![]()
Главная Обратная связь Дисциплины:
Архитектура (936) ![]()
|
І БӨЛІМ: АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ОҢТҮСТІК ҚАНАТЫ 9 часть
ІV Кеңес шешімдері Түркістан КП ОК пленумында (28 шілде 1923 ж.) талқыланып, ХІІ съезде ол шешімдердің «Түркістан жағдайында партия жұмысын анықтау және одан әрі дамытуда негізге алынуы тиіс» [71] екендігі атап көрсетілді. Дегенмен, республика партия ұйымы басшылығының күшпен қабылдатқан бұл шешіміне наразы ұлттық саяси элитаның бір топ өкілдері РК(б)П ОК-не хат жолдап, «...жергілікті халық революцияны тек жерге қатысты деп қабылдады, ...белгіленген іс-шаралар іске асырылмады, іске асырылса да бір ғана ұлттың (өзбектердің) мүддесін көздеді және осы ұлттың ауқатты билеушілерін қамтыды»[72] деген тезисті алға тартты. Хатта көтерілген мәселелерді қолдаушылар еңбек ұжымдарымен өткізген кездесулерінде ТКП ОК ұлт саясатын аяусыз сынады. Ұлттық саяси элитаның қандай әрекетін болса да жіті қадағалап отырған Ортаазиялық бюро 1923 ж. 13 желтоқсанында бұл топтың әрекетін ұлтаралық қатынасты шиеленістіру, кеңес өкіметіне зиян келтіру деп бағалаған шешім қабылдады.[73] Ұлттық элита арасында топтық күрестің кең етек алуының терең саяси-әлеуметтік астары бар еді. Ұлттық мүдделерге топтасқан элитаның аса ірі тобы кеңестік билікке елеулі қауіп төндіретін күшке айналды. Қауіптің алдын алуға байланысты Түрккомиссия, кейіннен Ортаазиялық Бюро отаршыл биліктің сыннан өткен «бөліп ал да билей бер» идеясы бойынша әрекет жасап, түркістандық бірлікке жол бермеу бағытын ұстанды. Бұл бағытта жүргізілген саяси қитұрқылық шаралары республикадағы ұлттық теке-тіреске дейін ұласып, ұлттық-аумақтық межелеу кезінде этноэлиталық топтар арасындағы өткір саяси күреске ұласты. Оның есесіне жекелеген саяси топтардың мүддесіне біріккен топшылдық большевиктік билікке аса көп қауіп төндіре қоймады. Бұл топтардың алдын-ала дайындаған саяси бағдарламасы болмағанымен өздеріне лайық ұрандары мен мақсаттары болды. Жекелеген ұлтшылдық күштердің дем беруімен әрекет жасаған бұл топтар билікке ұмтылу, жауапты қызметтерге өз жақтасарын орналастыру сияқты әрекеттерімен танылды. Содан да осы сипаттағы топтардың күресі әсіресе, жергілікті және орталықпартия, кеңес органдарын сайлау, басшы кадрлар жасақтау кезінде өрши түсетін. Топшылдықтың ең басты қаупі, олардың тұтас партия ұйымдарын өз ықпалына тартып, идеялық сенімсіздік түрінде ішкі партиялық күреске айналуы еді. Бұл саяси құбылысқа С.А. Назаров былай баға береді: «Топшылдық күрес республиканың экономикалық және мәдени дамуына елеулі тежеу болды, коммунистерді социалистік құрылыстың кезек күттірмейтін міндеттерінен алаңдатып, партия қатарының бірлігіне орасан зор зиян келтірді».[74] 1921 ж. желтоқсанында облыстық, губерниялық партия комиттері хатшыларының кеңесі шақырылып, РК(б)П ОК топтық күрестің принципті емес сипаттағы мәселелер бойынша ұрыс-керіс пен дау-жанжал өрбітіп және оған партия бұқарасын тартуы «партияны жікке бөлуге бағытталған ауыр қылмыс» деп сыныпталып, оған кінәлілерді қатаң жауапкершілікке тартуды талап етті.[75] Дегенмен, әлеуметтік тамыры терең бұл саяси құбылыс жойылып кете қойған жоқ. РК(б)П ОК ақпараттық есептерінің бірінде Сырдария және Жетісу облыстық ұйымдарының кейбір партия мүшелері топшылдықпен айналысып кеткені соншалықты бай-манаптарды қолдап және қуттап, экономикалық тұрғыда нығая түскендігі анықталғанын жазады. Бұл күрес ұлттық-мемлекеттік межелеу кезеңінде барынша шиеленісіп, оны шешуге 1924 ж. жазында РК(б)П ОК тікелей араласуға мәжбүр болып, Әулиеата, Шымкент уездері мен Арыс аудандарындағы топтық күреске белсене араласқан жауапты қызметкерлерді өз қарамағына шақырып алған.[76] Қазақстандағы топшылдықтың қызығына да, шыжығына да белшесінен батқан, өзін осы топшылдықпен күрестің аса ірі білгірі санаған Ф. Голощекин 1926 ж. сөйлеген сөздерінің бірінде былай дейді: «Топшылдықтың себебі неде?.. Біреулер руды, екіншілері ауданды, үшіншілері интеллигенцияны кінәлі деп атайды, төртіншілері топшылдықтың себебін өнеркәсіптік пролетариаттың жоқтығынан көреді және т.б. Біріншілер де, екіншілер де, үшіншілер де дұрыс, бірақ жекелей алғанда емес. Оның негізгісі, біз көріп отырғанымыздай, бұқарадан қол үзу-міне, мәніс қайда?».[77] Бұл жерде кәсіпқой революционердің ұлттық қызметкерлер арасындағы топшылдықтың сыртқы түрін біршама дәл анықтап отырғандығын айта кетуіміз керек. Билік құрылымдарының қызметтеріне араласқан ұлт кадрларының теориялық және интеллектуалдық дайындық деңгейінің төмендігі, саяси жұмыстардағы тәжірбиесіздігі оларды отарлық әкімшілік жүйесінде қалыптасқан жағымсыз дәстүрлерге жүгініп, оны кеңестік билік жағдайында түрлендіріп пайдалануға итермеледі. Бұл жағымсыз көрініс элита қалыптасуындағы инкубациялық кезеңге тән белгілер еді. Ұлттық мүддеге тиімді даму, басқару әдіс-тәсілдер жүйесін іздестіруге қызмет еткен топшылдықтың мәні Голощекин анықтағандай, «бұқарадан қол үзу емес», қайта біртұтас ұлттық сана қалыптасып үлгермеген бұқараның жекелеген саяси, әлеуметтік жіктерінің кеңестік билікке деген көзқарасы мен қатынастарын білдірумен ерекшеленетін. Саяси элитаның кемелденуі барысында ұлттық идеяларға топтасып, қуатты күшке айналатын бұл қозғалысты ыдырату мақсатында партия органдары ондай топтардың жағымсыз сипаттарын жасанды түрде өршітті. Жоғары органдар кейде ашық, кейде жасырын өршіткен топшылдық күрестің бұл белгілері партия құрылысынан да бұрын ұлттық топтасу мүддесіне көбірек кедергі келтірді. Осыған байланысты Т.Рысқұлов «Түркістанның жергілікті қызметкерлері арасында топтық күрес неге жасанды түрде қуатталды (мысалы, Бүкілтүркістандық ХІІ Кеңестер съезі және одан кейін), мысалы, ОК Ортаазиялық бюросы тарапынан болса да» деп партияның топтық күресті өршітуге қатыстылығын жақауратып болса да айтып өтеді. Одан әрі «Егер әртүрлі ағымдардың пікірлерін салыстыру, дұрыс жолды табу үшін әр шет аймақта бірнеше топтың болғаны пайдалы болса және егер бұл белгілі бір саяси жүйе болса, онда бұл іске кейде партияда үлкен рөл атқаратын сауда капиталы агенттері мен түздік байлар неге тартылады?» - деген сұрақ қоюы арқылы мәселенің таптық сипатына назар аударады. Т.Рысқұлов қалыптасқан жағдайдың оңтайлы шешілуіне байланысты нақты ұсыныс жасаудан тартынған жоқ. «Неге ондай оппозицияны өз табымыз-жұмысшылардан жасақтамасқа. Бұл әлдеқайда түсінікті және табиғи болар еді. Оның есесіне нағыз жұмысшылар, мысалы, өзбектер арасында, өзбек сауда капиталының ерекше құлдығында отыр»[78] деп практикалық маңызы зор ұсынысын Түркістандағы қалыптасқан топшылдық күрестің салдарымен дәйектейді. 1924 ж. қаңтарда өткен ТКП ХІІ съезінде Т.Рысқұлов Халкомкеңес төралығынан босап, Түрікатком мүшелігіне сайланбай қалады. Рысқұловты Түркістаннан ығыстыруды ойластырған РК(б)П Ортаазиялық бюросы бұл мақсатқа топшылдық күресті пайдаланды. Тұрардың айтуы бойынша, «маған мына үштік одақ: өзбек саудагерлері, аудармашылар және Алашорда ұйымы қарсы шықты деп есептеймін».[79] Бұл топшылдық күресті Орталықтың өз мүддесіне пайдалануының алғашқы ірі мысалы ретінде тарихи танымда өз бағасын алуы тиіс дәйек. Партиялық басшылық ұлт саясатын басқаруда осындай тәсілдермен ұлт зиялылары арасындағы топшылдықты өз мүддесіне шебер пайдалана білді. Осы мәселеге байыпты талдау жасай отырып М. Қойгелдиев «Қазақстандағы саяси ахуалға Орталықтың білек сыбана араласуына жол ашып берген себептердің бірі және бірегейі – ұлттық интеллигенция арасындағы өзара алауыздық. Сыртқы түрі рушылдық, жершілдік сияқты феодалдық сипат алған бұл топаралық күрестің түптеп келгенде, негізі қызмет үшін талас жатқан болатын. Өкінішке орай, құжаттардың көрсетуіне қарағанда топаралық күрестің өршіп отыруына ресми орындар да түрткі болған»[80] деп баға береді. Ал кезі келгенде бұл топшылдық құбылысқа саяси айдар тағып, оған қатысқан ұлттық саяси элита өкілдерін жазықты-жазықсыз қудалау құралы ретінде де пайдаланды. Т.Рысқұловтың саяси күрестегі ұстанымдар жүйесіне осы тәсілмен «рысқұловшылық» деп айдар тағылды. Сол сияқты Қазақстанда үлкен саяси айыптауларға ұласқан «Қожанов тобы» шын мәнінде ұлттық элита құрамын ұлттық мәселелерден шеттетуге бағытталған саяси даңғаза еді. Кеңестік қоғамда ресми билік топшылдыққа қатысты: «Сәдуақасов, Ходжанов, Мыңбаев және басқалардың тобы шын мәнінде және күрес әдісі бойынша ауылдағы ауқатты топтардың ықпалын бейнелейтін әрекеттегі топ екендігін көрсетті...», «20-жылдардың басынан бастап республикада басты қызметтерде болған С. Ходжановтың тобы да осындай ұлтшылдық позицияда болды.., Ходжановтар негізінен «Ақ жол» газетінің төңірегіне топтасып, онда өздерінің ұлтшыл-уклонистік көзқарастарын жарнамалады»[81] деген ұстанымда болып, ұлттық идеялардың қалыптасу негіздерін бұрмалады. «Ақ жол» газетіне қатысты Сталиннің хатына байланысты қабылданған партиялық шешімнің ықпалы ұлттық элитаның саяси қызметіне берілген теріс бағаны қоюлата түсті. Б.Аралбаевқа партия қатарынан шығарылғанында «Ұзақ уақыт бойы топшылдыққа қатысқан» деген айып тағылған. 19 тамыз 1929 ж. өзін партия қатарына қайта қабылдау жөнінде жазған өтінішінде топшылдықтың қалыптасуы, қызметінің сипаты жөнінде кең көлемде мәлімет береді. Бұл құжаттың саяси қысым жағдайында жазылғандығын ескерер болсақ, ондағы ақпараттың бәрін шынайы деп қабылдауға болмас еді. Дегенмен, құжатта айтылғандарды өзге мәліметтермен салыстыра қарастырар болсақ, онда Түркістандағы қазақ саяси элитасының өкілі ретінде оның айтқандарынан бірқатар мәселелерге айқындық табамыз. Ол «Түркістанда қазақ қызметкерлері арасында «қожановшылар» және «рысқұловшылар» деп аталатын екі топ болды. Сірә, қандай да бір топқа қосылмаған бірде-бір қазақ қызметкері болмаған да уақыттар болған деп айтсам қателеспейтін болармын. Ол кезде ТКП ОК сияқты РК(б)П ОК Түркбюросы да топқа қосылуды үлкен айыпқа санамағандығын айтуым керек, керісінше Түркбюроның жекелеген мүшелері топтық сипаттағы жабық жиналыстарды басқаратын. Мысалы, РК(б)П ОК Түркбюросының мүшелері Сафаров пен Томский жолдастар Түркістан Компартиясының VІ съезі кезінде солай жасады. 1921 немесе 1922 жылы болуы керек, РК(б)П ОК Түркбюросының төрағасы Томский жолдас Қожановты Түркістан ОК құрамынан шығарып тастау үшін топшылдық жиналыс шақырды. Ал ж. Сафаров та Қырғызағарту ғимаратында қожановшылардың жиналысын өткізді» деп жазады. Бұл сөздер Г.Сафаровтың алашордашылармен идеялық тұрғыда жақын қарым-қатынаста болғандығын тағы да айғақтайды. Аралбаевтың көрсетуі бойынша Ташкентте топшылдыққа қатысқандығы үшін партиядан шығарылған жағдай болмаған, есесіне топ көсемдері айыпкер болып, қызметтен босаған кезде оның ізімен тобындағылардың бәрі де қызметтерінен босап, бір топтан екінші топқа өтіп кететін «епті қашқындардан» басқасы қуғындауға ұшыраған. Оның айтуына қарағанда «Қожанов тобы Ташкентте 1920 жыл мен 1925 жылдардың аралығында жекелеген тыныштық кезеңдерін айтпағанда (1922 жылы Рысқұловтың ТАКСР ХКК төрағасы болып келген кезі) билеуші топ болды да ешқандай қуғындауға ұшырамаған». Ол осы сөздері арқылы Түркістандағы топшылдыққа да біршама айқындық беруге тырысады. Рысқұлов пен Қожанов тобының айырмашылығы туралы «Менің пікірім бойынша шын мәнінде ешқандай айырмашылық болмады және болған да жоқ: Қайсысы болса да басшылық үшін күресті, бұл мақсаттарын іске асыру үшін шынайы берілген адамдарды өздеріне тартты және алғашқы мүмкіндікте-ақ оларды уездік атком төрағалығы мен уездік партия комитеті хатшылығына және т.б. қызметтерге жоғарылатты. Қысқасы, оларды бұқараны игеруге қызмет жасайтын лауазымдарға қоюға ұмтылды» дей келіп, «Қожанов тобының және топтық күрестің негізгі мәні неде? Менің жеке өз басым оның мәні ең алдымен партия комитетінен тыс және кейіннен соның бекітуі арқылы портфель бөлісу деп түсінемін. 1925 жылдың өзінде ж. Голощекин топшылдыққа байланысты сөйлеген сөздерінің бірінде былай деген «Орталық Комитеттің Есепкеалутаратуынан (бөлімінен) басқа үйдегі Есепкеалутарату (бөлімі) бар». «Үйдегі Есепкеалутаратуды» Қожанов та қолданды, барлық жеке мәселелер партия комитетінде талқыланғанға дейін Қожановтың сүзгісінен өтетін. Облатком төрағасы болып тұрған кезеңде менің өзім жеке мәселелерді онымен алдын-ала келісіп барып, содан кейін ғана тиісті органдардың талқылауына ұсынатынмын»[82] деп топтық күрестің тактикалық тәсіліне өз қызметінен нақты мысал келтіреді. Партиялық жұмыста кең өріс алған топшылдықтың сырын оның әлеуметтік негізінен іздеген де мәселеге қатысты ақиқатқа сәуле түсіреді. Мысалы, Ұ.Құлымбетов 1926 ж. қазан айында Өлкелік Бақылау комиссиясына жазған хатында 1919-20 жж. Қазақстандағы партия ұйымдарының құрамын негізінен интеллигенция, интеллигенцияның біліксіз төменгі тобы және аз санды жұмысшылар мен шаруалар құрады деген пікір айтады. Одан әрі интеллигенцияның құрамы «а) бывшие народные учителя б) бывшие переводчики и письмоводители царских чиновников в) сыновья баев и влиятельных лиц (казаков), только что окончившие или учившиеся в средних и высших учебных заведениях г) участники национальной партии «Алаш-Орды». Плюс к этим разношерстным элементам совершенно политически неграмотные, но революционно настроенные рабочие и сыновья трудящихся из категории, так называемых, недоучек»[83] сияқты элементтерден тұратындығына баса мән береді. Республикалық басшылықтың жоғарғы эшелонында қызмет істеген Ұ. Құлымбетовтың 1925 ж. кейінгі кезеңдегі топшылдыққа берген бағасы мынадай: «В связи с присоединением трех южных районов и отходом Оренбургской губернии, наша организация изменяет свою физиономию, именно вливаются коммунисты с разделением на 2 группы (для ясности назову их вождей), Ходжановской группы и второй Рыскуловской. Не беру смелость точно характеризовать, но должен заявить (помоему мнению) эти две группы не имеют принципиального разногласия, а вели борьбу за портфеля и за первенство Ходжанова или Рыскулова, а идеологически они оба были одного происхождения... В последнее время есть, правда, зафиксированное мнение тов. Рыскулова взятой им линии, но это заставляет нас пожелать провести это на деле, а у Ходжанова своеобразная программа, которую, я лично, не смог понять, но одно понятно: «работай для казаков», конечно, это тоже есть отход от линии партии».[84] Оның бағалауымен толық келіспегенімізбен де Қожанов тобының ұлтшылдық бағытына қатысты тұжырымы күмәнмен айтылса да мәселеге нақтылық береді. Сол кезеңнің өзінде партия-кеңес қызметкерлері тарапынан топшылдықты ұлттық және таптық мүддеден туындайды деген пікірлер айтылмай қалған жоқ. Бұндай батыл пікірлерді теріске шығара отырып, Өлкелік Бақылау комиссиясының сұрауына 1926 ж. 12 желтоқсанында М. Қайыпназаров былай деп жауап қайтарады:«Некоторые т.т. склонны объяснять наличие группировок влиянием родовых, межнациональных и территориальных отношений на работников. Правда, бываеть случай особенно на местах, когда можно обьяснить группировку этими моментами. Но группировку краевого актива этими моментами объяснить нельзя. Она объясняется тем, что я говорил выще т.е. борьбой между собой за первенство, за власть, за влияние и т.д.».Ол осыған байланысты жергілікті жерлерде «қоныс аударушылардың жаңа толқынын болдырмау үшін» орыстарға қарсы және қазақ жерін тартып алушыларға қарсы «барлық қазақтар бірігіңдер» деген ұрандарды топшылдардың «көсемдері» топшылдық мақсаттар үшін көтеретіндігіне тоқталады. Сонымен бірге топшылдықтың әлеуметтік негізіне М. Қайыпназаров мынадай сипаттама береді: «Группировщикам можно дать такую характеристику что они большей частью социально чужды нам люди и большей частью служилцы Николаевского времени, они находятся под влиянием Алаш-Ордынск. нац интеллигенции и казакского байства отражая их идеологию в партий».[85] Ол өзінің осы тұжырымын олардың арасында топшылдыққа кездейсоқ тартылып жүргендер де болуы мүмкін, оларды қайта тәрбиелеуге болады деген сөздермен аяқтайды. Өлкелік Бақылау комиссиясының 1926 ж. қыркүйектің 21 күнгі сұратуы бойынша А.Лекеров «БК(б)П қазақ ұйымдарындағы топшылдықтың пайда болу себептері және оларды жоюдың тәсілдері» деген тақырыппен көлемді жазбаша мәлімет дайындаған. Ол топшылдық күрестің сырын тура мағынасында ұлттық және таптық идеялардан іздейді. «1917 ж. соң ұлтшыл-интеллигенттердің басқаруымен ұлтшылдардың партиясы және «Алашорда» үкіметі құрылды, ақпан және қазан төңкерісі аралығындағы қоғамдық қозғалыста олардың идеологиясы үстем болды, қазан төңкерісінен соң қазақтардың арасынан революцияны қолдаушылар шықты – дей келіп, – Қазақ-большевиктердің саяси тұғырнамасы алашордашыларға мүлдем қарама-қарсы позицияда болды, осылайша бір-біріне жауыққан қарама-қарсы екі саяси топ құрылды. Қазақ қоғамында бұрыннан тамыр жайып қалған және дәстүрлі байланыстары мықты алашордашылардың салмағы большевиктерден басым болды» деген қорытынды жасайды. Оның тұжырымы бойынша алашордашылардың «қазақ халқының мүддесі», «ұлттың мүддесі» дегендері бос сөз, бөспелік, бетперде ғана, шындығында олар үшін нағыз еңбекші халықтың мүддесі мүлдем жат болды, олар үшін тек қана байлардың мүддесі болды. Топшылдыққа таптық тұрғыда осындай саяси бірбеткейлікпен баға берген А.Лекеров «Алаш-Орда» умерла политическою смертью и похоронена в 1919-20 г.г. и с тех пор она является покойной»[86] деген қорытынды жасайды. Қазақ өлкесіндегі партиялық қызметте орын алған топшылдық әрекеттерге қатысты оның жасаған тұжырымдарынан жеке тұлғалардың атымен аталған «шылықтардың» бірінің сипаттамасын кездестіреміз. Ол 1920-1924 жж. аралығында саяси билік бұрынғы тілмаштар мен болыс басқарушылары тобының қолында болды дей келіп: «Группа переводчиков, управителей господствовало в течении 4-5 лет. Это было до некоторой степени неизбежно, закономерно, ибо в переходный трудный период, в период неразберихи всегда моментом пользуются грязные элементы и они выступают на сцену. Принципиалом и идеологом этой группы был Мендешев, поддерживаемый тогдашним секретарем Обкома ВКП (б) товарищ Корестелевым. Этот период по моему войдут в историю казакской организации, как эпоха Мендешева-Корестелева» деген тұжырым жасайды. Бұл тұжырым «меңдешовшіліктің» сырын ашуға бағытталғаны белгілі. Оның топшылдықтың қалыптасуы жөніндегі бағасы да қызғылықты. Осы мәселеге қатысты былай дейді: «Причину возникновения группировок можно формулировать так: внутренные и внешние противоречия Казакстана порождают разногласия, группировка есть борьба мнении и взглядов по принципиальным вопросам, при чем она переплетается с родовыми и национальными моментами, которые затушевывают вопрос и придают ему своеобразную специфическую форму».[87] Таптық көзқараста жасалған Лекеровтың бұл тұжырымы қазіргі таным талаптарына сай таратуды қажет етеді. Әсіресе топшылдықтағы рушылдық фактордың әсеріне қатысты мәселе. Дәстүрлі қоғамда рулық қатынастар қоғамдық өмірдегі реттеуші, үйлестіруші тетік болғаны рас. Бірақ бұл үйлестіруші тетік кеңестік билік жағдайында іргесі сөгіліп, өзінің бұрынғы мәнінен айрылған еді. Ауылдық, болыстық, әрі кеткенде уездік деңгейдегі саяси үрдістерде белгілі дәрежеде ықпалын сақтап қалған рулық қатынастар ұлттық деңгейдегі мәселелерде шешуші мәнге ие бола алған жоқ. Алаш қозғалысының басшылары ұлттық идея төңірегінде тастүйін тұтастық танытуына дәстүрлі қоғамдағы рулық бөліністер ықпал еткен жоқ. Ал республикалық деңгейде орын алған топшылдық күрестерден рушылдық ықпалын іздеу қате болар еді. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында таптық және ұлттық мүдде элиталық топтардың пайда болуы мен қызметінде басты үйлестіруші фактор болды. Олардың қызметінде қазақ қоғамын жаңыртудың тәсілдері мен түрлерін таңдаудағы көзқарас айырмашылығы билікке қол жеткізу үшін күреске ұласты. Демек, элиталық топтардың қалыптасуында партиялық билік басты мән беретіндей рулық қатынастар шешуші фактор болған жоқ, ол тек қосалқы мәнге ие болды. Тіпті топшылдыққа қатысты Өлкелік партия комитетінің сауалына жауап берушілердің қатарында «Мы знаем, как на группировках отыгрывался всякий преступник и всякий идиот пристав к одной из группировок, тем самым прикрывая свою преступность, объясняя все что угодно «родовым» и «группировочными» моментами. Мы знаем, как из-за групировок стиралась грань между буржуазными националистами и коммунистами, нередко первые руководили, последили в их внутрипартийной борьбе. Так эксплоатировали партию и власти эта последняя категория лиц»[88] деген ұшқары пікірлер де орын алды. Бұл пікірден аңғаратынымыз, партиялық билік ел ішіндегі азаматтық, қылмыстық құқықтармен шешілетін жайттарды да топшылдық күреске тықпалау арқылы Қазақстанда жүргізген саясатының саяси-әлеуметтік негізінің қасаңдығын танытты. Голощекиннің Қазақстанда саяси ұйымдардағы топшылдық ағым ретінде кеңінен «насихаттаған» «қожановшылық» үшін Сұлтанбек Қожанов өзін саяси айыптаудан қорғап, 1927 ж. 12 ақпанында ВК(б)П Өлкелік Комитетіне арнайы хат жолдайды. Осы құжатта оның «Группировка в моей политической жизни, как указывал выше, являлась результатом моего активного реагирования на окружающую политическую среду, а отнюдь не плод моего личного творчества. Поэтому я с не меньшей категоричностью и торжественностью, чем любой из бывших группировщиков, как тт. Исаев, Садвокасов и другие, заявляю, что я всегда осуждал и ныне осуждаю группировки и всецело солидарен с решением Казкрайкома о группировках»[89] деген мәлімдемесі топшылдық пайда болуының саяси тетіктеріне назар аударуға мүмкіндік береді. Солай дей отырып С. Қожанов өткен уақытта өзінің де топшылдыққа қатысының болғандығын, топшылдықтың Қазақстанның мүддесі үшін зияндығын алғашқылардың бірі болып «айғайлап» айтқандығын еске салады. Сонымен бірге топшылдықтың өзі республика партия ұйымы басшыларының бірі болған кезінде жойылмағандығы «менің кінәм емес, ол менің сорым: өйткені беделді басшы болмады» деп мәлімдейді. Қожановтың «беделді басшы болмады» деген сөзі одан әрі тарқатуды қажет етеді.
![]() |