Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)


 

 

 

 



Отбасы және неке, туысқандық қатынастар 4 часть



Бізде бар әдеби деректерге қарағанда, қазақ арасында әмеңгерлік әдеттің болғандығы туралы ең алғашқы мәліметті қапитан И.Андреевтің еңбегінен кездестіреміз. Онда "Өлген күйеуінің жылын өткізген соң, әйел күйеуінің бірге туған аға-інілерінің біріне немесе басқа жақын туыстарына тұрмысқа шығады" делінген. Бұдан гөрі толығырақ деректі 1824 ж. қазақтың әдеттік құқы жайында Омбының уақытша комитеті жинаған материалдардан да кездестіруге болады. Бұл құжатта баласыз қалған жесір, ең алдымен, күйеуінің ағасына тұрмысқа шығуы керек. Ал жесір қайнысына шыққысы келсе, оған қарсылық жасалмайды, бірақ жеңге алған інісі ағасына жолы деп 9 бас мал беретін болған. Жесір тұрмысқа шыққысы келмесе, оған ешкім зорлық жасамайды. Бірақ бөтен біреумен байланыспауын қатал бақылайды. Сонда да жесір басқа біреуге тұрмысқа шыққысы келсе, оған тыйым салмағанмен, мал-мүліктен ештеңе бермеумен ғана шектелмей, оның тиетін күйеуінен толық қалыңмал алады.

Баласыз қалған жесірдің күйеуінің туған немере, шөбере туыстарына ез еркімен шығатындығын және мұңдай әмеңгерлер болмаған күнде бөтен біреуге шығуына да қарсылықтың болмайтынын 1846 ж. Кіші жүз ішінен этнографиялық деректер жинаған ұлық Д.Аңдре баян еткен. XIX ғ ортасыңда Кіші жүз қазақтарының арасындағы әмеңгерлік құқық жайындағы деректерде жесір әйел, ең алдымен, күйеуімен егіз туған сыңарына шығуға міңдетті де, оңдай болмаған күңде жоғарыдағыдай туыстық жақындығына қарай шығатындығын ФЛазаревский келтірген.

Қазақтың әмеңгерлік құқы туралы егжей-тегжейлі деректерді Л.Баллюзек еңбегінен табамыз. Ер балалары бар жесір қайнағасына, қала берді қайныларына тиеді және барлық мал-мүлікті әмеңгердің қарауына өткізеді. Баласыз жесір әмеңгерінің біріне шыққан уақытыңда тек төсек-орын, киіз үй, азын-аулақ малдан басқа ештеңе алмай, қалған мал-мүлік туыстар арасында бөлінетін. Жесірде бір ғана қыз болса, ол өз үлесімен шеше қолыңда болады, ал бірнеше қыз болған жағдайда, шеше қолында біреуі ғана қалып, қалғаны өз үлестерімен туыстар арасыңда бөліске түседі. Егер жесірдің бір ұл, бірнеше қызы болса — барлығы түгелдей, мал-мүлкімен, шешесімен бірге әмеңгер қолына көшеді. Баласы бар егде тартқан жесір тұрмысқа шықпаймын десе, оған зорлық болмайды. Ылғи қыз болған жағдайда бір туысының ер баласын асырап бауырына салады. П.Е.Маковецкий болса әмеңгерлер тарапынан жесірге жасалатын зорлыққа баса көңіл бөлсе, И.Аничков біршама асыра сілтеп, шындыққа қиянат жасауға бой ұрған. Мәселен, И.Аничковтың айтуынша, жап-жас жігіттердің әйел үстіне мосқал тартқан жесір жеңгесіне әмеңгерлік құқық бойынша үйлену себебі: біріншіден, жеңге үшін бір кезде төленген қалыңмалды босқа жібермеу; екіншіден, оның қызы болса, келешекте ол үшін алынатын қалыңмалды өзіне екінші әйел айттыру үшін пайдалану мақсатын көздегендіктен деп түсіндіреді. Біздің қолымыздағы көптеген әдебиет, архив деректері бойынша, жесірді әмеңгерлік әдетімен күйеуге шығуға ылғи зорлау, күштеу әдісімен мәжбүр етеді деу қиянат сияқты. Әрине, зорлау, жәбірлеу де болған, бірақ бүкіл халық әрдайым осылай істеді деу шындыққа жатпайды. Ал қыздың қалыңмалын өз мүддесіне пайдалану мәселесіне келсек, ол да жете түсінбей, сырттай топшылаудан туған жаңсақ пікір. Тіпті бұған дәлел ретінде қызға берілетін жасау мен той шығындары көпшілік жағдайда ол үшін алынатын қалыңмалдан артық болатынын айтсақ та жеткілікті.

Әлі баладан қалмаған жас әйелдердің күйеуі өлсе, әсіресе оның алғашқы күйеуінен бала қалмаса, ол әйел міндетті түрде екінші күйеуге шығу керек. Мұндай жағдайда қалыңмал төленіп алынған жесірін басқаға мал-мүлкімен жібермеу оның әмеңгері болып есептелетін ең жақын қайын ағасы не қайнысы алу керек. Қазақ ғұрпы бойынша алғашқы жол — ағанікі. Сондықтан бұл тәртіп әрқашан сақталатын. Бірақ та қайнағасының жасы келінің жасынан тым алшақ жатса, оның үстіне жесір жасына лайықты басқа інілері болса, солардың біріне өз еркімен жолын беретін.

Мұндай мәселе жесір әйелдің өз пікірін еске ала отырып, ағайынды адамдардың арасындағы ақыл-кеңестің нәтижесінде күйеуі өлгеннен кейінгі бір жыл ішінде шешілетін. Егер жасы келіп қалған әйел ешкімге шыққысы келмесе, өлген күйеуінің түтінін түтетіп отыра бергісі келсе, оған қарсы болмайтын. Мұндайда жесір әйелді ұстап тұрудың бір жолы — жақын әмеңгерінің бірі баласын беріп, сырттай қамқорлық жасайтын.

Күйеуінен баласымен қалған жас әйелдерді балаларымен алғысы келген немесе туыстар кеңесі ұйғарған әмеңгер ниетін білдіретін. Мұндай ұсынысқа көне қоймаған әйелдердің өздеріне астыртын таңдау беріп те байқайтын. Баласы бар әйелдер әмеңгерлік тәртіппен ерге шыққысы келсе, мүмкіндігінше күйеуінің ең жақын тусын қалайтын. Өйткені алғашқы күйеуінен қалған балаларының қас қабағына қарап, өз баласындай етіп тәрбиелеу тек жанашыр жақын туысының ғана қолынан келетіндігі ежелден белгілі.

Балалары ер жетіп қалған жесір әйел бұдан былай тұрмысқа шықпай, өлген күйеуінің түтінін түтетіп, балаларын бағып отырам десе, оған ешбір әмеңгер өктемдік ете алмайтын. Қайта ел болып рахметін айтып, барлық туыстары мүмкіндігінше қамқорлық көрсететін.

Әмеңгерлік әдетімен ерге шыққан әйелдер көпшілік жағдайда жаңа күйеуінің екінші не үшінші әйелі болатын. Сондықтан оларды еркімен көндірген күннің өзінде экономикалық және моральдық жағынан туып отырған қиын жағдайдың күшімен, толассыз үгіт, алдау-арбаудың ықпалымен көндіретін. Біреу баласын қимаса, енді біреуі мал-мүлкін, түскен жерін қимайтын, немесе өз бетімен басқа жол таппай, жылай-жылай айтқанға көніп, күндесінің күңі болуға өз тағдырын душар ететін. Мұндай жағдай көбінесе ауқатты шаруалар мен байлар арасында кездесетін.

Ал енді қалыңмал төлеп үйленуге шамасы келмей жүрген кедейлер арасында әмеңгерлік әдетті пайдаланудың өзіндік ерекшелігі де болады. Айталық, ағасы өлген бойдақ жігіт жесір жеңгесін алса, ол оның бірінші әйелі болады. Әрине, жеңге үстіне басқа әйел алуға қақысы болғанымен, мүмкіндігі болмай "асулы қазан, тігулі үйге" ие болып, ағадан қалған балаларды қамқорлығына алып жесір жеңгесімен күн көріп жүре береді.

Әмеңгерлік әдетке мойынсұнбай басқа елдің адамына өз қалауымен тұрмысқа шыққысы келген жесірге бүкіл ел болып намыс жыртысып, қайткен күнде оны жібермеуге тырысатын. Кейде қатал жазалар да қолданылатын. Тіпті болмаған жағдайда жесірдің мал-мүлкінен басқа төсек-орнынан ештеңе бермей жіберумен қоймай, есейіп қалған балаларын да алып қалатын. Тек емшектегі балалары ғана кей жағдайда шешесімен бірге кететін Ал, жесірдің болашақ күйеуінен қалыңмал даулап алатын. Әйел де, күйеуі де осы үкімге көнген жағдайда ғана жесір дауы бітетін, әйтпесе екі ел арасында барымта басталуы ықтимал.

Күйеуі өлген әйелдің баласы болсын-болмасын, оған иеменерліктей әмеңгер болмаса, әйел тұрмысқа шығуға ниет білдірсе, ақсақалдар жиналып рұқсат беретін. Бірақ әйелдердің келіскен адамынан жолына түйе не ат бастатқан тоғыз алып бітісетін. Кейде 20—25 жасар жесір қалған қаралы келіндерін 60—70 жасар қайнағалары жібергісі келмейтін. Мұндай жағдайда әйелдер тарапынан наразылық туып, билер алдына немесе уездік әкімдерге шағым беретін де, әйелдер талабы әрдайым қолдау табатын.

Күйеуі өлген жас келінін қолма-қол қоса қоярлық жас баласы болмаса да, үй ішінің шаруасына нық, қайратты келінін өз ұясынан шығарғысы келмеген байлар бірнеше баланың анасы болып, мосқал тартып қалған келіндерін. 10-13 жасар баласына зорлап неке қидырып қосатын. Мұндай жағдайға душар болған әйел бала "күйеуіне" әйелдік міндетін атқару орнына, оның тәрбиешісі міндетін атқаратын. Ал ол ер жеткен кезде сол үйдің нағыз күңіне айналатын. Мұнымен келіспеген келіндер қатал атасының істеп отырған қиянатына көнбейтін де, билер алдына немесе уезд әкімшілігіне дейін жүгініске баратын.

Кезінде әмеңгерлік құқын пайдаланбай, жесір отырып, күйеуінің отын сөндірмей, балаларын жеткізіп "ұлын ұяға, қызын қияға қондырып" көңілі тынған анаға көксе тартқан шағында әмеңгерлікпен тұрмысқа шығуға тура келетін жағдай да болатын. Не қайнысының, не қайынағасының қартайған шағында әйелі өліп от басында жалғыз қалса, яки жайсыз келінінің қолына қарап бабы табылмаса, ағайын-туғандар жесір жеңгелерін көндіретін.

Әмеңгерлік әдетпен неке құру тек жесір қалған әйелдерге ғана тән емес, ол алғашқы атастырған күйеуі өлген жағдайда оң жақта отырған қалындыққа да тән болатын. Құда түсіріп, құйрық-бауыр жескен соң, бәрібір қалыңмалының төленіп-төленбеуіне қарамай-ақ күйеуі өлген қалындық айттырған елдің жесірі болып саналатын. Сондықтан да жесір дауының көпшілігі осындай жағдайдан туатын. Әрине, мұндай жағдайда қалыңмалдың бұрын келіп үлгеру, үлгермеуі жесір қалған қалындық мәселесін шешуге әр түрлі әсер ететін.

Халық дәстүрі бойынша, қандай жағдайда болсын, күйеуі өлген қалындық айттырған елдің занды жесірі болатындықтан, ол күйеуінің бірге туған аға-інісінің біріне тұрмысқа шығуға міндетті. Ал енді осы міндеттілік іс жүзінде қандай жағдайда, қалай орындалатындығына тоқтайық.

Күйеу жас күйінде өлсе, қалындық та әлі жас болса құдалықты үзбей, өлген күйеудің ешкімге атастырмаған інісіне атастырып, бұрынғы келісілген қалыңмалдың үстіне бір ат үстеме төлейді. Егер өлген күйеудің басы бос, қыз айттырмаған інісі болмай, басқа жерде айттырылған қалыңдығы бар інісіне немесе үйленген ағаларының біріне қосқысы келсе, бұрынғы келісілген қалыңмал үстіне түйе бастатқан тоғыз төлеу керек болатын Қалындық ер жетіп қалған жағдайда басы бос тым жас әмеңгері бола тұрып, күйеу әкесінің еркі бойынша үйленген балаларының біріне қосатын болса, түйе бастатқан тоғызды екі не үш еселеп беретін. Өлген күйеудің өзімен бірге туған ешбір еркек кіндік болмаса немесе туыстарының да қалыңдықты әмеңгері ретіңде алуға хақы бар. Бірақ қыз әкесінің олардан бас тартып, қалыңмалын қайыруға да еркі бар. Бұл жағдайдың өзі қазақ арасындағы әмеңгерлік құқықтың әлсіреу нышаны тәрізді. Ал қалыңмал қайыруға мүмкіндігі болмаса, немесе ықыласы түскен сыйлас құдасынан айырылғысы келмесе, өлген күйеуінің немере туыстарына да әмеңгерлік тәртіппен қызын беретін.

Қалыңмал қайтарудың да өзіндік тәртібі бар. Күйеу ұрын келуге үлгермей қайтыс болса, берілген малды түгел қайтарып, ал ұрын келгеннен соң өлсе — бұған дейін берілген малдың жартысын немесе түйе бастатқан тоғызын алып қалып, қалған бөлігін түгелдей қайтаратын.

Егер күйеуі өлген жесір қалындықтың әкесі ешбір әмеңгеріне бергісі келмесе, бата бұзып, қалыңмалды қайтарғысы келсе, халық ғұрпы бойынша оған әр түрлі айып кесілетін. Мұндайда күйеудің ұрын келіп үлгеру-үлгермеуіне қарамай, төленген қалыңмалды түгел қайтаратын. Күйеу ұрын келіп үлгермесе және қызын әлі үйленбеген қыз айттырылмаған әмеңгеріне бермей отырса, қалыңмал үстіне бір тоғыз айып қосылады, ал бұдан бұрын үйленген не айттырылған қалындығы бар әмеңгеріне бермей отырса, қайтарылатын қалыңмал үстіне бір түйе не ат қана қосылатындығын көрсеткен Баллюзек пен Добросмыслов болатын.

Ал енді қалыңмал той малына дейін түгел беріліп, тек ұзату тойының алдында ғана күйеу өлсе, қалыңдықтың жасауын жасап, тұл отауын тігіп, көлік, сауынымен түгелдеп қаралы ауылға қалыңдығын дереу көшіріп апарып, күйеуін жоқтату керек. Бүйтіп барған қалыңдықты өлген күйеуінің бір туысқанына әмеңгерлік тәртіп бойынша қосатын. Мұндай жағдайда апарылған қалындық кімге тиетіндігін күні бұрын біліп баратын. Сондықтан ешқандай наразылықсыз және басқадай жол-жоралғысыз-ақ басына түскен тағдырға көндігетін. Әрине, мұндай жағдайда, ең алдымен, себепкер болатын өлген күйеу әкесінің ел ішіндегі абырой-атағы, кісілік парасаты мен дәулеттілігі болса керек. Онсыз да қаралы болып отырған қадірлі атаның көңіліне қарап, қайткен күнде де оның жабырқаған көңілін сергіту жағын ойлаған немесе осындай жалпаңы үшін келешекте оның да бір есесін қайыратындығынан үміт еткен құдалар жасайтын. Бұл арада да қыздың басы саудаға түсіп жатқанын әдет-ғұрып деген пердемен бүркемелемек болатын. Баласынан айырылып, қаралы болып отырған ата-ана үшін мал беріп көп шығындалған келіні бар жасау-жабдығымен түсіп жатса, өшкен шырағы қайта жанғандай көңілдеріне медеу, жандарына желеу болғандай, біраз сергітіп тастайтыны да рас. Қаралы боп түскен келініне жылы өтісімен бір баласын үйлендіретін жағдай туып, басына бас, малына мал қосылса, шүкіршілік етпеске не шара. Құдасының мұндай ерлігіне де дән риза болып, шын тілеулестігін білдірді деп ағынан жарылатын.

Қаралы түскен келінін айттырылған қалындығы бар кіші баласына қосатын болса, өлген ұлының жылын өткізіп, қаралы күні аяқталғанша кіші баласының отауын түсіру керек. Өйткені өз қалындығына үйленбей тұрып жеңге алса — қайын атасы да, қалындығы да қарсы болып, әйел үстіне келмей қоюы мүмкін. Сондықтан әуелгі уәдеде тұрып, өз жолымен кіші келінді түсіріп, одан соң күйеуі өлген жесір келінін әмеңгерлік әдетімен жеңге алған екінші әйел есебінде қосатын да, мал сойып, құрмалдық жасайтын. Ал әйелі бар үлкен баласына қосатын болса да, осы сияқты жылын өткізген соң үйлендіретін.

Сөйтіп, әмеңгерлікпен күйеуге шыққан қалындық көпшілік жағдайда әйел үстіне баратын. Тек айттырылған қалыңдығы жоқ ер жеткен әмеңгері болған жағдайда ғана күйеуінің бірінші әйелі, яғни бәйбіше атанатын. Қазақ арасында әмеңгерлік әдеттің мұңдай түрі де тым ертеректен бері келе жатқандығын қазақ эпостарынан көруге болады. Оған мысал ретінде Төлеген өлгеннен кейін Қыз Жібектің басқа күйеуге шықпай, сүйген жары Төлегеннің туған інісі Сансызбайға күйеуге шығып, көп жасаумен ұзатылғандығын келтірсек жеткілікті болар. Қазақ халқында әйелі не қалыңдығы өлген жағдайда балдыз алу әдеті де (сорорат) болған. Әйелі өлген жігіттің қайын атасының қолында айттырылмаған бой жеткен қызы болса, күйеу әкесі құдасына барып, "жиендерің жетім қалды, келінімнің бой жетіп отырған сіңлісі бар екен, ата-бабамыздың жолы ғой" деп салмақ салады. Қыз әкесіне құдасы да, күйеу баласы да ұнайтын болса, өлген қызы тіршілігінде күйеуінен, қайын жұртынан қорлық-зорлық көрмей сыйласып өтсе, басы бос қызын жездесіне беріп, құдандалық қатынасты әрі қарай соза береді. Балдызы үшін "балдыз қалың" беріледі де, алғашқы қызын алғандағыдай ырғап-жырғамай, киім-кешегімен ғана алып кетеді. Бұған берілетін жасау балдыз қалыңның мөлшеріне шамалас болатын. Құдаларының бірі келінінен, екіншісі туған қызынан, ал күйеу сүйікті әйелінен айырылып, балалары жетім қалып жатқанда сыйлас құдалар бірін-бірі көп қинамай, көбінесе жеңіл-желпі ырымын жасап қана, "жең ұшынан жалғасып" дегендей, жездесіне балдызын қосатын. Әрине, күйеу мен балдыздың жас ерекшелігі де онша алшақ болмау керек. Оған да мұқият қарайтын.

Егер қыз әкесіне күйеуі немесе құдасы ұнамаса, әсіресе өлген қызы түскен жерінде тиісті сый-құрмет көрмей, ылғи жәбірленіп жүріп дүние салса, басы бос бой жеткен қызы бола тұра бергісі келмесе, ешкім оны зорлай алмайды. Сондай-ақ бойжеткен қызы біреуге айттырылып қойған болса, бұл мәселе тіпті сөз де болмайтын.

Балдыз алу мен балдыз берудің міндетті түрі қалыңдық оң жақта отырып өлген жағдайда болатын. Қалыңдық өлісімен, күйеу бірнеше жолдастарымен қайынатасына келуі керек. Егер ол уақытында келмесе, балдызын алу құқынан мүлде айырылады. (Е.Гродеков, 57)Сондықтан түрлі себептермен уақытында өзі бара алмайтын болса, бір сенімді адамды басшы етіп уәкілдер жіберетін. Мұндай жағдайда көбінесе күйеу әкесі өзі келіп, мәселені шешіп қайтатын. Өлген қалындықтың басы бос бойжеткен туған сіңлісі болса, міндетті түрде жездесіне береді.

Егер күйеу алғашқы қалыңдығына ұрын келіп үлгерген болса, балдызы үшін бұрынғы келісілген қалыңмал үстіне "балдыз қалың" (1-2 түйеден 1 тоғызға дейін) төлейтін. Ал енді алғашқы қалындығымен ешқашан кездеспесе, яғни ұрын келіп те үлгірмесе, балдыз қалың төлемейтін. Егер балдызы тым жас болса, қыз әкесі оны бой жеткізіп беруге уәделеседі де, құдалар жағына ат мінгізеді. Балдызының бой жетуін күткісі келсе, әдет бойынша, балдыз қалыңын төлейтін болып келіседі. Өлген қызының орнына беретін басқа қызы болмаса, берілген қалыңмалды қайтару керек. Мұндай жағдайда қайтарылатын қалыңмал мөлшері күйеудің ұрын келіп үлгеру-үлгермеуіне байланысты болған. Егер қалындық күйеумен әлденеше рет кездескеннен кейін өлсе, алынған қалыңмалдан "балдыз қалың" мөлшерін ұстап, қалғанын қайтаратын, ал мұндай кездесу бір рет те болмаса, қалың үшін алынған мал түгелдей қайтарылатын. Ал бойжеткен басы бос қызы бола тұрып бермесе, қыз әкесі алған қалыңмалын түгел қайтарумен бірге, түйе бастатқан бір тоғыз айып төлейтін. Балдызын жездесі жақтырмай, оны алудан бас тартса, кінә күйеуге ауып, айып тартады. Өтелген қалыңмал саны кесілетін айыптан кем болса, түгелдей қайтарылмайды. Мұндай айыптың мөлшері түйе не ат бастатқан тоғызға дейін баратын. Кейде қайтарылуға тиісті өтелген қалыңмалдың жартысына дейін айып кесілетін.

Балдызының тым жастығын еске ала отырып, оны алудан бастартқаны үшін де күйеу айып тартатын. Әрине, мұның кінәсі жоғарыдағыға қарағанда солғындау болғандықтан, айып мөлшері де кінәсына сай болатын. Гродековтың деректері бойынша, алынған қалың-малдың үштен екісі күйеуге қайтарылып, өзгесі қыз әкесінде қалатын.

Өлген қалындықтың туған сіңлісі тым жас болса, оны күйеу жігіттің інісіне атастырып, құдалықты күшіңде қалдыратын әдет-ғұрып та бар. Мұндай жағдайда балдыз қалыңның төлеу-төленбеуі тағы да күйеудің қалыңдық ойнап үлгеру-үлгермеуіне байланысты, яғни күйеу ұрын келіп үлгірсе, өлген қалыңдықтың сіңлісін күйеудің інісі алатын болғанмен, белгіленген қалыңмал үстіне "балдыз қалың" төленетін, ал ұрын келіп үлгермесе төленбейді. Қалыңдық дәл ұзатар тойдың алдында, яғни қалыңмал түгел төленіп, өлтірі және той малы толық беріліп, қалындықтың жасауы (отау, киім-кешек, төсек-орын т.б.) түгелдей дайын болған кезде қайтыс болса, халық арасындағы әдет-ғұрып бойынша, өлген қалыңдықтың орнына оның сіңлісін беруді күйеуі де талап ете алмайды, қыз әкесі де міндетті болмайды. Мұндайда қалыңмал да қайтарылмайды, оның орнына қызға арналған жасау, яғни киім-кешек, төсек-орын, отау және көш-көлігі мен мінгізетін аты түгелденіп, "тұл отау" деген ортақ атпен күйеу ауылына жөнелтіледі. Өйткені жоғарыда айтылған дайындықтардан екі жақтың құдалыққа байланысты алыс-берісі түгелдей аяқталған жағдайда қалыңдық толығымен күйеу елінің адамы болып есептеліп, өлікке байланысты әр түрлі әдет-ғұрыптарды күйеу ұйымдастыратын. Әрине, мұндай жағдайдың өзінде де қыздың бой жеткен басы бос сіңлісі болса, күйеу жағы ниет білдірмей қалмайды, тағы қосымша қалыңмал төлеуге де даяр екенін білдіреді. Бірақ қыз әкесі бұл пиғылды қолдамай, "бір баламды бердім, оны құдай саған да, маған да көпсінді. Жасауын толық беріп отырмын, кемдігі болса, айтыңыздар, әйтпесе осыған риза болыңыздар" десе, оған қарсы өкпе де, дау да жүрмейтін. Сірә, өлген қалындықтың жасауын толық етіп дереу жіберуі, оның басы бос сіңлісін бер-меу мақсатын көздегендіктен де болу керек. Өйткені мұндай жағдайда өлген қалындықтың артында балдызы ретінде беретін ешкімі болмаса, жасау да берілмейтін, қалың да қайтарылмайтын. Ал құдасынан не күйеу баласынан түрлі себептерге байланысты ажырасқысы келмегендер осындай жағдайдың өзінде кіші қызын бермек болып, "балдыз қалыңды" екі еселеп алатын. Қыз әкесінің мұңдай шешімін күйеу жағы үлкен ықыласпен қарсы алып, құдасына ерекше сый-құрмет көрсететін.



Просмотров 1433

Эта страница нарушает авторские права




allrefrs.su - 2025 год. Все права принадлежат их авторам!