Главная Обратная связь Дисциплины:
Архитектура (936)
|
ОН АЛТЫ ҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР
Бұл ғимараттар 1976 жылы салынған. Архитекторлары – Ю.Б.Туманян, Ю.Б.Скворцова. Инженерлері – Б.И.Вагайцев пен М.Д.Горохов.
ТӘУЕЛСІЗДІК МОНУМЕНТІ Тәуелсіздік монументі – сәулет және мүсін өнері ескерткіші. 1996 жылы Алматыдағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің бес жыл толуы құрметіне биік ескерткіш түрінде тұрғызылған. Монумент құрылысының авторлары: архитектор Ш.Уәлиханов (топ жетекшісі), мүсіншілері Н.Далбай, Ә.Жұмабаев, сәулетшілері Қ.Жарылғапов, Қ.Монтақаев, т.б. Бас конструкторы С.П.Қаламқаров. Тәуелсіздік монументі сол жылы 16 желтоқсанда ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Түркия президенті С.Демирель қатысты. Тәуелсіздік монументінің ортасында композициясы ұлттық өрнекпен көмкерілген текшелі діңгек тас орналасты. Оның биіктігі 28 метрге жетеді. Көк аспанға қарай шаншыла бой көтерген орталық діңгектің ұшар басы қауызы ашылмаған қызғалдақ тәрізді жұмырланып мүсінделген, әрі оған Қазақстанның елтаңбасы ойылып түсірілген. Оның үстіңгі жағындағы қоладан құйылған қанатты барыстың үстінде оң қолында қыран құсы, сол қолында садағы, белінде қанжары мен асынып алған қорамсағындағы сауыт, бұзар алтынға малынған жебелері бар дулығалы жас сарбаздың құрыштай мығым бітім-тұлғасы (биіктігі – 6 м, ал салмағы – 4 т) орналасқан. Ол – ХХ ғасырдың соңына қарай ұлттық сәулет өнері тарихында өз орны бар мүсіндік және сәулетшілік ой шығармашылығы тоғыстығынан туған озық архитектор жәдігерлерінің біріне айналды. РЕСПУБЛИКА САРАЙЫ Бұл ғимарат 1970 жылы Абай даңғылының қиылысында, яғни Абай даңғылын тұйықтай салынған. Оның төңірегіне ірі ғимараттар шоғырланып, Абай алаңы архитектуралық ансамблін құрады. Ғимарат архитекторлары: В.Ю.Алле, В.Н.Ким, Ю.Г.Ратушный, Н.И.Рипинский, Л.Л.Ухоботов. Оның көлемдік композиция құрылымы 8 темір-бетон тірекке иек артқан алып қайқы шатырдан (ауданы 10 мың шар.шақ) және астыңғы шаршы бөлігінен тұрады. Республика сарайында 3 мың орындық көрермен залы орналасқан. Сахнасы және залы күрделі инженерлік тетіктермен жабдықталған қабырғаларының төбемен ұласар жері ашық қалдырылғандықтан, шатыр еңсесі көкте қалқып тұрғандай әсер береді. Еңселі фойе төбесіне орнатылған ақшанқан люстра ғимарат интерьерін көріктендіре түседі. Ғимарат астынан ағып өтетін табиғи өзен суы ауаны тазартып тұратын қосымша желдеткішке айналған. Республика сарайында халықаралық симпозиумдар, салтанатты маңызды жиындар, сонымен қатар көпшілікке арналған ойын-сауықтар (айтыс, концерт, байқау т.б.) өтеді. АЗАҚСТАН» ҚОНАҚ ҮЙІ «Қазақстан» қонақүйі – Алматы қаласының орталығында орналасқан республикалық дәрежедегі жоғары «А» класты қонақ үйі. Архитекторлары – Ю.Г.Ратушный, Л.Л.Ухоботов. Инженері – А.Ш.Тәтіғұлов. «Қазақстан» қонақ үйі Абай атындағы алаңдағы қоғамдық ғимараттар ансамблінің құрамына кіреді. Қонақ үйде 953 орынды 482 қонақ жай бар. Заңғар тұрғын корпустан және 2 қабатты қоғамдық қызмет көрсету жайларынан құралған. Бірінші қабатында қонақтарды тіркеу, ресторан, техникалық және тұрмыстық қызмет көрсету бөлмелері; екінші қабатында почта, телеграф, жинақ кассасы; ең жоғарғы қабатта тау мен қала келбеті айқын көрінетін кафе орналасқан. Ғимараттың қасбеті мен интерьері алюминий, гранит, коврал, мәрмәр, ұлутас т.б. құрылыс матералдарымен нақышталған. Жыл сайын 266 мың адам қабылдайды.
АРМАН» КИНОТЕАТРЫ «Арман» кинотеатры – қос залды, кең экранды кинотеатр. Кинотеатр ғимараты 1968 жылы салынды. Кинотеатрдың қызыл 1550 орынды және көгілдір 1450 орынды залы бар. Көгілдір залында стереоскопты фильмдер көрсетіледі. Арман ғимаратының жалпы жобасы тік бұрышты параллепипед іспетті. Ортасында ашық ауласы бар. Қасбеті мен оң жағы баралеппен әсемделген. «Арман» кинотеатрының құрлысын жүргізгенде жер ыңғайы ұтымды пайдаланылған. Ғимарат вестибюлі мен фойесінің ашық аулаға қарауы, фойедегі хауыздар мен гүлзарлардың микроклимат тудыруы әрі оның ғимарат интерьерін көркейте түсуге әсер етуі «Арман» ғимаратының елеулі жетістігі болып табылады.
АБАЙ ЕСКЕРТКІШІ Абай ескерткіші 1960 жылы Абай атындағы алаңда қойылған. Ескерткіштің ашылу салтанатына Д.А.Қонаев, М.О.Әуезов қатысып сөз сөйледі. Авторлары – Х.Е.Наурызбаев, архитекторы – И.И.Белоцерковский. Ескерткіштің тұтас биіктігі – 13,7 метр. Мүсін қоладан құйылған. Трапеция формалары тұғыры қызыл граниттен қаланған. Мүсіннің кескін келбеті байыпты да байсалды. Бүйіріне тақау ұстаған сол қолында кітап, оң қолы желбегей жамылған шапаны, мүсін алға-келешекке қарай жүріп келе жатқан қалпында құйыла салғандай әсер тудырады. Қазақтың белгілі ақындары Абай ескерткішіне көптеген өлең-жырларын арнаған. Абай Құнанбаев 1845 жылы Қарқаралы округінде, Шыңғыстау бөктерінің Қасқабұлақ қойнауында дүниеге келген. Ол – ұлы ағартушы, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, өз халқының келешегін тереңнен ойлап, мың толғанған, жан-жүрегімен езіле жырлаған ақын. ТЕЛЕДИДАР МҰНАРАСЫ Теледидар мұнарасы радио-теледидар хабарларының станция кешені. 1975-1984 жылы Алматы қаласы маңындағы теңіз деңгейінен 1000 метр биікте, Көктөбе беткейіне қарай тұрғызылған. Архитекторлары – Н.Г.Терзиев, А.Н.Савченко. Мұнараның биіктігі - 372 метр, онда екі жүрдек көтергіш механизм жұмыс істейді. Темір-құйматасты іргетасы биіктігі 20 метр үш қабатты секциялы подвалдан және биіктігі 12 метр екі қабатты техникалық үйден тұратын біртұтас қорапты құрылым. Діңгегінің металл бөлігі 18,5 метр профильді анодталған алюминий панельдермен қапталып, кейбір тұстары шыны витражбен бөлінген. 146 метр биікте қала көркін тамашалауға арналған алаң бар. 252 метр биіктікте антенналық-фидерлік жүйелерді техникалық қадағалау қызметінің бөлімі орналасқан. Мұнара биіктігі 114 метр секциялы металл антенна этажеркасымен бітеді. Әр секцияда теледидар мен радио хабарын таратуға арналған антенналар бар. Ол антенналар арқылы телехабар және радиохабар толқындары таратылады. Техникалық қызметке арналған үйдің бірінші қабатында телерадио хабар станциясы, байланыс аппараттары мен гидроқызметті қадағалайтын басқару құралдарымен жабдықталған кабинеттер бар. ПРЕЗИДЕНТ РЕЗИДЕНЦИЯСЫ Президент резиденциясы қарлы Алатаудың шыңы көрініп тұратын ашық алаңда орналасқан. Бұл ғимарат 1995 жылы салынған. Жобаның бас архитекторлары – К.Ж.Монтахаев, С.К.Баймағанбетов, О.Е.Цой, жобаның бас конструкторы – Т.Ш.Алпысбаев, дизайнері – Де Шанель. Мердігері – Францияның «Бунг» фирмасы.
|