![]()
Главная Обратная связь Дисциплины:
Архитектура (936) ![]()
|
МОЙЫН МЕН БАСТЫҢ БҰЛШЫҚ ЕТТЕРІ
Жұмыс Тақырыбы:Мойын мен бастың бұлшық еттері. Жұмыстың міндеті: мойынның бұлшық еттерінің құрылысы мен жұмысын зерттеу, бастың, ымдау еттерінің құрылысын тексеру. Жұмыстың мақсаты:мойын бұлшыұ еттерінің қызметі мен құрлысымен танысып практикадағы қолданысын үйрену. Жұмысқа қажетті жабдықтар: бас қаңқасы, бас еттің муляжі, мойын еттерінің муляжі. Атластар мен кестелер: мойын еттері, бас еттері. Мойынның бұлшық еттері. Адамның мойын бөлігі жоғарғы жағынан жақпен, төменгі жағынан бұғана және төс тұтқасымен шектеледі. Мойынның еттері шайнау, ымдау, тыныс алу, жұтыну, сөйлеу, т.б. қозғалыстарын жүргізеді. Жалпы мойын бұлшық еттерін екі бүйір, алдыңғы және артқы топтарға бөледі. Соңғы тобы арқа еттерінің жалғасы болып табылады және олар арқа еттерімен бірге өтеді. Мойынның бүйір еттері жатқан жағдайына қарай беткей және терең еттер деп екіге бөледі. Мойынның беткей еттеріне төс-бұғана-емізікше еті мен теріасты мойынның беткей жатқан еттері жатады. 1. Теріасты ет (подкожная мышца) – қалдық ет болып саналады. Бұл ет сүтқоректілерде жақсы жетілген. Олардың терісінің астында бүкіл денесін жауып жатады, ал адамда теріасты мойынның екі бүйір бөлігін ғана жауып жатқан жұқа ет. Ол көкірек клеткасынан жоғары қарай көтеріліп, жақтың төменгі жиегіне бекиді. Бұл ет жиырылған кезде езуді төмен тартады. 2. Төс-бұғана емізікше еті (грудино-ключично-сосцевидная мышца) – мойынның алдыңғы бүйір бөлігінде орналасқан екібасты ет. Оның бір басы бұғанадан, екінші басы төстен басталып самай сүйегінің емізікше өсіндісіне бекиді. Бұл еттің екі жағы бірдей жиырылған кезде басты мойынмен бірге алға қарай иеді. Бір жағына жиырылса, басты қарама-қарсы жағына бұрып, мойынды өз жағына иеді. Мойын еттерінің алдыңғы тобы - тіласты сүйегінің үстіңгі және астыңғы еттері деп - екіге бөлінеді. Тіласты сүйегінің үстіңгі тобы ауыз қуысының төменгі тобын түзеді. Оларға жақ-тіласты, иек-тіласты, қос қарыншалы, біз-тіласты еттері жатады. 1. Жақ-тіласты еті (челюстно-подьязычная мышца) - шаршы келген жалпақ ет, ауыз қуысының түбін түзеді. Жақ сүйегінен басталып тіласты сүйегін жоғары қарай қозғайды, не керісінше жақты төмен түсіреді. 2. Иек-тіласты еті (подбородочно-подязычная мышца)- иектен басталып тіласты сүйегіне бекиді. 3. Қосқарыншалы ет (двубоюшная мышца)- атына сәйкес қос қарыншалы келеді. Көлденең бағытта жатады. Артқы қарыншасы арқылы самай сүйегінің емізікше өсіндісінен басталып, алдыңғы қарыншасы мен тіласты сүйегіне бекиді. 4. Біз-тіласты еті (шило-подьязычная мышца) - самай сүйегінің біз өсіндісінен басталып, тіласты сүйегіне тіркеледі. Тіласты сүйегінің үстіңгі жағында жатқан еттер жақты төмен түсіру жұмыстарын атқарады немесе жақ қимылсыз тұрған жағдайда, керісінше тіласты сүйегін көмекеймен бірге көтереді. Бұл жағдайда сөйлеу мен шайнау процестеріне қатысады. Тіласты сүйегінің астыңғы жағындағы бұлшық еттерге төс-тіл, төс-қалқан, қалқан-тіласты, жауырын-тіласты еттері жатады. 1. Төс-тіласты еті (грудино-подьязычная мышца) – төс тұтқасы мен бұғананың іш жақ бөлігінен басталып, көмекейдің алдынан өтіп, тіласты сүйегінің денесіне жалғасады. 2. Төс-қалқан еті (грудино-щитовидная мышца) – төс тұтқасынан басталып, қалқанша шеміршекке бекиді. 3. Қалқан-тіласты еті (щито-подьязычная мышца) – қалқанша шеміршегінен басталып тіласты сүйектің мүйізіне бекиді. 4. Жауырын-тіласты еті (лопаточная-подьязычная мышца)- жауырынның жоғарғы жиегінен басталып, тіласты сүйегіне жалғасады. екі қарны бар, төменгі қарны трапеция тәрізді бұлшық еттің астында жатады. Мойынның тіласты сүйегінің астында орналасқан еттердің қатысуымен көмекейдегі дыбыс шығару (сөйлеу), жұтыну қызметтері атқарылады. Мойынның терең еттерінің бүйір тобына алдыңғы, ортаңғы және артқы сатылы еттері, ал ортаңғы тобына бастың, мойынның тік еттері мен бастың және мойынның ұзын еттері жатады. Мойынның алдыңғы, ортаңғы және артқы сатылы бұлшық еттері мойын омыртқаларының көлденең өсінділерінен басталып, І-ІІ қабырғаларға бекиді. Бұлар бір жағынан жиырылса сол жағына қарай мойынды иеді. Соынмен бірге қатты тыныс алғанда, жүргенде, жүк көтергенде қабырғаны көтеріп демді ішке алуға қатысады. Мойынның алдыңғы терең тобына бастың және мойынның тік еттері мен ұзын бұлшық еттері жатады. Бұлар шүйде сүйегінен басталып көкірек омыртқаларының көлденең өсінділеріне тіркеледі. Қалған қысқа тік еттері ауыз омыртқа мен шүйде аралығында орналасқан. Бұл бұлшық еттер жиырылғанда мойын омыртқаларын, басты алға иеді. Сондықтан желке еттерінің антогонистері болып табылады. Бастың бұлшық еттері. Бастың бұлшық еттерін шайнау және ымдау бұлшық еттері деп екі топқа бөледі. Шайнау бұлшық еттерінің ерекшеліктері – олар бас сүйегінің әр жерінен басталып, міндетті түрде бастың қозғалмалы сүйегіне – төменгі жаққа келіп тіркеледі. Бұл еттер жиырылған кезде осы сүйекті жақ буынын қимылға келтіріп шайнау әрекетін жүргізеді. Шайнау еттеріне меншікті шайнау еті, самай еті, ішкі және сыртқы қанатты еттері жатады. 1. Шайнау еті (жевательная мышца) – шықшыт сүйегінің доғасынан басталып, төменгі жақтың бұрышына тіркеледі. Оның арт жағында шықшыт безі, ал алдыңғы және төменгі жағынан мойынның теріасты еті жауып жатады. Бұл ет жиырылған кезде төменгі жақты көтеріп тістендіреді және сәл алға тартады. 2. Самай еті (височная мышца)- самай сүйегінің сырт жағынан басталады. Пішіні жұқа келген желпуішке ұқсайды. Ет талшықтары төмен қарай жинала келіп бет доғасының астынан өтіп, төменгі жақтың тәждік өсіндісіне бекиді. Бұл ет жиырылған кезде жақты көтеріп сәл артқа тартады. 3. Ішкі қанатты еті (внутренняя крыловидная мышца) – сына сүйектің ішкі қанатынан басталып, жақтың ішкі жақ бұрышына бекиді. Екі жағы бірдей жиырылған кезде жақты алға, бір жағы жиырылса қарама-қарсы жағына қимылдатады. 4. Сыртқы қанатты еті (наружная крыловидная мышца)- ет талшықтары сына сүйектің сыртқы қанатынан басталып артқа қарай төменгі жақтың өсіндісінің мойынына бекиді. Бұл ет екі жақтан бірдей жиырылса жақты алға жылжытады, ал бір жағына қарай жиырылса қарама-қарсы жағына қисайтады. Ымдау еттері (мимические мышцы) – тері астында орналасқан. Олардың басқа бұлшық еттерден айырмашылығы онда ет жапқыш шандырлар болмайды және бас сүйегінің әр жерінен басталғанымен ет талшықтары міндетті түрде бет терісіне бекиді. Осының нәтижесінде жиырылған кезде теріге қыртыстар, әжімдер түсіріп, көз, ауыз пішіндерін өзгертіп, адамның көңі-күйін білдіреді. Сол себептен бұларды ымдау еттері деп атайды. Ымдау еттерінің құрылысын, әсіресе театр өнерінің мамандары жақсы білуі қажет. Осыған байланысты ымдау еттері өздерінің орналасуына, атқаратын қызметіне қарай ми сауытының, көз бен ауыз айналасының және мұрын аймағының еттері болып бөлінеді. Бұл еттер ауызды, көзді ашып-жабу, қорғау, ымдау және көңіл-күйге байланысты жағдайларын белгілеуге қатысады. Ымдау бұлшық еттеріне: ми сауытының еті, маңдай және шүйде еттері, кербез еті, көздің дөңгелек еті, қас жиыру еті, ауыздың дөңгелек еті, езу көтеретін ет, езуді тартатын ет, ұрт еті, жоғары ерінді көтеретін ет, күлкі еті, төменгі ерінді түсіретін ет, иекасты еті, мұрын еті, құлақтың алдыңғы, артқы және жоғарғы еттері жатады. 1. Ми сауытының сіңірлі жапқышы (сухожильный шлем черепа) - бас терісінің үстіңгі жағын жауып жатады. Сіңірлі жапқыштың ет бөлімдері маңдай мен шүйде бөлімдерінде орналасқан, сол себепті оларды маңдай және шүйде еттері деп атайды. Маңдай етінің бір шеті сіңірлі жапқышпен басталса, екінші шеті қас доғасына жалғасады. Шүйде еті маңдай етіне қарағанда нашар дамыған, бұл еттің жиырылуынан маңдайда көлденең қатпарлар пайда болып, қасты жоғары көтереді. Маңдай және шүйде еттерінің кезек жиырылуы нәтижесінде бас терісінің қозғалысы пайда болады. 2. Кербез ет (мышцы гордецов) – немесе қасты жақындататын ет маңдай сүйегінің мұрын бөлігінен басталып, екінші шеті қас терісіне жалғасады. Жиырылғанда қас аралығында тік қыртыстар жасап, қасты бір-біріне жақындатады. 3. Көздің дөңгелек еті (круговая мышца глаза) – көз шарасының аймағында жатады. Бұл ет көз шарасының еті, қабақ еттері және жас қапшығының еті деп аталатын үш бөліктен тұрады: а) көз шарасының еті дөңгелек еттің сыртқы (шеткі) сақиналы талшықтарынан түзілген. Олар жиырылғанда көзді кішірейтіп тарылтады; б) қабақ бөлімі жоғарғы және төменгі қабақ еттері болып екіге бөлінеді. Олар қабақ терісінің астында жатып, жиырылғанда көзді жұмғызады; в) жас қапшығының еті жас қапшығын қоршап жиырылғанда жас қапшығын кеңейтіп, көз жасының жас түтігі арқылы мұрын қуысына өтуіне себеп болады. 4. Қас түю еті (мышца, сморщивающая брови) – маңдай сүйегінен басталып маңдай терісі мен қас доғасына бекиді. Жиырылғанда маңдайда қас аралығында көлденең қыртыстар жасайды. 5. Ауыздың дөңгелек еті (круговая мышца рта) – құрылысы өте күрделі. Оның ет талшықтары жоғарғы және төменгі еті және басқа ымдау еттерінің талшықтарынан түзіліп ауыз тесігін шеңберлеп қоршап жатады. Бұл ет жалпы жиырылғанда ауыз тесігін кішірейтіп тарылтады. 6. Езу көтеретін ет (мышца, поднимающая углы рта) – жоғарғы жақтың үшкір тіс ойысынан басталып, езу бұрышындағы теріге және ауыздың дөңгелек етіне жалғасып жиырылғанда езуді көтереді. 7. Жоғарғы ерінді көтеретін ет (мышца, поднимающая врехнюю губу) – үш басты болып бет сүйегінен, жоғарғы жақтың көз жиегі мен маңдай өсіндісінен басталып, жоғарғы ерін терісіне бекиді. Бұл ет жиырылғанда осы ерінді көтеріп танауды кеңейтеді. 8. Күлкі еті (мышца смеха) – езуден басталып ұрт терісінің тұсына бекиді. Жиырылғанда кей адамда күлкі шұңқыры пайда болады. 9. Төменгі ерінді түсіретін ет (мышца, опускающая нижнюю губу) – төменгі жақтың жоғасынан басталып, төменгі ерін терісіне жалғасады. 10. Ұрт еті (шечная мышца) – ұрт қалыңын түзеді. Ет талшықтары көлденең жатып ауыздың дөңгелек етіне жалғасады. Бұл еттің негізгі қызметі - ауыз қуысының бүйір қабырғасын түзумен бірге ауыз қуысының қысымын реттеп, тағам шайнаған кезде жиырылып, тағамды тіске ыңғайлап отырады. Ұрт етінің талшықтары арасында май ткані (әсіресе жастарда) көп болады. 11. Мұрын еттері (мышцы носа) – жоғарғы үшкір және күрек тістер тұсынан басталады. Бұл еттің құрамында танауды тарылтатын және кеңейтетін ет салалары болады. Оның тарылтатын талшықтары мұрын шеміршегінің үстінен асып, қарама-қарсы жағындағы сіңірге жалғсады. Кеңейтетін талшықтары танау шеміршегіне бекиді. 12. Құлақ еттері (мышцы ушной раковины) – алдыңғы, жоғарғы және төменгі еттер болып бөлінеді. Бұл еттер самай шандырынан басталып құлақ қалқанының алдыңғы, жоғарғы және төменгі жағына келіп тіркеледі. Адамдарда бұл еттер жануарларға қарағанда әлдеқайда нашар жетілген. Бақылау сұрақтары: 1. Мойын бұлшық еттері нешеге бөлінеді? 2. Бас бұлшық еттерінің түрлерін атаңыз? ОЛДЫҢ БҰЛШЫҚ ЕТТЕРІ
Жұмыс Тақырыбы:қолдың бұлшық еттері Жұмыстың міндеті: қолдың бұлшық еттерінің құрылысын зерттеу, олардың жиырылғанда атқаратын қызметін білу Жұмыстың мақсаты:қолдың бұлшық ет түрлерін ажырата алу. Жұмысқа қажетті жабдықтар: адам қаңқасы, қол сүйектері, атластар мен кестелер: қол еттері, иық белдеуінің еттері, білек еттері, қол басының еттері.
Қолдың бұлшық еттері. Қолдың бұлшық еттерін орналасуына қарай иық белдеуінің және қолдың еркін қозғалатын сүйектерінің бұлшық еттері деп екі топқа бөледі. Иық белдеуінің бұлшық еттері қолды тұлға мен жауырын арқылы жалғастырып тұрады. Ал жауырын мен бұғана денеге арқа еттері арқылы бекіп жатады. Иық белдеуінің еттеріне жауырынды айнала жатқан дельта тәрізді, жалүсті, жаласты, кіші жұмыр, үлкен жұмыр, жауырынасты еттері жатады. 1. Дельта тәрізді бұлшық ет (дельтовидная мышца) - өз дамуының ерекшелігіне байланысты иық буынын қаптай орналасып, иыққа пішінін беріп тұрады. Ол бұғананың сырт жақ бөлігінен жауырынның иық өсіндісі мен жалынан басталып, тоқпан жіліктің сырт жағындағы дельта бұдырына бекиді. Бұл ет жиырылғанда қолды горизонтальды күйге келтіреді, ал тек алдыңғы бөлігі ғана жиырылғанда қолды иық буынынан алға, артқы бөлігі жиырылғанда артқа қарай қозғайды. 2. Жауырының жалүсті еті (надостная мышца лопатки) – жауырының жалүсті ойысында жатып тоқпан жіліктің үлкен буындарына барып бекиді. Бұл ет жиырылғанда дельта тәрізді етке ұқсап қимыл жасайды, яғни қолды сырт жағына қарай горизонтальды күйге келтіреді. 3. Жауырынның жаласты еті (подостная мышца лопатки)- жауырынның жаласты ойысынан басталып тоқпан жіліктің үлкен бұдырына екиді. Бұл ет жиырылған кезде қолды иық буынынан сыртқа қарай айналдырады. 4. Кіші жұмыр ет (малая круглая мышца) - жауырын еттерінің төменгі жағында жатады. Ол жауырынның сырт жақ қырынан басталып тоқпан жіліктің үлкен бұдырына бекиді, жиырылған кезде қолды сыртқа қарай айналдырады. 5. Үлкен жұмыр ет (большая круглая мышца) - жауырынның бұрышынан басталып, қолтық астынан алға өтіп, тоқпан жіліктің кіші бұдырына бекиді, жиырылған кезде қолды иық буынынан ішке қарай айналдырады. 6. Жауырынасты еті (подлопаточная мышца)- жауырынның астыңғы ойысында орналасып, бұл да тоқпан жіліктің кіші бұдырына бекиді. Бұл ет жиырылғанда үлкен жұмыр етпен бірге қолды иық буынынан ішке қарай айналдырады. Иық белдеуінің бұлшық еттері шандыр қапшықтармен қаптала жатады. Қолдың еркін қозғалатын сүйектерінің бұлшық еттерін жатқан жағдайына қарай тоқпан жілік, білек, қол басының еттері деп бөлеміз. Тоқпан жілік бұлшық еттері орналасуына қарай алдыңғы, артқы топқа бөлінеді. Тоқпан жіліктің алдыңғы бұлшық еттері жиырылғанда қолды иық және шынтақ буынынан бүгеді, ал артқы еттері жиырылғанда сол буындардан жазады. Қардың алдыңғы бұлшық еттеріне құстұмсық-тоқпан жілік еті, екібасты ет және тоқпан жілік еті, ал артқы тобына үшбасты ет пен шынтақ еті жатады. 1. Құстұмсық тоқпан жілік еті (ключево-плечевая мышца) – жауырынның құс тұмсық өсіндісінен басталып, тоқпан жіліктің орта жеріне тіркеледі. Бұл ет жиырылған кезде қолды иық буынынан алға көтереді. 2. Иықтың екібасты еті (двухглавая мышца) - қысқа басымен жауырынның құстұмсық өсіндісінен, ал ұзын басы жауырынның буынүсті бұдырынан басталып, буын қапшығының ішімен төмен түсіп, екі басы бір-бірімен қосылады да, шынтақ буынының алдынан өтіп шыбық сүйектің төмпешігінен бекиді. Екібасты бұлшық ет жиырылған кезде қолды иық және шынтақ буынынан бүгіп, ішке қарай айналдырады. 3. Тоқпан жілік еті (плечевая мышца) - тоқпан жіліктің алдыңғы бетінен басталып шынтақ сүйектің буындарына бекиді. Жиырылған кезде білекті шынтақ буынынан бүгеді. Тоқпан жіліктің артқы жағында жатқан еттерге үшбасты және шынтақ еті жатады 4. Иықтың үшбасты еті (терхглавая мышца плеча) - тоқпан жіліктің сыртынан үшбасты болып басталады. Ұзын басы жауырынның буынасты денесінен, ішкі және сыртқы бастары тоқпан жіліктің арт жағынан басталып, үшеуі өзара қосылып, шынтақ буынынан аттап сіңірмен шынтақ сүйектің шынтақ өсіндісіне бекиді. Бұл ет жиырылғанда қолды, иық және шынтақ буынынан жазады. 5. Шынтақ еті (локтевая мышца) - білек шандырымен қапталған үшбасты кішкене ет. Үшбасты бұлшық етпен бірге қолды шынтақ буынынан жазады. Тоқпан жіліктің ет шандырлары жіліктің ішкі және сырт жағынан сол сүйекке бекіп, перде түзеді. Бұл перделер бүгуші еттер тобын жазушы еттер тобынан бөліп тұрады. Білектің бұлшық еттері – алдыңғы және артқы топ деп екіге бөлінеді. Бұл бұлшық еттері сыртынан шандыр қапшықпен қапталып жатады. Ол шандыр алдыңғы тобын артқы тобынан ажыратып тұрады. Білек бұлшық еттерінің алдыңғы және артқы топтары беткей және терең бұлшық еттерге бөлінеді. Алдыңғы беткей бұлшық еттеріне жататындар: 1. Жұмыр пронатор (круглый пронатор) – жоғарыда айтқан аймақтан басталып, төмен қарай қиғаш түсіп, кәрі жіліктің орта бөлігіне бекиді. Жиырылғанда білекті, яғни жілікті қол басымен ішке қарай бұрады. Бұл жағдайда кәрі жілік шынтақ сүйектің үстінде қиғаш жатып, қол басын, алақанды ішке айналдырады. 2. Кәрі жіліктің білезік бүгетін еті (лучевой сгибатель запястья) - қиғаш орналасқан. Ол тоқпан жіліктің ішкі өсіндісінен басталып, ІІ алақан сүйегіне бекиді. Ол қол басын бұруға және білекті ішке бұруға қатынасады. 3. Алақанның ұзын еті (длинная ладонная мышца) – кей адамдарда жоқ болуы да мүмкін. Бұл еттің ұзын сіңірі үшбұрышты алақан шандырына жалғасып, алақан терісіне бекиді. Жиырылғанда алақан терісін тартып, қол басын бүгеді. 4. Саусақтарды бүгетін беткей ет (поверхностный сгибатель пальцев) – бұл еттің пішіні жалпақ кетеді. Оның төменгі бөлігі төрт сіңірге тармақталған. Бұл сіңірлері ІІ, ІІІ, ІҮ, Ү саусақтардың бақайшықтарына бекиді. Бұлар жиырылғанда саусақтарды қол басымен бірге бүгеді. 5. Шынтақтың білезік бүгетін еті (локтевой сгибатель запястья) – білектің ішкі жағында орналасқан. Оның сіңір бөлімі бұршақ тәрізді сүйекшені қоршап барып, алақан сүйегіне бекінеді. Жиырылғанда қол басын бүгеді. Білектің алдыңғы терең еттеріне саусақты бүгетін терең ет, басбармақ бүгетін ұзын ет және шаршы пронатор еттері жатады. 1. Саусақтарды бүгетін терең ет (глубокий сгибатель пальцев) – шынтақ сүйектің алдынан және сүйекаралық жарғақтан басталады. Бұл ет саусақтар бүгетін беткей ет тәрізді төрт жіңішке сіңірге бөлініп ІІ, ІІІ, ІҮ, Ү саусақтардың тырнақ бақайшықтарына бекиді. 2. Басбармақ бүгетін ұзын ет (длинный сгибатель большого пальца) – білектің кәрі жілік жағында терең орналасқан. Ол кәрі жіліктің алдыңғы беті мен тоқпан жіліктің ішкі жағынан басталып, ұзын сіңірі білезік шандырларының астына өтіп, басбармақтың тырнақ бақайшығына бекиді. Жиырылғанда басбармақты бүгеді. 3. Шаршы пронатор (квадратный пронатор) – білектің төменгі жағында жатып, шынтақ сүйектің алдыңғы бетінен басталады да, кәрі жіліктің алдыңғы сырт жақ бетіне бекиді, яғни жұмыр пронатордың синергисі болып есептеледі. Білектің арт жағындағы беткей бұлшық еттерітоқпан жіліктің сыртқы өсіндісі мен кәрі жілік, шынтақ сүйектердің артқы беттерінен басталады. 1. Тоқпан-кәрі жілік еті (плечо-лучевая мышца) -тоқпан жіліктің сыртқа бетінен басталып, кәрі жіліктің «біз» өсіндісінен бекиді. Жиырылғанда пронацио қалпында тұрған қолды керісінше (орталыққа) айналдырады және бұл ет қолды шынтақ буынынан бүгуге көмектеседі. 2. Білезік жазатын кәрі жіліктің ұзын және қысқа еттері (длинный и короткий лучевые разгибатели запястья)- тоқпан жіліктің сыртқы өсіндісінен басталып, оның ұзын еті ІІ алақан сүйегіне, ал қысқа еті ІІІ алақан сүйегіне бекиді. Олар жиырылғанда қол басын жазуға көмектеседі. 3. Саусақтарды жазатын жалпы ет (общий разгибатель пальцев)- білекті бойлай төмен түсіп, төрт сіңірге бөлініп, қол басының сыртынан ІІ, ІІІ, ІҮ, Ү саусақтарға бекиді. Жиырылғанда саусақтарды қол басымен бірге жазады. 4. Шынтақтың білезік жазатын еті (локтевой разгибатель пальца) - Ү алақан сүйегінің арт жағынан бекиді. Жиырылғанда қол басын жазады. Білектің артқы жағындағы терең бұлшық еттеріне: супинатор және ІІ-ІІІ саусақтың жеке бұлшық еттері жатады. 5. Супинатор еті – тоқпан жіліктің сыртқы өсіндісінен және шынтақ жіліктің қырынан басталып, кәрі жілікті қиғаш айналып өтіп, сыртқы жағынан бекиді. Жиырылғанда білекті сыртқа қарай айналдырып, алақанды алға қарай тартады, сондықтан да бұл етті супинатор деп атайды. 6. Басбармақты алшақтататын ұзын ет (длинная отводящая мышца большого пальца) - шынтақ сүйек пен кәрі жіліктің сырт жағынан және сүйекаралық жарғағынан басталып І алақан сүйегіне бекиді. 7. Басбармақты жазатын ұзын ет (длинный разгибатель большого пальца) - І саусақтың негізгі бақайшығына бекиді. 8. Басбармақты жазатын қысқа ет (короткий разгибатель большого пальца)– шынтақ сүйектің арт жағы мен сүйекаралық жарғақшасынан басталып, І саусақтың тырнақты бақайшығына бекиді. Бұл екі еттің жұмысы атына сай басбармақты жазады. 9. Сұқ саусақты жазатын ет (разгибатель указательного пальца)– шынтақ сүйектің сыртқы беті мен сүйек аралық жарғақтан басталып, сіңірі саусақтар жазатын жалпы ет сіңірлерімен қосылып, сұқ саусаққа бекиді. Сондықтан да сұқ саусақ басқаларға қарағанда жеке, еркін жазылады. Қол басының бұлшық еттері.Қол басының бұлшық еттері саусақтарды қимылға келтіретін майда бұлшық еттерден түзілген. Бұлшық еттердің көпшілігі сіңірлермен қапталған. Олардың көбі басбармақ дөңесін түзіп жатады. Олар: басбармақтың қысқа бүгуші, қысқа жазушы, қысқа тартушы және қарама-қарсы қоюшы бұлшық еттерінен тұрады. Бұл аталған еттербасбармақтың жеке аппараты болып есептеледі. Бақылау сұрақтары: 1. Қол бұлшық еттері нешеге бөлінеді? 2. Бас бұлшық еттерінің түрлерін атаңыз? АЯҚТЫҢ БҰЛШЫҚ ЕТТЕРІ
Жұмыс Тақырыбы:аяқтың бұлшық еттері Жұмыстың міндеті: аяқ еттерінің құрылысын зерттеу және атқаратын қызметтерімен танысу. Жұмыстың мақсаты:аяқ бұлшық еттерінің орналасу траекториясын ажырата білуге үйрету. Жұмысқа қажетті жабдықтар: адам қаңқасы, жеке аяқ сүйектері, атластар мен кестелер: аяқ еттері, жамбас белдеуінің еттері, сан еттері, сирақ еттері, аяқ басының еттері.
Аяқ бұлшық еттері орналасуына қарай жамбас белдеуінің еттері және аяқтың еркін қозғалатын бөлігінің еттері болып бөлінеді. Жамбас белдеуінің бұлшық еттері ішкі және сыртқа топқа бөлінеді. Сыртқы еттерге жамбас сүйектерін сыртқы жағынан қоршап орналасқан бұлшық еттер жатады. Бұл еттер жамбас буынның жан-жағынан өтіп, оны түрлі қозғалыстарға келтіреді. Жамбастың ішкі жағында жатқан бұлшық еттеріне бел-мықын еті, алмұрт тәрізді ет, ішкі қолсұғар еті, құймышақ еті жатады. Ал жамбастың сытқы жағында жатқан еттеріне үлкен, ортаңғы кіші бөксе еттері, санның жалпақ шандырын керетін еті, егіз еттер, санның шаршы және сыртқы қолсұғар еттері жатады. Жамбас еттерінің шандырлы жапқыштары ішінде бел-мықын бұлшық еттерін қаптап жатқан мықын шандыры жақсы жетілген. Жамбас шандырлары құрсақтың ішкі шандырларының жалғасы болып келеді. Жамбастың бұлшық еттері де шандырлармен қапталған. Бөксе шандырларының бірнеше жапырақшалары бөксе бұлшық еттерін жекелей орап та жатады. Аяқтың еркін қозғалатын сүйектерінің бұлшық еттері. Аяқтың еркін қозғалып тұратын бөлігінің бұлшық еттері немесе аяқтың өз еттері аяқ сүйектерінің бөлінуіне сәйкес бұлар да сан, сирақ және аяқ басының бұлшық еттері болып бөлінеді. Сан немес ортан жілік бұлшық еттері санның ортан жілігін қоршап жатады. Бұл еттер өздерінің орналасу жағдайы мен қызметіне байланысты алдыңғы, ішкі және артқы топтарға бөлінеді. Оның алдыңғы топ еттері санды бүгу қызметін атқарса, ішкі еттері ішке тарту, ал арт жақ еттері санды жамбас буынынан жазу қызметін атқарады. Санның алдыңғы бетіндегі бұлшық еттерге тігінші және төртбасты бұлшық еттер жатады. Тігінші ет (портняжная мышца) – адам денесіндегі еттердің ең ұзыны болып саналады. Ол санның алдыңғы жағынан ішке қарай ұзынынан, қиғашталып орналасқан. Бұл ет мықын сүйектің алдыңғы жағынан басталып, санды алдынан қиғаш орай өтіп кетеді де, асықты жіліктің іш жағынан бекиді. Жиырылғанда аяқты жамбас және тізе буынынан бүгуге, сонымен бірге сирақты ішке, ал санды сыртқа бұруға қатысады. Санның төртбасты еті (четырехглавая мышца бедра) - санның алдыңғы жатқан еттер тобына кіреді. Бұл ет жеке-жеке басталатын төрт саладан түзілген. Оның біріншісі санның тік еті мықын сүйегінің алдыңғы етінен басталады. Ол қауырысын пішінді келеді. Төртбасты еттің қалған үш басы санның жалпақ еттеріне жатады. Оларды санның ішкі, сыртқы және аралық жалпақ еттері деп атайды. Сыртқы жалпақ еті ортан жіліктің үлкен ұршығынан және оның ұршықаралық сызығынан басталады. Ішкі жалпақ ет тік еттің ішкі жағында орналасқан. Ол ортан жіліктің ұршықаралық сызығынан басталады. Сыртқы және ішкі жалпақ еттердің құрылысы жартылай қауырсын пішінді болады. Төртінші басында аралық жалпақ ет жатады. Ол сыртқы және ішкі жалпақ еттердің аралығында, санның тік етінің астында орналасқан. Оның басы ортан жіліктің алдыңғы бетінен басталады. Бұл айтылған еттердің төрт басы бірігіп, төменгі жағында тізе тобығын қоршай өтетін меншікті сіңір байламын түзеді де, үлкен асық жіліктің алдыңғы бұдырына бекиді. Санның төртбасты еті өте күшті бұлшық еттерге жатады, ол ет жиырылғанда аяқты тізе буынынан жазады, ал тік басы аяқты жамбас буынынан бүгеді. Санның ішкі жағында жатқан бұлшық еттерге нәзік ет, қырлық, ұзын, қысқа және үлкен ішке тартушы еттер жатады. Бұл бұлшық еттер жамбас сүйегінің әр жерінен басталып, ортан жіліктің арт жағындағы ұзына бой бұдырлы сызығына бекиді. 1. Нәзік ет (нежная мышца) – лента тәрізді. Ол санның ішкі жағымен тік төмен түсіп жатады. Шат сүйегінің төменгі бұтасымен қасаға бөлігінен басталып, кәрі жіліктің ішкі жағына бекиді де, аяқты тізе буынынан бүгеді. 2. Қырлы ет (гребешковая мышца)- бел-мықын етінің іш жағынан шектеліп жататын кішілеу ет. Ол шат сүйегінің жоғарғы қырынан басталып, ортан жіліктің бұдырлы сызығының жорғарғы бөлігіне бекиді. Жиырылғанда санды жамбас буынынан бүгіп, оны жақындатып сыртқа бұрады. 3. Ұзын, қысқа және үлкен ішке тартушы еттер (длинная, короткая и большая приводящие мышцы) - шат және шонданай сүйегінен басталып, ортан жіліктің арт жағындағы бұдырлы сызығына жоғарыдан төмен қарай бекиді. Жиырылғанда нәзік және тарамды еттерге ұқсас, аяқты ішке тартып сыртқа айналдырады. Санның артқы беттеріндегі бұлшық еттеріне санның екібасты еті, жартылай сіңірлі және жартылай жарғақты бұлшық еттер жатады, бұл бұлшық еттердің жоғарғы бөліктерібөксе бұлшық еттерімен жабылған. Олар шонданай сүйегінен бсталып, тізе буынының ішкі және сыртқы жағынан қоршай өтіп, сирақ сүйектеріне бекиді. 1. Санның екібасты еті (двуглавая мышца бедра) – үлкен қысқа басымен басталады. Қысқа басы ортан жіліктің бұдыр сызығынан, ал ұзын басы шонданай сүйектің денесінен басталады. Бұл екі басы бірігіп төменгі жағында ет сіңіріне көшіп, шыбық сүйектің басына бекиді. Жиырылғанда аяқты тізе буынынан бүгеді, ал санды жамбас буынынан жазып сыртқа қарай бұрады. 2. Жартылай сіңірлі ет (полусухожильная мышца)- бұл өзінің атына лайықты жартысына тең келетін төменгі сіңірден түзілген. Ол жамбастың шонданай бұдырынан басталып, тігінші еттің сіңірімен бірге тізе буынды айналып өтіп, асық жіліктің іш жағына бекиді. Жиырылғанда аяқты тізе буынынан бүгеді, сәл ішке қарай айналдырады да, санды жазады. 3. Жартылай жарғақты ет (полуперепончатая мышца)– алдыңғы айтқан бұлшық еттердің астында орналасқан. Ол ұзын жұқа шандырымен шонданай дөңесінен басталып, жартылай сіңірлі етпен бірге кәрі жілік бұдырына бекиді. Бұл ет қауырсын пішінді болады. Жиырылғанда санның артқы еттеріне ұқсас, аяқты тізе буынынан бүгіп, санды жамбас буынынан жазады. Бұл айтылған санның артқы жағындағы бұлшық еттері аяқты жамбас буынынан жазып, тізе буынынан бүгеді, ал сирақ бүгіліп тұрған жағдайда оны сыртқа не ішке бұрады. Санның шандырлы ет жапқыштары меншікті және жалпы шандырлы жапқыштар деп бөлінеді. Жалпы шандырлы жапқышы барлық сан бұлшық еттерін жауып жатса, меншікті шандырлы жапқыштар әрбір етті бөлек-бөлек жауып, бір-бірінен бөліп тұрады.
![]() |