![]()
Главная Обратная связь Дисциплины:
Архитектура (936) ![]()
|
І БӨЛІМ: АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ОҢТҮСТІК ҚАНАТЫ 7 часть
С.Сейфуллин бұл жерде бүкіл қазақты ақ пен қызылға, бай мен кедейге бөлмей біртұтас бірлікте қарастырған алаштық зиялылар үшін «қызыл» атаудан «орда» ұғымының маңызды болғандығын тап басып тани алған. Солай дей отырып, «орда деп бай және ақсүйек адамдардың үйін, ал кедейлер мен кембағалдардың үйін баспана және лашық деп атаған» – деп «орда» ұғымын тұрмыстық деңгейде сипаттап, оған таптық мазмұн береді. Бұл, әрине жалаң түсінік екендігі белгілі. Әлде, ұлтын өзінше сүйген Сәкен ақын Ресей тарихында жағымсыз мазмұн алған Алтын Орда мен Ноғай Ордасын Сталиннің есіне салуды әдейі айналып өтті ме екен?! Ұлттық-территориялық тұтастығы қалыптасқан қазақ мемлекетінің астанасын таңдау туралы С.Қожанов 1924 ж. 17 желтоқсанында «Ақ жол» газетінде жарияланған мақаласында мынадай тұжырым жасайды: «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жақын болуы керек. Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшылдығына ордаболуына қисыны жоқтықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекетшілдігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса, өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қолына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын».[50] Осы дәйексөздегі «орда» сөзіне әдейі назар аударып отырмыз. С. Қожанов орда сөзін дәстүрлі мемлекеттің түрі ұғымында емес, жаңа қоғам орнатқан ұлттың астанасы мағынасында қолданып отыр. Осы идея V съезге дейінгі аралықтағы жаңа астана таңдау, оны қалай атау жөніндегі пікірталастың өзегіне айналды. Билік басындағы ұлттық элитаның дәстүрлі орда ұғымына таптық мазмұнды айшықтаған «қызыл» сөзін қосақтаудан құралған ұғымды ұсынуы партия билеушілерінің де, жұртшылықтың да көңілінен шыққан мәмілегерлік тарихи шешім болды. Осы дәйекті деректік тұрғыда тарату үшін Дінше Әділовтың 1928 ж. ОГПУ тергеушісіне берген жауабына назар аударайық. Ол былай дейді: «Қожанов, мен, Есболов Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келген Ақметшіт қалдасының атын өзгерту мәселесі көтерілген болатын. Қалай атау [жаңа астананы], жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш Қожықов ойлап тапты. Одан неге? деп сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс дегенде айтты. «Қызыл» – демек большевиктерге ұнайды, ал «Орда» – ұлттық атау. Демек, ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік... Қожанов съезд төралқасынан кезектен тыс сөз алып ұсыныс жасады: бірінші ұсыныс Қырғыз республикасын Қазақ республикасы деп атау, екіншісі Ақмешіт қаласын Қызылорда деп атау жөнінде. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады».[51] Дәстүрлі қазақ қоғамында «орда» ұғымы мемлекет құрылымының өмір сүру түрі ретінде кеңінен қолданылғаны әргі-бергі тарихтан белгілі. Ұлттық тарихымыздың мазмұнында Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ Ордасы сияқты мемлекеттік құрылымдар берік орын алған. Қазіргі қазақ мемлекеттілігінің тарихын осы аталған «ордалардың» тарихымен тығыз байланыстырамыз. Ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуындағы тарихи үдерісте мемлекеттіліктің өмір сүру түрі ретінде «орда» ұғымы негізге алынған. Осы тарихи мемлекеттер тізбегін кеңестік билікпен таласа өмірге келіп, ұлттық тәуелсіздік идеясын ту етіп көтерген Алаш Орда үкіметі аяқтайды. Ал кеңестік билік тұсында орда ұғымы Қазақ елі мемлекеттігінің түрі емес, оның саяси орталығы, астанасының аты Қызылорда деген мазмұнға ие болды. Мәселеге осы тұрғыда мән берер болсақ, дәстүрлі қоғамда барынша ауқымды мағынаға ие болған «Орда» атауын біршама тар мағынада – астананың атауы түрінде сақтап қалу – ғасырлар бойы елдің кәдесіне жарап келген ұлттық мемлекеттіктің ұлттық сипат пен ұлттық мазмұн атаулыны таптық, коммунистік өлшемдердің қауызына тықпалаған кеңестік билік тұсында жаңа мазмұнда жаңғыруы деп білеміз. Жаңа астанаға «Ақмешіт» атауы саяси мән-маңызы бойынша мүлдем сай келмейтін еді. «Ақ» пен «қызылға» бөлінген саяси күрес жағдайында және жауынгер атеизмнің діни идеологияға қарсы бітіспес күресі басталған тұста қаланың атауы анохронизмге айналғандығын ұлт зиялылары жақсы түсінді. Оның үстіне Ақмешіт атауының жаңа мемлекеттің астанасына лайық саяси салмағы да жоқ екендігі белгілі. Ресейдегі азамат соғысының рәмізіне айналған «ақ» пен «қызылға» бөліну кеселі қазақ зиялыларын да айналып өткен жоқ. Алашордашыларды, жалпы ұлттық құндылықтарды саяси бағдар етіп ұстанған зиялыларды «Ақтар» деп айыптау сол кезеңнің саяси терминологиясына айналып, тарихи әдебиеттерден берік орын алды. Түркістан республикасында Жанша Досмұхамедов бастаған ұлтжанды тұлғалар қазақтар коммунизмді түсінбейді, соданда ақ та, қызыл да емес деп республикалық биліктің баспасөз органына «Ақ жол» деген атауды ұсынады. Бұл дәйек «қызыл» атауына жатырқай қараған алашордашыл қайраткердің көзқарасын танытады. И.Сталиннің Қазақ Өлкелік партия комитеті бюросының мүшелеріне жолдаған «Ақ жол» газеті туралы» хатында «Шоқаевтың ақ гвардияшыл баспасөздегі кейбір мақалаларына» деректік негіз болған «көлемді материал берді» деген айып тағылады. «Ақ жол» газеті және оның төңірегіне топтасқан ұлт зиялылары туралы жоғарғы билікке жүгінген қазақ большевиктері басылымның атының өзінен ілік іздеген. Айталық, С.Сейфуллин 1937 ж. Л.Мирзоянға жазған хатында Н. Төреқұловтың Ташкентте «Ақ жол» газетін ұйымдастырғандығы, оның басшылығына М.Дулатовты шақырғандығы жөніндегі хабарына «газетіңнің аты да ақгвардияшыл, оның басшысы Дулатов та ақгвардияшыл» деп жауап қайтарғандығын жазады.[52] Демек, билік басындағы большевиктік ұлттық интеллигенция қоғамдық-саяси әрекетінде «ақ» атаулыға қаншалықты үрке қараса, «қызыл» сөзіне соншалықты үйірсек болғандығын көреміз. Қызылорда қаласының аты мемлекеттілік түрінің дәстүрлі мазмұны мен жаңа қоғамның саяси құндылықтарын бойына сіңірген тарихи атау болып қалыптасты. Қызыл империяның бодандығында болған қазақ мемлекеттілігінің Қазақ Кеңестің Социалистік республикасы деген қазіргі заманғы атауын дәстүрлі ұғымға көшірсек қазақтың Алтын Ордасы, Ақ Ордасы, Алаш Ордасының жалғасы болып шығар еді. Демек, Қызылорда атауы қанша бой тартсақ та ел тарихының тұтас кезеңін айғақтайтын тарихи-мәдени ескерткіш болып қала бермек.
АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ ОҢТҮСТІК ҚАНАТЫНЫҢ ТАРИХИ АЛҒЫШАРТТАРЫ Түркістан өлкесіндегі Алаш қозғалысының мазмұны мен сипатының ерекшелігін айқындау мақсатында танымдық шарттылықтарға сүйеніп, оның қызметі мен құрылымын «Алаш қозғалысының Оңтүстік қанаты» деп негіздеген орынды болатындай. Бұл жерде басын ашып айтатын мәселе, ғылыми танымда «Шығыс Алашорда», «Батыс Алашорда» деген орныққан тарихи тұжырымдарға балама құбылыс іздестіру емес, қайта ол құбылыстардың мазмұндық құрылымына жаңа кеңістік ашу басты мақсат екендігі. Бұндай тұжырым жасауға деректік және дәйектік негіздер жеткілікті. Алғаш рет бұл тұжырым Түркістандағы партия-кеңес органдарының ресми құжаттарында «Алаш Орданың» түркістандық бөлімі «Бірлік туы» газеті органымен аттас ұйым болды. «Бірлік туы» газеті 1917 ж. маусымынан Ташкентте шыға бастады. Аталған газетті ұйымдастырушылардың тұғырнамасы дәлме-дәл алашордашылардың тұғырнамасындай еді»[53] деген сипатта негізделді. Түркістандағы Алаш қозғалысының тарихи дерегін қалыптастырғандығы және оның тарихнамасына негіз қалағандығы үшін отандық тарих ғылымы көрнекті қайраткер Т.Рысқұловқа қарыздар болып келеді. Өйткені, оның осы мәселеге қатысты тарих ғылымына жасаған бұл қызметі осы кезге дейін тарихшылар тарапынан лайықты бағасын алған жоқ. Оның Түркістандағы Алаш қозғалысының қызметі туралы ойлары мен тұжырымдары 1923 ж. маусымда «Советская степь», 1935 ж. 18 мамырда «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған және тб. еңбектерінде одан әрі өрбітілді. Бұл деректер Түркістандағы ұлт-азаттық күрес тәжірибелерін талдау арқылы Алаш қозғалысының Оңтүстік қанатын дербес тарихи таным нысаны ретінде қарастыруға негіз болады. Оңтүстік қанаттың нақты ұйымдық құрылымы болмағанымен оның қызметінің мазмұны қазақ жеріндегі тарихи құбылыстың құрамды бөлігі болып саналады. Сонымен бірге Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының құрамында өлкедегі жергілікті ұлт зиялыларымен тығыз бірлікте жұмыс жасағандықтан оның саяси қызметінің мазмұнында аймақтық, конфессиялық және идеялық сипаттағы ерекшеліктері болды. Түркістандағы жергілікті халықтардың арасында отарлыққа қарсы күрестегі мұсылмандық, түркілік бірлік идеялары Алаш қозғалысымен байланыста болған М.Тынышпаев, С.Лапин, М. Шоқай, Қ.Қожықов, С. Өтегенов және тб. қайраткерлердің саяси қызметінде жаңа қырынан танылып, қазақ жеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстың мазмұнын байытты. М.Тынышпаев, С.Лапин, М. Шоқайдың өлкедегі саяси қозғалыстың және Түркістан Мұхтарияты ұлттық мемлекетінің басшылығында болуы Алашорда үкіметімен тығыз байланыс жасауына мүмкіндік беріп, олар қазақ мемлекетінің тұтастығы мәселесін алғаш рет ұлттық идея ретінде күн тәртібіне қойды. Алашордашыларға кешірім жасалғаннан соң Түркістанда билік басындағы ұлттық саяси элита өкілдері Н.Төреқұлов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, С.Асфендияровтар алашшыл қазақ зиялыларын түрлі қызметтерге тартты. Өлкедегі қазақ облыстарында жер-су реформасын жүргізуде алаштық идея жалғасын тапты. Олардың басшылығымен Ташкент қаласына топтасқан қазақтың саяси, шығармашылық элитасы өкілдерінің қызметі мәдениет тарихындағы аса бір сәтті де шығармашылық тұрғыда жемісті кезең болды. А. Байтұрсынов, М.Дулатов. Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, С. Асфендияров, М.Әуезов, Ж. Аймауытов, Қ.Кемеңгеров т.б. қайраткерлердің 1924 ж. ұлттық-территориялық межелеуге дейінгі мәдени-ағартушылық қызметі кеңестік билік жағдайында Алаш қозғалысы көтерген ұлттық идеяларды батыл іске асыруымен ерекшеленді. Түркістандағы жартылай жария, жартылай жасырын жағдайдағы Алаш қозғалысының Оңтүстік қанатының қызметі арқылы Алаш қозғалысының географиялық ауқымы кеңейді және оның уақыттық шегі ұзара түсті. Түркістан ұлт-азаттық қозғалысындағы қазақ зиялыларының рөлі осы күнге дейін толық та жан-жақты бағасын ала қоймауы бұл тақырыпты игеруде кеңестік тарихнаманың әдіснамалық бағдарға алынып келуінен деп білеміз. Маркстік-лениндік тұжырымдар әдіснамалық басшылыққа алынғандықтан ол еңбектерде мәселе біржақты қарастырылды. Отандық тарихшылар К.Нұрпейіс, М.Қойгелдиев, О.Қоңыратбаев, С.Шілдебай, Х. Тұрсұн және т.б. ғалымдар, сол сияқты өзбекстандық С.Ағзамқожаев, Р.Абдуллаев, Д. Алимова, А.Голованов, С.Тілеуқұловтар ұлт зиялыларының Түркістан ұлт-азаттық қозғалысындағы орны мен рөліне шынайы баға беруде батыл тұжырымдар жасай алды. Г.Сафаров Түркістан Мұхтарияты үкіметін құруда қазақ зиялылары белсенді рөл атқарғандығын атап көрсеткен. 1917 ж. ақпан төңкерісіне дейін Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қалың ортасында жүрген саяси дайындығы мол М.Тынышбаев, М.Шоқай, С.Лапин, Ә.Оразаев, С.Ақаев, Қ.Қожықов және тб. этноэлита өкілдері 1917-1918 жж. Түркістандағы тарихи оқиғалардың алдыңғы сапына шықты. Қазақ зиялыларының саяси күрестің алдыңғы сапына шығуының терең тарихи алғышарттары болды. Осыған байланысты «Түркістанда 1917 жылғы ақпан төңкерісіне дейін ұйымдасқан саяси кемелдікке қазақ зиялылары қалай қол жеткізді?» деген сауалға жауап іздеп көрейік. Түркістандағы Алаш қозғалысының тарихи дерегін қалыптастырушылардың бірі Түркістанда және Қазақстанда бірқатар жауапты қызметтер атқарған Дүйсенбай Нысанбаев болатын. Оның деректері Түркістан өлкесінде 1917 ж. қоғамдық-саяси сілкіністерге дейін жұмыс жасаған қазақ зиялыларының «Кеңес» атты саяси үйірмесінің қызметіне ғылыми талдау жасауға мүмкіндік береді. Ташкент қаласындағы қазақ зиялыларының басын біріктірген астыртын «Кеңес» ұйымы және оның қызметін айқындайтын деректік құжаттардың бірі Д.Нысанбаевтың 1925 ж. 31 қаңтарында РК(б)П Қырғыз облыстық Бақылау Комиссиясына С.Қожанов туралы жасаған мәлімдемесі.[54] Құпия хат түрінде жазылған бұл құжаттың деректік құндылығы өте жоғары. Өйткені, өлкелік партиялық басшылыққа, ОГПУ органдарына жасалған мәлімдемемен бірге Түркістандағы алашордашылардың қызметіне қатысты айғақ ретінде түрлі хаттамлар, газет тігінділері сияқты қомақты деректер ұсынылған. «Кеңес» астыртын үйірмесінің қызметі туралы біршама мәліметтер баяндалған құжатта Д. Нысанбаев үйірменің төрағасы генерал Сейітжапар Асфендияров болғандығын атайды. Түркістан генерал-губернаторлығының кеңсесінде, елшілік қызметте болған генерал С.Асфендияровтың танымалдығы және биік билік лауазым иеленген, қазақ қоғамындағы дәстүрлі билеуші әулеттен шыққан харизмалық тұлғасы оны үйірменің басшылығына алып келген. Төрағаның орынбасары ретінде аталатын М.Шоқай білім жолын Ташкент ерлер гимназиясынан бастап, Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде жалғастырған, оның Түркістан өлкесіндегі қызметі кеңінен таныла бастағаны осы кезең. Ресейдің ІV Мемлекеттік думасы мұсылмандар фракциясының хатшысының беделі өлкедегі 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілістің патша өкіметі әскерлері тарапынан аяусыз басып-жаншылуының салдарын тексеруге келген Мемлекттік дума комиссиясының жұмысына араласуы арқылы кең танымалдыққа ұласқан. Оның үстіне комиссия төрағасы, Мемлекеттік думадағы демократияшыл күштердің серкесі А.Ф.Керенскиймен жолдастығы өлкедегі билеуші элитаның арасында М.Шоқайдың «өз адамы» ретінде қабылдануына қолайлы жағдай еді. Төрағаның екінші орынбасары Садық Өтегенов аталған құжатта «С. Қожановтың қоғамдық-саяси тұрғыда қалыптасуындағы ұстазы, ең жақын кеңесшісі» деп сипатталады. Ақпан төңкерісінен соң Түркістан қаласында, Сырдария облысында Уақытша үкіметтің уездік, облыстық комитеттерінде жауапты қызмет істеген С.Өтегенов өлкедегі Алаш қозғалысының белді өкілдерінің бірі ретінде Алаш съездеріне қатысқан, өлкелік деңгейде танылған ұлт зиялылары арасындағы беделді тұлға. Деректе айтылғандай «Кеңес» астыртын үйірмесін басқаратын басшылық органды үйірменің бюросы атқарғандығына қарағанда үйірменің өлкеде кең таралған желісі және көпсанды мүшелері (тілектестері) болған. Бюро мүшелерінің әрқайсына жекелеген жұмыс салалары бөлінген. Дерек авторының да қолында үйірменің қызметіне қатысты нақты құжаттар болмағандықтан бюро мүшелерінің тікелей қандай жұмыстармен айналасқандығына талдау жасалмаған. Үйірме мәжілісінің хаттамалары, бағдарламалық құжаттарының ғылыми айналымға шықпауы оның қызметі туралы ғылыми болжамдар жасауға итермелейді. Үйірменің бюро мүшесі Қоңырқожа Қожықов Түркістан мұғалімдер семинариясының түлегі, халық мұғалімі, мектеп, медреселерде дәріс берген. Оны өлкеге танымал еткен Романовтар әулиетінің билік басына келуінің 300 жылдығына арналған еңбекті қазақ тілінде жариялауы болды. Д. Нысанбаев Қ.Қожықовтың осы еңбегі үшін қомақты сыйақы алғандығын жазады.[55] Қ. Қожықов та 1917 ж. ақпан төңкерісіне кейін қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, Түркістан мұхтарияты Уақытша үкіметінің құрамына енген. Бірнеше рет Түркатком мүшелігіне сайланып, жерге орналастыру басқармасының басшыларының бірі ретінде Жетісудағы жер-су реформасына басшылық жасаған. Астыртын үйірменің келесі бюро мүшесі Санжар Асфендияровты Д. Нысанбаев «бюрократиялық өмір жағдайында тәрбиеленген», «оған пролетариат мүддесі барлық кезде де жат болған, оның үстіне ол өзін осы мәселеге қатысты революцияға дейінге кезенде ешқандай жағынан да көрсете алмады» деп көрсеткенімен оның Жоғарғы әскери-медициналық академияны бітіруі, Ташкенттегі атқарған қызметі өз төңірегіне ұлт зиялыларын топтастыра алатындай танымалдыққа негіз болады. Саяси күреспен Ресейдің орталығында танысқан, өлкедегі европалық демократиялық күштермен етене араласқан қайраткерді қоғамдық-саяси үдеріс жас ұлттық саяси күштердің алдыңғы легіне шығарады. Үйірмедегі қызметі С.Асфендияровтың саяси қайраткерлігінің ұлттық мүддеге сай қалыптасуына бастапқы негізі болды. Оның эсерлер партиясына мүше болуы, тылдың қара жұмысынан оралғандардың саяси қозғалысына басшылық жасауы кеңестік биліктің кезінде биік лауазымдар атқаруына кедергі бола қойған жоқ. Ал «Кеңес» үйірмесімен байланыстылығы большевиктік биліктің биік лауазымдарында жүргенде де таптық мүддеден ұлттық мүддені жоғары қойған ұлтжандылығынынан көрініс тапты. Саяси үйірме бюро мүшелерінің бірі, Түркістан мұғалімдер семинариясының түлегі, өлкеде мұғалімдікпен айналысып, халық соты қызметінде істеген Серікбай Ақаев туралы «Бұл қызметі азамат Ақаевтың шалқып өмір сүруіне және дүниетанымы мен жалпы дамуына, үйірменің өзге мүшелерінің алдында артықшылықтарға ие болуына мүмкіндік берді, оның үстіне жергілікті қырғыз халқының арасында кеңінен танымал етті» [56] деген сипаттама беріледі. Ол Бүкілтүркістан мұсылмандарының 1917 ж. 26 қарашадағы ІV съезінде жарияланған Түркістан мұхтарияты Уақытша Халық кеңесінің мүшелігіне сайланған. Кеңестік кезеңде алашордашылықтар жағында ақ офицер ретінде соғысып, Ақтөбе майданында қызыл әскердің тұтқынына түсіп, атылған Мұзарап Қасымов та бюро мүшелерінің бірі ретінде аталады. Бюро мүшелерінің бірі Әлимұхамед Көтібаров та Санкт-Петербургте әскери-медицина академиясын бітірген, өлкедегі жоғары білімді қазақ саяси элитасының бірі. Ол М.Шоқаймен тығыз байланысты болған. М.Шоқай 1914 жылы 27 маусымда Петербургтен Ташкенттегі округтік соттың аудармашысы Ә.Көтібаровқа 15-25 маусым аралығында өткен Бүкілресей мұсылмандарының съезі туралы хат жазып былай дейді: «Съезд постановил о желательности в Туркестанском крае отдельного муфтиата, ... в числе пожелании о предоставлении киргизам Туркестанского края и степных областей права представительства в Государственной думе. Конечно, это пожелания имеет лишь академический характер».[57] Бұл дерек Ә. Көтібаровтың өлкедегі қоғамдық-саяси үрдісте елеулі салмағы болғандығын айғақтайды. Бюро мүшесі Алдабек Мангелдин, үйірменің хатшысы Зұлқарнайын Сейдалиндер де өлкедегі ұлт-азаттық қозғалысқа араласқан саяси тұлғалар еді. . 1917 жылға дейін қызмет жасаған үйірме қызметінің өзегі ұлт-азаттық күресте саяси тәсілдерге сүйенуімен ерекшеленеді. Осы аталған үйірме мүшелерінің Мұстафа Шоқаймен идеялас болғандығы аңғарылды. Үйірменің қандай жағдайда қызметін тоқтатқандығы белгісіз болғанымен оның тәжірибесінен өткен қайраткерлер 1917 ж. қарбалас оқиғаларға қызу араласып, өлкедегі саяси күрестің алдыңғы легіне шықты. Үйірме басшыларының саяси қызметі қазақ облыстарына да танымал болды. 1917 ж. 15 наурызында майданның қара жұмысына алынған қазақ жастарының арасында жұмыс жүргізген Ә.Бөкейханов бастаған зиялылар Минск қаласынан «Қазақ» газеті арқылы елдегі игі жақсыларға жеделхат жолдаған.[58] Жеделхат қазақ жеріндегі танымал қайраткерлермен бірге Түркістан өлкесіндегі тоғыз қайраткерге жолданған. Олардың арасында «Кеңес» үйірмесінің мүшелері Түркістан қаласындағы С. Өтегенов, Андижандағы Қ.Қожықов, Ташкенттегі Ә.Көтібаров, Қоқандағы С.Ақаевтар бар. Аласапыран кезеңде саяси күрестің бағыт-бағдарын айқындаған жеделхаттың осы қайраткерлерге жолдануы олардың өлкедегі саяси үдерістерге қызу араласқан белсенді әрекетін танытады. Үйірменің мақсаты мен міндеттерін айқындайтын құжаттар қолға түспегендіктен оның саяси тұғырнамасы, ұстанған бағыты туралы мынадай қисындық болжам жасауға болады. Үйірме Ресейдің орталығындағы демократиялық күштердің қызметін ұйымдық тұрғыда үлгіге алған, үйірменің төрағасы, төрағаның орынбасарлары, бюро мүшелері болып қызмет бөлісуі осындай тұжырым жасауға жетелейді. Екіншіден, үйірменің жұмыс мазмұны оның отаршылыққа қарсы күреске бағытталған демократиялық құндылықтарға негізделгендігін танытады. Д.Нысанбаев үйірме басшыларының билеуші ортадан шыққан әлеуметтік негізіне баса назар аударуы олардың таптық құндылықтардан алыс тұрғандығына дәлел болады. Үшіншіден, үйірме жұмысының басты бағдары жергілікті халықтың өзін-өзі билеуіне қол жеткізу болған. Астыртын үйірменің осы сипатты белгілері оның қызметі «Шуро-и Ислам» ұйымына емес, Алаш партиясының ұстанған саяси бағытына етене жақын болғандығына көз жеткізеді.
![]() |