![]()
Главная Обратная связь Дисциплины:
Архитектура (936) ![]()
|
Отбасы және неке, туысқандық қатынастар 3 часть
Бесік құдалықтың ортодоксалды некемен ұштасатындығын гиляктар арасындағы деректер негізіне сүйене отырып, Л.Я.Штернберг "әрбір ұл тапқан әйел босанысымен қызы бар туысына балаларды атастыру керек екенін дереу өтініп, құда түсетін де, олардың білектеріне иттің жүнінен иірілген жіп байлайтын" (28-6) дейді. Қазақ арасындағы бесік құдалығы сонау аналық ру кезінде пайда болғанмен, патриархалды отбасының үстемдік еткен кезінде алғашқы мәнін өзгерткенін, қалың төлеп некелесу ісіне өзінше әсер ететін ғұрыпқа айналғандығын В.В. Востров та атап өткен. Ел қорғаны болған ер-азаматтар, ел еркесі аталған сал мен сері, ақындар қалыңдықты өздері таңдаған Құда түсу қалыңдық таңдаудан кейін жүргізілетін. Бұдан қазақ арасында әрдайым ер азаматқа қалындық тандауда ерік беріле берді деген ұғым шықпайды. Кейде қатыгез әке өз үкімін жүргізіп, дегенін істейді. Бұған аты шулы "Қыз Жібек" жырындағы Базарбай сияқты феодалдың баласы Төлегенге жасаған қаталдығы айғақ. Жігітке қалындық тандауда ата-ананың жанашыр жақын туыстары көмектесетін. Қыз таңдаушылар қыздың жағымды, жағымсыз жақтарымен түгелдей танысатын. Қыз таңдау аяқталған соң, күйеу жағы қыз әкесіне құда түсіп, қалыңмалын түгел төлеп, әдет-ғұрып бойынша толып жатқан алыс-берістер, жол-жобалар, орын-орнымен екі жағынан бірдей орындалған соң, қыз аулында ұзату, күйеу аулында келін түсіру тойы жасалып, құдалық арқылы неке құру түрі аяқталады. Құда түсу арқылы некелесудің бұдан өзге де түрі болады. Оған, ең алдымен, қарсы құда болу әдетін жатқызу керек. Некелесудің көне түрінің бірі — қызды алып қашып үйлену. Төңкеріске дейін қазақтар арасында бұл әдет болғанмен, өзінің алғашқы мәнін жойған. Қазақ арасында қыз алып қашудың ең көп кездесетін түрі - өзінің айттырылған заңды қалыңдығын алып қашу. Күйеу жағын мұндай іске мәжбүр ететін әр түрлі себептер болады: қыз әкесі құдасына не күйеу баласына көңілі толмай, немесе өзіне пайдалы басқа адаммен құдандалы болып, оны өз мүддесіне сай пайдаланғысы келеді. Мұндай жағдайларда әр түрлі сылтаулармен алғашқы құдасына қыз ұзату мерзімін соза береді. Тіпті қалыңмалдың түгелдей төленгеніне, немесе оның негізгі бөлігінің берілгендігіне де қарамай, қызын "әлі жас" деген сылтаумен дәйекті жауап бермей, кешеуілдете береді. Бата бұзуға дейін баратын қыз әкесінің мұндай жат ойын сезген жігіт жағы да бірнеше рет кісі салып, алдынан өткеннен кейін қалыңдықты алып қашу шарасын қарастырады. Мұндайда қыз әкесі де қамсыз болмайды. Сондықтан қалындықты алып қашудың ең тиімді жағын ойластырады. Егер қыз әкесі алғашқы құдасының кедейлігін менсінбей, қызын байлығына, мансабына қызығып жасы үлкен шалға немесе "аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін" дегендей, әкесі бай кемтарға, кейде тіпті тоқалдыққа бергісі келгенде, оң-солын танып қалған қыз бұған көнгісі келмейді, шамасынша қарсылығын білдіреді. Мұндай жағдайда алғашқы атастырған қайын жұртының алып қашуына жеңілдеу болады. Егер алғашқы айттырған жеріне қалындықтың да барғысы келмейтіндігіне көзі жеткен күйеу жағы қалыңмалы төленіп не жартылай беріліп қойса, мүмкіндігі болса зорлықпен болмаса қапысын тауып ұрлап әкетуге дейін барады. Мұндайда күйеу жағы тегеуірінді ел болса — батыл келеді. Қызды еріксіз әкеткен жағдайда күйеудің өз ауылына тікелей апармай, басқа жерге бой тасалай тұрып, уақиғаның барысына қарай іс істейді. Қыз әкесі қандай мықты болғанмен, әдет-ғұрып алдында өзінің шеттігін сезіп, аса батыл қимылға бармайды да. Оған қосымша қалындықтың қалыңмалын төлеп, енді керек болған жағдайда тартып әкету осал ел мен дәрменсіз күйеудің қолынан келмейді. Мұндай істі өзіне сенген, тәуекелге бел байлаған намысқой ауыл адамдары ғана істейді. Олар әрдайым болған іске бекем болуға түйінеді. Құда түсу салты бойынша құйрық-бауыр жесіп, ақ бата жасалып, қалыңмал түгелдей немесе жартылай төленіп қойған жағдайда өз қалындығын алып қашудың қандайы болсын кешірілмес күнә емес. Дегенмен мұндай жағдайда қалындықты алып қашқан күйеуге әр түрлі мөлшерде айып кесіледі. Қалыңдықтың келісуімен әкетсе және әкетер алдында құда алдынан бірнеше рет өтіп, қалындықты беру туралы өтініш болса, айып мөлшері мықтағанда ат-тоннан аспайды. Ал мұндай ескерту болмаса, оған қосымша қыз төркіні әлді жер болса, айып мөлшері бір тоғыздан үш тоғызға дейін барады. Кейде намысқой қыз әкесі қызын қайтарып алып, тез арада тойын жасап, жасауымен қолынан да береді. Көбінесе қалындығын алып қашқан күйеу жағы айыбын мойындап, қыз әкесінің алдына келсе болды, әдет-ғұрып бойы заңдылық пішінге келетін. Сайып келгенде, өз қалындығын алып қашу, әсіресе қалыңмалы төленген соң бата бұзғаңдық болып табылмайды. Енді қыз алып қашудың жоғарыда айтылғаннан басқа түріне тоқталайық. Біреудің айттырып қойған, керек десеңіз, қалыңмалы да төленген қалыңдығын алып қашу да қазақ арасында кездесіп тұратын. Мұндай уақиғалар қандай жағдайларға байланысты болатындығына келсек: бірінішіден ер жеткен сұлу қыздар әрқашан ел ішіндегі еті тірі өнерлі жастардың назарын аударатындығы заңды. Ал қазақ дәстүрінде балаларын жастайынан атастырып қоятындығын еске алсақ, көркімен де, өнерімен де талай жанды тамсандыратын сұлу қыздардың бой жетіп қалған кезде басы босы некен-саяқ кездесетіндігіне күмәндануға болмайды. Мұндайда ер жеткен қыздар өз бойына тең санаған болашақ күйеуіне бар үмітін артып, сонымен бақыт табуды армандайтын. Ал еңді көрікті бойжеткеннің барар жері де, болашақ күйеуі де ойлаған жерден шықпаса ше? Тек қалыңмалын жыға беріп, сұлуды құшпақ болып жүрген жасы келген сасық бай не өнерсіз ез, яки кемтар болса не істемек? Міне, осындай жағдайда ақ батаны аттап, сүйгенімен қашып кететін. Намысқа шамданған жесір иесі қыз алып қашқан жігіт ауылын шауып, жесірін тартып әкетумен бірге, мал-мүлкін, тіпті сол ауылдың басқа қыздарын қоса әкету сияқты зорлық жасалатын да, ел арасында бітпейтін барымта, шабыс басталатын. Нәтижесінде бүкіл қауым жазықсыз жапа шегіп, күйзелушілікке ұшырайтын. Кейде мұндай шапқыншылық қаупін болдырмау үшін кейбір қатыгез билер бірін-бірі сүйген екі жасты қорғай алмай, намыс кегі кернеген даугер жағына ұстап беріп, аяғы өкінішті өліммен бітетін. Бұған мысал ретінде "Еңлік-Кебек" трагедиясын келтірейік. Ал енді екі жақ сөзге келіп, билер алдына жүгініске баратындай жағдай туа қалса, қыз жағы мен алып қашушы жігіт жағы кінәлі болып есептелетін де, даудың қаңдай ауыр салмағына болсын көнетін. Сондықтан көпшілік жағдайда бітім шартына жесір иесінің талабы мен ықпалы әсер ететін. Мәселе насырға шаппай, үш ел келісімге келсе, күйеу алып қашқан қызды өзінде қалдырып, оның бұрынғы айттырған күйеуіне қалыңмалын қайтарумен бірге, бір қызды айып ретінде беретін немесе қыз орнына қалың мөлшерін төлейтін. Сонда қыз алып қашушы жақ екі қалың беретін боп шығады. Кейде екі қалың орнына екі қыз беріп (бұрынырақта) құтылатын. Ал қалыңдықты қайтарғысы келсе, айыбына бір қыз не оның төлеуі ретінде қалың беретін. Қыз әкесі айыпты болмаған жағдайда, қыз алып қашушы оған да айыбын беретін қыз әкесі алып қашушымен үңдес болса, бұрынғы құдасына қалыңын қайтарып, өз тарапынан айыбын төлеуге не басқа қызын беруге ерікті болатын. Қыз алып қашқан жігітке жоғарыда айтылғандай ауыр айып төлеу ертеректе болатын. XIX ғ. екінші жартысында қазақ арасына Россия ықпалының күшеюі нәтижесінде қызды қайтарса, 1—3 тоғызға дейін айып берумен бітетін, ал қызды қайтармаса, айыпқа қоса бір қалың беріп құтылатын. Ал жесір үшін кезек шабысуға тыйым салынды Ел ішінде байлығына масаттанып, өзінен әлсізге зорлық қылуды мақтан ететін есер жуандар жоқ нәрсені сылтау етіп біреудің айттырып қойған оң жақтағы қалыңдығын күшпен тартып әкетуден немесе қапысын тауып еріксіз ұрлап әкетуден тайынбайтын. Мұндай зорлыққа қалындық қарсы болған жағдайда, қыз төркіні күйеу жағы бірігіп қалындықты айыбымен қайтаруды талап ететін. Келіске көнбеген жағдайда шауып алуға дейін баратын. Шапқыншылық қаупінен сескеніп, қалыңдықты қайтаруға мәжбүр болған жағдайда әдет-ғұрыпты бұзғаны үшін міндетті түрде қалындық иесіне айып төлейді Қалындықтың зорлық жасаушы жағынан зәбір көргендігі анықталса, айып мөлшері анағұрлым артық болады. Кейде тіпті қалың-мал құнына теңеледі. Әрине, мұның бәрі қыз төркіні мен қайын жұртының тегеурінділігіне байланысты. Кейде қалындықты еріксіз әкеткен зорлықшыл елдің мерейі үстем болып, қыздың қалыңмалына қосып, азынаулақ айыппен шектелетін жағдай да болады. Мұндай жуан атаның зорлығына тап болған кезде, қыздар оларға еріксіз пенде болып, тағдыр азабына көндігетін. Сөйтіп, біреудің айттырып қойған қалыңдығын оның келісімімен бе жоқ еріксіз бе — әйтеуір алып қашудың қайсысы болсын, үш ел арасында араздықты үдетіп, өзара барымталасуды күшейтетін. Осыған байланысты ел арасындағы даушар көпке дейін тоқталмайтын. Ал енді ешкімге айттырылмаған басы бос бойжеткен қызды алып қашу - өз алдына назар аударарлық мәселе. Басы бос қызды алып қашу да әр түрлі жағдайларға байланысты болатын. Мұндай жағдай, көбінесе, бірін-бірі сүйген жастар арасында кездесетін. Өйткені қалыңмалды ойдағыдай төлеуге шамасы келмейтін жігіттерге өз қолынан қызын беруге қыз әкесі әрдайым қарсы болатын да, құдалықтан ат-тонын ала қашатын. Мұндайда бір-бірін ұнатқан жастар өз беттерімен қосылуға серттесіп, қыз ешкімге білдірмей уәделі жерге баратын да, жігіт сенімді жоддастарымен келіп алып қашатын. Әке-шешесінің рұқсатынсыз қашқан қызды жігіт бірден өз ауылына апармай, басқа жақтағы сыр сақтарлықтай немесе құдандалы елдерге апарып, келіссөз аяқталғанша бой тасалай тұратын. Кей уақытта қуғыншының келмейтіндігіне көзі жеткен іргелі ауыл өз еркімен келген келінді бірден-ақ ауылына түсіріп, тойын да жасата беретін. Қайткен күнде де мұндай жағдайдың көпшілігі жастардың ықыласын бұзбай, екі жақтың үйлесуімен аяқталатын. Мұндайда қыз түскен жеріңде қалып, ол үшін қалыңмал, түйе бастатқан тоғыз не қалың мөлшеріне тең айып беріп, қыз әкесінің оң батасын алатын. Қызының өз еркімен кеткеніне кезі жеткен ата-ана әменде "бетінен жарышқасын" деп шүкіршілік етіп, баласының бақытты болуына тілектерін білдіретін. Ал қалың мен айыбын алған соң, қызының жасауын беріп, қолынан ресми түрде ұзататын. Бұдан кейін жігіт әкесі келін түсіру тойын жасап, құдаларын шақырып, әр түрлі әдет-ырымдарын жасайтын, құдалар арасындағы алыс-беріс, қарым-қатынас әдеттегідей қалпына түсіп, өмір көші әрі қарай жылжи беретін. Қыз алып қашудың бұл түрі қайсыбір уақытта керісінше аяқталады. Қыз төркіні тегеурінді ел болған жағдайда, қызының өз еркімен кеткендігіне қарамай, алып қашушы елді шауып-жаншып, қыздарын тартып әкететін жағдай да болып тұратын. Мәселен, өткен ғасырдың 70-жылдарында Қапал уезінің байы Тәнекенің Мана дейтін сұлу қызын оның келісімі бойынша Аякөз маңының байы Тілеулі алып қашады Тәнеке дереу Тілеулі ауылын шауып, қызын тартып алады. Кеп шығынға ұшыраған Тілеулі Тәнекеге кісі салып құдалық сөйлеседі. Қызының бөтен елге барып қайтқандығын ескергендіктен ғана Тәнеке Тілеуліден 100 түйе қалың мал алып, Мананы қолынан қайта берген. Махаббаты үйлескен екі жастың ата-аналарының құда түсіп, қыз беріп, келін түсіруге шамасы келмейтіндей жағдайда екі жағы астыртын келісіп, жігіт жағы жасырын алып қашқан болады да, қыз төркіні білмей қалған болып, қолдарынан аттандырып жібереді. Мұндай жағдайда құдалар арасында ешқандай келіспеушілік қаупі болмайды. Келін түсірген ауыл өз шамасынша той жасайды. Кешікпей қыз әкесіне кісілер жіберіледі. Әдетте одан кешірім сұралып, айып төленеді. Әр түрлі жол, жоралғы екі жағынан да әдеттегісінше орындала береді. Кейбір мықты ауылдың жігіттері қызбен аддын ала келіспей-ақ алып қашатын жағдайы да қазақ арасында кездесіп тұратын. Еріксіз әкелінген қызды алдап-сулап сөзге көндіріп, беделді адамдар бастаған елшілер жіберіліп, айыбы мен қалыңмалын төлеуге әзір екендігін білдіретін. Мұның айыбы ауырлау болғандықтан, қыз төркіні айыбы мен қалыңмалын толық етіп алуға тырысатын. "Тас түскен жеріне ауыр" дегендей, еріксіз болса да, қыз барып қалған соң қайтып әкетуді ар көріп, көбінесе ризашылығын беретін. Ал қыздың өзі көбінесе, екі ел арасында даушар басталып, билер алдына жүгінісетін де, кінәлыға айып кесіп, қызды үйіне қайтаратын. Мұндай жағдай сирек кездесетін, оның өзінде қызды алмақшы болған адам кемтар не тым кәрі болса, немесе бірнеше әйел үстіне тоқалдыққа алмақ болса, ақыл тоқтатқан батыл қыздар ғана мұндай қорлыққа ешқашан мойынсұнбайтын. Көпшілік жағдайда бұйығы өскен жас қыздар ғана көндіге беретін. Бұдан кейінгі әңгіме тек төркінімен келісуде қалатын. Қызы көнген жағдайда, төркіні теріс кетпейтін. Алда-жалда қыз төркіні мен күйеу арасында шыққан дау қалыңмалдың не жасаудың толық берілмеуі төңірегінде ғана болатын. Ал қызды қайырып алу деген атымен күн тәртібіне қойылмайтын "Қайыра шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман" деген мақал тегін айтылмаса керек. Қазақ арасында неке құрудың бір түрі — ертеректе көрші халықтармен жиі болып тұрған соғыстар мен шабыстарда қолға түскен тұтқын қыз, келіншектерге үйлену болып табылады. Феодалдық қоғам қатынастарының үстем болған кезінде қазақ хандары мен билерінің мүддесіне сай қалмақ, қырғыз, өзбек, түркмен, қарақалпақ және башқұрт халықтарымен болған әр түрлі шайқастардың нәтижесінде қолға түскен тұтқын қыз, келіншектерді, ең алдымен, соғысқа қатысқан батырлар бөлісетін де, одан қалғандарын ел шетіне кірер-кірместе алдынан сауғалап шыққан туыстары алатын. Сөйтіп, тұтқынға түсіп батырлар үлесіне тегін тиген жас қыздар мен келіншектер неке құратын болса, мосқал тартқандарының күні күңдікте өтетін. Жаугершілікте пенде болып қолға түскен Орта Азия халықтарын былай қойғанда діні, тілі, әдет-ғұрпы, салт-санасы бөлек қалмақ қыздарының қазаққа сіңісіп кеткендері туралы қазақ арасында аңыз-әңгімелер өте жиі кездеседі. Аңыздар бойынша кей уақытта қолға түскен тұтқын сұлуға көптеген батырлар таласып, өздерінің қолбасшыларының алдына баратын, енді бірде қыздардың өздеріне таңдау беретін. Мәселен, "Бөгенбай батыр" жырында немесе С.Сейфуллиннің "Көкшетау" поэмасында қолға түскен қыз-келіншектерді бөлісу мәселесінде олардың кейбіреулеріне таңдау беретіндігі сөз болады. Орта Азия және Қазақстан жеріндегі халықтар арасындағы феодалдық шапқыншылықтардың келе-келе сиреуіне байланысты, біртіндеп қолға түскен тұтқын қыз-келіншектермен неке құру түрі де сиреді, бара-бара мүлдем жойылды. Әсіресе XVII ғ. ортасында жоңғар мемлекетінің күйреуіне және Қазақстан жерінде Россия үстемдігінің орнауына байланысты феодалдық соғыстардың тыйылуы тұтқындарға үйлену мүмкіндігін келе-келе жойды. Ата-анадан ерте қалып, жетімшіліктің, жоқшылықтың зардабын басынан өткізген жарлы жігіт ес білісімен өз еңбегімен күн көруге кіріседі. Мұндай адамдардың әдетте қалыңмал беріп әйел алуға, өз бетімен үй болуға көбінесе мүмкіндігі болмайды. Сондықтан олар көп жыл бойы жалға жүріп, үйлену үшін мал табуға кіріседі. Кейде олар қызы бар, ұлы жоқ адамдарға бірнеше жыл қалыңмал үшін қызмет істеп, қызын алатын. Мұндайлар көбінесе қайын атасының қолына кіріп, қызына үйленетін, оларды "күшік күйеу" деген. Мұндай ат қою тегін емес. Өз елінде жанашыр жақыны жоқ жарлы жігіттер бөтен елде кәсіп қуып жүріп, үйленіп, қайын жұртында қалып қойса, оны кірме күйеу деп атандыратын. Бірақ барлық шаруашылығы қайын атасының шаруашылығынан бөлек болатын. Сөйтіп, қазақ арасында кездесетін күшік күйеу де, кірме күйеу де негізінен жетімдік, жалғыздықтың нәтижесінде болатын. Қайын жұртында қалып, өз алдына ел болып, кейін сол рудың бір атасы болып сіңісіп кететін жағдай да жиі болған. Мәселен, Найман тайпасының ішіңдегі қаракерей руының бір үлкен атасы Байжігіт деп аталады Байжігіт ұрпағы Тарбағатай, Зайсан атырабында мекендейді. Аңыз бойынша Байжігіттің әкесі Тоқтар дейтін оңтүстіктен келген жалғыз жігіт Байыс байдың қолыңда көп уақыт қызмет істей жүріп, оның Мақта дейтін қызына үйленіп, осы елде мүлде қалып қойыпты. Одан Байжігіт, Жанжігіт дейтін екі бала болыпты. Әкесі өлген соң Жанжігіт әкесінің елін іздеп оңтүстікке кетіпті де, Байжігіт нағашы жұртында қалып қойып, жоғарыда айтылған Байжігіт дейтін үлкен рулы елдің негізін салыпты. Қазір Байжігіт ұрпағы түгелдей бұл аңызды білгенмен, өздерін найман, оның ішінде қаракерейміз дейді. Бұған қарағанда некелесудің бұл түрі қазақ арасында ертеректен келе жатқандығын аңғаруға болады. Сөйтіп, қазақ арасында әлде де болса сақталып жүрген күйеудің қалыңдық әкесінің қолына енуі не сол елге кірме болып қалып қоюы патриархалдық қарым-қатынастан бұрын болған матриархалдық некенің жұрнағы болса керек. Сондықтан да патриархалдық некенің әбден жеңген кезінде оның ішінара бой көрсетуі оқшаулау көрінуі заңды нәрсе. * * * Неке құрудың ең бір көп түрінің, яғни алғашқы қауымдық қоғамда болған топты некенің жұрнағы ретінде қазақ арасында әмеңгерлік (левират) және балдыз алу (сорорат) әдет-ғұрыптары бойынша үйлену тәртібі күні кешеге дейін сақталып келді. Бұл әдеттер тек қазақ халқына емес, сонымен бірге көптеген түрік тілдес халықтар мен монғол халықтарына да тән. Ол туралы дүние жүзі халықтарының өмірінен этнографиялық деректер жинаған көптеген зерттеушілер жазған болатын. Қыруар құнды деректерді ғылыми тұрғыда талдай отырып, бұл әдеттердің тегі мен сипаты туралы дүрыс пікірлердің айтылуы біздің аддымыздағы міндетті бірқыдыру жеңілдете түседі. Соңдықтан біз деректердің жалпы түп тамыры, шығу тегіне көп аялдамай, тікелей қазақ өміріндегі деректерді баяңдаумен ғана шектелеміз. Әмеңгерлік және балдыз алу алғашқы қауымдық қоғам қатынастарының жұрнағы ретінде осы күнге дейін өзінің алғашқы мазмұнын өзгертпей қойған жоқ. Қоғамдық қатынастардың өзгеруіне сай, бұл әдеттердің де мазмұны өзгеріп отырды. Енді әмеңгерлік әдеттің қазақ халқында қалай сақталып, қандай жағдайларда қалай орындалып келгендігіне біраз тоқталайық. Қазақта "Аға өлсе — жеңге мұра, іні өлсе — келін мұра" деген мақалға айналған нақыл бар. Мұның негізгі мәні күйеу өлген жеңгені ағасының мұрагері есебінде қайнысы алады немесе күйеуі өлген келінін қайнағасы алады деген сөз. Мұра есебінде тек әйел ғана емес, онымен бірге бала-шағасы, мал-мүлкі де өлген адамның ең жақын мұрагеріне тиеді. Ағалы-інілі адамдар бірінің баласын бірі әрдайым балам дейді. Әсіресе ағасына інісінің баласы тек қана бала қатарында болса, інісіне ағасының баласы іні қатарыңда болады. Сондықтан әкесі олген жас балаларға жетімдік керсетпеу үшін, әсіресе олар-дың жас шешесі бөтен елге кетіп, мал-мүлікті бетенге олжа, жас балаларды жат бауыр етпеу үшін жесірді еш-қайда жібермей, жақын әмеңгері иемденуге тырысатын. Жесір әйелге күйеуінің барлық туыстары әмеңгер болып есептеледі. Бірақ олардың құқы туыстық жақындығына байланысты болады. Ең алдымен, күйеуінің бірге туған аға, інісі ағасының баласы, немере, шебере туыстары, одан қала берді аталас жақындарының жесірге иелік етуге әмеңгерлік қақы болатын. Мұның өзі қалыңмал төленіп алынған әйел тек өзінің күйеуінің ғана емес, онымен бірге барлық туыстарының, тіпті рулы елдің иелігіне көшетіндігінің анық айғағы болып табылады. Күйеуі өлген жесір әйелді әмеңгерлікпен алудың толып жатқан тәртібі бар. Әмеңгерлік - күйеуі өлген әйелдердің барлығына бірдей жүреді. Бірақ әр түрлі жағдайларға байланысты бұл әдетті бірде пайдаланса, екінші жағдайда оны пайдаланбайды. Бұл мәселеге үңіле қарап, оның сыр-сипаты мен мәнін тереңірек талдасақ, қазақ арасына кеңінен тараған әмеңгерлік әдеттің қандай жағдайға байланысты қалай орындалатындығын дұрыс түсінуге болады. Сондықтан төңкеріске дейінгі әлеуметтік құқық мәселесі туралы қалам тартқан авторлар пікірлеріне біраз тоқталайық.
![]() |