![]()
Главная Обратная связь Дисциплины:
Архитектура (936) ![]()
|
Сирақ бұлшық еттері алдыңғы, артқы және сыртқы болып үш топқа бөлінеді
Сирақ еттерінің алдыңғы тобына асық жіліктің алдыңғы еті, аяқ бармақтарын жазатын, бас бармақты жазатын ұзын еттер жатады. Бұл еттер аяқ жілік пен оның шыбығының алдыңғы беттерінен басталады. 1. Асық жіліктің алдыңғы еті (передняя большеберцовая мышца) – асық жіліктің алдыңғы жағында орналасқан. Ол сүйекаралық жарғақтан басталып, аяқ басына қарай бағыт алып, айқас байламдарының астынан өтіп, бірінші сына сүйегі мен бірінші табан сүйегінің негізіне бекиді. Бұл ет жиырылғанда аяқ басын жазады және оның ішкі қырын көтереді. 2. Бармақтар жазатын ұзын ет (длинный разгибатель пальцев)- жоғарыда айтылған бұлшық еттің сырт жағында орналасқан. Бұл қауырсын пішінді бұлшық еттер тобына жатады. Ол асық жілік пен шыбықтың бас жағынан және сүйекаралық жарғақтан басталады. Бұл бұлшық еттің де сіңір бөлігі айқас байламдар астынан өтіп, төрт бөлікке ажырап ІІ, ІІІ, ІҮ, Ү бақайларға бағытталып, бақайшықтарына бекиді. Жиырылғанда барлық аяқ бармақтарын және аяқ басын жазады. 3. Басбармақ жазатын ұзын ет (длинный разгибатель большого пальца) - жоғарыда айтылған екі еттің астында, тереңде орналасқан. Ол шыбық пен сүйекаралық жарғақтан басталып, айқас байлам астынан өтіп, бас бармақтың тырнақ бақайшығына бекиді. Жиырылғанда бас бармақты жазумен бірге аяқ басын үстіне қарай тартады. Сирақтың сырт жағында шыбықтың ұзын және қысқа еттері жатады. 1. Шыбықтың ұзын еті (длинная малоберцовая мышца) - қауырысын пішінді ет. Ол шыбық сүйектің басынан басталып ұзын сіңірі тобықтың астынан табанға қарай өтіп, бірінші табан сүйегі мен бірінші сына сүйегіне бекиді. Бұл ет жиырылғанда аяқ басын бүгіп, сырт жағынан көтереді. 2. Шыбықтың қысқа еті (короткая малоберцовая мышца) - айтылып кеткен еттің астында орналасқан. Оның сіңірі де шыбықтың сыртқы тобығынан орай өтіп, Ү табан сүйегіне бекиді. Бұл жиырылғанда да аяқ басын бүгін оны сыртқа қарай тартады. Сирақтың сырт жағындағы еттерді орналасу жағдайына қарай беткей және терең жатқан еттерге бөледі. Оның беткей қабатында үшбасты ет, табан еті, ал терең жатқан қабатында тақымасты еті, бақайларды бүгетін ұзын ет, асық жіліктің артқы еті және бас бармақ бүгетін ұзын ет жатады. 1. Сирақтың үшбасты етінің (трехглавая мышца голени) – екі басын балтыр ет деп атаса, үшінші басын камбала тәрізді ет дейді. Балтыр еті сирақтың арт жағында тері астында орналасқан. Оның екі басы ортан жіліктің төменгі жағынан басталып, төмен қарай түсе келе астында жатқан камбала тәрізді етпен бірігіп, өкше немесе ахиллес сіңірін түзеді. Ахиллес сіңірі өкше сүйегінің бұдырына бекиді. Бұл тұтасымен жиырылғанда тізені, аяқ басын бүгеді, өкшені көтереді. Жалпы аяқтың тік тұруын қамтамасыз етеді. 2. Табан еті (подошвенная мышца) - қалдық еттерге жатады, өйткені бұл кей адамдарда болмауы да мүмкін. Ол ұзын сіңірлі, ортан жіліктің арт жағынан басталып, балтыр еттің астынан өтіп, ахиллес сіңіріне бірігіп кетеді. Сол себептен бұл үшбасты еттің жәрдемшісі болып саналады. Сирақтың арт жағында терең жатқан бұлшық еттер сирақ жіліктері мен сүйекаралық жарғақтан басталады. Олар сирақтың алдыңғы бетінде жатқан еттерге қарама-қарсы қызмет етеді. 3. Тақымасты еті (подколенная мышца) - жалпақ және қысқа болып келеді. Ол тақым астында орналасқан. Тақымасты еті ортан жіліктің төменгі жақ сыртқы бетінен басталып, асық жіліктің артқы бетінің жоғарғы бөлігіне бекиді. Бұл ет жиырылғанда сирақты бүгіп, оны ішке қарай айналдырады. 4. Аяқ бармақтарын бүгетін ұзын ет (длинный сгибатель пальцев)- артқы еттердің астыңғы жағында, асық жіліктің артқы бетінде орналасқан. Осы жіліктің артқы бетінен басталып, оның сіңірі табанға қарай айналып, төртке бөлініп ІІ, ІІІ, ІҮ, Ү аяқ бармақтарының тырнақ бақайшықтарына бекиді. Бұл ет жиырылғанда аяқ бармақтарын және аяқ басын бүгеді, табанның ішкі қырын көтеріп супинациялайды. 5. Асық жіліктің артқы еті (задняя большеберцовая мышца)- бармақтарды, бас бармақты бүгетін ұзын еттердің аралығында орналасып, сол бұлшық еттермен жабылып жатады. Ол сүйекаралық жарғақ пен екі сирақ сүйектерінің артқы бетінен басталып, ішкі тобықтың астынан айналып өтіп, сіңірі қайықша сүйекпен бірінші сына сүйекке бекиді. Жиырылғанда аяқ басын бүгеді, ішкі қырын көтеріп супинациялайды. 6. Басбармақ бүгетін ұзын ет (длинный сгибатель большого пальца)– терең еттердің астыңғы жағында орналасқан ірі бұлшық еттер қатарына жатады. Бұл ет қауырысын пішінді келеді. Ол шыбықтан басталып, ұзын сіңірі ішкі тобықтың астынан өтіп, басбармақтың тырнақ бақайшығына бекиді. Жиырылғанда аяқ басын ішке қарай айналдырып, бас бармақты бүгеді. Сирақтың шандырлы жапқыштары аяқты сирақ бөлімінің бұлшық еттерін қоршап жатады. Жалпы сирақтың шандырлы жапырақтары сирақ еттерін топ-тобымен орап, керіп жіліктерге бекиді. Сонымен бірге бұл шандырлар сирақтың алдыңғы жағында жатқан еттерді сырт жағында жатқан еттерден ажыратып, аралық перделер түзіп жатады. Сирақ шандырлары толарсақ буын аймағында қабаттанып, сіңір байламдарын түзеді. Аяқ басының дөңес бетінде көлденең және айқас байламдары болады. Олар астынан өткен ет сіңірлерін бекітіп, оларды орындарына орнықтырып жатады. Аяқ басының үстіңгі еттерінеаяқ бармақтарын жазатын қысқа еттер мен бас бармақ жазатын қысқа ет жатады. 1. Аяқ бармақтарын жазатын қысқа ет (короткий разгибатель пальцев)- өкше сүйегінің сырт жағынан басталып, саусақтарға қарай бағыттала келе, үш сіңір салаларына бөлінеді де үш (ІІ, ІІІ, ІҮ) аяқ бармақтарының ортаңғы және тырнақ бақайшықтарына ет сіңірлерімен бекиді. Олар жиырылған кезде бірігіп, бармақтарды жазады. 2. Бас бармақ жазатын қысқа ет (короткий разгибатель большого пальца)– алдында айтылған еттің іш жағында орналасқан. Оның басы өкше сүйегінің жоғарғы бетінен басталып, бас бармақтың тырнақ бақайшығына бекиді. Жиырылған кезде бас бармақты жазады. Табан астының бұлшық еттері сыртқы, ішкі табан қырының еттері мен орта бөлігінің еттері болып үш топқа бөлінеді. Табанның сырт жағындағы еттерге Ү саусақты қимылға келтіретін еттер жатады. Олар Ү саусақты бүгуші, алып кетуші және оны қарама-қарсы қоюшы еттер. Бұлар өте майда келеді. Жиырылған кезде өздерінің аттарына лайық қызметтерден басқа табанның сыртқы жиегін түзеді. Табан еттерінің ішкі тобына бас бармақты бүгетін, алып кететін және алып келетін еттер жатады. Бұл еттер табанның көлденең сайын түзуге қатысады. Табанның орта бөлімінің еттеріне аяқ бармақтарын бүгетін қысқа еттер, табанның құрт тәрізді еттері және табанның сүйекаралық еттері жатады. 1. Аяқ бармақтарын бүгетін қысқа ет (короткий сгибатель пальцев) - өкше сүйегі мен табан шандырынан басталады. Бұл еттер төрт салаға бөлініп, әрқайсысы сіңірлі бөлігімен төрт (ІІ, ІІІ, ІҮ, Ү) бармақтан ортаңғы бақайшығына бекиді. Жиырылғанда тіркелген бармақтарын бүгеді және табан ойысын түзуге қатысады. 2. Табанның шаршы еті (квадратная мышца подошвы) - алдында айтылып кеткен еттің астында жатып, өкше сүйегінен бастала келе, саусақтар бүгетін ұзын еттің сіңірінің сырт жағына бекиді. Мұның қызметі – бармақтарға қиғаш жалғасқан бармақтар бүгетін ұзын ет сіңірлерін ұзыннан тартып тұру. 3. Табанның құрт тәрізді еттері (червообразные мышцы подошвы)- төрт ет жиынтығынан түзіліп, сіңірлері бармақтар бүгетін ұзын ет сіңірлерінен басталады. Ол төменгі жағында бармақтың негізгі бақайшықтарының ішкі жағына бекиді де, ортаңғы тырнақ бақайшықтарын жазып, негізгі бармақтарды бүгеді. 4. Табанның сүйекаралық еті (межкостные мышцы подошвы) -табан сүйектерінің арасында орналасқан. Ол төрт сыртқы және үш табанасты еттерінен құралған. Аяқ басының сыртқы еттері аяқ бармақтарын алшақтатса, ал табанасты еттері оларды керісінше бір-біріне жақындатады. Аяқ басының бұлшық еттерінің шандырлы жапқыштары сирақ шандырының тікелей жалғасы болып есептеледі. Аяқ басының дөңес бетіндегі шандыр жапқыштары жұқа келген сүйектерге бекіген. Табан бетінде күшті сіңірден пайда болған табан жапқышы болады. Ол өкше сүйегінен басталып бармақтарды бойлап орналасқан. Табанға келетін бұлшық еттердің сіңірлерін кілегейлі қынаптар қаптап жатады. Сіңірлер шандыр байламдарының астынан өтер жерінде сүйекті-шандырлы қынаптар арқылы сүйекке жанаса орналасқан. Табан бөлігінің сіңірлері де кілегейлі қынаптар мен фиброзды қынаптардан өтеді. Бақылау сұрақтары: 1. Аяқ бұлшық еттерінің құрлысы мен қызметін айтыңыз? 2. Аяқ бұлшық еттерінің түрлерін атаңыз?
ІШКІ МҮШЕЛЕР (спланхнология) Жалпы түсінік. Ішкі мүшелерге ас қорыту, тыныс алу, зәр шығару, жыныс мүшелері мен ішкі секрециялық бездер жатады. Бұл мүшелер жүйелері көкірек, құрсақ және жамбас қуысында жататындықтан оларды ішкі мүшелер деп атайды. Ас қорыту жүйесі ұзына бой жатқан түтік тәрізді, оның ішкі қабырғасы қоректік заттармен тығыз байланысты келеді. Бұл мүшелер арқылы сыртқы ортамен ағза арасында зат алмасу процесі өтеді. Ас қорыту аппаратының бірінші бөлімі ауыз қуысынан басталады, ол көмей тесігі арқылы жұтқыншақпен байланысады, одан кейін өңеш, қарын, аш ішек, тоқ ішек, ең соңынан тік ішекпен аяқталады. Ас қорыту аппараты топографиялық орналасу жағдайына қарай бас, мойын, көкірек, құрсақ және жамбас бөліктеріне бөлінеді. Тыныс алу аппараты мұрын қуысы, жұтқыншақ, көмекей, кеңірдек, өкпе болып бөлінеді. Олар газ алмасу, дыбыс шығару қызметтерін атқарады. Несеп шығару аппаратына қос бүйрек пен несепағар, қуық және несеп каналы жатады. Бұлар ыдырау процесінде пайда болған керексіз заттар мен суды сыртқы ортаға бөліп отырады. Жыныс аппараты аталық және аналық жыныс мүшелері болып бөлінеді. Аталық жыныс мүшелеріне жыныс безі, бездің қосалқысы, шәует шығаратын жол, шәует қуықшасы, шәует бауы, аталық жыныс мүшесі, аталық несеп каналы және ұма жатады. Аналық жыныс мүшелері орналасуына қарай ішкі және сыртқы мүшелерге бөлінеді. Ішкі мүшелерге аналық жыныс безі, оның қосалқысы, жатыр, жатыр түтіктері, қынап жатады. Сыртқы жыныс мүшелері үлкен және кіші жыныстық еріндер мен несеп каналынан түзілген. Ішкі мүшелерді (жыныс аппаратынан басқа) атқаратын қызметіне қарай зат алмасу процесіне қатысатын мүшелер деп те атайды. Себебі ас қорыту аппаратындағы тағам қорытылып, ерітінді түрінде қан құрамымен клеткаға барады. Осының нәтижесінде пайда болған энергияларды ағза жұмысына қолданады. Зат алмасу процесінде ағзада керексіз заттар да пайда болады, егер олар тез шығарылып отырмаса, ағзаның улану қаупі туады. Несеп жүйесі, тері бездері, өкпе, тік ішек, тағы басқа мүшелер керексіз заттарды ағзадан сыртқа шығарып уланудан сақтап отырады. Жыныс мүшелері түр сақтау немесе көбею қызметін атқарады. Сондықтан да аналық, аталық жыныстық мүшелерінің құрылысы мен маңызы бір-біріне ұқсас болып келеді. Мысалы екеуінің де жыныс клеткасын (сперматозоид және жұмыртқа клеткасы) түзетін, оларды сақтайтын және шығарып отыратын жолдары, сонымен қатар аналық жыныс мүшелерінде ұрық дамитын арнаулы орын – жатыр болады. АС ҚОРЫТУ ЖҮЙЕСІ Ас қорыту мүшелерінің құрылысы қоректенетін тамақ ерекшеліктеріне қарай түзілген. Мысалы, тек өсімдікпен, не болмаса етпен қоректенетін жануарларға келсек, олардың ас қорыту мүшелері ерекше құрылысты келеді. Ал адам тағамның әр түрін қабылдағаннан кейін оның ас қорыту мүшелерінде белгілі бір тағам түріне бейімделген ерекшелігі болмайды. Ас қорыту жүйесінің әрбір бөлігі түрлі қызмет атқаратындықтан құрылысы мен пішіні де түрліше болып келеді. Оның жалпы ұзындығы 8-10 метрге дейін жетеді. Тағамды механикалық майдалау, шайнау ауыз қуысының қызметі болып есептеледі. Осыған байланысты ас қорыту мүшелерінің ішінде тек қана осы бөлігінің негізі сүйектен түзілген. Ас қорыту мүшелерінің көбі қуысты болып келеді, олардың кенересі үш қабаттан түзілген. Оларға: кілегейлі (ішкі), бірыңғай салалы (ортаңғы), сір (сыртқы) қабаттары жатады. 1. Кілегейлі қабаты (слизистая оболочка) -барлық ас қорыту мүшелерінің ішкі бетін астарлап, асты қорыту және оны сіңіру қызметтерін атқарады. Сондықтан да кілегейлі қабат өте күрделі - эпителий, жазық ет және кілегейлі қабаттардан түзілген. Мұндай құрылыс ішектің оңай созылып, кеңейіп тұруына, ішіндегі тағамның қорытылуына жағдай жасайды. Бұл қабатта қан, лимфа тамырлары және нерв талшықтары тарамданып жатады. Кілегейлі қабаттар өздерінен сөл, (секрет) шығарып тұратын бездерге де бай келеді. Эпителий – кілегейлі қабаттың ішкі бетін жауып жатады. Бұл көп қабатты (ауыз қуысында, жұтқыншақта, өңеште) және бір қабатты эпителий (қарында, ішектерде) болып бөлінеді. Кілегей қабатта бірыңғай салалы ет талшықтары да болады. Осы ет талшықтары арқылы эпителий қабаты кілегей асты қабатымен байланысып тұрады. Дәнекер тканнен түзілген кілегейлі қабат ет қабатына бос жабысып тұрғандықтан оның қатпарланып жиырылып жатуына себепші болады. Егер бұл қабат жоқ болса кілегейлі қабат қимылсыз тегіс жатады (тіл, иек, қатты таңдай). Кілегейлі қабатта қарапайым түзілген бездер көп орналасқан, олар кілегей сұйықтық шығарады. Ас қорыту бездерінің кейбіреуі ас қорыту жүйесінен тыс орналасқан, бірақ өздерінің арнаулы түтіктері арқылы ас қорыту мүшелерімен тығыз байланыста болады. Мысалы үш пар сілекей, бауыр және қарынасты бездері шыққан сөлдерін (секреттерін) арнаулы түтіктер - өзектері - арқылы ауыз қуысы мен ұлтабарға құяды. 2. Бірыңғай салалы ет қабаты (мышечная оболочка) - кілегей және сір қабаттарының аралығында орналасқан. Ас қорыту жүйесінің жоғарғы бөліктері ғана көлденең жолақты ет ткандерінен түзілсе, ал қалған бөліктері - өңештің ортаңғы бөлігі, қарын, аш ішек және тоқ ішек мүшелерінің қабырғасы - бірыңғай салалы ет тканінен түзілген. Бұл мүшелердің ет талшықтары негізінде екі бағытта орналасқан. Ішкі талшықтары – көлденең, сыртқы талшықтары – ұзына бой жатады. Осы ет талшықтарының жиырылуына байланысты тағам жылжиды және механикалық түрде сөлдермен араласып қорытылады. Жалпақ ішек қимылын толқынды (перистальтикалы) қимыл дейді. 3. Сір қабат (серозная оболочка) - ішкі органдардың сырт жағын қоршап, қорғаныс қызметін атқарады. Оның ішімен қарынға, ішекке тамырлар мен нервтер өтеді. Бұл қабат кілегей бөліп мүшенің сыртын ылғалдап тұрады. Жұмыс Тақырыбы:Ас қорыту мүшелері Жұмыстың міндеті: Ас қорыту мүшелерінің құрылысына жалпы анықтама беру. Жұмыстың мақсаты: Ауыз қуысының құрылысын зерттеп, тілдің дәм емізікшелерінің түрлерін, орналасуын анықтап, тістің дентин, эмаль, цемент заттарын, тіс қуысындағы пульпаны көру. Жұмысқа қажетті жабдықтар: муляждар: адам торсы, ас қорыту мүшелері, бас сүйектің сагитальды кесіндісі, тіс, төменгі және жоғарғы жақ; кестелер: ас қорыту мүшелері, көмей тесігі, асқазанның құрылысы, аш ішек және тоқ ішек құрылысы, бауыр мен қарынасты безінің құрылысы. Ауыз қуысы (ротовая полость). Ауыз қуысы ас қорыту жүйесінің алдыңғы бөлімі болып табылады. Оның қабырғалары негізінен сүйек пен еттен тұрады. Ауыз қуысы жоғары жағынан – таңдаймен, төменгі жағынан – тіласты, жақасты еттерімен, екі бүйірінен – ұрт етімен, ал арт жағынан – жұтқыншақ қуысына жалғасып тұратын көмей тесігімен шектелген. Көмей (аран) тесігі үстіңгі жағында – жұмсақ таңдай, бүйірінен – көмей доғасы, астынан тілдің түбірімен шектеліп тұрады. Ауыз қуысы ауыздың кіреберісі, ауыздың өз қуысы болып екіге бөлінеді. Ауыздың кіреберісінде тіс, қызыл иек пен ерін және ұрт еттері орналасқан. Ауыз кіреберісі ауыз тесігі арқылы ауздың өз қуысына жалғасып жатады, онда тіл орналасқан. Астыңғы және үстіңгі еріндер қалың ет тканінен түзілген, бұл екі еріннің жалғасқан жерін езу дейді. Еріндердің сыртқы беті терімен, ішкі беті кілегейлі қабықшамен астарланған. Еріннің қызғылт болып көрінуі онда қан тамырларының беткей орналасуына байланысты. Ұрт сыртынан терімен, ішкі беті кілегейлі қабатпен қапталған. Осы екеуінің аралығында ұрт еттері орналасқан. Таңдай негізі сүйектен, ал артқы жағы ет тканінен түзілген. Сол себепті оны қатты таңдай және жұмсақ таңдай деп екіге бөледі. Қатты таңдай таңдай сүйегінен тұрады, оның бетін сүйек қабығымен бірігіп кеткен қалың, тығыз кілегей қабат жауып жатады. Таңдайдың көлденең қатпарлары болады. Бұл көлденең қатпарлар тамақтың жылжуына көмектеседі. Қатты таңдайдың арт жағы жұмсақ таңдайға жалғасады. Жұмсақ таңдай еттен түзілген және кілегей қабатпен астарланған. Оның артқы жақ ортаңғы бөлігінде тілшесі, ал екі жанында таңдай доғалары жатады. Жұтынған кезде жұмсақ таңдай еттері жиырылып, таңдайды көлденең көтеріп, жұтқыншақтың жоғарғы бөлігін ортаңғы бөлігінен бөліп, тамақтың төмен (өңешке) жүруін икемдейді. Егер жұмсақ еті сәл босап қалса жұтынғанда тағам мұрын жұтқыншағына еніп, хоана тесіктері арқылы мұрын қуысына өтіп кетуі мүмкін. Жұмсақ таңдайдың екі бүйірінде доғалары жатады, оның біріншісі тілдің түбінен басталатын тіл доғасы, екіншісі – жұтқыншақ қабырғасынан басталатын жұтқыншақ доғасы. Осы екі доғаның аралығында ойыс болады, ол ойыста лимфатикалық без бадамшасы жатады. Бұл бездің қабынып ауруын баспа деп атайды. Ауыз түбі тіласты еттерінің бірігуінен түзілген, бұл бұлшық еттер ауыз диафрагмасы деп те аталады. Тіл (язык). Тіл - қимылды келген етті орган. Оның үсті, екі бүйірі және астыңғы беті кілегейлі қабықшамен жабылған. Жүйке талшықтары мен қан тамырларына өте бай. Тіл шайнау процесімен бірге дәм сезу және сөйлеу қызметіне де қатысады. Тіл үш бөлікке бөлінеді. Оның артқы тіласты сүйегіне бекінген жерін – тіл түбірі, алдыңғы бос бөлігін – тіл ұшы, үстіңгі бетін - тіл арқасы деп атайды. Тіл арқасы дәм емізікшелеріне өте бай. Бұларға жүйке талшықтарының ұштары келіп аяқталып, дәм сезу процесін жүргізеді. Олардың төрт түрін - жіпше, саңырауқұлақ тәрізді, жапырақша және орлы емізікшелер деп ерекше атпен атауға болады. Жіпше емізікшелер өте көп, олар тіл арқасын тұтас жауып жатады. Сондықтан тіл үсті түктелген мақпалға ұқсас келеді. Олардың арасында саңырауқұлақ тәрізді емізікшелер шашыраңқы орналасқан. Орлы емізікшелер тілдің түбір бөлігінде орын тепкен, олардың саны 7-ден 11-ге дейін жетеді. Жапырақша емізікшелер тілдің екі жиегінде анық көрініп жатады. Бұл аталған емізікшелердің соңғы үшеуі дәм сезу қызметін атқарса, жіпше емізікшелері жалпы сезу қызметін атқарады. Тіл түбірінде лимфа түйіндері де шоғырлана жатады. Тіл еттері екі топқа бөлінеді, оның біріншісіне – бас сүйектерінің әр жерінен басталып тілге тіркелетін еттер жатса, екіншісіне- тілдің меншікті еттері жатады. Тілге тіркелген еттерге – иекасты, тіласты, біз өсінді еттері жатады. Иекасты еті ауыз қуысының астыңғы дифрагмасын түзеді. Тіласты еті жиырылғанда тілді артқа және төмен тартады. Біз өсінді еттері тілді артқа тартып және жоғары көтеріп тұрады. Тілдің меншікті еттері тіл қалыңын түзеді, оларға мыналар жатады: жоғарғы және төменгі ұзына бойы еттері, көлденең және тік еттері. Бұл еттердің ет талшықтарының бағыты аттарына сай келеді. Олар адам еркімен жиырылатын көлденең жолақты ет тканінен түзілген. Осы еттердің жиырылу нәтижесінде тіл пішіні және ауыз қуысында жатқан жағдайы өзгереді. Тіс (зубы). Тіс ауыз қуысында жоғарғы және төменгі жақтың тіс ұяларында орналасқан. Тістер сүт тістер және тұрақты тістер болып екіге бөлінеді. Ересек адамда тұрақты тістер саны 32. Олардың жоғарғы жақ сүйегінде 16-сы, төменгі жақ сүйегінде 16-сы орналасқан. Орталықтан оң не солға қарай санасақ 8 тістен орналасқан. Оларды 2 күрек тіс, 1 үшкір тіс, 2 кіші азу тіс, 3 үлкен азу тіс деп атайды. Сол себептен тіс формуласы былайша жазылады: 2+1+2+3 2+1+2+3
Ең соңғы азу тіс «ақыл тіс» деп аталады. Ол басқа тістен соң шығып ерте түсіп, тіпті мүлде шықпай қалуы да мүмкін. Жаңа туған балаларда тіс болмайды, тістің жаруы алты айлығынан басталып, екі жасқа толғанға дейін созылады. Бірінші шыққан 20 тіс «сүт тістер» деп аталады. Егер орталықтан оңға не солға қарай санасақ, 2-ін күрек тіс, 1-ін үшкір тіс, 2-ін азу тістер деп атайды. Осы тістердің бір жағының формуласы: 2+1+2 2+1+2 Бұл формуладан үш үлкен азу тістердің жоқтығын байқаймыз. Баланың 6 жасынан бастап 15 жасқа дейін сүт тістері біртіндеп түседі де, олардың орнына тұрақты тістер шығады. Әрбір тіс тіс сауытынан, түбірінен және сәл жіңішкеріп келген тіс мойынынан тұрады. Төменгі азу тістер екі түбір, ал жоғарғы азу тістер үш түбір, ал қалғандары бір түбірден түзіледі. Тіс қуысындағы дәнекер тканнің арасында қан тамырлары мен жүйке талшықтары көп, олар тіс түбіріндегі тесік арқылы тіс ішіне енеді. Тістің сауыты жағынан шығып, мойны қызыл иекпен жабылып, ал түбірі жақтың тіс ұяларына кіріп орналасып жатады. Тіс негізі дентин деген тіс затынан құралған, оның сауыт бөлігі эмальмен жабылып, түбірі цементпен жаққа бірігіп жатады. Эмаль тісті бұзылудан сақтап тұрады, қатты заттарды тістеуден, ыстық-суықтан эмаль жарылса тіс бұзылады. Бұзылған тіс қызыл иек пен жақ сүйегін қабындырып бүкіл ағзаны ауруға шалдықтыруы мүмкін. Тістер қызметіне, құрылысына қарай әртүрлі болып келеді. Күрек тістер - 8, олардың сауыты күрек тәрізді, жүзі өткір, алды дөңес. Үстіңгі күрек тістер төменгі күрек тістерге қарағанда ірі болып келеді, олар тістеу, үзіп алу қызметін атқарады. Үшкір тістер (небары төртеу ғана) - әрбір қатарда 2 ден, күрек тістерге қатар орналасқан. Оның тіс сауыты басқаларға қарағанда үшкір, түбі конус тәрізді. Кіші азу тістер – үшкір тістерден кейін орналасқан, адамдарда бұлардың саны 8. Кіші азу тістердің шайнау беттерінде екі төмпешіктен болады. Оның ішкісін – тілдік, бүйірдегісін – ұрттық төмпешік дейді. Бұл қос төмпешіктер саймен бөлініп тұрады. Үлкен азу тістер – кіші азу тістен кейін орналасқан. Жалпы саны 12. Тіс сауытының пішіні квадрат тәрізді, шайнау беттерінде төрт төмпешігі бар. Бұл жағдай азу тістердің қызметіне, тамақты майдалауына байланысты. Төменгі жақ тістері ішке иіле келсе, жоғарғы жақ тістері азырақ сыртқа қарай орналасқан. Осының нәтижесінде тістенген кезде тек қана ақыл тістер бір-біріне тұспа-тұс болып келеді де, басқасы жапсарланып жатады. Сілекей бездері (слюнные железы). Сілекей бездері үш жұп болады – шықшыт, тіласты, жақ асты. Олардың шығаратын сөлін сілекей сөлі деп атайды, ал олар өз аттарына сай жерде орналасқан. Шықшыт безі (околоушная слюнная железа) – сілекей бездерінің ішіндегі ең ірісі, пішіні үш бұрышты, салмағы 30 грамға жетеді. Ол тері астында, құлақ қалқанының алдыңғы жағында шайнау етінің біраз бөлігін жауып орналасқан. Бұл без сыртынан қатты қапшықпен қапталған, оның өзегі ұрт етінен өтіп, жоғарғы екінші үлкен азу тіс тұсынан ауыз қуысына ашылады. Шықшыт безінің сілекей сұйықтығы белокка бай, сондықтан да оны белок безі деп те атайды. Тіласты безі (подьязычная слюнная железа)– ауыз қуысының кілегейлі қабатымен жабылып, тіл астында жатады, салмағы 5 грамм. Оның сілекей жолдары тіл астындағы қатпарға 10-12 майда түтікшелер арқылы ашылады. Жақасты безі (подчелюстная слюнная железа)- салмағы 15 грамм, ол жақасты етінің астында орналасқан. Осы жерден сілекей жолы басталып, ауыздың диафрагмасынан өтіп, тіл астына шығады. Тіласты және жақасты сілекей бездері ауызға түскен тағам түріне қарай қою және сұйық сілекей сөлдерін шығарады. Бұл аталған бездерден басқа да ауыз қуысының майда бездері болады, олар кілегей қабықшада шашыраңқы орналасқан. Сілекей сөлі ауыз қуысындағы тағамды ылғалдап тұрады. Құрамындағы птиалин ферменті тағам құрамындағы углеводқа әсер етіп крахмалға айналдырады, сөйтіп, ас қорыту процесіне едәуір көмектеседі. Ауыз қуысында уақталған, жұмсартылған тағам жұтқыншаққа өтеді. Ауыз қуысы мен жұтқыншақ қуысын жалғап тұратын аралықты көмей тесігі дейміз. Жұтқыншақ (глотка).Жұтқыншақ мойын омыртқаларының алдыңғы жағында орналасқан. Ол ауыз қуысын өңешпен, мұрын қуысын көмекеймен жалғастырып, мұрын тұсынан бас сүйегінің негізінен басталады да, ІҮ мойын омыртқасының тұсында өңешке жалғасады. Жұтқыншақ пен омыртқа жотасының аралығында болбыр, дәнекер тканьге толы кеңістік болады. Ол жұтқыншақ пен өңештің тағам жұтқан кезде кеңеюіне жағдай жасайды. Жұтқыншақтың қабырғасында көлденең жолақты ет тканінен тұратын жоғарғы, ортаңғы және төменгі деп аталатын үш қысқыш (констрикторлары) болады. Осы ет қысқыштарының өзара кезектесіп жиырылуы нәтижесінде жұтыну процесі жүреді. Жұтқыншақ мұрын, ауыз және көмекей қуыстарымен шектеліп жатуына байланысты мұрын, ауыз және көмекей бөлімдері деп аталатын үш бөлімге бөлінеді. Жұтқыншақтың мұрын бөлігі -жұтқыншақтың жоғарғы, мұрын қуысына тұтас келген күрделі құрылысты бөлігі. Ол хоана тесіктері арқылы мұрын қуысымен байланысып, ауыз қуысынан жұмсақ таңдай мен тілше арқылы бөлініп тұрады. Бұл бөлігінің екі бүйірінде ортаңғы құлақпен байланыстырып жатқан екі (евстахиев) түтігінің тесігі болады. Жұтқыншақтың ауыз бөлігі – жұтқыншақтың орта бөлігі, ол көмей тесігі арқылы ауыз қуысымен жалғасып тұрады. Оның артқы іргесі мойын омыртқаларына тұстас жатады. Жұтқыншақтың көмекей бөлігі – жұтқыншақтың төменгі бөлігі, жіңішкеріп барып өңешке жалғасып кетеді. Мұның алдыңғы жағында көмекей тесігі және оның аузын жауып тұрған қақпақшасы жатады. Жұтқыншақтың кілегей қабырғасында майда лимфатикалық бездер орналасқан. Олар жұтқыншақтың басталар жерін (таңдайды, көмейді, тіл түбірін) қоршай жатып бадамша бездерін түзеді, оны лимфа немесе эпителий қоршауы деп атайды. Бұлардың қорғаныштық маңызы зор, себебі олардың құрамындағы лимфоциттер әр түрлі ауру туғызатын микробтармен, вирустармен күресіп отырады. Ересек адамдарға қарағанда жас балалардың бадамша бездері ауруға шалдыққыш келеді, олардың қабынып ауруын баспа, қызамық деп атайды. Жұтқыншақтың ет талшықтарының жиырылу нәтижесіне байланысты жұтыну процесі өтеді. Осы процесс кезінде (тағам жұтқыншақтан өңешке өтер кезде) таңдай мен тілше жиырыла көтеріліп (көлденең жатып) жұтқыншақтың жоғарғы (мұрын) бөлігін жабады. Тілдің жиырылуына байланысты көмекей аузын жауып, тағамның тыныс жолына түспей өңешке қарай бағыт алуына себеп болады. Өңеш(пищевод). Өңеш жұтқыншақ пен асқазанды жалғастырып тұратын етті түтік. ІҮ мойын омыртқа тұсынан басталып, көмекей мен кеңірдектің артқы жағымен жүріп отырып, көкірек қуысында қолқа тамырларының артымен диафрагмадан өтіп, ХІ көкірек омыртқа тұсында асқазанға жалғасады. Жас нәрестеде өңештің ұзындығы 10-15 см болса, ересек адамда 25 см дейін болады. Өңеш қабырғасы үш қабаттан түзілген. Ішкі жағын астарлап жатқан кілегейлі қабаты эпителийден түзіліп, ұзына бой қыртыстанып жатады. Бұл жағдай тағам өткенде өңештің кеңеюіне, кілегей ылғалдығының бөлініп тұруына, тағамның оңай жылжуына себеп болады. Өңештің ортаңғы ет қабаты жоғарғы бөлімінде көлденең жолақты, ал орта жерінде төмен қарай бірыңғай салалы ет тканінен тұрады. Ет талшықтары көлденең және ұзына бой бағытта жатады. Дәнекер тканнен тұратын сыртқы қабаты оны басқа мүшелермен байланыстырып жатады. Өңеш диафрагмадан соң сір қабатына көшеді. Өңештің басталар жерінде, орта бөлігінде және төменгі дифрагмадан өтер жерінде тарылып келген жерлері бар. Мұндай тарылу ұрықта біртіндеп пайда болады. Кейде жас балалардың жұтып қойған заттары осы қысыңқы жерде тұрып қалуы мүмкін. Бақылау сұрақтары: 1. Ас қорыту жүйесіне не жатады? 2. Ас қорыту жүйесінің мүшелерінің негізгі қызметі қандай?
№ 13 жұмыс (жалғасы) Тақырыбы:Ас қорыту жүйесінің орналасу траекториясы Жұмыстың міндеті: Асқазанның орналасуын атластар мен кестелерден, барельефтен көргеннен кейін сыртқы пішіні мен құрылысын зерттеп, суретін салу. 2. Аш ішектің жалпы бөлімдерімен, құрылысымен танысқаннан кейін оның атқаратын (қорыту және сіңіру) қызметтерінің қалай өтетінін түсіну. Онекі елі ішектің бауырмен және қарынасты безімен байланысу маңызын зерттеу. 3. Барельеф және муляждар арқылы тоқ ішек құрылысы мен жұмысының ерекшелігін анықтау. Жұмыстың мақсаты: Бауыр мен қарынасты бездерінің құрылысына байланысты өтетін ас қорыту және зат алмасу процестеріне тигізетін әсерін түсіну. Жұмысқа қажетті жабдықтар: кестелер мен муляждер - адам торсы, ас қорыту органдары, асқазан құрылысы, аш ішек құрылысы, қарынасты безінің құрылысы, ішкі мүшелердің топографиясы. Асқазан (желудок). Асқазан немесе қарын – ас қорыту жолының ең кеңейіп келген бөлімі болып саналады. Сырт пішіні иіліп келген қапшыққа ұқсас. Ол диафрагма күмбезінің астында, құрсақтың сол жағында жатады. Асқазанның оңға қарай бұрылып жіңішкеріп келген бөлігін пилорикалық, дөңес келген сол жағын үлкен иін, ал оң жағындағы ойыс келген жерін кіші иін деп атайды. Осы үлкен және кіші иін тұстары қан тамырлары мен жүйке талшықтарына өте бай болады. Асқазан жоғарғы жағынан (ХІ-ХІІ кеуде омыртқа тұсынан) өңешке жалғасады. Асқазанның төменгі жағында онекі елі ішек, артында көкбауыр, қарынасты безі және сол бүйрек жанасып жатады. Асқазан кіреберіс (кардиальды) бөлігінен, түбінен (фундальды), денесінен және шығаберіс (привратник) бөліктерінен тұрады. Асқазанның кіреберіс бөлімі өңештің жалғасқан жерін қамтиды. Түбі деп өңешпен қосылар жерінен сәл жоғары жатқан, дөңестеу келген бөлігін айтады. Ал асқазанның шығаберіс төменгі жақ бөлігі, ол оңға қарай иіліп, бел омыртқаның тұсында онекі елі ішекке жалғасып кетеді. Асқазан байламдары арқылы жоғары жағынан диафрагмаға, шығаберіс бөлігімен құрсақ қабырғасына бекиді де, қалған бөлімдері бос жатады. Асқазанның сыйымдылығы орта есеппен 3 литр, ұзындығы 25-30 см, ені 14 см-ге, ал толған кезде созылып, кейде кіндікке дейін жетеді. Асқазанның сырт пішіні тұрақсыз, себебі тек толу нәтижесінде ғана емес, сонымен бірге жалпы адамның дене құрылысына және жас ерекшеліктеріне де байланысты. Әйел адамдарда асқазан қиғаштау орналасқан. Жаңа туған нәрестеде асқазан ұршық тәрізді ұзынша келеді, сиымдылығы тек қана 10 мл, жылдам дамып бір аптадан кейін 80-мл-ге дейін барады. Жеті жасқа келгенде алмұрт тәрізденіп өз пішініне қалыптасады. Асқазан үш қабаттан тұрады: кілегейлі қабаты қатпарланып жатады, ал толған кезде жазыла бастайды. Беті бір қабатты сөл шығаратын эпителийден түзілген. Онда көптеген түтікше бездер орналасқан. Түтікше бездер екі түрлі торшадан түзілген. Оның ішкі – негізгі без торшалары пепсин ферментін, сыртқы қоршаушы без торшалары осының белсенділігін арттыратын тұз қышқылын шығарады. Қарынның шыға беріс бөлімінде қоршаушы без торшалары байқалмайды, сондықтан да бұл бөлімі әлсіз сілтілі таза пепсин сөлін шығарып отырады. Асқазанның ет қабатының ет талшықтары үш бағытта жатады. Сыртқы талшықтары ұзына бой, ортаңғысы көлденең, ішкісі қиғаш талшықтардан түзілген. Көлденең (сақиналы) жатқан талшықтары шығаберіс бөлімінде жақсы жетіліп қысқыш (жом) немесе шығаберіс сфинктерін түзеді. Қысқыш әлсін-әлсін ашылып, қорытылып келген тағамды онекі елі ішекке өткізіп тұрады. Асқазанның сірі (серозды) қабаты барлық іш қуысындағы мүшелерді, сонымен асқазанды да сырт жағынан қаптап жатады. Осы қабаты қарынның кіші иінінен кіші шажырқай, үлкен иінінен үлкен шажырқай (шарбы май) түзеді де, төмен қарай түсіп ішектер жамылғышына айналып кетеді. Асқазанда асқазан сөлі мен тұз қышқылының әсерінен ақуыздар мен майлар, көмірсулар жартылай қорытылады. Осымен бірге қарынға түскен микробтар да тұз қышқылының әсерінен жойылып, өлтіріліп отырылады. Белгілі дәрежеге дейін қорытылған тағамдар ас қорыту жүйесінің келесі бөлігі – аш ішекке қарай өтеді. Аш ішектер (тонкий кишечник) – асқазаннан басталып тоқ ішекке жалғасады. Аш ішек ас қорыту жолының ең ұзын бөлігі болып есептеледі. Осының ұзындығы тірі адамда 5 метр, ал өлген адамда (босау нәтижесіне байланысты) 7 метрге дейін жетеді. Аш ішек онекі елі ішек (шажырқайы жоқ қысқа бөлігі) ащы ішек, мықын ішек деп аталатын үш бөліктен тұрады. Соңғы екеуі шажырқай арқылы құрсақ қуысының артқы қабырғасына тіркеліп бекіп жатады. Онекі елі ішек (двенадцатиперстная кишка) – қарынның шығаберіс бөлімінен басталады да оңға қарай иіліп, одан сәл төмен түсіп ІІ бел омыртқа тұсында ащы ішекке ауысады. Бұл ішектің жалпы сырт пішіні доға тәрізденіп иіліп келеді. Онекі елі ішектің осы орта жерінде қарынасты безінің түтіктері ашылып жатады. Оған қарынасты безінің түтіктерінен басқа өт жолының түтігі де келіп ашылады. Бұл ішектің ұзындығы 27-30 см немесе онекі елідей, сондықтан да оны «онекі елі ішек» деп атайды. Ішектің ені 4-5 см, ішінде көптеген қатпарлары қалады. Жас баланың онекі елі ішегі ересек адамға қарағанда жоғарырақ орналасқан. Аш ішектің шажырқайлы бөлігі өзінің кейбір ерекшеліктеріне қарай: жоғарғы (проксимальды) ащы ішек және төменгі (дистальды) мықын ішек болып бөлінеді. Ащы және мықын ішек (тощая и подвздошная кишка). Ащы ішек онекі елі ішектен жоғары (І-ІІ) бел омыртқалар тұсынан басталып, бірнеше иірімдер жасап келіп оң мықын астауында, төменгі (ІҮ) бел омыртқа тұсында аяқталады. Бұл ішектің ұзындығы 5 м, диаметрі алғашқы бөлігінде кеңдеу 4-8 см болса, төменгі бөлігінде тарылып 2,5 см болады. Ащы ішек сір қабықшасымен толығынан қоршалып жатады. Оның үстіне сір қабықшасының қабатталған жерінен шажырқай түзіліп, құрсақ қуысының арқа бөлігінде ішек иірімдерін жасап бекиді. Осы шажырқай аралығымен қан тамырлары мен нервтер ішекке жалғасады. Шажырқайда лимфа түйіндері де көп болады. Ащы ішек кіндік мықын аймағында мықын ішекке жалғасады. Мықын ішек жамбас астауында орналасқан. Бұл ішектердің алдыңғы бетін шарбы май тегіс жауып тұрады. Ішектің бұл бөлімдері де басқа бөлімдері сияқты сір (серозды), ет және кілегейлі қабаттардан түзілген. Сір қабаты ішектің сыртын қоршап шажырқайға ұласады да, ішекті құрсақ қабырғасына бекітіп отырады. Ет қабаты ұзынша және сақиналы талшықтардан түзілген. Еттерінің жиырылуына байланысты ішек толқынды, перистальтикалық қимылға келіп, қоректік заттардың сөлмен араласып, қорытылып, әрі ішек бойымен жылжып отыруына себеп болады. Кілегейлі қабат көлденең жатқан қатпарлар жасайды. Беті призма тәрізді эпителий клеткаларынан түзіліп, аралығында бокал тәрізді кілегей шығаратын клеткалары да болады. Кілегейлі қабаттың бетін жауып сіңіру түкшелері (бүрлері) жатады. Микроскоппен қарағанда сіңіру түкшелері пішіні үшкір конус тәрізді, ұзындығы 0,5 мм, қалыңдығы 0,1 мм келген өсінділер. Ішектің көлденең қатпарлары ішектің сіңіру бетін 5 есе ұлғайтады, ал ондағы сіңіру түкшелерінің саны 5 миллионға артады. Сіңіру түкшелері кілегейлі қабаттың ретикулярлы дәнекер ткандерінен түзілген. Оларға келіп тұйық лимфа мен қан тамырлары және жүйке талшықтары аяқталады. Түкшелердің құрамында ет ткандері де болады. Сондықтан да бұлар минутына 5-6 рет жиырылып, сорылған қоректік заттарды тамырға өткізіп, босаған кезде оларды ішек қуысынан алып отырады. Қан тамырларына ақуыздар мен көмірсулар сорылса, ал лимфа тамырларына қорытылған май эмульсиясы өтеді. Түкшелер арасындағы ойыстарда эпителий торшаларынан түзілген крипталар жатады, олар ішек сөлін шығаратын торшалардан түзілген. Онекі елі ішектің кілегейлі қабаттарында да тарамданған түтік тәрізді бездер болады. Олар құрамы жағынан асқазанның шығаберіс бөлігінің сөліндей секрет шығарады. Сонымен қатар ащы және мықын ішек бөлімдерінде лимфа тканінен түзілген шашыраңқы немесе топтанған фолликулалар да болады. Олар ішек бойында қорғаныш (фагоцитарлық) қызмет атқарады. Жас нәрестеде ішектің қатпарлары мен сору түтікшелері аз және ет қабаты жақсы жетілмеген. Ішектің ұзындығы жас нәрестенің өз денесінің ұзындығынан 7 есе ұзын болады, өскен сайын 3-4 есе қысқарып отырады. Шарбы майы да 7 жасқа дейін ішекті жартылай жапса, одан кейін оны толық жаба бастайды. Тоқ ішек (толстый кишечник). Бұл ас қорыту саласының соңғы бөлігі болып саналады. Ол құрсақ қуысының оң жақ мықын бөлімінде, аш ішектің тоқ ішекке қосылған жерінен басталып, артқы анал тесігімен аяқталады. Тоқ ішектің ұзындығы 2,5 м, басталар бөлігінде диаметрі 8 см болса, аяқталар бөлігінде 4-5 см болады. Тоқ ішектің құрылысы аш ішекке қарағанда ерекше, ол аш ішекті қоршай, жиектеп тұрған шеңберге ұқсайды. Тоқ ішектің қабырғасы кілегей, ет және сір қабаттардан түзілген. Кілегей қабатында түкшелер мен қатпарлар аз, лимфатикалық фолликулалар да шамалы, ал оның есесіне крипталар мен түтікше және бокал тәрізді бездері көп те, сөлдерінің құрамында ферменттер аз болады. Тоқ ішектің атқаратын жұмысы қорытылмай қалған тағам қалдығын жылжытып, суды кері сіңіріп, нәжісті қалыптастырады. Ет қабаты көлденең және ұзына бой ет талшықтарынан түзілген. Ұзына бойы жатқан ет талшықтарының ерекшелігіне келсек, олар лента тәрізді ішектің үш жерінде жинақталған. Осы ленталар ішекті үш жерінен жинақтап, ерекше буылтықтар жасайды. Тоқ ішек негізінде соқыр ішек пен оның құрт тәрізді өсіндісі (аппендикс), өрлеме бөлігі, көлденең бөлігі, төмендеу бөлігі, қима (сигма тәрізді) бөлігі, тік ішек болып бөлінетін алты бөліктен тұрады. Соқыр ішек (слепая кишка) – жамбастың оң ойысында жатады, ені 5-6 см, ұзындығы 6-8 см болады. Бұл тоқ ішектің кеңейіп келіп қалталанған бөлігі, сондықтан оны бүйен деп те атайды. Ішіндегі қатпарлары жарты ай тәрізді болып келеді. Соқыр ішектің түбіне ұзындығы 2-см ден 12 см-ге дейін жететін құрт тәрізді өсінді (аппендикс) жалғасып жатады. Ол ас қорытуға қатыспайды. Оның соқыр ішекке ашылған аузы өте тар келеді, бірақ кездейсоқ түскен тамақ, әсіресе бактериялардың түсуіне байланысты қабынып, іріңдеп ауруы мүмкін, оны аппендицит деп атайды. Аш ішектің соқыр ішекке ашылар жерінде қос ерінді қақпақша жатады. Ол қақпақшаның маңызы - тағам қалдықтарын кері аш ішекке жібермей жауып тұру. Тоқ ішектің өрлеме бөлігі көтеріліп келіп бауырдың астыңғы жағынан оңға иіледі де, көлденең бөліміне ауысады. Көлденең жиекті ішек арт жағынан құрсақ қабырғасына шажырқаймен беки отырып сол жақтағы бүйректің алдымен төмендеу бөліміне ауысады, төмендеген жиекті ішек құрсақтың сол жақ қабырғасымен төмен қарай түсіп, сол жамбас ойысына дейін барады да, тоқ ішектің қима (сигма) бөлігіне ауысады. Ішек құрылысы жағынан гректің көлденең жатқан сигма әріпіне ұқсас келеді, сол себептен бұл бөлігін сигма бөлігі деп те атайды. Бұл жамбастың сол мықын бөлігіне бекиді де, сегізкөз тұсында тік ішекке ауысады. Бұл ішек бөлігінде нәжіс қалыптасады, осыған байланысты қима ішек деп те аталынады. Тік ішек (прямая кишка) – тоқ ішектің соңғы бөлігі, ол кіші жамбас қуысында орналасқан. Бұл сегізкөз тұсынан басталып, анал тесікпен бітеді, оның ұзындығы 16-18 см, диаметрі 4-5 см аралығында болады. Тік ішектің төменгі жағында ет талшықтары жақсы жетілген. Олар анал тесікте адамның еріксіз және ерікті қысқыштарын (констрикторларын) түзеді. Ерікті қысқышы көлденең жолақты ет ткандерінен, еріксіз қысқышы бірыңғай салалы ет тканінен түзілген. Тік ішектің айналасында орналасқан мүшелердің жыныстық ерекшеліктері де бар. Егер ер адамда тік ішектің алдында қуық және қуық түбі безі, шәует көпіршігі орналасқан болса, әйел адамда жатыр, жатыр түтіктері, қынап жатады. Қарынасты безі (поджелудочная железа). Ол асқазанның астыңғы жағында (ІІ) беломыртқа тұсында сір қабықшамен жабылып жатады. Қарынасты безінің салмағы 70-80 г, ұзындығы 20 см, оның басы, денесі және құйрық бөлімдері болады. Бас бөлімі жуандап, онекі елі ішектің иініне кіріп орналасқан. Денесі бел омыртқаға көлденең келіп, асқазанға жанаса жатады. Құйрық бөлімі көкбауырға дейін жетеді. Қарынасты безінің жоғарғы бетіндегі ұзынша саймен көкбауыр артериясы өтеді. Бұл бездің артқы жағында құрсақ қолқасы мен төменгі қуыс венасы орналасқан. Бездің ортасында жатқан жинағыш (негізгі) түтікшеге майда түтікшелер келіп ашылады. Жинағыш түтікше без торшаларының шығарған секретін онекі елі ішекке құяды. Бұдан басқа да онекі елі ішекке дара ашылатын қосымша түтіктері де болады. Қарынасты безінен тәулігіне 2 литр шамасындай сөл шығарылады, оны панкреат сөлі деп атайды. Бұл сөлдің ас қорытуда маңызы зор. Сөл құрамындағы ферменттер әсерінен ақуыздар мен майлар және көмірсулар ыдыратылады. Қарынасты безінің құйрық бөлігіндегі торшалар тобынан (Лангерганс аралшығынан) инсулин деген гормон тікелей қанға бөлінеді. Осы айтылған жағдайларға байланысты қарынасты безі екі түрлі жұмыс атқарады, біріншісі – ферменті бар ас қорыту сөлін шығару (экскреторлы жұмысы), екіншісі – қанға инсулин гормонын шығару (эндокринді жұмысы). Осыған байланысты бірінші жағдайды қарынасты безінің сыртқы секрециялық, екіншісін ішкі секрециялық қызметі дейді. Сондықтан да қарынасты безін аралас бездер қатарына жатқызады. Бауыр (печень). Бауыр адам денесіндегі ең үлкен без. Оның салмағы 1,5 кг-ға дейін барады. Бауыр құрсақ қуысының оң жағында диафрагма күмбезінің астында төменгі қабырғаларға таяу жатады. Оның түсі қызғылт-қоңыр, консистенциясы жұмсақ. Бауырдың жоғарғы (диафрагмальды) және төменгі беттері, алдыңғы және артқы жиектері, оң және сол бөлімдері болады. Оның үлкен бөлігі оң жақ қабырғалар астында, аз бөлігі сол жақ құрсақ бөлігінде орналасқан. Бауырдың алдыңғы жиегі терең тыныс алғанда ғана қабырға астынан байқалады. Оның үстіңгі дөңес бетінде бауырды үлкен және кіші бөлімдерге бөліп жатқан орақ тәрізді сіңірі орналасады. Осы сіңір байламы арқылы бауыр диафрагмаға ілініп, бекіп тұрады. Жоғарғы беті дөңес, ал төменгі беті ішкі органдардың орналасуына байланысты ойыс келеді, онда алдынан артқа қарай паралеллді жатқан екі сайы бар. Оң жағындағы ұзынша сайда өт қапшығы жатса, сол жақ ұзынша сайында жұмыр сіңір орналасқан. Бауырдың артына жанаса төменгі қуысты вена өтеді. Оған бауыр веналары ашылады. Ұзынша сайлардың арасындағы көлденең сай бауырды «шаршы» және «құйрық» бөліктеріне бөледі. Осы көлденең сай тұсын «бауыр қақпасы» деп атайды. Бауыр қақпасынан бауыр артериясы мен қақпа венасы кіреді де, өт жолы мен лимфа тамырлары шығады. Бауырдан шыққан бауыр өзегі өт шығарып отырады. Бұл өзек қапшық өзегімен жалғасып, жалпы өт өзегін түзеді де, қарынасты безінің өзегімен бірігіп онекі елі ішекке ашылады. Бауырдың сір қабықшасымен үш жағынан қапталып, бірнеше сіңір байламдарымен диафрагмаға бекіп бос тұрған бөлігі жұмыр сіңірге көшеді. Жұмыр сіңір ұрықтың солып кеткен кіндік венасы болып саналады. Сонымен бірге бауыр байламдары арқылы онекі елі ішекпен байланысады да, бірігіп кіші шарбы майын түзеді. Бауыр сырт жағынан тығыз дәнекер тканнен түзілген фиброзды капсуламен, оның сыртынан іштікпен қаптала жатады. Бауыр құрылысы атқаратын қызметі жағынан күрделі түтікше бездер қатарына жатады. Ол онекі елі ішекке өт шығарып отырумен бірге гликоген қорын жинайды. Сонымен бірге улы заттарды усыздандырып, зиянсыз заттарға айналдырады. Сондай ақ көптеген зат алмасу проесіне де қатысады. Ұрықта ол қан жасайтын мүше болып та саналады. Бауыр көп қырлы призма тәрізді (1,5мм) бөлікшелерден түзілген. Қақпа венасы бауырға енгеннен соң тарамданып капилляр түзеді. Капиллярлар арқылы веналарға, ал олар бауыр веналарына жалғасады. Бауыр клеткаларының арасынан өт капиллярлары өтіп, өт жолын түзеді. Ол оң және сол бауыр бөлімдерін
![]() |