Главная Обратная связь Дисциплины:
Архитектура (936)
|
Алпына келтіру құралдарын пайдалану тәртібі
237. Локомотив деполарының, локомотивтерге техникалық қызмет көрсету пункттерінің, шеберханалардың, жарақтау құрылғыларының және локомотив шаруашылығының басқа құрылыстары мен құрылғыларының орналасуы және техникалық жарақтандырылуы поездар қозғалысының белгіленген мөлшерлерін, локомотивтердің тиімді қолданылуын, сапалы жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуді, материалдық ресурстардың оңтайлы қолданылуын және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуі тиіс. АЖҚ-қа арналған деполардың, АЖҚ-қа техникалық қызмет көрсету пункттерінің, шеберханалардың, жарақтау құрылғыларының және АЖҚ-қа қызмет көрсетуге арналған басқа құрылыстар мен құрылғылардың орналасуы және техникалық жарақтандырылуы АЖҚ-қа сапалы жөндеу мен техникалық қызмет көрсетуді, материалдық ресурстардың оңтайлы қолданылуын, еңбектің қауіпсіз жағдайын, АЖҚ-тың тиімді қолданылуын қамтамасыз етеді. 238. Жүк және жолаушылар вагон деполарының, жүк және жолаушылар вагондарына техникалық қызмет көрсету пункттерінің, жуу-булау станцияларының, вагон және жолаушы шаруашылықтарының басқа құрылыстары мен құрылғыларының орналасуы және техникалық жарақтандырылуы поездар қозғалысының белгіленген мөлшерлерін, сапалы жөнделуі мен техникалық қызмет көрсетуді, материалдық ресурстардың оңтайлы қолданылуын және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етеді. Жолаушылар поездарын қалыптастыру және олардың айналымы станцияларының, жолаушылар техникалық станцияларының және жөндеу-жарақтау деполарының жолаушылар поездарын сапарға сапалы дайындау үшін қажетті технологиялық жарағы болуы тиіс. 239. Сумен жабдықтау және суды өңдеу құрылғылары локомотивтердің, поездардың, станциялардың және темір жол көлігінің құрылымдық кәсіпорындарының тиісті сападағы және қажетті мөлшерде сумен толассыз жабдықталуын қамтамасыз етуі тиіс. Кәріздік құрылыстар темір жол кәсіпорындарының және тұрғын кенттерінің ағынды суларының санитариялық және табиғатты қорғау нормаларына сәйкес тазартылуын қамтамасыз етуі тиіс. 240. Пункттерде: 1) қалыпты қозғалысты қалпына келтіру және жылжымалы құрамның соқтығысуы мен рельстен шығып кетуі салдарларын жоюға арналған қалпына келтіру поездары, арнайы автомотрисалар, дрезиналар және жолдар мен электрмен жабдықтау құрылғыларын қалпына келтіруге арналған автомобильдер мен байланыстың жөндеу-қалпына келтіру вагондары мен автомобильдері, авариялық-дала командалары; 2) өрттердің алдын алуға және оларды сөндіруге арналған өрт сөндіру поездары мен өрт сөндіру командалары тұрақты әзірлікте тұруы тиіс. 241. Қалпына келтіру және өрт сөндіру поездары, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған арнайы автомотрисалар мен дрезиналар тұрақты тұратын жолдарға жылжымалы құрамды қоюға рұқсат етілмейді. Темір жол көлігі техникалық құралдарын, құрылыс және станциялық шаруашылығының құрылғыларын пайдалану тәртібі
242. Станциялардың жол тарамдары және техникалық жарақтандырылуы поездар қозғалысының белгіленген мөлшерлерін, поездарды қабылдау және жөнелту, жүкті, багажды, жүк-багажды тиеу, түсіру, құрамдар мен вагондарды өңдеу операцияларына арналған уақыт нормаларының орындалуын, техникалық құралдардың тиімді қолданылуын, поездардың қозғалыс қауіпсіздігін және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуі тиіс. 243. Жолаушыларға қызмет көрсетуге арналған ғимараттардың, платформалардың сырты сәулетті, көркем болуын, жолаушылар тасымалдаумен байланысты операциялардың қауіпсіз орындалуын қамтамасыз етеді. Жолаушылар платформаларына өту үшін жаяу жүргіншілер тоннельдері немесе көпірлері орнатылуы тиіс. Станцияларда темір жол жолдарымен бір деңгейдегі өтулер сақталған кезде бұл өтулер жаяу жүргіншілер төсемдерімен, нұсқағыштармен және ескерту жазбалармен, ал қажет болған кезде автоматты сигнализациямен жабдықталады. 244. Жолаушылар станциялары орындарды резервтеудің және билет сатудың автоматты жүйесімен, билет басу машиналары мен автоматтары жүйесімен, өзіне-өзі қызмет көрсететін сақтау камераларымен, поездар жөнелтілуінің автоматты нұсқағыштарымен, анықтамалық қондырғылармен жабдықталады. Аралықтардағы жолаушылардың аялдау пункттерінің аспалы шатырлары немесе павильондары бар жолаушылар платформалары, қызмет көрсетілетін жолаушылар санына қарай - билет кассалары болады. Жүк және тоңазытқыш құрылғылары жүктердің сақталуын және жүк операцияларының қолайлы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. 245. Поездар қозғалысымен байланысты қызметкерлерге (станциялар бойынша кезекшілерге, маневрлік диспетчерлерге, сигнализация және байланыс дистанциялары қызметкерлеріне және т.б.) тағайындалған қызметтік ғимараттар мен үй-жайларда жұмыс істеу үшін қажетті жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс. Станциялар бойынша кезекшілердің қызметтік үй-жайларында басқару және бақылау аспаптары, соның ішінде автоматтандырылған жұмыс орнының станция бойынша кезекшінің жұмысына тікелей қатысы бар аппаратурасы, сондай-ақ жарық беруді орталықтандырып басқару және секциялық ажыратқыштарды қашықтан басқару пульттері, поезд жүріп келе жатқанда жылжымалы құрамның техникалық күйін автоматты бақылау құралдарының тіркеуші аппаратурасы орнатылады. Жолаушыларға, жүк жөнелтушілерге және жүк алушыларға қызмет көрсететін қызметкерлерге арналған үй-жайлар, операцияларды тез орындау үшін қолайлы қолжетімді болуы тиіс. Жолаушыларға қызмет көрсетуге тағайындалған үй-жайларды басқа мақсаттар үшін қолдануға рұқсат етілмейді. 246. Жолаушылар және жүк поездарының қозғалысы аралас желілерде орналасқан жолаушылар және жүк платформалары түзу учаскелерде биіктігі және жол осінен қашықтығы бойынша мына нормаларға сәйкес болуы тиіс: 1) 1100 мм - рельстер қалпақшаларының үстіңгі деңгейінен биік платформаларлар үшін; 2) 200 мм - рельстер қалпақшаларының үстіңгі деңгейінен төмен платформаларлар үшін; 3) 1920 мм - жол осінен биік платформаларлар үшін; 4) 1745 мм - жол осінен төмен платформаларлар үшін. Пайдалану барысында осы тармақта көрсетілген нормалардың мынадай шекте өзгеруіне рұқсат етіледі: биіктігі бойынша ұлғаю жағына қарай 20 мм-ге дейін және азаю жағына қарай 50 мм-ге дейін; жол осінен қашықтық бойынша ұлғаюы жағына қарай 30 мм-ге дейін және азаю жағына қарай 25 мм-ге дейін. 247. Белгіленген нормадан артық жолаушылар және жүк платформаларының биіктігі және жол осінен белгіленген нормадан төмен қашықтық олар орналасқан жолдардың мақсатына, айналымдағы жылжымалы құрам үлгісіне және қозғалыс жылдамдығына қарай Құрылыстардың жақындау габариттерін қолдану жөніндегі нұсқаулықта белгіленеді. Станциялар мен аралықтарда жаңадан салынып жатқан және қайта орнатылып жатқан биік платформаларда жолды машиналандырылған жөндеу және механикаландырылған жөндеу, ал станцияларда, бұдан басқа, вагондар мен локомотивтердің жүріс бөліктерін екі жағынан қарап тексеруді және жөндеуді жүргізу мүмкіндігін беретін құрылғысы болады. Жолдарды және платформаларды жөндеу кезінде рельс бастиегінің үсті деңгейінен жолаушылар және жүк платформаларының үстіне дейінгі, сондай-ақ жол осінен платформалардың шетіне дейінгі қашықтықтың белгіленген нормаларын өзгертуге рұқсат етілмейді. 248. Бағыттамалар мен сигналдарды басқару тікелей жүзеге асырылатын станциялық қосындар тиісті бағыттамалар мен жолдар анық көрінетін жерде орнатылады. Станциялардың жергілікті жағдайларына қарай электрлік орталықтандыру қосындары үшін (дөңестік қосындардан басқа) ерекшелік ретінде рұқсат етіледі. 249. Орталықтандырудың станциялық қосындарының және бағыттамалық қосындарының үй-жайларында қажетті сигнал аспаптары, мүкәммал, құрал-саймандар мен материалдар болады. Бағыттамалық қосындар, бұдан басқа, телефон байланысының сыртқы шақырту құрылғыларымен жабдықталады. 250. Сұрыптау дөңестері бағдаршамдық сигнализациямен, радиобайланыспен, сөйлесу және дөңестік локомотивтер машинистеріне, құрастыру бригадалары мен басқа қызметкерлерге қажетті нұсқаулар беру үшін екі жақты парктік байланыс құрылғыларымен жабдықталған. Сұрыптау дөңестері жұмыс көлеміне қарай вагондарды таратуды механикаландыру және автоматтандыру құрылғыларымен, бағыттамалардың дөңестік орталықтандыруымен, дөңестік автоматты локомотив сигнализациямен және қажетті құжаттарды беруге және таратуға арналған құрылғылармен жабдықталады. Дөңестік орталықтандыруға енгізілетін барлық бағыттамалар механикаландырылған тазарту немесе қарды еріту құрылғылармен жабдықталған. Автоматтық және механикаландырылған дөңестері бар станцияларда дөңестік жабдықтарға техникалық қызмет көрсетуге және оларды жөндеуге арналған шеберханалар мен механикаландырылған алаңдар болады. 251. Барлық сұрыптау станциялары, сондай-ақ жолаушылар, учаскелік және жүк станциялары, жұмыс көлеміне байланысты, станцияішілік диспетчерлік байланыспен, маневрлік және станциялық радиобайланыстың басқа түрлерімен және маневрлік қозғалыстар туралы нұсқауларды беру үшін, сондай-ақ маневрлік диспетчерлердің, станциялар бойынша кезекшілердің, поезд құрастырушылардың, маневрлік локомотивтер машинистерінің, станциялық технологиялық орталықтар, техникалық қызмет көрсету пункттері, коммерциялық қарап тексеру пункттерінің, жүк аудандары мен контейнерлік алаңдар және арнайы өздігінен жүретін жылжымалы құрам қызметкерлерінің маневрлік жұмысты ұйымдастыру, техникалық қызмет көрсету, коммерциялық қарап тексеру және поездардағы вагондарды жөндеу мәселелері бойынша сөйлесуі үшін екіжақты парктік байланыс құрылғыларымен жабдықталған. Сұрыптау, учаскелік және жүк станциялары жұмыс көлеміне қарай, бұдан басқа, автоматты басқару жүйелерімен, ақпараттық-есептеу желісі бар байланыс құралдарымен, тасымалдау құжаттарын қабылдау және тасымалдауға арналған және тексеріліп және жөнделіп жатқан құрамдарды қоршауға арналған құрылғылармен, ал станциялардың вокзалдары жолаушыларға ақпарат беруге арналған байланыс құрылғыларымен жабдықталады. 252. Станцияларда жолаушыларға қызмет көрсетуге арналған құрылыстарға, поездарды қабылдау және жөнелту, тиеу-түсіру және маневрлік жұмысты жүргізу, жылжымалы құрамды жарақтандыру, техникалық қызмет көрсету және жөндеу жолдары мен парктеріне, жүк аудандарына, контейнерлік алаңдарға, сұрыптау платформаларына, вагондық таразыларға, қарап тексеру мұнараларына, габариттік қақпаларға, поездар мен вагондардағы коммерциялық ақаулықтарды автоматты анықтау құрылғыларына, сондай-ақ қызметкерлер поездарды қарсы алатын жерлерге, бағыттамалы алқымдарға, қоймаларға, өтпелерге, жолдар мен пункттерге жарық берілуі тиіс. Жарық беру белгілеген нормаларға сәйкес болады және поездар қозғалысының және маневрлік қозғалу қауіпсіздігін, вагонға отырғызған және вагоннан түскен кезде жолаушылардың қауіпсіздігін және қызмет көрсетуші персоналдың толассыз және қауіпсіз жұмысын және жүктің, багаждың және жүк-багаждың күзетілуін қамтамасыз етеді. 253. Жүк жұмысының көлемі аз аралық станцияларда тиеу-түсіру және өзге станциялық жолдардың сыртқы жарығын бұл жолдарда жүк және маневрлік жұмыстары жүргізілмей жатқан кезде секциялап ажырату құрылғылары болуы тиіс. Жолаушылардың аялдама пункттерінде жолаушылар отыратын және түсетін жерлерде жарық болуы тиісті. Сыртқы жарық сигналдық оттардың анық көрінуіне кедергі келтірмеуі тиіс.
|