![]()
Главная Обратная связь Дисциплины:
Архитектура (936) ![]()
|
І БӨЛІМ: АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ОҢТҮСТІК ҚАНАТЫ 11 часть
Тұрар Рысқұлов Міржақыптың осы пікірлеріне мынадай түсіндірме береді: «Дулатов партияға бұрынғы идеялық қырғыз ұлтшылдарымен (яғни өзі сияқтылармен) ынтымақтасуды, ал бұрын идеялық тұрғыда ұлтшыл болмаған қырғыз коммунистерін авантюристер ретінде партия қатарынан тазартуды ұсынады».[106] Бұл деректер ұлт қайраткерлерінің өз арасында ұлтшылдық ұғымын бағалауға қатысты осындай көзқарас алшақтығы орын алғандығын аңғартады. Өкініштісі сол, бұндай көзқарас алшақтығы кейін ұлттық элита арасындағы саяси-идеялық алауыздыққа ұласа береді. Саяси биліктің бұл ұсыныстардан соң «Ақ жолды» жіті қадағалауға алғандығы байқалады. Бұл әрекетке РК(б)П ОК Баспасөз бөлімі меңгерушісі И.Варейкистің 7-сәуір 1925 ж. Қырғыз Өлкелік партия комитеті Баспасөз бөліміне жолдаған хаты куә болады. Онда «РК(б)П ОК Баспасөз бөлімі өзінің қаулыларында және арнайы пікірлерінде «Ақ жол» газетінің – Түркістан облысындағы РК(б)П Өлкекомының Ұйымдастыру Бюросы жетекшілерінің саяси ұстамсыздықтарын және соңғыларға партияға қарсы ұлттық интеллигенцияның ықпал етіп отырғандығын әлденеше рет атап көрсеткен болатын»[107] – деп жазылған еді. Осы хатта «Ақ жол» газетіне партиялық басшылықты күшейту, редакторларын ауыстыру, редакция құрамын жаңарту ұсынылған болатын. И. Варейкис хаты партиялық биліктің баспасөзге қатаң басшылық орнату мақсатында ұлттық басылымдардың арасынан «Ақ жол» газетіне ерекше шүйлігуінің сыры неде екендігіне тағы да көз жеткізе түседі. Оның ең басты себебі, «Ақ жол» газеті және оның төңірегіне топтасқан қазақ ұлтшылдары туралы Т.Рысқұловтың партиялық биліктің ең жоғарғы инстанциясына хабар беріп, дабыл қағуы болған сияқты. Оған Т.Рысқұловтың хаттарында мынадай дәйектердің алға тартылуы мысал болады. Аталған хатта А.Байтұрсыновтың «Ақ жолға» қатыстылығына баса назар аударылған. «1923 жылы А.Байтұрсыновтың мерейтойы атап өтіліп, оған «Ақ жолдың» тұтас саны арналды. Оның өмірбаяны жазылып, еңбектері жарнамаланды. 1924 жылы 3-сәуірдегі 421-санында орынборлық коммунистермен пікірталасында Қожанов алашордалық жазушыларды қорғады». [108] Сонымен бірге баспасөз органының ұлтшылдық идеялық бағытын әшкерелеу Т. Рысқұловтың басты мақсаттарының бірі болған сияқты. «Ақ жолдың» және басқа біз атаған қырғыз журналдарының негізгі бағыты аталған қайраткерлердің (Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Қ.Болғанбаев, Х.Досмұхамедов – Х.Т.) мақалаларында тұжырымдалған... Оларды ақжолдықтар қаржыландырады».[109] Демек, «Ақ жол» тек идеялық жағынан емес сонымен бірге ұлтшылдарды материалдық тұрғыда қолдайтын ұйым деген тұжырым жасалады. Сол сияқты Дулатовтың ұлтшылдық қызметі «қырғыз коммунистеріне нұсқау сипатындағы саяси мақалаларды көп жазады. Қожанов–оның берілген шәкірті және оның мақалаларын көрнекті жерге орналастырады»[110] деген мәлімет арқылы Түркістандағы кеңестік биліктің басшысымен байланыстырылады. Одан әрі баспасөз органының алашордашыл идеяда екендігіне көз жеткізу үшін «1921-1922 жж. «Ақ жол» газетінің шын мәнінде өздерінің (яғни алашордашылардың) газеті болғандығын» Ж. Досмұхамедов маған өзі айтып берген еді деген дәлелді алға тартады. «Ақ жол» редакциясы, «Казинпрос», көптеген билік аппараттары осы сияқты шын мәнінде партияда жоқ контрреволюциялық элементтермен толып кеткен»[111] деген таптық төзімсіздіктің жүгін арқалаған дәлелдер партиялық биліктің ең бір шамшыл тұсына дөп келіп тұр. И.Сталинге жолданған «Негізгі баяндама» деп аталатын құжатта Түркістандағы қоғамдық құрылысты кеңеске қарсы элементтерден тазартуға байланысты «Ақ жол» газеті жөнінде мынадай ұсыныс жасалған: «Ақ жол» және басқа қырғыз басылымдарына нақты маркстік бағыт беріп, олардың қызметкерлерін толық ауыстырып, аттарын өзгерту керек». Сол сияқты заттай айғақ ретінде «Қожановтан «Бірлік туының» барлық санын, «Ақ жолдың» 1921 жылғы сандарын талап ету» ұсынылады.[112] Бұл ұсынысты И.Сталин мына мазмұнда қатаң талапқа ұластырады: «Осыған байланысты «Ақ жол» журналын түбірінен жедел түрде қайта ұйымдастыруды, одан партияда жоқ интеллигенттерді қуып және оны коммунистік насихаттың органы етуге байланысты шаралар қолдануды сіздерден сұрауды мен өзімнің міндетім деп санаймын».[113] Бұл деректерден ұлттық мүддені ұлықтаған «ақжолдықтар» мен И.Сталинге жүгінген большевик-биұлтшылдар түрінде ұлттық элитаның арасына түскен терең саяси, рухани жікті көреміз. Сталинге жазылған жолдама хаттағы «Біз өз тарапымыздан осы мәселе бойынша Қожановтың және оның адамдарының, Түркістандағы және одан тыс жерлердегі алашордашылардың үйлеріне ГПУ желісі бойынша тінту жүргізуді талап етеміз. Онсыз да дәйектер жеткілікті болғанымен бұл шара Алашорда ұйымының осы бағыттағы қызметіне көз жеткізетін болады»[114]деген дерек осы пікірді қуаттай түседі. Бұл ұсыныстардың қаншалықты дәрежеде іске асқандығы белгісіз. Бізге белгілісі, ОГПУ Шығыс бөлімінің бастығы Я.Х.Петерстің И.Сталинге жазған хатында «Бұл хаттар белгілі алашордашыл Досмұхамедовтың пәтерінен табылды»[115] деген мәліметі. Бұл жерде әңгіме Батыс Алашорда үкіметі басшыларының бірі Жанша Досмұхамедовтың пәтері жөнінде болып отыр. Тарихшы А.Исмаилов «Т.Рысқұлов пен Ж.Досмұхамедовтың тағдыры Ташкентте түйісті. Олар бажалар еді, яғни олардың әйелдері туған апалы-сіңілілер болатын. Олар Пушкареваның қыздары еді» деп жазады. Ж.Досмұхамедов Петербург университетін бітірген соң Том губерниясына прокурордың көмекшілігіне жіберіліп, қалада Ольга Федоровна Пушкареваның отбасымен араласады. Оның үлкен қызы Ольга Жаншаның әйелі, ал үшінші, кіші қызы Надежда Константиновна Пушкарева Т.Рысқұловтың екінші әйелі болған.[116] Мәскеуге кетерінде өзінің кітапханасы мен жеке архивын Ж.Досмұхамедовтың пәтерінде қалдыруының себебі осы болса керек. Рысқұлов Мәскеуге барған соң Ташкенттегі Қ.Сармолдаевқа хат жазады. «Келген бойда Петерске (ГПУ) кірдім және «Бірлік туы», басқалар туралы да айттым. Оның өзінің аудармашысы бар. «Ақ жолдың» баспа материалдарын және т.б. аударуға тапсырма берді»[117] деп хабарлай отырып осы хатында «Орталық Бақылау Комитеті үшін аудармасымен немесе ең дұрысы Дулатовтың мақалалары бар «Ақ жолдың» сандарын, сол сияқты 1921-1922 жылдардағы «Ақ жолдың» сандарын жіберіңдер»[118] деп жазады. Қ.Сармолдаевқа жазған келесі хатында «Маған міндетті түрде «Ақ жолдың» 1922 жылғы сандарын және «Бірлік туының» сандарын тауып бер»[119] деп жазады. Т. Рысқұлов бұл газеттерді жазылашақ ғылыми-публицистикалық еңбектеріне деректік материал ретінде ғана емес, сонымен бірге ұлтшылдықты дәлелдейтін заттай айғақ ретінде сұратқандығын жасырмайды. Аталған құпия хаттарда «Ақ жол» газетіне қатысты тұжырымдардың мынадай қисындар тізбегі негізінде жасалғанын аңғарамыз: «Бірлік туы» Алашорданың баспасөз органы болған «Қазақ» газеті сияқты Түркістан автономиясының органы болды, ұлтшылдық бағыттағы «Шурои-Исламияны» қолдады. М.Шоқай, Қ.Болғанбаев, С.Қожанов редакторы болған газеттің төңірегіне топтасқан ұлтшылдар кеңестік билік басына келіп, енді «Ақ жол» газетін шығарып отыр. Олар өздерінің ұлтшылдық бағытын одан әрі жалғастырып, шет елде кеңес өкіметіне қарсы идеологиялық майдан ашқан алашордашыл М.Шоқаймен байланысын одан әрі жалғастыруда. Т.Рысқұлов Германияда болған Ғ.Бірімжановпен кездесудегі әңгімені негізге алып,«Бәлкім, Қожанов және тағы басқалар Шоқаевпен осы Бірімжанов арқылы байланыспады ма екен. Солай деп ойлаймын. Шоқаевтың өз мақалаларында Кеңес өкіметін өсекке таңғанда әр кез «Ақ жолды» және одан алған үзінділерді куәлікке тартуы тегін емес. (Қараңыз: Оның «Дни» газетіндегі мақалалары)»[120] деп жазады. «Егер баяндамадағы айтылғандарды менің «Накануне» мақалама жауап ретінде атышулы М.Шоқаевтың эсерлердің «Дни» журналында жарияланған көлемді мақаласымен салыстырсақ, Шоқаев мәліметтер мен анықтамаларды жүйелі түрде Түркістаннан алдыратындығын көрсетеді, демек шетелмен байланысы бар үлкен ұйымның жұмыс істейтіндігі анық бола түседі»[121] деген саяси желіге баса мән берген Т.Рысқұлов РК(б)П Орталық Комитеттің хатшылығына, сондағы жауапты қызметкер Товстухаға жазған жазбасында Сталин жолданған хаттардың бәрін толық оқи алмағанымен мына мәселелермен жеке өзінің танысуын ұсынады: «Шет елде Шоқаевтың Түркістан туралы мақалалары жариялаған «Дни» газетінің 1-4 ақпанындағы, сонымен бірге соңғы сандарын оқып шыққаны дұрыс болар еді».[122] Осы сөздерді Сталиннің әйгілі хатындағы мына сөздермен салыстырып көрейік: «Мен осыған байланысты белгісіз емес Шоқаевтың ақгвардияшыл баспасөздегі кейбір мақалаларын еске түсірдім және өзімді шошытқан осы мақалалар мен «Ақ жол» журналының рухани «бірлігі» деуге болатын кейбір жаңалықты аштым. Ақылға сыймаса да бұл факт. «Ақ жол» әрине, өзі де аңғармастан Шоқаевқа көлемді материал берді».[123] Т.Рысқұлов 1924 ж. 30 сәуірінде И.Сталинге жазған хатының соңында былай дейді: «Қорытынды ретінде айтарым, қазір өсіп келе жатқан және біз бағдарға алатын бұратаналардың коммунистік жастары деп аталатындар әзірге тым жас, тәжірибесіз және аңғал. Осы жастардың, мысалы қырғыздар (қазақтар деп оқыңыз – Х.Т.) арасында алашордашылар үлкен беделге ие көрінеді, жастар олардың идеологиясына ашық қарсы шығу тұрмақ, оларға тура қарай да алмайды. Демек, коммунистік жастарға партияның өзі көмекке келуі керек сияқты».[124] Бұл ұсыныстар да Сталиннің назарына ілігіп, хаттың мазмұнынан мынадай көрініс табады: «Мен партияда жоқ интеллигенттердің қырғыз жастарына саяси және идеологиялық тәрбие берумен айналысуларына қарсымын. Біз өкіметті жастар тәрбиесін партияда жоқ буржузиялық интеллигенттерге тапсыру үшін алғанымыз жоқ. Бұл майдан түгелімен коммунистерге қалдырылуы керек».[125] Сталин мен Рысқұловтың қолдарынан шыққан осы құжаттарға жасалған мәтіндік салыстырулар аталған құжаттардағы дәлел, дәйектердің қисындық бірегейлігін, біріншісінің екіншісіне негіз болған мәтіндік сабақтастығына көз жеткізеді. Белгілі шоқайтанушы Дархан Қыдыралиев «Ақ жол» газетінің жабылуы жөнінде мынадай дейді: «Алаш рухын асқақтатып ұстаған газеттің бағыты әрине әлдекімге ұнай қойған жоқ. Ұлттық ұранды ту етіп ұстанған алаштықтардың ісін режимге қарсы қауіпті деп санаған «Белгісіз белсенділер» көсемге жеткізген болу керек, көп кешікпей Мәскеуден ызбар шашқан хат келіп түсті. Бұл хат ұлттар көсемі Сталиннің өзінен келген еді»дей отырып,«Осы ретте атап өтерлік жайт, «Ақ жол» журнал емес газет. Осының өзі-ақ аталмыш газетті Сталиннің көрмегенін, сондықтан бұл материалды оған Қазақстаннан, яки орталықта Қазақстанмен айналыстын әлдекімдердің дайындап бергенін көрсетеді. Сталинге «справка» дайындаған «пысықайдың» тіпті, қазақ болуы ғажап емес!».[126] Қолында деректік құжаттар болмағандықтан зерттеуші «пысықайдың» атын атай алмағанымен ғылыми интуицияға сүйеніп дұрыс қисындық тұжырым жасаған. Ал біз нақты тарихи дерек пен дәйекке сүйеніп жасалған ғылыми тұжырым ұсынамыз. Әдетте, «Ақ жол» газетінің жабылу тарихын И.Сталиннің хатынан бастаймыз. Шындығында, ол хат «Ақ жолға», оның төңірегіне топтасқан ұлтжанды қайраткерлерді қуғындауға ұласқан тұтас саяси үдерістің ортасы ғана. Кез келген саяси үдерісті іске асыру түпкі ойдан, ниеттен, идеядан басталады десек, «Ақ жол» газетінің жабылуы да осындай біртұтас саяси үдерісті құрайды. Ал газетті жабу үдерісін іске асырудың саяси, идеялық тұрғырнамасы Т.Рысқұловтың тікелей араласуымен жасалғандығына оның Сталинге жазған хаттары айғақ болады. Рысқұловтың ұсыныстары Сталиннің әйгілі хатынан көрініс тауып, Алаш қозғалысы өкілдерін қуғындаудың идеялық тұғырнамасына ұласты. Демек, «Ақ жол» газетін жаптырған Т.Рысқұлов, жабуға үкім шығарған И.Сталин, ал оны іске асырған еліміздегі таптық мүдденің жетегіне ерген партиялық номенклатура деген тұжырым жасаймыз. Бұл тұжырым дәстүрлі тарихи танымға біршама тосын естілуі мүмкін. Әйтсе де, қолдағы тарихи деректер осындай тұжырымнан басқаға жол қалдырмайды. «Ақ жол» газетінің беттерінде билік құрылымдарының ресми материалдарымен бірге еліміздің саяси, мәдени тарихының дерегі болатын аса құнды мағлұматтар жинақталды. Елімізде жаңа қоғам орнатудың тұтас кезеңінде ұлт тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекеттік идеясын большевиктік идеологияға қарсы қойған алаштық элитаның елге айтар сөзі, елдің ахуалын көретін көзі, елдің сөзін тыңдар құлағына айналған «Ақ жолдың» мол мұрасын халыққа қайтаратын кез жетті. М.Дулатовтың бес томдық шығармалар жинағына, белгілі алаштанушы Д.Қамзабек құрастырған С.Садуақасов, Қ.Кемеңгеровтың шығармалар жинақтарында олардың «Ақ жол» газетінде жарияланған бірді екілі мақалалары енгізілген. Бұл өте құптарлық іс. Егер мақсатты түрде қолға алынса, жоғарыда есімдері аталған Алаш қайраткелерінің бүгінгі күннің зәру мәселелеріне үн қосатын қаншама інжу-маржандай ойлары ортамызға оралар еді. Ол еңбектердің қатарға қосылуы ұлттық мәдени байлығымызды, рухани игіліктерімізді молайтар еді. Өкініштісі сол, әзірге бұл бағытта мардымды жұмыс атқарылып жүрген жоқ. И.Сталиннің әйгілі хаты әлі күнге дейін ызғарын шашып жатқандай, өйткені «Ақ жолдың» тарихын зерттеу, оның жаратқан рухани мұрасын көптің игілігіне ұсыну бағытында осы кезге дейін жүйелі жұмыстар қолға алынбай келеді. «Ақ жол» газеті Түркістан коммунистік партиясы Орталық Қазақ баспасөзінің тарихында жеке тұлғалардың қажыр-қайратымен жарық көрген басылымдар жоқ емес, солардың қатарында Көлбай Тоғысовтың «Алаш» газетін атауға болады. Ол газет жалпыұлттық сипат ала алмай өзінің саяси, рухани әлеуеті мен ұйымдастырушылық қызметінің кемшіндігінен өздігінен жабылып қалды. Ал төрт жылдан астам уақытта 600-ден аса саны жарыққа шығып, ұзын саны он мың данамен таралған «Ақ жол» газеті Кеңес Одағына жеке дара билігін жүргізген И.Сталиннің қаһарына ұшырап, өз ұлтымыздан шыққан партократтардың жабыла қуғындауымен жабылып тынды. «Ақ жолдың» жабылуы Алаш қозғалысына жасалған ең басты идеологиялық соққы болды. «Ақ жолдың» жабылуы «Қазақ» газеті қалыптастырған ұлттық баспасөздегі азаттыққа ұмтылған өршіл рух сабақтастығының үзілуі болды. Еліміз тәуелсіздікке қолы жетіп, еркін ойлы тарихи сана қалыптастыру міндеті алға тартылып тұрғанда Алаш қозғалысы тарихының осы ақиқаты ащы да болса айтылуы қажет және ол ақиқат ғылыми танымның игілігіне айналуы қажет деп білеміз.
*** *** ***
![]() |