Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)


 

 

 

 



ІШКІ СЕКРЕЦИЯЛЫҚ БЕЗДЕР



 

Ішкі секрециялық бездер туралы жалпы түсінік.

Адам денесіндегі бездерді сыртқы және ішкі секрециялық бездер деп екіге бөледі. Сыртқы секрециялық бездерге секрецияларын шығарып отыратын түтікшелері бар бездер жатады. Сол түтікшелері арқылы секретін арнайы мүшелер қуысына, кілегейлі қабықша бетіне бөліп отырады.

Ішкі секрециялы бездерінің сыртқы секрециялы бездерден айырмашылығы олардың бөлген сұйықтығын шығаратын түтікшелері болмайды. Сол себептен сұйықтығын тікелей ішкі ортаға қанға, лимфаға бөледі. Осының салдарынан олар өте қан тамырлы келеді. Ішкі секрециялық бездердің қанға бөліп отыратын ерекше химиялық құбылыста келген сұйықтығын гормон деп атайды. Гормондар организмдегі түрлі тіршілік процестеріне (зат алмасу, даму, өсу, жыныстық жетілуіне т. б.) өте қатты әсер етеді. Оларды не үдетіп, не тежеп отырады. Осы гормондар арқылы организмге, органдарға тиетін химиялық әсерін гуморальдық реттеу жолы деп атайды.

Төменгі сатылы жануарларда ағзаның қызметтері тек қана гуморальдық әсерімен, жоғары сатылы жануарларда, адамда, гуморальдық реттеумен бірге нерв жүйесінің әсеріне байланысты реттелу процесі де жүреді. Мұны организмнің нейро-гуморальдыц реттелуі деп атайды.

Химиялық заттардың әсерімен өтетін гуморальды реттелу нерв импульсінің әсерімен өтеді. Нерв жүйесінің қызметін алсақ керісінше химиялық белсенді заттар әсер етеді. Қорытып айтқанда, бұл екі процесс (гуморальды және нерв процестері) бір-бірімен өте тығыз байланысты келеді.

Гормондар — ете күшті активті заттар. Олардың қанға бөлініп отыруы (ішкі секрециялы бездердің жұмысы) вегетативтік нерв жүйесімен жоғары ми қызметіне байланысты келеді. Бұл бездердің көлемі өте шағын, бәрін жинағанда жалпы салмағы 100 грамнан аспайды. Бірақ олардан бөлініп шығатын гормондар әсерінің жалпы ағзаға, мүшелер жұмысына маңызы зор. Сонымен бірге ішкі секрециялы (эндокринді) бездер жұмысы өзара өте күрделі байланыста болады., Сол себептен бір бездің қызметтерінің бұзылуы басқа бездердің де жұмысына әсер етеді.

Эндокринді бездерді топографиялық жатқан жағдайларына, шығу тегіне қарай бес топқа бөлуге болады. 1-нейрогенді бездер тобына гипофиз бен эпифиз жатады. 2-бронхиогенді бездер тобына шығу тегі жағынан ұрықтың желбезек аппараты мен жұтқыншақ қабырғасынан пайда брлған бездер жатады. Оларға қалқанша без, қалқансерік бездері, айырша безі жатады. 3-хромофинді бездер тобына бүйрекүсті безі, параганглиялар жатады. 4-топқа қарынасты безінің эндокринді бөлігі жатса, 5-топқа жыныс бездерінің эндокринді бөлігі жатады.

 

Жұмыс

Тақырыбы: Ішкі секрециялық бездер.

Жұмыстың міндеті: Сыртқы және ішкі секрециялық бездердің өзара айырмашылықтары туралы

Жұмыстың мақсаты:Ішкі секрециялық бездердің қанға бөлетін белсенді (активті) заттарының (гормондарының) ағза қажетіне және орта жағдайларының өзгеруіне қарай тиетін әсерлерінің маңызын толық түсіну.

Жұмысқа керекті жабдықтар мен сызбалар: «Ішкі секрециялық бездер». Муляждер: «Адам торсы», «Бас сүйектің сагитальды кесіндісі», «Адам бүйрегі». Кестелер: «Ішкі секрециялық бездер», «Гипофиз», «Эпифиз», «Қалқанша без», «Қалқансерік без», «Айырша без», Қарынасты безі», «Бүйректің безі», «Аталық жыныс безі», «Аналық жыныс безі». Кинофильм: «Ішкі секрециялық бездер».

Нейрогенді бездер тобы(нейрогенные железы). Гипофиз немесе мидың төменгі қосындысы: ми сыңарларының астыңғы жағында, түрік ершігінің үстіңгі ойысында орналасқан. Аралық мыймен жұмысы да, әрі құрылысы жағынан да ете тығыз байланыста келеді. Оның орташа салмағы 0,7 г. Гипофиз сыртын қатты ми қабығы жауып өтеді, оның өзі алдыңғы, артқы және аралық деп аталатын үш бөліктен тұрады. Бұл үш бөлігі үш түрлі без тәрізді қызмет атқарады.

Гипофиздің көлемі өте кішкентай болғанымен, қызметі өте күшті әрі әрқилы келеді. Оның әрбір бөлікшесі жеке без маңызын атқарып, жалпы қанға 20-дан аса гормон бөледі. Мұның алдыңғы бөлігі адамның жалпы дамуына, өсуіне әсер етеді. Сонымен қатар басқа ішкі секрециялық (қалқанша, бүйрекүсті және жыныс) бездерінің жұмысын реттейді.

Ересек адамның гипофизі ісік ауруына ұшырап, қызметі өзгерсе, акромегалия дейтін науқасқа тап болады. Ол жағдайда адамның бет сүйектері, төменгі жақ сүйектері, қол, аяқ басының сүйектері әдеттен тыс өсіп, дене сыны бұзылады. Ал егер гипофиз қызметі баланың жас кезінде өзгерсе, соматотропты гормон қанға көп бөлінсе, бала алып болып, әдеттен тыс өседі. Егер осы гормон қанға өте аз белінсе, аласа бойлы, яғни ерге-жейлік қалыпта қалады. Осы ауруға 16 жастан кейін душар болса, бойы дұрыс өскенмен, жыныстық жетілуі артта қалады. Бірақ ми қызметтері ергежейлілерде де кемімейді.

Сонымен, қорытып айтқанда, гипофиздің алдыңғы бөлігінен бірнеше гормондар түзіледі. Өсу гормоны бойдың өсуін қадағалайды. Жыныстық гормон — жыныс бездерінің қызметін реттейді. Үшінші гормон — қалқанша бездің қызметін басқарады. Адренокортикотропты (АҚТГ) гормон бүйрекүсті безінің қызметін реттейді. Маммотропты гормон немесе пролокатин — сүт безінде сүттің пайда болуын реттейді.

Гипофиздің артқы бөлігі қан тамырларының, жатырдың, бүйректің қабырғасында бірыңғай салалы ет тканьдерінің жиырылуын реттеп отырады.

Қан тамырларын тарылтатын, қан қысымын көтеретін гормонды вазопрессин' десе, жатыр етін жиыратын гормонды — окситоцин, ал бүйректің несеп шығаруын реттейтін гормонды — антидиуретикалық гормон деп атайды. Гипофиздің аралық бөлімі интермедин гормонын бөледі. Ол тері клеткаларының түсіне әсер етеді.

Эпифиз (мидың жоғарғы қосалқысы)—аралық мидың таламус бөлігінің үстінде, III қарыншаның арт жағында, төрт төмпешік үстінде орналасқан. Ұзындығы 7—10, көлденеңі 5—7 мм, бұл без жасөспірім балада ересек адамға қарағанда ірілеу келеді. Өсіп-даму жағынан кемелді көлеміне 7 жасқа таман жетеді.

Эпифиздің атқаратын қызметі әлі толығымен тексерілмеген, бірақ без алынып тасталған жас малдарда сүйектерінің жылдам өсуі, жыныс белгілерінің ерте дамуы және жыныс мүшелерінің кенеттен тыс өсуі бай-қалады. Сол себептен эпифиз безі жыныстық мүшелердің дамуын тежейді деген болжау бар.

Бронхиогенді бездер тобы (бронхиогенные железы).

Қалқанша безі ішкі секрециялық бездердің ішіндегі ең үлкені болып табылады. Түсі сарғыш-қызыл, жұмсақ, салмағы 30—40 г, ені 50—60 мм; Мойынның алдыңғы жағында қалқанша шеміршекті жауып, мойын еттерінің астында жатады. Бұл без екі бүйір бөліктерінен және сол екі бөліктерін қосып жатқан көлденең бөлігінен тұрады. Осы көлденең бөлігінен жоғары қарай шыққан өсіндісі тіласты сүйекке дейін жетеді. Қалқанша бездің алдыңғы беті дөңес, артқы беті ойыс келеді. Бездің сыртында дәнекер тканьді қапшығы қаптап жатады, ол без ішіне перделер құрып оны көпіршіктерден түратын бөліктерге бөледі. Көпіршіктер іші йод затына (тироидинге) бай коллоидтерден тұрады. Бұл бездің адам организмінде маңызы зор. Оның қанға бөліп отыратын гормоны жалпы зат алмасу процесімен нерв жүйесінің дұрыс жүруіне, сүйектердің дұрыс өсуіне әсер етеді.

Қалқанша бездің тироксин гормонының мөлшері адамның жас кезінде аз болып, жыныстық жетілу мерзімінен кейін көбейе бастайды. Организмдегі иодтың 80.....90% осы бездің құрамында кездеседІ.

Қалқанша бездің атқаратын қызметіне байланысты өтетін аурулық жағдайды екіге бөледі. Гиперфункция немесе қызметінің кенеттен тыс күшейіп, қанға гормонның көп бөлінуі. Гипофункция керісінше қызметінің нашарлап, гормонының аз шығуы. Оның қызметінің жеткіліксіздігі баланың ерте жасынан байқалса, бойы өспей, тістері кеш шығып, ми қабілеті төмендейді. Мұндай ауруды «микседема» деп атайды. Оның алғашқы белгілері баланың 8 айлығында-ақ сезіле бастайды. Ол аурумен ауырған бала 4 жасқа дейін аяғын баса алмайды, бас-аяғы ісініп, шашы түсіп; тілі үлкейіп, түсі сұп-сұр болады. Баланың ақыл-ойы, жыныстық жетілуі нашар дамиды. Бойының аласалығына қарамай салмағы ауыр болады. Қей кезде микседема ауруының белгілері бала өсіп келе жатқанда да пайда болуы мүмкін. Ондай науқасты «кретинизм» дейді. Баланың ой-өрісінің дамуы аурудың пайда болған уақытына байланысты. Неғұрлым ауру ерте дамыса, соғұрлым оның ми қабілеті төмен келеді. Кретинизм ауруымен ауырған балалардың қимыл - қозғалысы өте баяу келеді, ынталары да шамалы болады. Бұл аурумен ауырған адамдардың өмірі өте қысқа болады. Егер қалқанша бездің қызметі күшейсе (гиперфункция), қанға тироксин кеп бөлінсе зат алмасу процесі 15—20 есе артады. Бұл жағдайда арықтап жүдейді, ұйқысы тынышсыз, беймаза ренжігіш, тершең, шөлге шыдамсыз келеді. Түрі бұзылып, көздері шарасынан шығады, бұл ауру «Базедов» деп аталады. Организмдегі тироксин гормонының мөлшерін қан құрамындағы иодтың мөлшерінен білуге болады. Мысалы, микседема ауруымен ауырған адам қанында йодтың мөлшері 2—7 г болса, дені сау адамда 15 грам-дай болады. Ал, Базедов ауруымен ауырған адамда йодтың мөлшері 200-ге дейін жетеді.

Калқансерік бездері (околощитовидные железа). Сырт пішіндері тары түйіршігіндей, олардың жалпы саны төртеу. Қалқанша безінің бүйір бөліктерінің арт жағында екі-екіден жабыса жатады, жай көзбен қарағанда көрінер-көрінбес болады. Бұл бездің қанға бөлінетін гормоны (паратгормон) ағзадағы кальций, фосфордың алмасуын реттейді. Егер бездің қызметі нашарлап, гормоны қанға аз бөлінсе, ағзада кальций, фосфор азайып, тістің эмаль қабығы бұзылып, шашы үзілгіш, тырнақтары сынғыш больш, бұлшық еттері жылдам әлсіреп, діріл пайда болады. Ми қабілеті де нашарлай бастайды. Ал егер керісінше, бұл бездердің жұмысы шектен тыс күшейсе, қандағы кальций көбейіп, буындар мен шеміршектер қатайып сүйектене бастайды. Қалқансерік бездері алынып тасталған адамның денесі құрысып жылдам өліп кетеді. Мұндай жағдайлар қалқанша безге операция жасаған хирургтің қателесуінен болуы мүмкін. Қалқансерік бездерінің функциясы толығымен зерттелінбеген. Жалпы бұл бездердің шығаратын гормоны сүйектің, тістің өсуін реттеуге қатысады деген пікір бар.

Айырша без (вилочковая железа) төстің ішкі жағында жабыса жатады, мұның өзі екі бөліктен түзілген. Бөліктерінің ортасы дәнекер тканімен байланысып отырады. Әрбір бөліндінің жоғарғы жағы сүйірленіп қалқанша безге дейін жетсе, төменгі жағы толықтана келіп, жүрек қапшығына дейін барады. Айырша бездің мөлшері, жұмысы адам жасына қарай өзгеріп отырады. Жаңа туған нәрестеде орташа салмағы 12 г болады. Содан жыныстық жетілу кезінде (14—15 жаста) без жақсы дамып, салмағы 30—40 грамға дейін жетеді. Бұдан әрі бездің өсуі баяулап жұмысы нашарлай бастайды. 60—70 жаста бездің салмағы 6 грамға дейін азаяды. Қәрі адамдарда без тканьдері майға айналып, жұмысы мүлдем жойылады.

Айырша бездің шығаратын гормоны, оның организмге тиетін әсері мүлдем тексеріліп біткен жоқ. Бірақ жыныс мүшелерінің дамуы, жыныс белгілерінің пайда болуын тежеп тұрумен бірге организмдегі улы заттарды усыздандырады деген пікірлер бар.

Хромофинді немесе андреналинді бездер тобы.Бүйрекүсті безі (надпочечная железа)— атына сай бүйрек үстінде орналасқан. Оң жақ бүйрекүсті безінің пішіні үш бұрышты болып келсе, сол бүйрекүсті безі жарты ай тәрізді. Олардың салмағы адам жасына қарай өзгеріп отырады. Егер жас балада 6—7 г болса, ересек адамда 20 грамға дейін барады. Бүйрекүсті безі сырт жағынан дәнекер тканьді фиброздық қапшықпен қапталған. Бездің сыртқы ашықтау келген затын қыртыс заты, ішкі қоңыр түсті жұмсақтау келген затын милы заты деп атайды. Бұл екі зат атқаратын қызметі жағынан да, әрі құрылысы жағынан да бір-бірінен өзгеше келеді. Қыртыс қабаты май (липоид) түйіршіктерінен тұратын холестерин торшаларынан түзілген. Милы қабаты хром тұздарының әсерінен сарғыш түске боялған хромофиндік торшалардан тұрады. Мұнда көптеген нерв талшықтары мен ганглиоздық (симпатикалық) нерв клеткалары кездеседі.

Бүйрекүсті безі екі (қыртыс және милы) қабаттан тұрумен байланысты екі бөлек без ретінде жұмыс істейді. Милы қабаты қанға адреналин гормонын бөліп, қан тамырларын тарылтып және симпатикалық нерв жүйесінің жұмысын күшейтіп отырады. Қыртыс қабатын алсақ, ол улы заттарды усыздандырумен бірге липоид (әсіресе лецетин, холестерин) заттарын түзіп отырады. Сонымен қатар бүйрекүсті бездің қыртыс қабаты жыныстық (андрогенді және эстрогенді) гормондарға ұқсас стероид гормондарын беліп, тұздың, судың, ақуыздар мен сулардың алмасуын реттеп отырады. Қыртыс қабатты заты үш қабаттан тұрады: сыртқы қабаты минерал заттарының алмасуын реттейді; оның гормондарын альдостерон және дизоксикортикостерон деп атайды; аралық қабаты гидрокортизон және кортизон гормондары арқылы көміртегінің алмасуын реттейді; ішкі қабаттың стреоид гормондары жыныстық жетілу мерзіміне дейін ақуыз заттарының алмасуын күшейтіп, еттің, сүйектің құрылысына әсер етеді. Қейіннен жыныс бездерінің қызметін күшейтіп жақсартады. Егер бүйрекүсті бездерін түгел алып тастаса, зат алмасу процестері 20—25% төмендеп, көміртекті заттар мен ақуызды заттардың алмасуы нашарлайды. Минералды заттардың, судың алмасуы бұзылады. Ондай аурулы адам жылдам шаршағыш келеді.

Бүйрекүсті бездерінің қызметі нашарласа адам адиссон ауруына душар болады. Денеге қоңыр түсті дақтар пайда болып, ми қабілеті нашарлап қимыл әрекеті азаяды. Ас қорыту процесі де бәсеңдейді, егер уақытында емделмей ауруын асқындырып алса, осы сырқаттан өліп кетуі мүмкін. Себебі қан қысымының төмендеу нәтижесінде адам арықтап, жалпы ағза қатты әлсірейді. Бұл бездің кенеттен тыс қатты жұмыс істеуі жыныс органдарының жылдам жетілуіне әсер етеді. Осы жағдайда екі жастағы қыз баланың менструациясының келуі, 4—5 жастағы ұл баланың мұрты шыққаны байқалған.

 

Қарынасты безінің эндокринді бөлігі(эндокринная часть поджелудочной железы). Қарынасты безі күрделі көпіршікті без, мұның өзі екі түрлі қызмет атқарады. Он екі елі ішекке панкреат сөлін шығарып, ас қорыту процесіне әсер етуін сыртқы секрециялық жұмыс дейді. Ішкі секрециялық жұмысы ерекше химиялық құрылыста келген инсулин, глюкоген гормондарын шығаруымен байланысты. Бұл гормондар углеводтың, көміртекті заттардың алмасуын реттейді. Қандағы қанттың мөлшерінің артып кетпеуінен сақтайды. Бұл ашылған гормондар ерекше құрылысты келген Лангерганс клеткаларында пайда болады. Қарынасты безінің ауруына байланысты инсулиннің азаюынан организмдегі қанттың көбеюінің нәтижесінде диабет ауруы пайда болады.

Глюкоген гормоны инсулинге керісінше, организмдегі қанттың көбеюіне әсер етеді. Бұл жағдай ми клеткаларына үздіксіз қант затының барып тұруын қамтамасыз етеді. Жас өспірім балалардың ми клеткаларында қанттың жетіспеуіне байланысты талма ауруы жиі кездеседі, ол кейін өсе келе жойылып кетуі де мүмкін.

Жыныс бездері(половые железы). Жыныс бездеріне аналық және аталық бездер жатады. Жыныстық бездердің морфологиялық құрылысы осы кітаптың «Жыныс мүшелері» деген бөлімінде айтылған. Бұл жолы осы айтылған бездердің ішкі секрециялық маңызына ғана тоқтаймыз. Себебі, жыныс бездері қарынасты безі тәрізді сыртқы және ішкі секрециялық жұмыс атқарады. Сыртқы секрециялық жұмысына аталық және аналық жыныс клеткаларын түзу жұмыстары жатса, ішкі секрециялық жұмыстарына гормон заттарын қанға бөлу жұмысы жатады. Жыныс бездері өздеріне тән гормондарды жыныстық жетілу мерзіміне жақындағанда түзе бастайды. Ер балалардың жыныс бездері эндокриндік (тестестерон т. б.) гормондар бөлсе, қыз баланың аналық жыныс безі эстрогендік (фолликулин, прогестерон) гормондарын түзеді. Бұл гормондар адамның жалпы өсіп-жетілуіне, жыныс мүшелерінің және жыныс белгілерінің дамуына күшті әсер етеді. Егер жыныс гормондары бала организміне үнемі еніп отырса, оның мінезі, бойының өсу жылдамдығы (жілік сүйектерінің өсуі арқасында) өзгеріп, қосымша жыныс белгілері ерте дами бастайды. Қосымша белгілер деп жыныстық дамуға байланысты өтетін морфологиялық және функционалдық ерекшеліктерді айтады. Мысалы, әйел мен ер адам қаңқа сүйектерінің айырмашылығы (әйел адамда жамбас белдеуінің, ер адамда иық белдеуінің жақсы жетілуі), бұлшық еттерінің ер адамда күшті болуы, ер адамдардың бетіне сақал-мұрт шығуы, әйел адамдарда сүт бездерінің дамуы, ер адам мен әйел адам дауыс ырғақтарының ерекшелігі т. б. жыныстық белгілер жатады. Ал алғашқы жыныс белгілеріне аналық және аталық жыныс мүшелерінің ерекшеліктері жатады.

Сонымен жыныс бездерінің күрделі, ішкі секрециялық қызметі организмнің жалпы тіршілігінің қалыпты жағдайда жүруіне әсер етеді.

Бақылау сұрақтары:

1. Сыртқы ішкі секрециялық бездердің қызметі қандай?

2. Ішкі секреция бездер түрлерін атаңыз?

 

ТАМЫРЛАР ЖҮЙЕСІ

(ангиология)

Жалпы шолу.Тамырлар жүйесіне түсінік беретін анатомия саласын ангиология деп атайды. Бұл жүйеге— орталығы — жүрек, қан және лимфа тамырлары, қан жасайтын органдар (көкбауыр, сүйек майы, лимфатикалық бездер) жатады. Сонымен қатар, тамырлар жүйесінің жұмысын реттеп тұратын, қан мен лимфаның химиялық құрамына және тамыр ішіндегі қан қысымына байланысты туатын қозуларды қабылдайтын нерв жүйесінің қабылдағыш ұштары (хемеро-барорецепторлары) да кұрамына кіреді.

Тамырлар жүйесінің қызметі өте күрделі. Олар барлық органдарды өзара байланыстырып, нерв жүйесініңбасқаруымен ағзаның біртұтастығын сақтауға қатынасады. Сонымен қатар, бір мүшенің (ішкі секрециялық бездердің) шығаратын затын (гормонын) екінші мүшеге жеткізіп, жалпы организмнің қызметіне әсер етеді. Бұны ішкі орталық (гуморальдық) байланыс дейді.

Ішектен алынған қоректік заттар мен өкпеден алынған оттегі қан тамырларының қабырғалары арқылы клеткаларға беріліп отырылады. Ал, клеткаларда тіршілік әрекеті нәтижесінде пайда болған ыдырау өнімдері қан құрамымен бүйрекке, өкпеге, тер бездеріне т. б. жеткізіліп сыртқа шығарылады. Қан арқылы өтетін бұл жағдайларды зат және газалмсау процесі деп атайды. Қанның тағы бір қызметі—организмді әр түрлі аурулар туғызатын заттар мен бактериялардан қорғауға қатысуы. Дене жылуын организмдегі су мен тұздың мөлшерін бір жағдайда ұстау т. б. маңызды жұмыстар атқарады. Ересек адамда орта есеппен алғанда бес-алты литрдей қан болады.

Қан құрамының тұрақты болуының клеткалардың тіршілік етуінде үлкен маңызы бар. Адам ағзасының жалпы жағдайын қан құрамының өзгерісінен байқауға болады.

Тамырлар жүйесінің атқаратын қызметі мен морфологиялық құрылысына қарай қан айналу және лимфа жүйесі деп екіге бөледі.

Тамырлар жүйесінің орталығы жүрек. Жүрек — іші куыскелген, етті мүше. Ол-қалың ет пердесі арқылы бір-бірімен қатыспайтын екі бөлікке бөлінеді. Оның әрбір бөлімі жүрекше мен қарыншадан түзілген. Екі жүрекше жиырылып қанды қарыншаларға өткізеді, ал қарыншалар үлкен және кіші шеңбер қан айналыстарына жібереді.

Атқаратын қызметіне қарай тамырларды артериялар, веналар, капиллярлар деп бөледі.

Жүректен қанды органдарға алып кетіп жатқан тамырларды артериялар, ал органдардан жүрекке алып келіп жатқан тамырларды веналар деп атайды. Артерия тамырлары мен вена тамырлары арасында кездесетін майда тамырларды капиллярлар дейді, олар органдар ішінде орналасады.

Организмдегі барлық вена қаны, вена тамырлары арқылы келіп, жүректің оң жүрекшесіне құяды. Одан жүрекше-қарынша (антриовентрикулярлық) тесігі арқылы оң қарыншаға өтеді. Бұл қарыншаның жиырылу нәтижесінде қан өкпе артериясы арқылы өкпелерге өтеді. Өкпеде қан оттегіне байытылып, артерия қанына айналып, өкпе веналары арқылы сол жүрекшеге келіп құяды. Одан жүрекше-қарынша тесігі арқылы сол қарыншаға өтіп, оның жиырылу нәтижесінде, қан қолқа тамырлары арқылы бүкіл денеге тарайды. Капиллярлар арқылы оттегі мен қоректік заттар тканьдерге беріліп, одан көмір қышқыл газы мен керексіз заттарды қабылдап (вена қанына айналып), вена қан тамырлары арқылы жүрекке қарай бағыт алады.

Денедегі вена тамырлары бір-бірімен бірігіп, екі үлкен жоғарғы және төменгі қуысты веналарды түзеді. Жоғарғы қуысты вена, вена қанын дененің жоғарғы бөлімінен жинаса, теменгі қуысты вена дененің төменгі бөлігінен жинайды. Бұл екі қуысты венаның еқеуі де оң жүрекшеге келіп ашылады, осы аталған веналардан да басқа оң жүрекшеге жүректің өз веналары да құяды. Осы айтылған жағдай, адамның қан айналу жүйесінің тұйық екендігін дәлелдейді.

Жалпы адамның қан айналу жүйесі бір-бірімен байланысып жатқан кіші және үлкен айналу шеңберлеріне бөлінеді.

Кіші (өкпелік) қан айналу шеңбері оң қарыншадан өкпе артериясы арқылы басталып, жоғары қарай көтеріліп екі тарамға бөлінеді. Әр артерия (оң және сол) тарамы өз өкпесіне енгеннен кейін, ұсақ капиллярларға бөлінеді. Осы капиллярлар бірігуінің нәтижесінде пайда болған өкпе веналары арқылы сол жүрекшеге келіп құятын қан айналу жолын кіші шеңбер немесе өкпелік шеңбер деп атайды.

Үлкен қан айналу (денелік) шеңбер деп жүректің сол қарыншасынан қолқа тамыры арқылы басталып, бүкіл денеге тарамдалып, одан вена тамырлары арқылы келіп оң жүрекшемен аяқталатын жолды айтамыз.

Кейбір органдардың қан тамырлары капиллярға бөлінбей-ақ бір-бірімен көлденең қосылыстар жасап байланыса салады. Қанды бір-біріне осылай өткізе салу жолдарын анастомоздар деп атайды. Мұндай байланыстар артерия мен артерия, вена мен вена және вена мен артерия аралықтарында болуы мүмкін. Оларды артериалды, венозды және артерия-венозды көлденең қосылыстар деп атайды. Бұл жағдай саусақ ұшында, мұрында, құлақ қалқанында, жүректе, бас миында, бүйрек, көкбауыр, өкпе тағы басқа ішкі мүшелерде кездеседі. Мұндай қосылыстардың маңызы өте зор. Біріншіден, бір жағдаймен негізгі тамыр арқылы қан жүрмей қалса, осы көлденең қосылыстары арқылы көрші тамырларға өтіп, ағзаны қанмен қамтамасыз етіп отырады; екіншіден, қанның (капилляр тамырларысыз) тікелей өтуіне байланысты жалпы қан айналу шеңбері қысқарады.

Қан айналу жүйесінде ерекше торлар да кездеседі. Жалпы жағдайда адам денесіндегі артерия тамырлары ұсақ капиллярларға бөлініп барып, веналарға көшеді. Ал кейбір мүшелерде (бүйректе, бауырда) бұл жағдай сақталмай веналардан венаға, артериялардан артерияларға көшуі де байқалады.

Қан тамырларының қабырға құрылысы. Қан тамырларына үлкен, орташа, кіші артериялар мен веналар және ұсақ тамырлар — капиллярлар жатады. Үлкен тамырлар (қолқа, өкпелік артерия, қуысты және өкпе веналары) қанды тек өткізіп отыру қызметін атқарса, орташа және кіші тамырлар нерв жүйесінің әсерінің нәтижесінде көлемін өзгертіп (тарылып, кеңейіп), қанның жүруін реттеп отырады. Ал ұсақ капилляр тамырларын алсақ, олар арқылы қан мен ткань арасында зат және газ алмасу процестері өтеді. Осы айтылған қызметтеріне байланысты қан тамырларының қабырға құрылысы да өте ерекше келеді.

Ең майда (капилляр тамырларына жақын жатқан) артерияларды — артериолдар, ал веналарды — венулалар деп атайды.

Артериялар мен веналардың кабырға құрылыстары бір-біріне өте ұқсас келеді. Олар негізінде эпителий тканінен түзілген — ішкі (интима), бірыңғай салалы ет ткані мен серпімді талшықтарынан түзілген — ортанғы (медия) және дәнекер тканінен түзілген — сыртқы (адвинтиция) қабаттарынан тұрады.

Вена тамырларының қабырға құрылысы серпімді талшықтар мен ет талшықтарының аз болуынын нәтижесінде жұқа болып келеді. Сонымен қатар, вена тамырларының ішінде айшық тәрізді қақпашалары да болады. Әсіресе олар дененің төменгі бөлігіндегі тамырларда көбірек кездеседі. Олар қан жүрген кезде ашылады да, қан өз салмағымен кері кетпес үшін жабылып қалып кедергі жасайды.

Ірі артерия тамырларының қабырғасында серпімді талшықтар көбірек кездеседі. Олар қан қысымы көтерілген кезде тамырлардын созылуына, ал азайған кезде кері бұрынғы жағдайына келуіне мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде қан тамырлары аркылы қан үздіксіз ағып отырады.

Орташа, әсіресе кішігірім артерия тамырларының қабырға құрылысында ет талшықтары да кездеседі. Олар жиырылған кезде тамыр көлемін тарылтып, босаған кезде кеңейтіп қанның органдарға бару мөлшерін реттеп отырады.

Капиллярлар деп ұсақ артерияларды ұсақ веналармен байланыстырып тұратын өте нәзік тамырлар тарамын айтады. Әрбір капиллярдың жуандығы шаштың жуандығынан бірнеше есе кем болады. Капиллярдың қабырғасы өте жұқа бір қабат жатқан жалпак эпителий торшаларынан түзілген. Осының нәтижесінде, капиллярлар қабырғасынан ерітінді түрдегі заттар мен газдар өтіп, тканьдер мен капилляр тамырлары арасында зат алмасу және сүзілу процестері орындалады. Егер тканьдерге капиллярдың қабырғалары арқылы қоректік заттар мен оттегі өтіп отырса, тканьдерде ыдырау процесінде пайда болған өнімдер ткань сұйықтығынан қанға өтеді. Осы айтылған процестер капилляр қабырғасы арқылы активті түрде атқарылады. Осы уақытқа дейін капилляр құрылысында жиырылатын элементтер жоқ деп келген. Соңғы кезде, капилляр қабырғасы етті және етсіз болатындығы анықталды.

Жұмыс

Тақырыбы:Жүрек.

Жұмыстың міндеті: Муляждар мен кесте-суреттерді қолдана отырып жүректің жатқан топографиялық жағдайын, сыртқы және ішкі құрылысын түсіну.

Жұмыстың мақсаты:Жүректің жақтаулы және айшық тәрізді клапандарының жатқан орнын, құрылысын тексеріп, олардың атқаратын қызметін білу.

Жұмысқа керек жабдықтар: «Жүрек препараты», «Сиыр малының жүрегі». Муляждер: «Жүрек». Суреттер: «Жүрек», «Жүрек пен өкпелер», «Көкірек қуысындағы органдар топографиясы», «Қан айналу, шеңберлер схемасы», «Жүрек құрылысы мен жұмысы» деген кинофильм.

Жүрек(сердце). Жүрек конус тәрізді етті мүше, оның жоғарғы, толық келген жағы жүректің негізі, ал төменгі сүйірленіп жатқан жағын жүрек ұшы деп атайды. Жүректің төмен қарап диафрагма үстінде жатқан бетін диафрагмалық, алдыңғы жағын жүректің төсқабырғалык беті дейді. Орта есеппен жүрекке 300 см3 қан сияды. Орта салмағы 250—300 г болады. Ол жүрек қабының ішінде орналасқан.

Жүрек қабы (околосердечная сумка)— екі бүйірінен аралық плевраға, астыңғы жағынан диафрагманың сіңірлі ортасына, ал алдынан төске жанасып, дәнекер тканьді талшықтары арқылы бекиді. Жүрек қабын сыпырып алып тастаса, оның бетімен жүріп жатқан сайларды байқауға болады. Жүректі белдеулей көлденең сай өтеді, ол жүрекшелер мен қарыншалар шекарасы болып саналады. Себебі оның үстіңгі жағында жүрекшелер жатса, астыңғы жағында қарыншалар орналасқан. Осы сайдан төмен қарай жүректің алдыңғы бетімен алдыңғы, ал артқы бетімен артқы ұзынша сай өтеді. Бұл екі сай арқылы қарыншалар бір-бірінен бөлініп жатады. Осы сайлармен жүректің негізгі қан тамырлары өтеді.

Жүректің ішкі құрылысы. Жүрек қалың ет пердесімен ұзына бой екі бөлімге бөлінеді. Оның оң жағын —венозды, ал сол жағын артериялды бөлімдері дейді. Себебі, жүректің оң жағында әрдайым вена қаны өтсе, сол жағымен тек қана артерия қаны етеді.

Жүректің оң жағы — оң жүрекше мен оң қарыншадан, сол жағы — сол жүрекше мен сол қарыншадан түзілген. Әрбір жүрекше-қарынша аралығында жақтаулы қақпақшалар (клапандар) жатады. Оң жүрекше-карынша аралығында үшжақтаулы, сол жүрекше-қарынша аралығында қосжақтаулы қақпақшалары болады. Бұл жақтаулы қақпақшалар жүрекшелерден қарыншаларға қарай ашылып, қанды кедергісіз қарыншаларға өткізіп тұрады. Ал қарыншалар жиырылған кезде жабылып қанның кері жүрекшелерге өтуіне кедергі жасайды. Сол себептен, қан тек қана кіші және үлкен шеңберлерге қарай жол табады. Кіші және үлкен шеңбердің өкпе артериясы мен қолқаның басталар жеріндегі айшық қақпақшаларының ашылу нәтижесінде, қан оң қарыншадан кіші шеңберге, ал сол қарыншадан үлкен шеңберге шығады. Бұл қақпақшалар да қанның кері қарыншаларға өтуіне жабылып кедергі жасайды. Бұл клапан аппараттары жүректің ішкі қабатының — эндокардтың қабатталу нәтижесінде пайда болады. Үшжақтаулы қлапан үш жақтаудан түзілген, қосжақтаулы клапан екі жақтаудан түзілген. Олардың жақтау шеттерінен төмен қарай сіңір жіпшелері шығып қарыншалар түбіндегі емізікше еттерге тіркеледі. Қарыншалар жиырылған кезде, қан қысымымен клапан жақтаулары жоғары қарай (жүрекшелерге) қайтарылып кетпес үшін осы сіңір жіпшелерінің керілу нәтижесінде ұсталып қалынады.

Оң жүрекшенің жоғарғы жағында — жоғарғы қуысты венаның, ал төменгі жағынан төменгі қуыс веналарының ашылар жері бар. Сонымен, қорытып айтқанда, оң жүрекше денедегі бүкіл бүкіл венозды қанның құйылар жері болып саналады. Оң жүрекшеге енген вена қаны, жүрекшенің жиырылу нәтижесінде, үш-жақтаулы қақпақшаның ашылуымен оң қарыншаға өтеді. Ал, оң қарынша жиырылғанда үшжақтаулы клапан жабылып, айшық клапандар ашылып, қан өкпе артериясы арқылы кіші шеңберге өтеді.

Оң жүрекше мен сол жүрекшенің қосымша қуысы болып саналатын оң және сол құлақшалары болады. Олар жүрек қатты жұмыс істегенде қанға толып, ішкі жағындағы тарақша еттерінің жиырылу нәтижесімен қанды жүрекшенің жалпы қуысына өткізіп тұрады. Оң жүрекшемен сол жүрекше аралығында сопақша ойыс болады. Ол ұрықтың даму кезеңінде екі жүрекшені байланыстырып тұрған саңылау тесіктің орны болып саналады.

Сол жүрекше қабырғасына қарағанда тегіс келеді. Оның арт жағында төрт өкпе веналарының (әр өкпеден екі-екіден) ашылар жері жатады. Өкпе веналары арқылы келген артерия қаны жүрекшенің жиырылуымен, қосжақтаулы қақпақшаның ашылуымен сол қарыншаға өтеді.

Сол қарыншаның негізі жоғары қараған, ұшы төмен қараған конус тәрізді. Оның қабырғасында оң қарынша қабырғасындағыдай емізікше еттер жатады. Бұл еттеріне қосжақтаулы қақпақшаның сіңір жіпшелері келіп тіркеледі.

Жүректің қабырға құрылысы. Жүректің ішкі қабырғасы - эндокард, ортаңғысы — миокард, сыртқы — эпикард қабаттарынан түзілген.

Эндокард жүректің ішкі бетін жауып жатқан жұқа кабықша, ол қан тамырларының ішкі қабатына өте ұқсас келеді. Бұл бірыңғай салалы ет тканімен серпімді талшықтардан түзілген. Қанмен тығыз байланыста болғаннан кейін беті өте тегіс келеді. Мұның қабатталуы нәтижесінде жүректің клапан аппараттары түзілген.

Миокард жүректің ортаңғы қалың ет қабаты. Оның қалыңдығы жүректің әр жерінде әр түрлі жетілген. Қарыншалар миокардасы жүрекшелер қабырғасына қарағанда қалыңдау келеді, ал қарынша қабырғасы жүректің ең қалың жетілген бөлігі болып саналады. Бұл жағдай жүректің камераларының атқаратын жұмысымен тығыз байланысты. Себебі, жүрекшелер жиырылып қанды қарыншаларға ғана өткізсе, қарыншалар жиырылып қанды екі шеңберге өткізеді. Әсіресе, қанды үлкен шеңберге жіберу үшін сол қарыншаға үлкен күшпен жиырылуға тура келеді. Сол себептен, сол қарын-шаның қабырғасы, жүректің басқа камераларының қабырғасына қарағанда қалыңдау болады. Жүрек етінің қаңқа етінен айырмашылығы ет талшықтары өзара көлденең қосылыстар түзіп торлана жатады. Сол себептен де жүрек еті жиырылса, тұтасынан жиырылады. Жүрекшелер миокардасы қарыншалар миокардасымен байланыспай жеке түзілген және өздеріне тән ерекшеліктері де бар. Жүрекшелер қабырғасының ет талшықтары екі бағытта орналасқан. Беткей қабатының ет талшықтары екі жүрекшені бірдей орап өтсе, ішкі қабатының ет талшықтары әр жүрекшені жеке орап өтеді. Сонымен қатар веналардын ашылар жерінде сақиналы ет талшықтарынын болу нәтижесінде және жүрекшелердің сол ет талшықтарынан бастап жиырылуымен байланысты қан кері вена тамырына кетпей, қарыншаларға қарай бет алады.

Қарыншалар миокардасы сыртқы, ортаңғы, ішкі үш қабатты ет талшықтарынан түзілген.

Сыртқы (беткей) ет қабаты — ұзына бой ет талшықтарынан түзілген. Олар жүрекше-қарынша аралық сіңірлі сақиналардан басталып, төмен қарай жүріп жүрек ұшына жеткенде иірім жасап, жүректің ішкі терең қабатына көшеді. Ішкі терең қабатының ет талшықтары кері қарай жоғары көтеріліп жүрекше — қарынша аралығындағы сіңірлі сақиналарға бекиді. Осы айтылған сыртқы және ішкі қабаттарының аралығында қарыншалардың ортаңғы қабаты орналасады. Бұл қабаттың ет талшықтары көлденең бағытта жатады және әрбір қарыншаны жеке орайды.

Миокардтың қалың етінде ерекше құрылыста келген түйіндер мен шоқтар орналасқан. Олар жүрек еттерінің еріксіз жиырылып, реттеліп соғуына әсер етеді. Сондықтан оларды жүректің өткізгіш жүйесі (проводящая система сердца) деп атайды. Бірінші негізгі түйін оң қарынша миокардасының қалың етінде, жоғарғы қуысты вена мен кұлақша аралығында орналасқан. Оны синус (Кис-Фляк) түйіні деп атайды. Бұл түйіннен таралған қозу екі жүрекшеге беріліп олардың жиырылуына себеп болады. Екінші түйін жүрекшелер аралық перденің төменгі бөлігінде қарыншаларға жақын жатады. Ол жүрекше-қарынша немесе атриовентрикулярлық (Ашоф-Товар) түйін деп аталады. Бүл түйіннен төмен қарай екі қарынша аралығымен гис шоғыры түседі, ол екі аяқшаға белініп, екі қарыншадағы емізікше еттерге дейін жетеді. Осы жүрекше-қарынша түйінінің қозу нәтижесінде екі қарынша жиырылады.

Қорытып айтқанда, екі бөліктен түзілген журекшелер мен қарыншалардың жұмысын байланыстырып тұрған осы жүректің өткізгіш жүйесі болып саналады. Сонымен қатар, жүректің автоматикалық соғуын да реттейді. Автоматизм деп жүректі денеден ажыратып алғанда да қызметін тоқтатпай соға беруін айтады.

Жүрек жұмысы үш кезеңмен өтеді. 1. Екі жүрекше жиырылады да жақтаулы қақпақшалардың ашылуына байланысты қан қарыншаларға өтеді. 2. Қарыншалар жиырылып айшық қақпақшалардың ашылуымен қан айналу шеңберлеріне жіберіледі. 3. Жүректің біраз тыныштық күйі өтеді (қайта жүрекшелер жиырылғанға дейін).

Жүрек еттерінің жиырылуын систола, босауын диастола, ал аз уақыт тыныштық күйін — пауза деп атайды.

Эпикард — жүректің сыртын жауып жатқан жұқа қабықша, сондықтан да оның астында жатқан қан тамырларын оңай байқауға болады. Эпикард қабаты жүректің негізінен перикардқа, яғни жүрек қапшығының ішкі бетіне көшеді. Перикард пен эпикард аралығындағы қуыстықта (саңылауда) сероздық ылғал болады. Ол жүрек жиырылып, жұмыс істеп тұрғанда қабықшаларының өзара үйкеліспеуіне себеп болады.

Вегетативті (автономды) нерв жүйесі жүректің өткізгіш жүйесімен тікелей байланыста болады, сондықтан оған тікелей әсер етіп, нерв импульстерін тудырып отырады.

Жүректі қоректендіретін тамырларға оң және сол жүрек артериялары жатады. Олар қолқаның айшық қақпақшаларының тұсынан басталады. Оң артериясы жүректің оң жағында, сол артериясы сол жағында капилляр тамырларына тарамдалып, жүректі қоректендіріп, вена тамырларына жалғасады. Жүректің веналары оң жүрекшеге жиналған вена қанын құяды.

Бақылау сұрақтары:

1. Жүректін қызметі мен құрлысын түсіндіріңіз?

2. Жүректің бұлшық еттері нешеге бөлінеді сипаттап беріңіз?



Просмотров 12386

Эта страница нарушает авторские права




allrefrs.su - 2025 год. Все права принадлежат их авторам!