Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)


 

 

 

 



БҰЛШЫҚ ЕТТЕР ТУРАЛЫ ІЛІМ



Миология.

Жалпы түсінік. Бұлшық еттер қимыл қызметтерін атқаратын аппарат болып саналады. Дененің сыртқы орталықта қимылдауы, оған бейімделуі, бір-бірімен қарым-қатынас жасауы да осы бұлшық еттердің жұмысының нәтижесінде жүріп отырады.

Бұлшық еттің жұмысы оның жиырылғыштық қасиеттеріне байланысты. жиырылу нәтижесінде организмде бірнеше күрделі өзгерістер (жылу бөлінуі, қан құрамының өзгеруі т.б.) пайда болады. Бұлшық ет жұмысы (жиырылуы, босаңсуы, қатаюы) нерв жүйесімен реттеліп отырады. Егер бұлшық еттер жиырылған кезде дене, не оның бір мүшесі бір орыннан екінші орынға қозғалса, оны динамикалық, ал егер қозғалмаса (қатайып қалса) оны статикалық жұмыс деп атайды. Дененің бұлшық еттері өзінің пішініне қарай әр түрлі қызмет атқарады. Олардың күші көлденең қимасына яғни ет талшықтарының санына, олардың қалыңдығына байланысты өтеді. Адамның еттері біріңғай салалы және көлденең жолақты ет ткандерінен түзілген. Бірыңғай салалы ет ткані эволюциялық шығу тарихына қарағанда өте ерте пайда болған. Себебі ол төменгі сатыдағы жануарларда да көптеп кездеседі. Жануарлардың ортаға бейімделу процесіне, қимыл әрекеттеріне байланысты бірыңғай салалы ет ткані біртіндеп көлденең жолақты ет тканіне ауысады да, көлденең жолақты ет ткані дами бастайды. Бірыңғай салалы ет ткандері адамның ішкі органдарында тамырларының және терінің құрамында ғана кездеседі. Бұл ткань жалпы еріксіз жиырылып, ішкі органдардың толқынды қимылын, қан тамырларының кеңейіп, тарылуын қамтамасыз етеді. Бүкіл дене бұлшық еттері көлденең жолақты ет ткандерінен түзілген. Бұлардың бірыңғай салалы ет тканінен айрмашылығы олар ерікті жиырыла алады. мүшенің орталықтағы қимылы, дененің теңдік сақтап тік жүруі, жүгіруі, т.б. қимыл-қозғалыстары осы ерікті жиырылатын көлденең жолақты ет тканінің қызметіне байланысты. Осымен қатар тыныс алу, сөйлеу, құрсақ еттерін қатайтып, тік ішек пен қуықты босату, босану, жөтелу т.б. физиологиялық процестер де осы ет тканінің жиырылуы мен қатаюы нәтижесінде жүріп жатады.

Бұлшық еттердің құрылысы. Жалпы адам денесінде 600-ден астам бұлшық ет болады. Олардың көбі жұп болып келеді. Бұлшық ет майда фибрилдерден (ет талшықтары) түзілген. Олардың әрқайсысының шеттерінде шашыранды ядросы мен сыртын қаптап жатқан сарколемма деген қабықшасы болады. Миофибрилдер бір-бірімен бірігіп, дәнекер тканмен қапталған ет будаларын түзеді. Бұл будалар өзара бірігіп, жеке жиырыла алатын бұлшық ет бөліктерін құрайды. Олардың әрқайсысы дәнекер тканнен тұратын кілегей қабықшамен қапталып жатады.

Бұлшық еттердің түсі атқаратын қызметіне қарай күрең қызғылт, ашық қызғылт болады. Егер ет көп жұмыс істейтін болса, қанның көп келуі нәтижесінде күрең қызыл, ал аз жұмыс істесе ашықтау келеді. Адамның жасы өскен сайын бұлшық еттері де, түсі де өзгере бастайды. Осыған байланысты жаңа туған нәрестеде ашық қызыл, ал жасы өскен сайын күрең-қызыл болады.

Бұлшық еттердің толық келген жерін денесі десе, ал екі шетін ет сіңірі деп атайды. Ет сіңірлері арқылы бұлшық еттер бір сүйектен басталып екінші сүйекке тіркеледі. Сол себептен оның бір сіңірлі басын басталар жері десе, екінші сіңір бөлігін аяқталар жері дейді. Осы басталар жерінен аяқталар жеріне жеткенше бұлшық еттер міндетті түрде бір немесе бірнеше буындардан аттайды. Ет жиырылған кезде сол буынды не бүгіп, не жазып мүшені қимылға келтіреді.

Бұлшық еттердің пішіні әр түрлі, өйткені олардың ет талшықтарының бағыты атқаратын қызметтеріне байланысты. Бұлшық еттерді жалпы ұзын, қысқа, жалпақ етттер деп үш түрге бөледі.

Дене еттері қол-аяқ еттеріне қарағанда жалпақ, жұқа болып келеді де, дененің бірталай жерін жауып жатады. Ал қол-аяқ еттерінің пішіні керісінше ұзынша келеді. Олар бірнеше буындардан аттап өтеді. Ұзын еттердің жоғарғы сіңірін басталар жері десе, төменгі сіңірін тіркелер бөлігі деп атайды. Қысқа салалы еттер омыртқа жотасының бойында, қол-аяқ басында терең орналасқан. Ал жалпақ еттерді көбінесе дененің арқа, құрсақ, көкірек бөліктерінде кездестіреміз. Мысалы, арқаның жалпақ еті, кеуденің үлкен еті, құрсақтың қиғаш еттері. Жалпақ еттердің ет сіңірлері өздеріне тән жалпақ, жұқа келеді. Сол себептен оларды ет шандырлары деп атайды. Сақиналы еттер дененің табиғи тесіктерінен айнала орналасқан. Мысалы, көз, ауыз, қуық, тік ішек тесіктерін жиектеп, қоршап жатады. Осы сақиналы еттердің ет талшықтарының жиырылуы нәтижесінде сол тесіктер тарылып тұрады. Кейде бұлшық еттер сіңірлері бірнеше бөліктен түзілуі мүмкін. Ондай жағдайда оларды қосбасты, үшбасты, төртбасты еттер деп атайды.

Бұлшық еттердің жоғарыда айтылған негізгі құрылысынан басқа қосымша құрылыстары да болады. Бұған кілегейлі қалталар, кілегейлі қынаптар, қатпарлар, сесам сүйектері, ет шандырлары жатады. Бұлар бұлшық еттердің қалыпты жұмыс істеуіне көмектесіп отырады. Еттердің шандырлы жапқыштары (фасциялары) жалпы және меншікті болып екіге бөлінеді. Олар тығыз талшықты дәнекер тканнен түзілген. Шандыр жапқыштар жеке ет немесе еттер тобын (бүегтін, жазатын) және дененің ет бөліктерін (иық, сан, балтыр, білек еттерін) қаптап қоршап жатады. Егер шандырлы жапқыш жеке еттің өзін қоршап жатса, оны меншікті шандырлы жапқыш дейді. Ал еттерді тобымен қаптаса жалпы жапқыш деп атайды. Олар бұлшық ет аралығымен сүйек қабығына дейін барып перделер түзіп, еттердің әрбір тобын бір-бірінен ажыратып тұрады. Осының нәтижесінде бұлшық еттер жұмыс істегенде орын ауыстырмай бір жағдайда бекемделіп, қалыптасып жатуына себеп болады. Бұл перделерге кейде ет сіңірлері де тіркелуі мүмкін. Қорыта айтқанда шандырлы ет жапқыштары қорғаныштық қасиетімен бірге тіректі те қызмет атқарады.

Ет сіңірлерінің сүйектен басталар жерінде ылғалды келген кілегей қалталар орналасады. Осы кілегейлі қалталар ішіндегі кілегейлі ылғал ет пен сүйектің бір-бірімен үйкеліспеуіне себеп болады. Бұл қалталар жас нәрестеде туғаннан кейін пайда болып, есейген сайын ұлғайып, қуысы кеңейіп кілегейлі қынаптарға айналады. Оларға ет сіңірлерін біріктіріп, сыртынан қаптап жатқан қапшықтар да жатады. Бұлардың ішінде де қалталар ішіндегі кілегейлі (синовия) ылғал болады. Ол ет сіңірлерінің сыртын ылғалдап, үйкелісін азайтады. Бұлар әсіресе, қол-аяқ еттерінің басталар жерінде көбірек кездеседі.

Сесам сүйектері көбінесе ет пен буын сіңірлерінің арасында кездеседі. Олар жалпы тіректік маңызымен қатар бекемдік те береді.

Шығыршық деп шеміршекпен қапталған ойық келген сүйек бетін айтады. Ол көбінесе сіңір өтетін сүйек басына жақын орналасады.

Бұлшық еттердің жұмысы. Бұлшық еттердің жұмысы жиырылу қасиетіне байланысты болып келеді. Олар жиырылған кезде ет талшықтары қысқарумен қатар жуандайды. Жалпы дене белгілі бір қимыл жасаған кезде оған бірнеше бұлшық еттер қатысады. Олардың жұмыс әрекеттері әртүрлі келеді. Егер атқаратын қызметіне қарай (бір уақытта бірыңғай жұмыс атқаратын еттер) синергистер, (бір-біріне қарама қарсы жұмыс атқаратын еттер) антогонистер, (бір қалыпта қимылсыз қатайтып ұстайтын еттер) фиксаторлар деп үш топқа бөлінеді. Мысалы, синергистер тобына білектің алдыңғы бетіндегі қол басы мен саусақтарды жазатын еттер жатады. Егер синергистер мен антогонистер бір уақытта жиырылып жұмыс істесе, дененің сол бөлігін бір күйде қимылсыз қатайтып тұрады. Бұл жағдайда ол еттер қатайтушы фиксатор тобы болып саналады.

Әрбір бұлшық ет буын арқылы белгілі бір қимыл атқарады. Қимылдың түрі еттің буыннан қалай өтуіне байланысты болып келеді. Егер ет буынның көлденең білігінің алдыңғы не артқы жағынан өтсе, онда бүгу не жазу қимылдары жүреді. Ал егер ет сагитальды біліктің сырт жағынан өтсе, сыртқа тарту, ал іш жағынан өтсе ішке тарту қимылдарын қамтамасыз етеді. Бұлшық ет тік біліктің алдыңғы жағынан қиғаш өтсе ішке айналдыру, ал сырт жағынан қиғаш өтсе сыртқа айналдыру қимылдары орындалады.

Бұлшық еттерді бір буынды не көп буынды еттер деп бөледі. Егер ет бір буыннан аттаса бір буынды, ал екі не одан да көп буындардан аттаса екі буынды не көп буынды деп атайды. Мұндай бұлшық еттер мүшенің көрші бөлігін ғана емес, оған жалғаса жатқан буынды бөліктерін де қабат қимылдарға келтіреді. Бұлшық еттердің жұмысына әр түрлі жағдайлар әсер етеді. Әсіресе оның жиырылу күші қозу дәрежесіне тікелей қатысты, тәуелді болады.

Орыстың атақты анатомы П.Ф.Лесгафт (1880) көлденең жолақты бұлшық еттердің қызметін зерттеп, олардың статикалық (тік ұстау) және динамикалық (қимылдау) жұмыстарына бөлінетінін анықтаған.

Статикалық бұлшық еттер өте күшті болғандықтан талшықтары ірілеу, өздері қысқа, қиғаш орналасқан, қан тамырларына бай, түсі күрең-қызыл болып келеді және жиырылу жылдамдығы баяу, тез шаршамайды. Бұл еттер дененің алға тарту салмақ күшіне кері әсер етуінің нәтижесінде дененің тік тұруына әсер етеді.

Динамикалық бұлшық еттер ұзын талшықты, беку беттері кең емес, қан тамырлары аз болады. Сондықтан түстері ашық-қызыл. Бұл еттер статикалық еттерге қарағанда тез жиырылып, тез шаршайды. Бірақ кем болғанымен алуан түрлі күрделі қимылдар жасайды.

Адам денесіндегі бұлшық еттерді орналасу жағдайына қарай тұлға, мойын, қол, аяқ еттері деп жіктейді. Тұлға еттерін терең және беткей еттер деп екі топқа бөледі. Тұлғаның терең меншікті еттері дене сүйектеріне жапсарлана жатып, қозғалысқа келтіреді. Беткей еттері тері астында орналасып, дененің арқа және көкірек бөліктерін ала жатады. Олардың көбі тоқпан жілікке тіркесіп, жалпы қолды қимылға келтіріп отырады.

Бастың еттерін шайнау және ымдау еттері деп екіге бөліп қарастырады.

Қол-аяқ еттерін де жатқан жағдайларына қарай иық, жамбас және еркін қимылды қол-аяқ еттері деп бөледі.

 

ТҰЛҒАНЫҢ БҰЛШЫҚ ЕТТЕРІ

Жұмыс

Тақырыбы:Көкірек клеткасы мен құрсақ бұлшық еттері

Жұмыстың міндеті: Әрбір еттің құрылысын, қай сүйектен басталып қай сүйекке тіркелу жағдайын білгеннен кейін қандай жұмыс атқаратынын анықтау.

Жұмыстың мақсаты:Көкірек еттері мен құрсақ еттерінің құрылыстарымен танысу.

Жұмысқа қажетті жабдықтар: «Адам қаңқасы», «Көкірек еттері мен құрсақ еттерін көрсететін муляждар мен торстар», «Тыныс алу еттерінің муляждері», Атластар мен кестелер: «Көкірек клеткасының бұлшық еттері», «Құрсақ еттері».

Көкірек клеткасының бұлшық еттері. Көкірек клеткасының бұлшық еттері дененің алдыңғы бөлігінде қабырғаларды жаба жатады. Олардың жоғарғы шекарасы мойынмен шектелсе, төменгі жағы соңғы қабырғалар жиегі мен төстің семсер өсіндісі болып саналады. Тұлға еттері арқа, көкірек және құрсақ бұлшық еттері деп бөлінеді.

Көкірек бұлшық еттері арқа еттері тәрізді теріасты және меншікті еттер болып екіге бөлінеді. Беткей еттері жиырылған кезде қол сүйектерін қимылға келтіріп отырады. Бұл еттерге көкіректің үлкен және кіші еттері, бұғанаасты және алдыңғы тісті еттер жатады.

1. Көкіректің үлкен еті (большая грудная мышца) – бұғанадан, төстен төменгі (Ү-ҮІІ) қабырғалар шеміршектерінен басталып, ет талшықтары сүйірлене сіңірге айналады да, тоқпан жіліктің үлкен төмпешіктеріне бекиді. Бұл ет жиырылған кезде иық белдеуін, қолды алға қарай тартып, ішке айналдырады (пронацио).

2. Көкіректің кіші еті (малая грудная мышца) – көкіректің үлкен етінің атында орналасқан. Ол жоғарғы (ІІ-Ү) қабырғалардың алдыңғы бетінен басталып, жауырынның құс тұмсық өсіндісіне бекиді. Жиырылған кезде жауырынды төмен және алға қарай тартады. Егер басқа еттер жиырылуы нәтижесінде жауырын қимылсыз тұрса, онда қабырғаларды көтеріп тыныс алуға көмектеседі.

3. Алдыңғы иректі ет (передняя зубчатая мышца) – көкірек клеткасының бүйір бөлігінде жатады. Бұл етті жоғарғы жағынан үлкен көкірек еті жауып тұрады. Ол ҮІІІ-ІХ тіс тәрізді бөліктер мен қабырғалардың сырт бетінен басталып, жауырынның астына өтіп, оның ішкі қыры мен төменгі бұрышына бекиді. Бұл ет жиырылған кезде жауырынды төмен және сыртқа қарай тартады. Көкірек клеткасының терең жатқан меншікті еттеріне сүйекке таяу жатқан еттер жатады. Олар қабырғаларды қимылға келтіріп көкірек клеткасын кеңейтіп тыныс алу процесін жүргізеді. Бұл еттер тобына сыртқы қабырғааралық, ішкі қабырғааралық және көкіректің көлденең еттері, диафрагма жатады.

4. Сыртқы қабырғааралық еттер (наружные межреберные мышцы) – ет талшықтары қысқа келеді. Олар жоғарыдан төмен қарай қисық орналасып, омыртқа жотасынан қабырға шеміршектеріне дейін созыла жатады. Бұл еттер жиырылған кезде қабырғаларды көтеріп көкірек клеткасының кеңеюіне, дем алуға жәрдем етеді. Сондықтан ет тыныс алу процесінде негізгі қызмет атқарады.

5. Ішкі қабырғааралық еттер (внтуренние межреберные мышцы) – сыртқы қабырғааралық еттердің іш жағында орналасқан. Ет талшықтары қарама-қарсы төменнен жоғары қарай қиғаш жатады. Олар жиырылған қабырғаларды төмен түсіріп, көкірек клеткасының көлемін кішірейтіп тыныс шығаруға көмектеседі.

6. Көкіректің көлденең еті (поперечная мышца груди) – төстің ішкі бетіне жабыса жатады. Пішіні желпуіш тәрізді жұқа келген ет. Төстің семсер өсіндісімен қабырғалардың ішкі бетіне барып тіркеледі. Жиырылған кезде тыныс шығаруға қатысады. Осы айтылған еттер тыныс алу процесіне қатысумен бірге қабаттаса орналасу нәтижесінде көкірек сүйектерінің берік болуына да жағадй жасайды.

7. Диафрагма көкірек қуысын құрсақ қуысынан бөліп тұрған көк ет. Бұл ет ұрықтың даму дәуірінде мойын миотомынан көкірек органдарымен бірге мойын бөлігінде пайда болады. Сол органдардың өсіп, дамып, көлемдерінің ұлғаюы нәтижесінде дифрагма төмен қарай ығысып, үш айлығында өзінің кемелді орнына келеді. Сондықтан да ол мойын өрімінен алатын нервтерін де төмен тарта кетеді. Диафрагма - перделеніп жатқан жұқа, жалпақ ет. Ол көкірек қуысының төменгі, құрсақ қуысының жоғарғы қабырғасын түзеді. Шеті ет талшықтарынан тұрады. Шандырлы келген орта жері жоғары қарай күмбездене жатады. Күмбездің жоғарғы жағында жүрек орналасқан. Ет талшықтарының шеті көкірек клеткасының төменгі жиегіне бекиді. Диафрагманың арт жақ бөлігі арқылы өңеш, қолқа, төменгі қуыс венасы, лимфа жолдары мен нерв талшықтары өтеді. Диафрагманың ет талшықтары жиырылған кезде күмбезі төмен түсіп, көкірек қуысының көлемін ұзынынан ұлғайтып, тыныс алуға көмектеседі. Ал ет талшықтары босаған кезде күмбезі керісінше көтеріліп, көкірек қуысын кішірейтіп, тынысты шығаруға жәрдемдеседі. Негізінен атқартын қызметі тыныс алу процесі болып табылады. Көкірек клеткасының шандырлы фасцияларына меншікті және ішкі көкірек шандырлары жатады. Меншікті көкірек шандырларына қол қимылдарына қатысы бар етттерді жауып жататын құрсақ шандырлары жалғасады. Ішкі көкірек шандырлары көкірек қуысының ішкі қабырғасын астарлап жатады.

Құрсақтың бұлшық еттері.Адамның құрсақ бөлігі төменгі қабырғалар жиегінен басталып, жамбас сүйегінің мықын қырына дейін созылады. Құрсақ еттері жатқан жағдаларына қарай алдыңғы, екі бүйір және артқы құрсақ еттері болып бөлінеді. Алдыңғы құрсақ еттеріне – тік және пирамидалық еттер; бүйір еттеріне – сыртқы, ішкі қиғаш еттері мен көлденең құрсақ еті; ал артқы (бел бөлігіндегі) еттерге белдің шаршы еті жатады.

1. Құрсақтың тік еті (прямая мышца живота )- төменгі (Ү, ҮІ, ҮІІ) қабырға шеміршектері мен төстің семсер өсіндісінен басталып төмен қарай тік түсіп, шат сүйектерінің қосылысар жеріне бекиді. Бұл ет көлденең сіңірлермен 3-4 ет бөліктеріне бөлінеді де, құрсақтың қиғаш еттерінің апоневроздарынан пайда болған шандырлы қынап ішінде жатады. Бұл ет жиырылған кезде денені алға иеді, құрсақ қуысының қысымын күшейтіп, ішкі сарайлы органдардың өз орындарына қалыптасуымен бірге т.б. физиологиялық маңызды жұмыстар атқарады.

2. Пирамидалық ет (пирамидальная мышца)- қалдық еттерге жатады. Шат сүйегінен басталып орталық ақ сызыққа бекиді. Бұл төменгі сүтқоректілердің қалталы бұлшық еттерінің қалдығы болып саналады. Қызметі жағынан бұл тік етке ұқсас және құрсақтың ақ сызығын кереді.

3. Құрсақтың сыртқы қиғаш еті (наружная косая мышца живота) - төменгі қабырғалардың сырт жағынан басталып, ет талшықтары жоғарыдан төмен қарай бағыт алып, мықын сүйегінің қырына бекиді. Бұл ет алдыңғы жағынан тік еттің қынабын құрайтын жалпақ шандырға (апоневрозға) ауысады. Ол құрсақтың ортасында екінші жағындағы ет шандырымен байланысып, ақ сызықты түзуге қатысады. Шандырдың төменгі жағы қалыңдап, қабатталып, мықын сүйегінің алдыңғы – жоғарғы өсіндісінен шат дөңесіне дейін созылып жатқан шат сіңірін түзеді. Бұл ет екі жақты жиырылған кезде, көкірек клеткасын төмен тартып денені июге, ал бір жағынан жиырылғанда тұлғаны қарма-қарсы жағына бұруға көмектеседі және жалпы құрсақтың етіне тән құрсақ қысымын ұлғайтуға қатысады.

4. Құрсақтың ішкі қиғаш еті (поперечная мышца живота) – төменгі қабырғалардан, бел-арқа шандырынан, мықын сүйегінің жиегінен және шат сіңірінен басталып, алдыңғы жағында тік ет қынабы мен ақ сызық құрайтын шандырлы апоневрозға ауысады. Бұл ет құрсақтың бүйір қабырғасының үшінші қабатын жасап жатады. Қызметі: құрсақ қысымын ұлғайту, ішкі органдарды өз орындарында қалыптастырып, ішектерді босату және дем шығаруға қатысу.

5. Белдің шаршы еті (квадратная мышца поясницы)- мықын сүйегінің жиегінен басталып бел омыртқаның көлденең өсінділері мен төменгі қабырғаға бекиді. Бұл ет құрсақтың артқы қабырғасын түзеді. Мұның екі жағы бірдей жиырылса, төменгі қабырғаны төмен тартады, бір жағынан жиырылса омыртқа жотасының бел бөлімін өз жағына қарай иеді.

Құрсақ еттері әр түрлі жұмыс атқарады. Олар құрсақ қуысының қабырғасын құраумен бірге ішкі мүшелерді өз орындарында ұстап тұрады және іш қысымын ұлғайтып, зәр шығару, құсу, жөтелу, шашалу, дем алу, босану және омыртқа жотасын алға ию процестеріне де қатысады.

Кіші жамбас астауының түбіндегі аралық бұлшық еттері адамдарда өзгерген, ал жануарларда құйрық т.б. бұлшық еттері болып табылады. Ол анал тесік пен зәр шығару каналының қысқыштарын түзуге де қатысады.

Құрсақта негізінде төрт шандырлы жапқыш болады. Олар – беткей, екі меншікті және ішкі шандырлар. Беткей шандырлар құрсақтың төменгі жағында тері астында жатады. Меншікті шандырлар үш жапырақшадан түзілген. Беткей жапырақшасы құрсақтың қиғаш еттерінің аралығында орналасқан, ал терең жапырақшасы – құрсақтың ішкі қиғаш және көлденең еттерінің аралығында орналасқан. Соңғысы басқаларға қарағанда қалың келеді. Бұл шандыр құрсақтың тік етінің қынабының ішкі қабырғасын және шат каналын құрауға да қатысады.

Шат каналы (паховый канал) - құрсақтың төменгі шат бөлігінде орналасқан ұзындығы 4-5 см саңылау кеңістік. Шат сіңірінің қабатында жатады. Шат каналының төрт (төменгі, жоғарғы, ішкі, сыртқы) қабырғасы, екі (ішкі, сыртқы) тесігі болады. Оның төменгі жағы шат сіңірінен, жоғарғы жағы құрсақтың ішкі қиғаш етінен, алдыңғы жағы іштің көлденең шандырларынан тұрады. Сыртқы тесігі шат сүйегінің жоғарғы жағында орналасқан. Ол құрсақтың сыртқы қиғаш етінің шандырының ажырауынан пайда болады. Ішкі тесігі құрсақ қуысында шат сіңірінің үстінде орналасқан.

Ер адамдарда шат каналы – шәует бауы, ал әйелдерде жатырдың жұмыр сіңір байламы өтеді. Кейде осы аймақтың осалдығына байланысты шат жарығы пайда болуы да мүмкін.

Құрсақтың ет талшықтарының өзара айқасуының нәтижесінде құрсақ қабырғасының беріктігі артады. Оның кейбір жерлері, яғни шат каналының, кіндік аймағының және іштің ақ сызығының тұстары осал келеді. Себебі ет талшықтарының ыдырауы нәтижесінде жарық пайда болуы мүмкін. Сол жарықтан ішкі сарай органдары (қарын, ішек, аталық без-ұма) тері астында шығып түйнек жасайды. Бұл жағдай құрсақ еттерінің нашар дамуынан, шамадан тыс жүктерді көтеруден пайда болады. Олар «кіндік жарығы», «шат жарығы», «ұма жарығы» деп аталады.

Бақылау сұрақтары:

1. Бұлшық ет түрлеріне жеке сипаттама беріңіз?

2. Бұлшық еттердің атқаратын жұмысы қандай?

 

 

Жұмыс

Тақырыбы:Арқаның бұлшық еттері.

Жұмыстың міндеті: Арқа еттерінің құрылысы мен атқаратын жұмысын зерттеу.

Жұмыстың мақсаты: арқаның бұлшық еттерінің атқаратын қызметтерін анықтау.

Жұмысқа қажетті жабдықтар: «Адам қаңқасы», «арқа еттері көрсетілген торстар мен муляждер», атластар мен кестелер «Арқа еттері».

 

Арқаның бұлшық еттері. Арқаның бұлшық еттерінің көбі омыртқа жотасынан басталып, дененің арт жағында орналасқан. Арқаның бұлшық еттеріне жалғаса мойынның бұлшық еттері орналасқан.

Арқа еттерін: арқаның беткей (тері астында) жатқан еттері және терең еттері деп екі топқа бөледі.

Арқаның беткей жатқан еттеріне трапеция тәрізді ет, арқаның жалпақ еті, жауырын көтеретін ет, ромб тәрізді ет, артқы жоғарғы және артқы төменгі тісті бұлшық еттері жатады.

1. Трапеция тәрізді ет (трапецевидная мышца) – тері астында мойынның және арқаның жоғарғы бөлігін алып жатады. Ол бастың шүйде бөлігінен, мойын және арқа омыртқаларының арқа өсінділерінен басталып, бұғананың сырт жақ бөлігіне, жауырынның иық (акрамион) өсіндісі мен жалына бекиді. Бұл ет тұтасынан жиырылған кезде жауырынды омыртқа жотасына қарай жақындатады. Егер жоғарғы бөлігі жиырылса жауырынды көтереді, ал төменгі бөлігі жиырылса оны төмен түсіреді.

2. Арқаның жалпақ еті (широчайшая мышца спины) – көкірек клеткасы мен арқаның төменгі бөлігін жауып жатады. Бел-арқа шандырынан, көкірек омыртқалары мен бел омыртқаларының арқа өсінділерінен және жамбастың мықын қырынан басталып, қолтық астынан өтіп, тоқпан жіліктің алдыңғы жағындағы кіші бұдырына бекиді. Бұл ет жиырылған кезде иық белдеуін төмен тартып (тоқпан жілікті) ішке қарай бұрайды (пронация).

3. Жауырынды көтеретін ет (подниматель лопатки) – жоғарғы мойын омыртқаларының бүйір өсінділерінен басталып, жауырынның ішкі жоғарғы буынына бекиді. Бұл ет жиырылғанда жауырынды көтереді.

4. Ромб тәрізді ет (ромбовидная мышца) - төменгі мойын жоғарғы көкірек омыртқаларының арқа өсінділерінен басталып жауырынның ішкі қырына бекиді. Бұл бұлшық ет жиырылғанда жауырынды сәл көтеріп омыртқа жотасына қарай тартады.

5. Арқаның жоғарғы иректі еті (верхняя зубчатая мышца спины) – арқаның жоғарғы жағында, ромб тәріздес еттің астында жатады. Бұл ет төменгі (ҮІ-ҮІІ) мойын, жоғарғы (І-ІІ) көкірек омыртқаларының арқа өсінділерінен тіс тәрізденіп басталып, жоғарғы (ІІ-Ү) қабырғаларға бекиді. Жиырылған кезде бекіген қабырғаларды жоғары қарай тартып, көкірек клеткасы көтеріліп, оның кеңеюіне, тыныс алуға қатысады.

6. Арқаның иөменгі иректі еті (нижняя зубчатая мышца спины) – көкірек клеткасының төменгі бөлігінде, арқаның жалпақ етінің астыңғы жағында жатады. Төменгі (ХІ-ХІІ) көкірек, жоғарғы (І-ІІ) бел омыртқаларының арқа өсінділерінен басталып, төменгі қабырғаларға бекиді. Бұл ет жиырылған кезде осы қабырғаларды төмен тартып, көкірек клеткасының көлемін кішірейтіп тынысты шығаруға қатысады.

Арқаның терең сүйекке таяу жатқан еттеріне бас-мойын белдеу еті, омыртқа жотасын жазатын немесе сегізкөз-арқа өсінділер еті, көлденең арқа өсінділері еттері жатады.

1.Бас-мойын белдеу еті (ременная мышца головы и шеи) – адамның арқа және мойын бөлігінде трапеция-ромба тәрізді және артқы жоғарғы тісті еттерінің астында орналасқан. Бұл ет мойын омыртқаларының тұсындағы желке сіңірінің және жоғарғы (І-ІҮ) көкірек омыртқаларының арқа өсінділерінен басталып, самай сүйегінің емізікше өсіндісі мен жоғарғы (І-ІІІ) мойын омыртқаларының бүйір өсінділеріне бекиді. Екі жағы бірдей жиырылған кезде мойынмен басты артқа қарай тартады, ал жиырылған кезде бас пен мойынды өз жағына қарай бұрады.

2. Жотаны жазатын ет (выпрямитель позвоночника) – омыртқа жотасының екі жағында сегізкөзден шүйдеге дейін созылып жатады. Ол сегізкөз-мықын сүйектерінің сыртқы бетінен басталып, ет талшықтары жоғары қарай жүріп қабырғаларға, көкірек омыртқаларының артқы және көлденең өсінділеріне, ал ең ұзын талшықтары шүйдеге самай сүйегінің өсіндісінен дейін жетеді. Бұл өте күшті ет болып саналады. Оның жиырылуы нәтижесінде омыртқа жотасы жазылып дененің тік ұстау жағдайы қамтамасыз етіледі. Бұл ет төменгі қабырға тұсында мықын-қабырға, ұзынша, арқа өсіндісі салаларына бөлінеді. Мықын-қабырға бөлігі сырт жағында орналасқан, ол мықын сүйегінен басталып қабырғаларға бекиді. Екінші – ұзынша бөлігінің ет талшықтары омыртқаларының көлденең өсінділеріне біртіндеп беки отырып шүйде сүйегіне дейін жетеді. Ал үшінші – арқа өсіндісі бөлігі омыртқа жотасына таяу жатады. Ет талшықтары омыртқалардың арқа өсінділеріне тіркеле жоғары көтеріліп, ІІ мойын (эпистрофей) омыртқасына дейін жетеді.

3. Көлденең арқа өсінді ет (поперечно-остистая мышца) – талшықтары өте қысқа келеді. Олар әрбір төменгі омыртқаның көлденең өсіндісінен басталып, жоғарғы омыртқаның арқа өсіндісіне тіркеліп отырдаы. Жалпы ұзындығы сегізкөзден шүйде сүйекке дейін созылып жатады. Бұл еттер омыртқа жотасын жазуға, оны оңға және солға июге қатысады. Көлденең-арқа өсінді еттердің астында қысқа салалы майда еттер жатады.

4. Арқаның өсіндіаралық еттеріне (межостистые мышцы) – омыртқалардың арқа өсінділерінің аралығында жатқан қысқа салалы ет талшықтары жатады. Бұл еттер омыртқа жотасын тік ұстауға және жазуға қатысады.

5. Көлденең өсіндіаралық еттер (межпоперечные мышцы) – омыртқалардың көлденең өсінділерінің аралығында орналасқан. Ет талшықтары өте қысқа, бұлар жалпы омыртқа жотасын тік ұстауға қатысады. Егер бір жағынан ғана жиырылса, денені сол жағына қарай иеді.

6. Қабырға көтеруші еттер (подниматели ребер) – омыртқа жотасының көкірек бөлімінде ғана жатады. Бұл еттердің ет талшықтары омыртқалардың көлденең өсінділерінен басталып, қиғаштана төмен түсіп қабырғаларға бекиді. Жиырылған кезде қабырғаларды көтеріп, көкірек керегесін кеңейтіп, тыныс алуға көмектеседі.

7. Желке еттері (затылочные мышцы) – нәзік, қысқа талшықты еттер, өте терең, сүйекке таяу жатады. Бұлар бастың үлкен, кіші жіне жоғарғы, төменгі қиғаш еттеріне таралады. Бұл еттер шүйде немесе эпистрофей (ІІ мойын) омыртқасына дейін жиырылған кезде басты артқа қарай тартады. Ал егер бір жағына ғана жиырылса, онда өз жағына қарай иіп, артқа тартады.

Арқа шандырлы жапқыштардың ең жақсы дамығаны – бел-арқа шандыры. Бұл адамның бел тұсында трапеция тәрізді пішінде келеді. Бұл шандырдың өзі беткей және терең жапырақшалардан түзілген. Терең жапырақшасы өте жұқа келеді. Ол бел омыртқаларының бүйір өсінділерінен, соңғы қабырғадан мықынның жоғарғы жиегіне дейін созылып жатады. Беткей жапырақшасы арқа еттерінен құймышаққа дейін орналасқан. Бұл жапырақшадан арқаның жалпақ еті, артқы төменгі тісті ет, құрсақтың көлденең және ішкі қиғаш еттері басталады. Омыртқа жотасына ұзына бой арқа сайы жатады. Осы сайда жатқан омыртқалардың арқа өсінділерін ҮІІ мойын омыртқадан бастап, қолмен байқауға болады.

Бақылау сұрақтары:

1. Арқа бұлшық еттерінің құрлысы мен қызметі қандай?

2. Арқа бұлшық еттері неше топқа бөлінеді сипаттап беріңіз?



Просмотров 18619

Эта страница нарушает авторские права




allrefrs.su - 2025 год. Все права принадлежат их авторам!