Главная Обратная связь Дисциплины:
Архитектура (936)
|
ТҚАРУШЫ ХРИСТОС ҒИБАДАТХАНАСЫ
Құтқарушы Христос ғибадатханасы ХІХ ғасырда салынды. Ғибадатхананың алғашқы кірпіші 1891 жылы қаланды. 1907 жылы құрылыс жұмыстары аяқталды, архитекторы – В.Н.Чагин. Ғибадатхана ХҮ-ХҮІІІ ғасырдағы жаңа мәскеулік архитектура үлгісінде жасалынған. 1983 жылы қайта өңдеуден өтті. 1982 жылдан бастап мемлекеттік қорғауға алынды. Ғибадатхана Жайық казактарының Ресей әскерімен бірге әскери жорыққа қатысқандарына 300 жыл (1591-1891) толуына орай тұрғызылған. Ол өзінің құрылыс композициясымен ерекшеленеді. Ғибадатхананың көп қырлы қабырғасы шатырмен ұласып, ұшар басы алтындалынған күмбезбен көмкеріліп, креспен аяқталады. Қабырғалары сұрғылт керамикалық плиткалармен қапталған.
ОРАЛ КАЗАК ӘСКЕРІ АТАМАНДАРЫНЫҢ ҮЙІ Орал казак әскерінің атамандарына арналған үй 1820 жылы салынған. Архитекторы – италиандық Дельмендино. Алғашқыда, бұл үй атаман Д.М.Бородин иелігінде болған. Екі қабатты ғимарат кірпіштен қаланған. XIX ғасырда бұл үйге орыстың атақты жазушылары тоқтаған: А.С.Пушкин (1833 ж.) 1773-1775 жылдардағы шаруалар соғысы бойынша деректер жинаған; В.А.Жуковский (1837 ж.) казактардың әскери қызметі және Жайық өзенінде балық аулау жөнінде қызықты күнделік жазбаларын жүргізген; В.И.Даль (XIX ғ. 30-шы жылдары) түсіндірме сөздіктің авторы, ол қызмет бабымен Оралды жиі болған; Л.Н.Толстой (1862 ж.) казактардың өмірімен, тұрмысымен танысқан. ОРЫС-ҚЫРҒЫЗ МЕКТЕБІ Ғимарат 1879 жылы орыс-қырғыз (қазақ) мектебі үшін арнайы тұрғызылды. Мектепте сауаттылыққа үйретумен қатар, слесарлық, ұсталық және ағаш шеберлігі кәсіптеріне оқытқан. Мектеп екі жылдық болған. 1919 жылы бұл ғимаратқа облыстық әскери комиссариаты орналасқан. Ғимарат 20-30 жылдары Оралдық техникалық мамандырылған мектепке берілген. Кейін №75 кәсіптік-техникалық училищеге берілді. 1963 жылы ғимарат Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтына берілді. Содан 1973 жылы 12 сәуірде Орал облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырылды. Ғимарат екі қабатты, кірпіштен қаланған. Шатыры күмбезделіп біткен. ЕУРОПА-АЗИЯ” СТЕЛЛАСЫ “Еуропа-Азия” монументі Орал өзенінің оң жақ жағалауына орналасқан. Ол – Еуропа және Азия құрлығын екі бөлікке бөліп тұрған шекара тәріздес. 1984 жылы орнатылған. Архитектурасының авторлары – Ю.Г.Хакало, А.И.Кононов, П.А.Голубев. Монумент – тік бағытты тұрған үш элементті сынтасты білдіреді, ақ мрамормен қапталған. Монументтің ұшар басы “Еуропа-Азия” деген жазуы бар көгілдір шарды білдіретін композициясымен аяқталған. Сынтастың биіктігі – 15,4 метр, ені – 3,76 метр. МЕШІТ Мешіт ғимараты 1897 жылы Мұртаза Абдуллиннің қаражатына салынған. Биіктігі –12 метр. 1929 жылға дейін өзінің алғашқы бағыты бойынша қызмет атқарды. 1930 жылдан бастап мемлекеттік байланыс қызметі мекемесіне берілген. Бір қабатты ғимарат кірпіштен қаланған. Құрылыс барысында дәстүрлі тік бұрышты жоба қолданылған. Ғимарат сырты кірпішпен безендірілген. Ғимарат көлемі – 24х12х7 метр. Авторы белгісіз. ЖӘҢГІР-ХАН КЕСЕНЕСІ 1801 жылы қазіргі Орда ауданының территориясындағы Нарын құмында Бөкей Ордасы құрылғандығы белгілі. 1826 жылы Жәңгір хан Орда қаласының негізін қалады. Қазақстан тарихында Жәңгір ханға ерекше орын беріледі. Бөкей ұлы Жәңгір хан (1801-1845 жж.) Кіші жүздің Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Бөкей Ордасының соңғы ханы, Әбілхайырдың шөбересі, Нұралының немересі. Әкесі Бөкей Еділ мен Жайық арасындағы елін әуелі сұлтандық дәрежеде басқарады, кейін орыстардың қазақ хандықтарын бөлшектеп, әлсірете беру саясатына орай, 1812 жылы хан атағын алады. Бірақ, ол хандықтың қызығын көп көре алмай, 1815 жылы қайтыс болады. Хан тағы мұрагерлік жолмен Жәңгірге бұйырады. Еуропалық білім алып орысша тәрбиеленіп, хандықты әкімшілік жағынан басқару тәсілдерін үйреніп келген жас Жәңгір 1823 жылдан бастап билік тізгінін өз қолына алады. Патша өкіметінің саясатын бұлжытпай орындап, Батыс Қазақстанда жүзеге асырушы ханның бірі болады. Жәңгір хан өзі билік құрып тұрған кезде елді отырықшылыққа көшіру, мектеп ашып, балаларды оқыту мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Осы мектептен білім алған алғашқылардың бірі, белгілі қазақ этнографы, Орыс география қоғамының қызметкер мүшесі – Мұхаммед Салық Бабажанов. Ол:“...ханның ықпалымен және жанашырлығымен Ордадағылар білімнің қажеттілігін сезіне бастады. Шәкірттер мен мұғалімдерді ынталандыру үшін марқұм хан ақшасын да, өзінің ынтасы мен ордалықтарға оқу білімнің пайдасы жөнінде түсіндермек болған ынтасын да аямады. Өзінің сарайында мектеп ашып, онда 60 адам Мұххамед діні, орыс жазуы және тілі жөнінде дәріс алды”,- деп жазады. Жәңгір хан Казан университеті ғылыми қоғамының құрметті мүшесі болып сайланған. Кесенесі 1997 жылы тұрғызылды. Кесене авторы – Көпбол Демесінов.
ДӘУЛЕТКЕРЕЙ МАЗАРЫ Мазардың авторы – К.Демісінов. Шығайұлы Дәулеткерей (1814-1887 жж.) – қазақтың әйгілі күйші-композиторы, төре күйлерінің негізін қалыптастырушысы. Бұрынғы Бөкей ордасында, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарасты Қарамола деген жерде дүниеге келіп, өзінің ата қонысынан топырақ бұйырған. Ата-бабасы Орыс ханнан бері қарай хандық биліктен қол үзбеген. Бөкей хан өлген соң Дәулеткерейдің әкесі Шығай сегіз жылдай Бөкей ордасына хандық билігін жүргізген. Дәулеткерей төре күйлерінің дәстүрін біржолата орнықтырып, төре тартысты тұтас бір мектеп ете алған адам. Сондықтан да болар, Дәулеткерейді академик А.Жұбанов “төре күйлерінің атасы” деген.
КӨПЕС ВАНЮШИН ҮЙІ Көпес Ванюшин үйі үш қабатты ғимарат. Ғимарат XIX ғасырдың екінші жартысында салынған. Ғимараттың шығыс қасбеті және солтүстік жағы көркемделіп қаланған, ол сол кездегі уақыт белгісін білдіреді. Қаладағы осы ғимарат шығыс архитектурасының ұлттық үлгісінде салынған бірден-бір үй болып табылады. 1917 жылға дейін мұнда облыстың алғашқы басқару бөлімдері жұмыс істеді. Ұлы Отан соғысы кезінде бұл ғимаратқа Одесса жаяу әскер училищесі орналасты. Кейін ауылшаруашылық техникумына берілді. 1984 жылдың қазанынан бастап Пионерлер Сарайы болды. 1998 жылдан Пионерлер Сарайының ғимараты №38 қазақ мектебіне берілді.
ЖЕҢІС МОНУМЕНТІ Жетпісінші жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ КСР Министрлер Кеңесі мемориалды кешен құрылысы жөнінде шешім қабылдаған еді. Кешен 1919 жылы Орал қаласын ақгвардияшылардан және Ұлы Отан соғысы кезінде социалистік Отанды фашистік басқыншылардан қорғаушылардың өшпес ерлектерін мәңгі есте қалдыру үшін тұрғызылған болатын. Жарияланған байқау бойынша кешеннің жобалары 1971 жылдың 12 наурызында қаралды. Алқа қазылары “Қанжар мен Ту” атты жобаны жоғары бағалап, қабылдады. Сәулетшілері – Р.В.Сейдаллин, Ж.К.Баймолдаев, Ә.Ж.Әбілов, мүсіншісі – Х.И.Наурызбаев. 1979 жылы кешен құрылысы кең қанатын жая түсті. Оған қаладағы көптеген құрылыс ұйымдары ат салысты. 1980 жылы 9 мамырда ашылу салтанаты өтті. Мамаев қорғанынан әкелінген Мәңгілік алауды Кеңес Одағының Батыры И.И.Коняхин мен Орал қаласын қорғауға қатысқан А.Исмағамбетов жақты. Кешеннің қабырғасына туысқан қабірлерден алынған топырақ сауыттары қойылды.
ОБЛЫС ӘКІМШІЛІГІ Ғимарат 1896 жылы салынып, Абай алаңында орналасқан. Архитекторы – А.Бунькин. Революцияға дейін ғимарат коммерциялық банктің меншігі болды, сонымен қатар, дүкен ретінде пайдаланылған. Қазан социалистік революциясынан кейін мұнда жұмысшылар, солдаттар, шаруалар депутаттарының бірінші Кеңесі орналасып, қызмет атқарған. 1919-1921 жылдары Орал облысының революциялық комитеті, 20-шы жылдары комсомолдың Орал губерниялық комитеті және жастар Сарайы орналасқан. 1924 жылдан бастап – Орал губерниясының соты болды. Қазіргі кезде ғимаратта Батыс Қазақстан облысының әкімшілігі орналасқан. Үш қабатты ғимарат “ампир” стилінде салынған.
АЗЫНАШЫЛЫҚ ҒИМАРАТЫ Ғимарат ХХ ғасырдың басында салынған (шамамен 1905 ж.). Кеңес үкіметі кезінде ғимаратта КСРО Мемлекеттік Банкінің (Бөкей губерниясының) губерниялық, кейін уездік және аудандық бөлімдері орналасқан. 1960 жылдың бірінші жартысында ғимаратқа аудандық тарихи-өлкетану мұражайы орналасқан.
|