хауыздан бір жұтым су ішу бақытына ие болу үшін шынайы мұсылмандардың сапында болып, Алланың әмірі мен Пайғамбар сүннетін кәміл орындау қажет. Пайғамбарымыз хауызы жайында былай дейді: «Кәусар хауызына сіздерден бірінші болып мен барамын. Маған келген кісі одан ішеді. Одан ішкен ешқашан шөлдемейді. Кейбір қауым маған келгенде мен оларды танимын, олар да мені таниды. Содан кейін мені мен олар арасында зәбәни (тозақ) періштелері кіріп кедергі болады. Мен: «Олар менің үмметім», – дегенімде, маған: «Олар сенен кейін не нәрселер жасағанын білмейсің ғой», – дейді. Бұдан кейін мен: «Менен кейін дінін ауыстырғандар хауыздан алыс тұрсын», – деймін»[18]. Екінші бір хадисте былай дейді: «Менің хауызымның бір жағы – бір айлық жол. Суы сүттен ақ, балдан тәті, шынылары көктегі жұлдыздардан да көп. Одан бір рет су ішкен жан ешқашан шөлдемейді»[19] 6. Сырат көпірі (қылкөпір) Сырат – тозақтың үстінен өтетін жол, яғни көпір. Әрбір пенде осы көпірден өтеді. Сырат көпірінен өтудің жеңілдігі яки қиындығы пенденің осы дүниеде жасаған амалына, тақуалығына, ықыласына қарай өзгеріп отырады. «Сендерден тозаққа келмейтін (сыраттан өтпейтін) ешкім болмайды. (бұл) Раббыңа тұжырымды, міндетті бір үкім. Соңыра тақуа болғандарды құтқарамыз да залымдарды тозаққа жүгіндіріп қоямыз»[20]. Аятта тікелей сырат сынағының кімдерге қатқыл, кімдерге жұмсақ екені айтылып тұр. Сырат көпірінің қандай екендігі жайында хадистерде нақты ешқандай мәлімет жоқ. Сондықтан оның болмыс‑бітімінің қандай екендігі бір Аллаға аян. Пайғамбарымыз бұл мәселе жөнінде: «Тозақтың үстіне сырат құрылады. Одан бірінші өтетін мен және үмметім болады. Ол күні Пайғамбарлардан басқа ешкім сөйлемейді. Пайғамбарлардың дұғасы да: «Ия, Аллам амандық бер» болады»[21]. Шапағат Ақырет күні Алла Тағаланың рұқсатымен пайғамбарлар сауабына қарағанда күнәсі басым болған күнәһар мүміндерге шапағатшы болады. Алладан олар үшін медет тілеп, тозақ отынан сақтап қалу үшін жалбарынады. Сондай-ақ, пайғамбарлардың шапағатына ие болған кейбір мүміндердің дәрежелері де көтеріледі. Пайғамбарлармен қатар ең сүйікті құлдар да Алланың рұқсатымен шапағат ету құзіретіне ие болады. Бірақ Аллаһтың рұқсатынсыз ешкім де шапағатшы бола алмайды. Бұл тақырыпқа қатысты көптеген аяттар бар: «Оның рұқсатынсыз ешбір шапағатшы жоқ»[22]; «Оның құзырында өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді?!»[23]. Шапағатқа Алланың разы болған пенделері ғана қол жеткізеді: «Олар Алланың разы болған кісісіне ғана шапағат ете алады»[24]. Ал, кәпірлер мен мунафықтарға шапағат етілмейтіні жайлы аятта: «Сонда оларға шапағатшылардың шапағаты пайда бермейді»[25], –делінген. Ал, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Алланың рұқсатымен шапағат ететіндігін әһли сүннет жолын ұстанушылар қабыл етеді және Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағаты үлкен күнә істеген мұсылманға болатындығына бек сенеді[26]. Әһли сүннет сенімі бойынша, пайғамбарлар, әулиелер, шейіттер мен ғалымдар үлкен күнә істеген кісілерге шапағат ете алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметіне шапағат ететіндігі жайында былай дейді: «Шапағатым үмметімнен үлкен күнә істегендер үшін[27]»; «Әр пайғамбардың өзіне тән, жасағанда қабыл болатын бір дұғасы бар және онымен дұға еткен. Ал, мен болсам дұғамды ақыретте үмметіме шапағат ету үшін қалдырдым»[28].
![]() |