Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)


 

 

 

 



ЗӘР ШЫҒАРУ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ ЖЫНЫС МҮШЕЛЕРІ



Зәр шығару жүйесі жыныс аппараттарымен морфологиялық және физиологиялық жағынан тығыз байланысты келеді. Зәр шығару жүйесінің қызметі ағзада пайда болған несепті ағзадан шығару болса, жыныс жүйесі (тірі ағзаның бір белгісі) көбею функциясын атқарады. Осының нәтижесінде зәр шығару және жыныс мүшелері бір жүйе болып саналады. Себебі ер адамдарда зәр шығару және тұқым шығару жолдары бірігіп, жалпы ортақ жол құрайды. Ал әйел адамдарда екі жүйенің жолдары екі бөлек болғанымен, ортақ несеп-жыныс аппаратын түзеді және-бірімен өте тығыз байланыста жатады.

 

Жұмыс

Тақырыбы:Зәр шығару жүйесі

Жұмыстың міндеті: Зәр шығару жүйесіне кіретін бүйректің, несепағардың, қуықтың құрылысы мен маңызын кестелер мен муляждер арқылы оқып түсіну;

Жұмыстың мақсаты: Зәр шығару жүйесінің сыртқы және ішкі қабатының құрылысымен танысу.

Жұмысқа қажетті жабдықтар: бүйрек препараты, жаңа сойған қой бүйректері; муляждер – адам торсы, зәр шығару жүйесі, адам бүйрегі; кестелер – зәр-жыныс жүйесі, бүйректің микроскопиялық құрылысы, нефрон құрылысы, бүйректің құрылысы мен жұмысы.

 

Зәр шығару мүшелері. Зәр шығару мүшелеріне несепағар, бүйрек, қуық және несеп каналы жатады.

Бүйрек (почка). Құрсақ қуысында, жоғарғы бел омыртқаларының тұсында орналасқан. Бір-біріне бас жақтарымен жақын жатады. Оң бүйрек сол бүйрекке қарағанда 1-2 см төмен жатады. Бүйректер артқы жағынан диафрагмаға, белдің құрсақ қуысына, алдыңғы жағынан тоқ ішектің өрлеу және төмендеу бөліктерімен шектеледі. Бүйректің орналасуы жас және жыныс ерекшеліктеріне байланысты келеді. Әйелдерде төмендеу, жас нәрестеде одан да төменірек жамбас ішінде түсе жатады. Сыртқы пішіні бұршақ тәрізді, ересек адамдарда ұзындығы 12 см, ені 6 см, салмағы 120 грамға дейін жетеді. Сырт жағынан тығыз фиброзды, оңай сыпырылатын дәнекер тканді қапшықпен қапталған. Бүрек беті ересек адамда тегіс келсе, жаңа туған нәрестеде бұдырлы келеді. Ішкі жағында бүйрек қақпасы болады, ол арқылы артерия қан тамыры еніп, вена қан тамыры мен несепағар шығады. Бүйректің жоғарғы жағында эндокринді бездер қатарына жататын бүйрекүсті безі орналасқан. Бүйректер басқа мүшелерге қарағанда құрсақ қабырғасына жақсы бекінген. Олардың өз орнына дұрыс орналасуына себепші біріншіден іш қуысының қысымы болса, екіншіден май капсуласы, үшіншіден құрсақ байламдарымен бүйрекке енетін қан тамырлары. Егер осы айтқан аппараттар босаңсыса, бүрек өз салмағымен төмен түседі де, қан тамырлары мен нервтерін тартып, адамды ауру жағдайға жеткізеді. Бүйрек ыдырау процесінде пайда болған керексіз заттарды ағзадан шығарып, қанды тұрақты жағдайға келтіріп тұрады.

Бүйректің кесіндісінен оның сыртқы – қыртыс және ішкі – мыйлы қабаттарынан тұратыны байқалады. Сыртқы қабатының түсі ішкі қабатына қарағанда ашықтау келеді, әрі бағана тәрізденіп бөлек-бөлек жатқан ішкі пирамидалық (милы) затының аралығына енеді. Бүйрек пирамидаларының саны 10-15 шақты болады. Олардың кеңейген табаны сыртқа қарай сүйір келген жағы бүйрек ішіне қарай жатады.

Бүйректің іші біртекті құрылыста келген нефрондардан тұрады. Олардың жалпы саны 2 миллионға дейін жетеді. Осы нефрондар арқылы қаннан несеп бөлініп шығарылады. Нефрон құрылысына келетін болсақ, ол капилляр шумағын орап жатқан капсуладан басталады. Капсула мен капилляр шумағын бүйрек денешігі деп атайды. Капсула қос қабырғалы тостағанша тәрізді, оның капилляр шумағына тығыз байланысқан ішкі қабырғасы мен сыртқы қабырғасының арасында саңылау кеңістік жатады. Осы кеңістікте қаннан сүзіліп шыққан сұйықтық (алғашқы несеп) жиналады. Осы капсуланың түбінен басталатын прокимальды иректі түтікше арқылы ағып отырып, мыйлы қабатындағы ілгекті түтікшенің төмен түсер иініне, одан өрлеу иініне көтеріліп, бүйректің қыртыс затында жатқан дистальды иректі түтікшеге жалғасады. Бұл түтікшелер жинағыш түтікшелерге, ал жинағыш түтікшелер пирамида ұшына ашылады. Пирамиданың ұшындағы жинағыш түтікшелер ашылған жерін пирамида емізікшесі деп атайды, оның осы сүйірленіп келген жерін кіші тостағаншалар аузы кептеп жатады. Олар бір-бірімен бірігіп үлкен тостағаншалар, ал бұлар қосылып бүйрек түбегіне көшеді. Ол бүйрек қақпасынан төмен қарай түскен несепағарға жалғасады.

Бүйрекке енген қан құрамынан зәр бөліну процесі жүреді. Осыған байланысты бүйрек қанмен жақсы қамтамасыз етіледі. Бүйрекке қанды әкелетін тамырды бүйрек артериясы дейді. Ол бүйректің қыртысты заты мен мыйлы затының шекаралығында тарамдалып, доға артериясын түзеді, олардан бүйрек капсуласына қарай бет алған «әкелуші» артерия шығады. Ол бүйрек капсуласының ішіне еніп, ұсақ капилляр тамырларына тарамдалып капилляр шумағын түзеді. Осы капилляр шумағы тамырларының бірігуі нәтижесінде «әкетуші» артерия пайда болады. Осы «әкетуші» артерия капсуладан шығып, екінші рет капилляр тамырларына тарамдалып, бүйрек түтікшелерінің сыртын торлап жатып, зат алмасу процесін жүргізеді. Осының нәтижесінде ғана артерия қаны вена қанына айналып, бүйрек венасы арқылы бүйректен шығады.

«Әкелуші» тамыр диаметрі «әкетуші» тамыр диаметрінен кең келеді. Сол себептен капсулаға қан көп келіп, аз шығады. Осының нәтижесінде капилляр шумағындағы қан қысымы капсула ішіндегі қысымнан жоғары болады. Оның осы ерекшелігінен т.б.жағдайларға байланысты капсуланың қуысында сүзілу процесі өтеді. Қанның сүзіліп шыққан қан плазмасына ұқсас сұйықтығын алғашқы несеп деп атайды. Бұлай деп аталу себебі оның құрамында кейбір тұздар, глюкоза, т.б. ағзаға керекті заттар ерітіндісі болуы мүмкін. Осы заттар ағзадан шығарылмай кері енеді, бұл процесті реабсорбция деп атайды. Осының нәтижесінде соңғы несеп пайда болады. Қорытып айтқанда несеп түзу механизмі бірінен соң бірі жүретін екі процестен (фильтрация және реабсорбция) тұрады.

Бүйрек басқа мүшелермен салыстырғанда қанды 20 есе көп қабылдайды. Бүйрек нефрондары мен қан тамырларынан басқа оларды қоршап әрі байланыстырып жатқан дәнекер ткандері бар. Бүйрек жұмысы нервтік және гуморальды жолмен реттеліп отырылады. Бүйрек құрамында екі түрлі жүйке талшықтары кездеседі – симпатикалық және парасимпатикалық. Симпатикалық нерв импульстері арқылы қан тамырлары тарылып, зәр бөліну азаяды. Ал парасимпатикалық (кезеген нерв құрамында келетін) жүйке талшықтарының импульстерінің әсерінен керісінше, несеп бөліну процесі көбейеді. Бүйректе лимфа жүйесі де жақсы жетілген.

Несепағар (мочеточник) – ұзындығы 30 см, ол бүйрек түбегінен басталып, төмен қарай жүріп отырып қуыққа келіп жалғасады. оны құрсақ және жамбас бөлігіне бөледі, ол кіші жамбас ішімен төмен қарай жүріп отырып, сір қабықша астынан, қуық қабырғасының төменгі жағынан қиғаш өтіп түбіне таман ашылады. Несепағар қабырғасы үш қабаттан түзілген: ішкі кілегей қабат іш жағын астарлап, ұзына бойы қыртыстана жатса, ортаңғы қабаты жазық ет тканінен түзілген. Мұның өзі екі бағытта жатқан ет талшықтарынан тұрады: сыртқы – сақиналы, ішкі – ұзына бой. Ет талшықтарының жиырылуы нәтижесінде бүйректен бөлініп шыққан несеп әрдайым қуыққа қарай ағып отырады. Несепағардың сыртқы қабатына келсек, ол дәнекер тканнен түзіліп, сыртын қоршаумен бірге айнала жатқан мүшелермен байланыстырып, орнына бекітіліп отырады. Осы аталған несепағар қабаттары жалпы жасқы жетілмеген, сондықтан да ішінде ағып жатқан несеп қабықша астынан да көрініп жатады.

Қуық (мочевой пузырь) – зәрдің уақытша жиналып тұратын мүшесі. Ол жамбас қуысында, шат сүйегінің артында орналасқан. Ер кісілерде қуық артында несепағар мен тік ішек және шәует көпіршіктері жанаса жатады. Ал әйел адамдарда қынап пен жатыр жатады. Оның алдыңғы кеңістігінде бос болбыр май ткані болады. Қуық пішіні жалпы оның созылуына, толуына, тік ішек пен жатырдың көлеміне қарай өзгеріп отырады. Ол несепке толған кезде алмұрт тәрізді келеді, оның төменгі жағын түбі, жоғарғы жағын ұшы, орта бөлігін қуықтың денесі дейді. Қуық түбінен несеп каналы басталады. Қуық сыйымдылғы 700 см³.

Қуық – кіндік, жамбас, шат байламдары арқылы өз орнына бекіп жатады. Оның қабырғасы өте созылғыш келеді. Бос кезінде қабырға қалыңдығы 1,5 см-ге дейін барса, толған кезде 2-3 мм-ге жұқарып созылады. Қуықтың ішкі қабырғасы – кілегейлі қабаттан, ортаңғысы – бірыңғай салалы ет қабатынан, сыртқысы – дәнекер қабаттан түзілген. Оның сыртқы және ішкі талшықтары ұзына бой жатса, ортаңғысындағысы оралып көлденең орналасқан. Бұл ет талшықтарының жиырылуы нәтижесінде қуық несептен босатылады. Несеп каналының қуықтан басталар жерінде сақиналы ет талшықтары жинала келіп, қысқыш жасап жатады. Ал қуық толынқырап кеткен кезде ет талшықтары босап, несеп каналының ашылуына себеп болады. Ішкі кілегейлі қабат куық созылғанда жазылып тұратын ығыспалы эпителийден тузілген. Несепағардың қуыққа ашылар тұсында кілегей қабықшасы қатпар түзеді. Ол қатпар қиғашталып, клапан тәрізденіп несепағардың аузын жауып, несептің кейін кетпеуіне кедергі болады.

Несеп каналы(мочеспускательный канал)— қуықтың зәр шығаратын түтігі. Ол ер адамда шәует (сперма) жолымен бірігіп келеді. Ер адамдардың несеп каналы басталар, ортаңғы және соңғы бөлімдерден тұрады. 1. Басталар бөлімінің ұзындығы 3—4 см, оны қуық түбіндегі қуық түбі безі (предстательная железа) қоршап жатқандықтан пред-стат бөлімі деп атайды. Осы бөлімнің екі жағынан шәует шашқыш ағысы мен куық түбі безінің түтікшелері ашылады. Несеп каналының қуықтан басталар жерінде бірыңғай салалы ет талшықтарынан түзілген ішкі қысқыш (сфинктер) жатады. 2. Ортаңғы бөлімі қысқа (1—3 см) жіңшіке болып келеді. Ол жамбастың түп жағында орналаскан. Бұл бөлігі бұлшық еттер мен шаңдырлары арқылы шат сүйегіне берік бекемделген. 3. Соңғы бөлімі— басқаларына қарағанда ұзындау (16—18 см), бұл жыныс мүшелерінің астыңғы кеуекті денесі болып саналады. Оның басталар жерінде бадана (Куперово) бездің бірнеше түтіктері ашылып, оның шығаратын сүйықтығы несеп каналына шығып отырады. Несеп каналының ішкі қабаты басталар бөлігінде — ауыспалы, ортаңғы бөлігінде — бір қабатты эпителиймен жабылған. Эпителий қабатындағы бокал тәрізді бездер үнемі кілегей шығарып, зәрдің оңай ағуына жағдай жасайды. Кілегейлі қабаттың сырт жағында ұзынша және көлденең орналасқан ет талшықтары жатады.

Әйел адамның несеп каналы — ер адамның несеп каналына қарағанда қысқа, әрі кең келеді, орташа ұзындығы 2—3 см. Куықтан басталып төмен қарай жүріп отырады, жамбас түбінен (диафрагмасынан) өтіп, клитор мен қынап кіреберіс аралығында ашылады. Несеп каналы қабырғасы кілегейасты ет қабаттарынан түзілген. Кілегейасты қабаты қан тамырлы келеді. Кілегейлі қабат ұзына бой қатпарлана жатады. Несеп каналыньщ қуықтың басталар жерінде бірыңғай салалы ет талшықтарынан түзілген еріксіз қысқыш болады, ал жамбас түбінен өтер жерде көлденең жолақты ет талшықтарынан түзілген ерікті қысқышы жатады.

«Аралық» (промежность) деп сыртқы жыныс мүшелері мен тік ішек орналасқан, ет қалыңынан түзілген жамбастың астыңғы жағын айтады. Ер адамда бұл жерде сыртқы жыныс мүшелерімен бірге ұма орналасқан. Аралық пішіні ромб тәрізді келеді. Алдыңғы бүрышында шат сүйегі, артқы бүрышында құйымшақ ал екі жағында екі шонданай сүйегінің бұдыры жатады. Осы аралықтың арт жағында тік ішектің анал тесігі, алдыңғы жағында — несеп каналының ашылар жері, ал екеуінің аралығында — қынаптың кіреберісі жатады. Айтылған мүшелердің ашылар жерінде жамбас түбінің ет салалары қысқыштар жасайды. Олар көлденең жолақты ет тканінен түзілгсн ерікті кысқыштар болып табылады.

Сонымен, қорытып айтқанда, «аралық» деп жалпы жамбас түбін түзіп жаткан еттер мен шандырларды айтады. Олар осы жерде орналаскан мүшелердің кысқышын жасаумен бірге бекінуіне де себеп болады. Аралық еттер беткей және терең еттер болып екіге бөлінеді. Сыртқы жыныс мүшелерінің еттеріне кеуекті дене еті де жатады. Ол сыртқы аталық жыныс мүшесінің қанын тоқтатып, кеуекті денесінің қатаюына (эрекциялық жұмысына) жағдай жасайды, ал әйел адамда қынаптың кіреберісінде айнала қоршап жатады.

Бақылау сұрақтары:

1. Зәр шығару жүйесінің қызметі қандай?

2. Зәр шығару мүшелерінің түрлерін атаңыз?

Жұмыс

Тақырыбы:Аталық және аналық жыныс органдары.

Жұмыстың міндеті: Таблицалар мен муляждар арқылы аталық және аналық жыныс мүшелерінің құрылысын білу.

Жұмыстың мақсаты:Аталық және аналық жыныс мүшелерінің сыртқы ішкі секрециялық қызметімен танысу.

Жұмысқа керекті жабдықтар: «Аналық жыныс жүйесінің препараты», «Аталық және аналық жыныс жүйесінің барельефі», «Жамбас ішіндегі мүшелер барельефі». Таблицалар: «Аталық жыныс жүйесі», «Аналық жыныс жүйесі».

Аталық жыныс мүшелері.Аталық жыныс мүшелері ішкі және сыртқы мүшелер болып бөлінеді. Оның ішкі мүшелеріне шәует шығаратын өзек, шәует көпіршектері, қуық түбі безі, ал сыртқы жыныс органдарына сыртқы жыныс мүшесі, несеп каналы және аталық жыныс безі, ұма жатады.

Аталық жыныс безінің (яичко) сырт пішіні эллипс тәрізді, салмағы —25—30 грамдай. Аталық жыныс безі аналық жыныс безі тәрізді екі түрлі (ішкі және сыртқы секрециялық) жұмыс атқарады. Сыртқы секрециялық жұмысы деп жыныс клеткаларын — сперматозоидтарды шығаруын, ішкі секрециялық жұмысы деп қан мен лимфаға бөліп отыратын жыныс гормондарын айтады. Аталық жыныс безінің арт жағына жабыса оның қосалқысы жатады. Оның жоғарғы толықша келген жерін басы, орта жерін денесі, ал төмен қарай жіңішкере келген бөлігін құйрығы деп атайды. Осы соңғысы жіңішкеріп келіп бұрылыс жасаған жері шәует шығарар өзекке жалғасады. Аталық жыныс безі сырт жағынан тығыз дәнекер тканінен тұратын ақ қабықшамен қапталған. Осы ақ қабықшасы бездің арт жағынан без ішіне перделер беріп, без затын 300-ге дейін жететін бөлшектерге бөледі. Бұл бөлшектер құрылысы жағынан иректі түтікшелерден тұрады. Осы иректі түтікшелерінің аралығын дәнекер ткань байланыстырып жатады. Иректі түтікшелер екі түрлі тршалардан құралады (56-сурет). Бірінші түріне әр түрлі сатыда дамыған сперматозоид клеткалары жатса, екіншісіне — сортолли клеткалары жатады. Соңғылары даму кезіндегі жыныс торшаларының қоректену қызметін атқарады. Дамып жетілген торшалары (сперматозоидтар) иректі түтікшелердің эпителий клеткаларының көмегімен тік түтікшелерге, тік түтікшелер бездің бір шетінде торлы түтікшелерге көшеді. Сонымен, без заты иректі, тік және торлы түтікшелерден тұратынын көреміз. Соңғысы торлы түтікшелерден аталық безді оның қосалқысымен байланыстырып жатқан 15—16 байланыс түтікшелерге жалғасады. Олар қосалқылық иректі түтікшелеріне ұласады. Бұлар қосалқысының төменгі жағында бірігіп шәует шығарар өзек түзеді. Оның ұзындығы 40—50 см-ге дейін барады.

Аталық жыныс безі қосалқысымен және шәует шығарар өзектің басталар бөлігімен ұма ішінде орналасады. Осы аталған мүшелерге артерия тамырлары қанды әкеліп, вена тамырлары әкетіп отырады, сонымен қатар оларға лимфа тамырларымен нерв талшықтары да келеді.

Жыныс безіне келетін қан тамырлары мен нерв талшықтары сонымен бірге шәует шығарар өзек, дәнекер тканьді қабақшасымен жабылып шәует бауын түзеді.

Ол ұма ішінде жоғары көтеріліп, шат каналы арқылы жамбас қуысына енеді. Осы жерде шәует шығарар өзек тамырлары мен нервтерінен ажырап, төмен қарай жүріп отырып, кіші жамбас қуысына өтеді. Бұл несеп каналына ашылмастан бұрын бүйір кеңістігін жасап, шәует куықшасын түзеді де, жыныс клеткаларының қойма (резервуарлық) маңызын атқарады. Шәует қуықшасы да шәует шығарар өзек тәрізді үш қабықшадан түзілген: ішкі — кілегейлі, ортаңғы — бірыңғай салалы ет, сыртқы — дәнекер тканьді болып келеді. Шәует қуықшасының жоғарғы кеңейген жерін денесі десе, төменгі жіңішкеріп келген бөлігін шәует шашар өзегі деп атайды. Шәует қуықшасы түссіз сұйықтыққа толы келеді. Оның құрамында сперматозоидтар болады, сондықтан оны сперма жинаушы қойма деп атайды. Оның кілегейлі қабатынан бөлінген сұйықтық сперманы әрі сұйылтып, әрі белсенділігін арттырады.

Қуықтүбі безі (предстательная железа)—қуықтың түп жағында несеп каналының басталар жерін айнала қоршап жатқан күрделі түтікті без. Ол ішкі жамбас қуысында жатады. Бұл бездің 30 шақты майда түтікшелері несеп каналына ашылады. Бездің ет талшықтары әр түрлі бағытта орналасып, жиырылған кезде секреттерін шығарумен бірге сфинктерлік қызметін де атқарады.

Без сілтілі реакциялы секрет бөледі. Ол сперма құрамына еніп оны сұйылтумен қатар сперманың тіршілік әрекетіне қолайлы жағдай туғызады.

Бұл без жас өспірім балада өте кішкене болады, 14 жастан жедел дами келе 20 жасқа толық қалыптасады.

Бадана (Купер) бездері — кішкене бұршақ тәрізді, несеп каналының бойында орналасқан. Оның түтігі несеп каналына ашылып, сперма құрамына енетін сұйықтық бөледі.

Ұма (мошонка)— аталық жыныс безінің қапшығы, оның ортасы ет пердесімен екі бөлікке бөлінген. Қабырғасы 6 қабаттан тұрады: теріасты майдан, беткей шандыр, ет қабаты, терең шандыр және ішектен түзілген сір қабықша.

Аталық жыныс мүшесі — сыртқы жыныс мүшесінің қатарына жатады. Ұзынша пішінде келген үш кеуекті денеден тұрады. Оның жоғарғы қатарда жатқан екеуі жыныс мүшесіне тән болса, астыңғы жағында жатқан үшінші - кеуекті денеден несеп каналының түтігі өтеді. Ол арқылы несеп шығарылуымен қатар жыныс торшалары да шығарылып отырылады. Жыныс мүшелері түбір, мойын, бас бөлімдерінен тұрады. Астыңғы кеуекті дене түбінен айырылып, шат сүйектеріне бекіп жыныс мүшесінің екі аяқшасын құрайды. Оның үш жағы сүйірленіп, несеп каналының конус тәрізді бөлігіне көшіп, жыныс мүшесінің басын түзеді. Басында несепағар каналының ашылар жері жатады. Барлық кеуекті денелер сыртынан тығыз дәнекер қабықшалармен қапталған. Олардың ішінде саңылау қуыс болады. Жыныстық қозу кезінде бұл саңылауларды артерия қаны кернеп толады да, жамбасасты еттерінің жиырылуының нәтижесінде вена қанының шығып кетуі қиындайды.

Жыныс мүшелерінің терісі жұқа және козғалғыш, бас бөлімінде екі қабатталып келеді. Ішкі қабатында май бездері көп болады. Жыныс мүшесі құрсақ шандырының жалғасы болып табылатын байламдар арқылы шонданай, шат сүйектеріне бекіп, қалпын сақтайды.

Аналық жыныс мүшелері. Аналық жыныс мүшелері ішкі және сыртқы больш екіге бөлінеді. Оның ішкі мүшелеріне аналық жыныс безі, жатыр, жатыр түтіктері, қынап, ал сыртқысына үлкен және кіші жыныс еріндері, қынаптың кіреберісі және несеп каналы жатады.

Аналық жыныс (яичник)— жұп мүше. Кіші жамбас ішінде, жатырдың екі жағын ала орналасқан. Олар жатырдың жалпақ шандыр байламының артқы жағына ілініп тұрады. Сырт пішіні эллипс тәрізді. Бір жағынан жұмыр сіңір байламымен жатыр денесіне бекіп жатады. Аналық бездің сыртқы беті кіші жамбастың бүйір қабырғасында, ал ішкі жағы жатыр түтігімен шектескен. Бұл бездің ұзындығы 2:5 см, ені 1,5 см, қалыңдығы 1 см.

Аналық безінің функциясы өте күрделі, яғни жұмыртқа торшаларының өсіп дамуымен бірге, қанға жыныстық гормондарды бөліп отырады. Бұл жағдай бүкіл ағзаға әсер етумен бірге жатырдың да қызметін реттейді.

Мұны ішкі секрециялық (эндокриндік) жұмысы десе, ал жұмыртқа торшаларының бөлінуін сыртқы секрециялық жұмыс дейді. Аналық без сыртқы (қыртысты), ішкі (милы) қабаттардан түзілген. Сыртқы қыртыс заты талшықты дәнекер тканінің ұршық тәрізді фибробласты стромоларынан тұрады, бұл қабатта алғашқы фолликулалар пайда болып отырады. Олардың саны жаңа туған қыз балада 30—40 мыңға жетеді. Бірақ жыныстық даму жолында біртіндеп саны кеми бастайды. Сондықтан әйел адамның өмірінде 400—500 жұмыртқа клеткалары ғана жетіледі.

Аналық бездің ішкі милы заты дәнекер тканьдерден түзілген және қан тамырлары мен нервтері де өте жақсы жетілген.

Аналық жыныс бездегі жұмыртқа торшасының дамып жетілу процесі фолликулаларда өтеді. Алғашқы дамуына байланысты фолликуланың эпителий клеткалары көбейеді. Одан кейін регенерация процесіне ұшырап, азаяды да, бұлардың орнына сұйықтық пайда бола бастайды, Осылайша кемеліне жетіп ұлғайып келген фолликуланы граафов көпіршігі деп атайды. Оның сұйықтығы кернеген кезде көпіршік, жарылып, аналық клеткасын құрсақ қуысына бөледі. Бұл процесс рефлекторлық түрде жүзеге асырылады.

Сонымен, жұмыртқа торшасы граафов көпіршігінен бөлініп құрсақ қуысына түседі. Осы кезде жатыр түтігінің ауыз жағындағы жалбыршақтарының серпінді кірпікшелерінің қимылы арқылы жатыр түтігіне енеді. Жұмыртқа торшасы жатыр түтігімен жүріп отырып, жатыр қуысына түседі. Егер жұмыртқа клеткасы аталық торша — сперматозоидпен қосылып ұрықтану процесі жүрсе, граафов көпіршігінің орнына сары дене пайда болады. Мұны «екі қабаттық дене» деп атайды. Бұл ішкі секрециялық бездің жұмысын атқарып қанға прогестерон гормонын бөліп отырады. Егер «сары дене» бала көтерудің бас кезінде бұзылса, әйел адам «бала тастау» (түсік) ауруына ұшырайды. Бұл гормонның бөлінуінен жұмыртка торшасының әрі қарай (бала туғанша) пайда болуы тоқтатылады, сөйтіп бала көтеру процесінің қалыпты жүруі мен сүт бездерінің дамуы күшейеді. Егер ұрықтану процесі жүрмесе сары дене орнына жалған дене пайда болады. Бұл жағдайда жатырға жиналған қан (менструация) айына бір рет эстрадиол гормонының әсерінен шығарылып отырылады. Эстрадиол гормоны жыныс мүшелерінің дамуына да, соңғы жыныстық белгілердің пайда болуына да әсер етеді.

Қорытып айтқанда, аналық жыныс бездері сыртқы және ішкі секрециялық жұмыс атқарады. Сыртқы секрециялық жұмысына — жұмыртқа клеткасының дамуы мен түзілуі жатса, ішкі секрециялық жұмысына — қанға, лимфаға гормон сұйықтарының бөлінуі жатады.

Жатыр түтігі (Фаллопиев түтігі)— жатырдың екі жағынан басталып көлденең созылып жатады. Оның бір жағы жіңішкеріп келіп жатырға ашылса, екінші жағы құйғыш тәрізді кеңейіп келіп құрсақ қуысына ашылады. Осы құйғыш тәрізденген аузы жалбыршақтанып фолликуладан бөлініп шыққан жұмыртқа клеткасын өзінің кірпікше эпителийлерінің толқынды қимылы аркылы жатыр ішіне тартады.

Жатыр түтігінің ұзындығы 10—12 см, ені 0,5 см, сырты сір қабықшамен толығынан оралған. Жатыр түтігінің қабырғасы ішкі органдар тәрізді үш қабаттан түзілген. Олардың сыртқы қабаты жатырдың жалпақ шандыр байламына жалғаса жатады. Ортаңғы ет қабаты ет талшықтарынан түзілген. Ішкі қабаты кірпікше эпителиймен жабылған кілегейлі қабаттан тұрады. Жатыр түтігіне енген жұмыртқа (аналық) клеткасы ет талшықтарының жиырылуымен және кірпікше эпителийдің толқынды қимылымен жатыр ішіне қарай жылжиды. Ұрықтану (аталық клеткасымен кездесу) процесі тек қана осы жатыр түтігінде өтеді. Жатыр түтігі жалпы жатырға келетін қан тамырлары және нерв талшықтарымен жабдықталған.

Жатыр (матка)— алмұрт тәрізді бірыңғай салалы ет талшықтарынан түзілген қуысты мүше. Жатыр кіші жамбас қуысында, қуық пен тік ішек аралығында орналасқан. Ұрықтанған жұмыртқа клеткасы жатырға жатыр түтігі арқылы енгеннен бастап босанғанға дейін өсіп дамиды. Жатырдың жоғарғы түп бөлігіне екі жатыр түтігі ашылады. Оның үшбұрышты пішінде келген денесі төмен қарай сүйірленіп мойнына көшеді. Сол себептен, жатыр мойны жіңішкеріп келген жатыр денесінің жалғасы болып саналады. Жатыр мойнының төменгі қынап ішіне түсе жатқан бөлігін қынап бөлігі деп атайды. Жатыр қуысы фронтальды жағдайда жатқан үш бұрышты саңылау тәрізді. Жоғарғы жағынан бұл қуыстыққа екі жатыр түтікшелері ашылса, төменгі жағында жатыр мойнының каналына жалғасады. Жатыр ішін астарлаған кілегейлі қабықша жазық келеді, ал мойын бөлігі керісінше қыртысты келеді.

Жатыр қабырғасы негізінде үш қабаттан түзілген. Сыртқы периметриум жатырдың сыртын айнала жауып жатқан сір қабаты болып саналады. Периметриум қабаты қорғаныспен қатар жатырды жамбас қабырғасымен байланыстырып қимылды бекемдеп отырады.

Ортаңғы қабат — миометриум өте қалың жетілген жатырдың ет қабаты. Әр түрлі бағытта жатқан бірыңғай салалы ет талшықтарынан түзілген, миометриум бөлігі қан тамырлы келеді,

Ішкі қабат—эндометриум жатырдың іш жағын астарлап жатқан кілегейлі қабаты. Бұл жай түтікше бездерге бай келген әрі беті кірпікше эпителиймен жабылған. Жатырдың мойын бөлігінде түтікше бездерден басқа кілегейлі бездер де бар. Олар қою кілегей шығарып мойын бөлігінде кілегей тығынын түзіп, жатыр ішіне микробтар мен вирустар өтуінен қорғап тұрады. Екі қабат болған әйел адамда жатырдың салмағы да, пішіні де өзгереді. Босанар кезде жатыр салмағы 2 кг-ға дейін барады, жалпы сыйымдылығы 60 есе ұлғаяды. Босанғаннан кейін жатырдың көлемі жинақталып бұрынғы қалпына жақындайды. Жатыр көлемі қартайған сайын тығыздалып кішірейе бастайды. Оның кіші жамбас қуысында бекіп, орналасуына себеп болатын екі жұмыр байламы, екі жалпақ шандыр байламы болады. Сонымен бірге айнала жатқан мүшелермен байламдар арқылы жамбас қабырғасына, шат және сегізкөз сүйектеріне бекіп, өз орнында қалыптасып жатады. Бұл байламдар жатырдың көлемінің екіқабат кезіндегі ұлғаюына байланысты созылып, жағдайын өзгертіп отыруға мүмкіндік береді. Жатырдың жұмыр байламы жатырдың жоғарғы екі жағынан басталып, төмен қарай жүріп отырып шат каналынан өтіп, үлкен жыныс еріннің астыңғы жағынан шат сүйегіне бекиді. Осы байлам бойымен жыныстық қан тамырлары мен нерв талшықтары жыныс мүшелеріне келеді. Жатырдың жалпақ байламы деп жатырдың алдыңғы және артқы бетін жауып, екі бүйірінен қабатталып келіп жамбас қабырғасына тіркелген шандырын айтады. Бұл байламның жоғарғы жағында жатыр түтігі, ал сырт жағында ілініп аналық без жатады. Осы жалпақ байлам арқылы жамбас қуысы алдыңғы және артқы бөліктерге бөлінеді, Тік ішек байламы жатырдың мойын бөлігін орап алып, жамбастың арт жақ қабырғасына тіркейді. Ал сегізкөз байламы да осыған ұқсас келеді. Осы айтылған байламдар арқылы жатыр өз орнына қозғалмалы орналасқан. Жамбас қуысы ішіндегі мүшелердің (қуықтың, тік ішектің) толуына байланысты, не болмаса жатыр ішіндегі ұрықтың дамуына байланысты жатырдың жатқан жағдайы, көлемі өзгеріп отырады. Соған байланысты алға, артқа, оңға, солға ығысып тұрады. Бұл ұрықтың да еркін дамуына өте қажетті жағдай болып табылады. Жас ерекшеліктеріне және атқаратын жұмысына байланысты жатырдың көлемі де, пішіні де өзгеріп отырады. Қыз баланың жатыр мойны денесіне қарағанда ұзындау келеді, 14—15 жаста жалпы жыныстық жетілуіне байланысты өзінің көлеміне жетеді. Мосқал әйелдерде кері даму процесі жүретіндіктен оның жалпы көлемі кішірейіп, жатыр мойны қысқарады.

Қынап (влагалище)— алдынан артына қарай қысыңқы келген, ұзындығы 9—10 см саңылау қуыстық. Оның жоғарғы жағы жатыр мойнымен, төменгі жағы сыртқы жыныс мүшелерімен шектес келген. Қынаптың сыртқа ашылар тесігін кіреберіс деп атайды. Оның жоғарғы жағы жатыр мойнынан айнала қалталана жатады. Оларды қынаптың алдыңғы (тайыз) және артқы (терең) күмбездері дейді. Қынап түбі төменгі бөлігіне қарағанда кеңдеу келеді. Оның алдыңғы жағында қуықтан бөліп тұратын май тканьдері бар.

Қынап қабырғасы ішкі — кілегейлі, ортаңғы — бірыңғай салалы ет тканінен, сыртқы — дәнекер тканьді қабаттардан түзілген.

Ішкі кілегейлі қабаты өте қалың, көптеген көлденең қыртыстар жасап жатады. Ортаңғы ет қабаты әр түрлі бағытта жатқан ет талшықтарынан түзілген. Олардың ішкі жағында сақиналы талшықтар, сырт жағында ұзына бой талшықтар жатқанын байқауға болады. Қынаптың кілегейлі қабатында бездері болмайды, тек әр жерінде лимфатикалық түйіндер кездеседі. Қілегейлі қабықшаның беті көп қабатты қан тамырлары жақсы жетілген қызғылт эпителиймен жабылған.

Кынап қабырғасының серпімді болуы әйел адамның босануын оңайлатады, босанғаннан кейін орнына қайтып келеді. Босанған әйелдерде кілегей қабаты қатпарлы келеді. Қыз балалардың қынап кіреберісі кілегейлі кабаттың жалғасы болып саналатын кынап пердесімен (қыздық перде) жабылып тұрады., Олардың пішіні дөңгелек, жарты айшық тәрізді болып келеді, тұтас пердемен жабылуы өте сирек кездеседі.

Сыртқы аналық жыныс мүшелеріне — үлкен, кіші жыныс еріндері, клитор, қынап кіреберісі жатады. Үлкен жыныс еріндері қынаптың кіреберісін және несеп каналының ашылар жерін қоршап жатады. Үлкен жыныстық еріннің ұзындығы 8 см, ені 2—3 см болады. Бұл еріндер құрылысында пигмент клеткаларының көп болуымен байланысты түсі қоңыр келеді, май және тер бездері көп болады. Бұл еріндердің іш жағында параллельді кіші еріндер жатады. Олардың іш жағында несеп каналының ашылар жері мен қынап кіреберісі орналасқан, ал жоғарғы жағында клитор жатады. Клитор — ер адамның жыныс мүшесінің кеуекті денесіне сәйкес келеді. Сонымен байланысты мұның да үлкейіп, қатаю қасиеті бар. Мұның өзі — басы, денесі және екі аяқшасынан тұрады, екі аяқшасы арқылы шат сүйегіне бекиді.

Сүт бездері — жыныс мүшелеріне жатады. Олар көкірек клеткасының алдыңғы жағын алып жатқан күрделі безді орган. Оның әрқайсысы 15—20 шақты бөліктерден түзілген. Әрбір бөліктерінің сүт шығаратын түтікшелер емшек ұшында ашылып емізікше жасайды. Сүт бездерінің дамуы жалпы жыныстық жетілуге байланысты келеді.

Әйел адамның аяғы ауыр кезінде без ткані дамиды да босанғаннан кейін сүт шығара бастайды.

Бақылау сұрақтары:

1. Аталық және аналық жыныс жүйелерінің ерекшеліктерін атаңыз?

2. Аталық және аналық жыныс секрециялары қандай?



Просмотров 15271

Эта страница нарушает авторские права




allrefrs.su - 2025 год. Все права принадлежат их авторам!