![]()
Главная Обратная связь Дисциплины:
Архитектура (936) ![]()
|
Азақстан жер-су аттарын бастапқы зерттеген орыс ғалымдары
1. XIX ғасырдағы орыс ғалымдарының Қазақстан топономиясын алғашқы зерттеулерінің даму тарихы. 2. Географ ғалымдардың топонимиялық ғылыми еңбектері
ХІХ ғ. Орыс Географиялық қоғамы топонимикалық зерттеулерге назар аудара бастады. Сол кезеңдегі географиялық және этнологиялық еңбектерде географиялық атауларды жинақтау, оларға этимологиялық талдау жасау, жергілікті халықтардың топонимдерінің орыс тіліндегі транскрипциялануына қатысты мәселелер көтерілді. П.П. Семенов Тянь-Шанский, Г.Н. Потанин, В.В.Сапожников және басқа ғалымдар жергілікті географиялық атауларды жинақтап, олардың мағыналарын шығу тегін түсіндіруге тырысты. Қазақ жеріндегі бірқатар топонимдер 1863-1885 жылдары жарық көрген П.П.Семеновтың “Россия империясының географиялық-статистикалық сөздігінде” көрініс тапқан. Сөздікте топоним құрамындағы географиялық терминдер сызықша арқылы бөлініп жазылған және терминнің қазақшадан аударғандағы мағынасы жақша ішінде берілген. Бұл сөздіктің қазіргі топонимика ғылымы үшін маңызы атаулардың тізімін, мағынасын беруімен ғана емес, объектінің георафиялық ерекшеліктерін қысқаша сипаттауымен де құнды. Мұның өзі көптеген қазақ топонимдерінің мәнін түсінуге, мағынасын жан-жақты талдауға мүмкіндік береді. Осы кезеңде Қазақстан аумағын аралаған саяхатшылар, картаға түсірген ғалымдар жергілікті қазақ атауларының транскрипциясын дұрыс бермегендіктен, географиялық әдебиеттер мен карталарда бұрмаланулар орын алды. Бұл бұрмаланулар соңғы 10-15 жыл көлемінде қайта қаралып, өзгертілуде. Ал Қазақстан аумағындағы көне және қазіргі заманғы түркі топонимиясы зерттеуде В.В. Радловтың, А.Н. Кононовтың және т.б. қосқан үлесі зор болды. Академик В.В. Радлов өзінің «Опыт словаря тюркских наречий» (1895-1911) атты кітабында түркі лексикасындағы топонимикалық және терминологиялық ақпараттарды жинап, өңдеген. В.В. Радлов көптеген түркі терминдері мен топонимдеріне түсінік берген. А.Н.Кононов дүние бөліктері терминологиясымен айналысты. Өз еңбектерінде ол географиялық терминдегі «қара» және «ақ» аппелятивтеріне семантикалық сипаттама берді. Топонимика үшін ғалымның түркі халықтарының көкжиек бағыттарын анықтау әдістеріне қатысты зерттеулерінің де маңызы зор. Орыс ғылымында топонимиканы зерттеу осыдан екі жүз жыл бұрын басталуы. Екі ғасыр ішінде орыс топонимдерінің зерттелуі есейіп, үлкен табысқа жетті. Сондықтан мол тәжрибесі мен өнеге көрсетер үлгісі бар орыс топонимикасынын зерттелуіне қысқаша шолу жасауды жөн кердік. Топонимдердің зерттеу мәселесі ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарынан басталады. Географиялық қоғамның этнография бөлімін басқарушы, атақты сыншы жіне этнограф Н.И. Наежнин топонимдерді зерттеу мәселесіне көңіл бөлген. Сол сияқты К.А.Неволин де 1853 жылы ХҮІ ғасырдыға новгород жазуы мен оның тарихы жөнінде үлкен еңбек жазған. Орыстың география қоғамы «Үлкен сызу кітабын» зерттеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы топонимикалық зерттеулер этимологиялық талдауға, географиялық атауларды жинауға және ұлт топонимдерін орыс тілінде транскрипциялау мәселесіне арналды. П.П. Семенов Тянь-Шанский, Г.Н.Потанин, В.В.Сапожников, А.Н.Весонов, В.Ф.Ошанин т.б. ғалымдар, саяхатшылар топонимерді жинап қана қойған жоқ, олардың этимологиясы туралы да пікір айтты. Проф. Ю.М.Шокальскийдің басқаруымен орыстың география қоғамының қасынан географиялық атауларды жазу жөнінде транскрипция комиссиясы құрылды. Кейінгі кезде географиялық атаулардың этимологиялық сөздіктері шыға бастады. Олардың қатарына В.Ю.Турусманның, Г.Ф.Ганның, Э.М.Житковтың, А.Н.Сергеевтың, А.Орловтың, А.А.Ивановскидің сөздіктерін жатқызуға болады. Қазан төңкерісіне дейін топонимика жөнінде біраз еңбектер жазылып, көп материалдар жиналды. Бірақ төңкеріске дейінгі география, тарих ғылым өкілдерінің жасаған этимологиялық талдауларында тіл факторларына жете көңіл бөлмеу салдарынан кейбір кемістіктер де болды. Топонимикалық зерттеулер жүйелі түрде болмады. Көбіне әр түрлі ғылым өкілдерінің еңбектерінде жол жөнекей айтылды. Осыған қарамастын төңкеріске дейін топонимдерді жинау, оны пайдалануға керекті құнды жақтары мол екенін ерекше атап өту керек. Топонимиканы зерттеу жұмысы қазан төңкерісінен кейін де қолға алынды. Топонимика мәселелері мен әрбір республикалардағы Ғылым Академиясының ғылыми зерттеу институттары шұғылданып отыр. Топонимиканың үлкен теориялық мәселелерін көтерген еңбектердің қатарына В.П.Семенов Тянь-Шанскийдің, А.М.Селищевтің, Э.М.Мурзаевтың, И.И.Шишкиннің, Б.А.Серебренниковтың жұмыстарын жатқызуға болады. Ұлт аудандарының және шет тілдерінің топонимдерін орыс тілінде транскрипциялау мәселесі бүкіл жұртшылықтың көптен көңіл аударған мәселесі болды. 1813-14 жылдары қазақ жерін аралаған Ф.Назаров ОҚО аумағындағы кейбір географиялық нысандар туралы деректер қалдырған. Созақ туралы саяхатшы “Созақ 500 тас үйден тұрады. Биік жерде орналасқан, қала ішінде бұлақтар көп” деп жазған. Ал Шымкенттің Бодам (Бадам) өзені жағасында биік жерде тұрғандығын, биік қабырғамен қоршалғанын жазады. Саяхатшының қаладағы “үйлер негізінен күйдірілмеген кірпіштен салынған, қытайлардың үйлері сияқты терезелері болмайды” деген ескертпесінің маңызы зор. Ал Сарысу өзеніне қарай жүргенде, саяхатшы суы қызғылт түсті бұлақтар маңында тоқтағандықтарын, осы маңда құландардың үлкен үйірін кездестіргенін жазады. Қазақ жері туралы жан-жақты географиялық мәліметтер П.И. Рычковтың 1832 ж жарық көрген “Орынбор губерниясының топографиясы” атты еңбегінде берілген. Еңбекте аты аталған георафиялық нысандарға қысқаша сипаттама берілген. Ғалым Сарысу өзенінің Сырдарияға жетпей, құмға сіңіп кететіндігі, бұл өзенннің бойында құландардың үйірімен жүретіндігі жайлы топонимика үшін құнды деректер бар. Қазақстанда топонимдерінің шығу тегі мен мағынасына қатысты жекелеген мәліметтер ресейлік және отандық тарихшылар мен лингвистердің еңбектерінде кездеседі. Олардың қатарында С.П.Бартольд, А.Левшин, И.А.Кастанье, С.П.Толстов, Ә.Марғұлан, А.Н.Бернштам, С.Г.Кляшторный, К.Ақышев, К.Байпақов, Ә.Абдрахманов, Е.Қойшыбаев, В.Н.Попованың зерттеулерін атауға болады. Қазақстан географиялық атауларының зерттелуі туралы айтсақ Қазақстан топонимдері төңкерістен бұрын екі салада сөз болды. Біріншіден Қазақстанда болған ғалымдар, саяхатшылар, географтар ұазақ топонимдерін жазып алып, оларды картаға, ғылыми әдебиетке енгізді. Сол кезде кейбір адамдардың географиялық атауларды орыс тілінде дұрыс жазуға мән бермей, картаға, әдебиетке бұрмалап енгізуі орын алды. Екіншіден геграфиялық атаудар Орта Азияны және Қазақстанды зерттеуде үлкен ғалымдардың еңбектерінде сөз болды. Мысалы проф. П.Мелиоранскийдің «Паматник в честь Кюль-Тегина» деген еңбегінде бүкіл түрік жүйелі тілдерге қатысы бар ҮІ-ҮІІ ғғ. орхон-енисей жазуы, ондағы географиялық атаулар да сөз етілді. Орыс ғалымдарының Қазақстан топонимдерінде монғол, араб, фарсы және де басқа халықтардың лексикасымен байланыстылығы туралы зерттеулері. 1. Қазақ топонимдерінде монғол, араб, фарсы және де басқа халықтар тіліндегі атаулар бар екендігін зерттеген алғашқы ғалымдар туралы. 2. Топонимиялық ғылыми еңбектер. Қазақстанның топонимиялық спектрі шығу тегі жағынан әртүрлі тілдерге жататын географиялық атаулардан тұрады. Жалпы алғанда, топонимиялық стратиграфия тарихи және этностық процестер, тілдердің өзара әрекеттесуі нәтижесінде бір-бірімен тығыз байланысқан, әртүрлі тілдерге жататын және әр кезеңде қалыптасқан географиялық атаулардың қабаттарының жиынтығы болып табылады. Е.Қойшыбаев (1985) хронологиялық жіктеу негізінде Қазақстан аумағында 5 тілдік қабатты бөліп көрсеткен: 1) Ежелгі тілдер элементтерін сақтап келе жатқан тым көне қабаттар (санскрит, үнді-иран тілдері элементтері: тал, ар, бал, сар, ғар, кан); 2) Шартты түрдегі түркі-монғол тіл бірлестігі элементтерін сақтап келе жатқан көне қабаттар (ал, ала, бала, қар, шар, чар, көк, бай, тоғай); 3) Түркі тіл қабаттары немесе түркі тілдер семьясы құрамының ерекшеліктерін көрсететін қабаттар; 4) Осы күнгі түркі түркі тілдері ерекшеліктерін көрсететін қабаттар (қазақ, қырғыз, алтай, қарақалпақ, башқұрт, ұйғыр, түрікмен, әзірбайжан, өзбек және т.б.); 5) Орыс тілі негізіндегі топонимикалық қабаттамалар, яғни Э.М.Мурзаевтың айтуынша, “ең үстіңгі қабат”. Әрбір тілдік қабатты белгілі бір тарихи кезеңде қалыптасып, кейінгі дәуірлерде мүлде өзгеріске түспеген деуге болмайды. Өйткені қалыптасқан кезінен бастап, әрбір географиялық атау тарихи-географиялық және әлеуметтік факторларға байланысты өзгеріске ұшырап отырды. Сонымен қатар, екі немесе үш тілдің топонегіздері үйлескен гибридті (будан) атаулар да болады. Кей жағдайда тарих аренасында бір аумақта, бір мезгілде әртүрлі тілде сөйлейтін бірнеше халықтар бірдей деңгейде тілдік жағдайға, соның ішінде топонимдердің қалыптасу барысына ықпал етті. Жаугершілік замандарда жеңілген халық өзі жайлап келген аумақтан үдере көшуге мәжбүр болса, олардың рухани мұрасы болған көптеген атаулар жеңімпаз халықтың тіліндегі атаулармен жедел ауыстырылған. Ономастикалық номинациямен қамтылатын нысандар мен құбылыстар жиынтығы әр халықтың аумақтық таралу ерекшеліктеріне, мәдени даму тарихына байланысты түрліше сипат алады. Географиялық атау қоюдың өзі себеп-салдарлық байланыстардың күрделі кешені болып табылады, олар атаулардың типтеріне қарай түрліше сипатта болғандықтан, танып-білу деңгейі де әртүрлі болады. Зерттеушілер атауды қоюға түрткі болатын себептердің тарихи, әлеуметтік, аумақтық (географиялық) аспектілерін бөліп көрсетеді. Сырттан енген топонимдер қабатын иран, араб, монғол, орыс тілдеріндегі географиялық атаулар құрайды. Бұл тілдерден енген атаулардың қалыптасу барысына, құрылымдық ерекшеліктеріне тарихи-лингвистикалық, географиялық факторлар ықпал етті. Мысалы, тарихи-археологиялық зерттеулер VII ғ. – IX ғ. басында Оңтүстік Қазақстан өңіріне соғдылық дәстүрдегі қала мәдениеті тарала бастағанын дәлелдейді. Түркі халықтарына соғдылық мәдениет үлгілердің енуі соғдылардың Сырдария бойымен өтетін сауда жолының маңында қоныстана бастауымен қатар жүрген. Сол кезеңде соғдылық қала атаулары (Испиджаб, Пуроб, Шауғар) пайда болды. Оңтүстік Қазақстан аумағында орта ғасырларда құрамында “елді мекен”, “қала” деген жалпылама мағына беретін - қат, -кет, -кент, -қанд, - дех сияқты географиялық терминдер бар соғдылық топонимдер басым болған. Сол кезеңде танымал нысандар болғандықтан, тарихи жазба ескерткіштерде атаулары тіркелген. Жалпы алғанда, облыстың қазіргі картасынан кент сөзімен байланысты Атакент (Мақтаарал ауд.), Көлкент (Сайрам ауд.), Құмкент (Созақ ауд.), Майлыкент (Түлкібас ауд.), Манкент (Сайрам ауд.), Мырзакент (Мақтаарал ауд.), Сүткент (Шардара ауд.), Таукент (Созақ ауд.), Шымкент атаулары бар. Иран тілдес халықтар арасында кең тарап, кейіннен түркі тілдеріне енген стан термині “ел”, “аймақ”, “жер” мағынасын береді. Облыс аумағында бұл терминнің қатысуымен Түркістан, Гүлістан атаулары жасалған. Көне иран тілдерінде бастапқыда “гүлденген”, “суландырылған”, “жайлы” деген мағынаны білдірген абад/абат сөзі кейіннен түркі тілдеріне кеңінен еніп, елді мекен, қала мағынасына ие болған. Орта Азия мен Әзірбайжандағы топонимдер құрамында кеңінен тараған бұл термин Ақсуабат, Әбділабат, Низамабат, Тұрдыабат, Абад, Еркінабад, Ленинабад ауылдарының атауларында көрініс тапқан. Терминнің екі аудан аумағында ғана шектеулі ареал жасап таралуы оның реликтілі сипатын көрсетіп тұр. Облыс аумағында “есік”, “аңғар”, “қақпа” деген мағыналық жүктемеге ие ирандық дер/дар/дара терминінің қатысуымен Базардара (қоныс), Дарбаза (елді мекен, қоныс, тау), Қызыл Дарбаза (қоныс), Шардара (жазық, қала) атаулары бар. Қазақстанның басқа өңірлерінде тіркелген Дара, Дарат ойконимдері де осы термин негізінде жасалған. Оңтүстік өңірде дарбаза тұрмыстық термин ретінде қақпаға қатысты кеңінен қолданылады. Облыстағы сырттан енген атаулар тобына араб тіліндегі топоүлгілер де жатады. Өлке топонимиясына арабтық элементтердің енуі VIII-IX ғғ. сәйкес келеді. Араб мәдениеті мен тілінің біз зерттеп отырған аумаққа ықпалының артуы араб саудагерлері мен саяхатшыларының Ұлы жібек жолы арқылы енуімен және арабтардың жаулап алу жорықтарымен байланысты болды. Оңтүстік Қазақстандағы ортағасырлық топонимдік калькалар қалалардағы билингвизм (түркі – араб, түркі – соғды) жағдайында қалыптасты деуге болады. К.Рысбергенова мұндай калькалар ретінде Отырар – Фараб, Сайрам – Испиджаб, Сырдария – Сейхун, Оксус – Весидж атауларын мысалға келтіреді. Испиджаб араб тілінен аударғанда “екі өзен аралығындағы тасты және құрғақ жер” дегенді білдіреді. Араб тілінде "қала маңы” дегенді білдіретін рабат термині Қазығұрт тауының етегіндегі Рабат, Сұлтанрабат, Отырабат ауылдарының атауларына негіз болған. Облыс аумағында, әсіресе Мақтаарал ауданында арабтық мырза компоненті негізінде қалыптасқан топонимдер көп. Мұнда Мырзакент, Мырзатөбе, Мырзашоқы, Мырзашөл аталатын ауылдар бар. Топонимиядағы монғолдық элементтер ХІІІ ғ. Шыңғысханның жорықтарымен және кейінгі ғасырларда көршілес аумақтарға жоңғарлардың шапқыншылық жасауымен байланысты енген. Салыстырмалы түрде оңтүстік өңірде монғол атаулары Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен орталығына қарағанда әлдеқайда аз. Монғол тілінде “жабайы ешкі” атауы болып табылатын дегерес бірнеше атаулар қалыптастырған. Олардың қатарында Дегерес (тау), Қызылдегерес (қоныс) атаулары бар. Толағай (қоныс) – “таудың шыңы” дегенді білдіреді. Толағай (Қарағанды облысындағы тау, Қорғалжын көлінің батыс жағындағы шоқы), осы ретте түркі-монғол тілдеріне ортақ сын есім, зат есім жасайтын –қай/-ғай жұрнағы Ұраңғай (Түркістан қалалық әкімшілігіне қарасты ауыл) этнотопонимінде кездесетінін атап өтуге болады. Монғол тілінде “ұранхай” түрінде кең таралған бұл сөз “айрылған, жыртылған” деген мағына береді, ал Қазақстанның шығысында баспана атауының бірі ретінде топонимдер құрамында кездеседі.
![]() |