Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)


 

 

 

 



Отбасы және неке, туысқандық қатынастар 6 часть



Күйеу балаларымен жақынырақ танысу үшін қыз туыстарының бірі ұрын тойдың үшінші күні барлығын шақырып, қонақ қылады. Ел арасында осы шақырған үй "болыс үй", ал оның берген қонақ кәдесі "болыс той" делінеді. Әдетте болыс тойға қалыңдық пен күйеу салтанатты күймемен, ал бозбалалар көңілдері қалаған бір-бір .бойжеткенді алдарына мінгестіріп, думандатып келеді. Болыс үйде түрлі ұлттық ойындар ойналып, жастар кауымы өнер жарыстырып, сауық-сайран құрысып, таң ата тарқасады. Осылайша бірін-бірі сағынып қауышқан екі жастың кездесер уақытының мол болуына және онашада бас қосқан жастардың емін-еркін ойнап-күлуіне жағдай туғызу үшін болыс той өткізілетініне куә боламыз.

Ұрын той аяқталған соң қыз үйі күйеу баланы жол-жоралғысымен аттандырып салады. Қайын атасы күйеу баласына жүйрік, жора-жолдастарына бір-бір ат мінгізеді. Жігіт жағының бос қалған қоржынын түрлі кәделерге арналған сый-сыяпаттарымен лық толтырады. Бұл сыйлықтар "қап түбі" деп аталған. "Жеңгелерім мен қайын сіңлілеріме" деп қалыңдығы сақина, білезік, жүзік, сырғалар түйілген орамал береді. Қалыптасқан дәстүр бойынша, қыздың жеңгелері мен тойшы жастар қоршаған күйеу ауылдан жаяулап шығады.

Ұрын той өткеннен кейін күйеу жігіттің қалыңдығымен кездесіп тұруына ешкім кедергі келтірмейді. Бірақ екі жас оңаша қаншама ойнап-күлгенімен, ақ некелі түнге дейін абыройын сақтап, адалдықтың ала жібін аттап өтпейді. Той күнін, яки қыз ұзату тойының мерзімін қалыңдықтың әкесі белгілейді. Тойға күйеу өз ауылының ақсақалын, нөкер жігіттерін ертіп келеді. Бұл жолғы тарту-таралғының да салмағы оңай емес, әдеттегі жыртыс пен ұсақ-түйек кәделердің сыртында күйеу қыз анасына атап "сүт ақы" әкелуі керек. Сондай-ақ отау үйдің киізі мен той малы да күйеудің мойнында. Ал отау үйдің қаңқасын, ішкі жабдығын қыздың әкесі береді.

Бұдан соң жігіттің әкесі қалыңмал берудің қамына, ал қыз жағы калыңдықтың жасауын дайындауға кіріседі.

Қалыңмал. Қалыңмал төлеу кейбір зерттеушілердің түсіндіріп жүргеніндей, қызды сатып алу үшін берілетін құн емес, керісінше, қалыңдықтың жасауына, сәукелесіне, той малына, кәделі алыс-берістеріне жұмсалатын қаражат көлеміне сай төленетін төлем. Дәстүрлі калыңмал мынадай бөлімдерден тұрады:

Бас жақсы — түзу мылтық, бөрік сауыт, қашса құтылатын, қуса жететін бір сәйгүлік, малдығы артық бір түйе. Немесе олардың әрқайсысының орнына 5 ірі қарадан —20 жылқы беріледі. Бірақ бертін келе бас жақсының мәні өзгеріп, әлгі төрт заттың орнына тұрмысқа қажетті өзге дүниелер берілетін болған. Мәселен, Торғай уезінде бас жақсыға 3-12 жылқы, немесе 100-300-дейін, тіпті 600-1000-дейін күміс ақша береді.

Қара мал — қалыңмалдың ең өзекті бөлімі. Ірі қара саны бір жиырмадан бес жиырмаға дейін (21—25 жылқы) барады.

Ілу — қызын тәрбиелегені үшін ұрын барғанда берілетін кәде. Егер ілуге көп қаражат жұмсалса, тиісінше қара мал саны аз айтылады.

Той малы — қыз ұзату тойына сойысқа апарылатын мал, жыртыс және қалыңдық жасауының шығыны. Той малы 20—70 бас жылқыға дейін жетеді.

Сүт ақы — қалыңдықтың анасына берілетін 1—7 түйе.

Жігіт түйе — қыз әкесінің ата күшіне төленетін ақы. Бүған 2 түйе және міңдетті түрде күйеудің жақсы сырт киімі мен ер-тұрманы беріледі.

Сондай-ақ қалыңмалдың он шақты қарадан аспай, кедейлер ортасында жүретін "дөңгелек калың", 10—15 ұсақ мал орнына бір тәуір жылқы беру ғүрпы —"балама қалың", әйелі өліп, орнына балдызын алғанда төленетін 27 ірі қара —"олқы қалың" секілді түрлері де болған.

Қалыңмалды бөлу үстінде жылқышылар "құрық бауға" бір мал, қойшылар "қосақ бауға" бір қой, бата оқыған көпшілік "келін тілі" деп бір мал бөліп алады. Халық арасыңда егер "келін тілін" бермесе, "түсер келін кекеш болып қалады" деген сенім бар.

Бұдан тыс толып жатқан ұсақ-түйек кәделер бар. «Қалынсыз қыз болса да кәдесіз күйеу болмас» деген мақалдан-ақ барлық кәдені орындау күйеу жігітке әрі сын, әрі парыз екені көрініп тұр.

Қалын мал мөлшеріне сәйкес оның құрамы малдың түрлі қасиеттеріне, жынысына, жасына, қоңына, қысырлығына т.б. талаптарына қарай малдың түлігі мен санының әр түрлі ара-қатынастарында беріледі.

Қалын малға қыздың әкесінің ғана иелік етуге хақы бар. Егер қыздың әкесі қайтыс болса, берілген қалын малға иелік ету тек қыздың аға-інісі, немесе әкесінің жақын-туыстарының ішіндегі ең жақын ер адамға рұқсат етіледі.

Егер қалындық жігіттен бұрын төсек көрген болып шықса, жігіт жағы қалын малына қоса бір тоғыз айып талап етуге хақылы /қайын атасының отау алдында күйеуге деген атын пышақтап, шапанын да айырып кетеді/. Қалындық төсек көрген болып шықса, іс билердің үкіміне түсер болса, сол іске кінәліден қыз әкесінің пайдасына тоғыз даулауға хақы бар.Қорыта айтқанда, аты аталып, түсі түстелген қалыңмал түгелдей қыз үйіне бармайды, "қап түбі" қыз жасауы және басқа алыс-беріспен кері кайтады.

Жасау. Жасау — жігіт жағынан келген қалыңмал мөлшеріне шамалас, кейде онан да асып түсетін, ұзатылған қызға міндетті түрде берілетін мал-мүлік.

Тарихи деректерде ұзатар қызына жасатқан ақ отауы сәндігі жағынан хан-сұлтандардың ордасынан асып түсетін және отауы ерекше салтанатты болсын деп маңдайшасын борлатып, керегелерін оюлату үшін бар малын жұмсап, кедейленіп қалғандардың да болғаны туралы мәліметтер кездеседі.

Жасау жана отау құрған екі жас үшін ең қажетті мынадай мал-мүліктерден кұралады: ақ отау, төсек-орын, киім-кешек, құрал-жабдық, қару-жарақ, жүйрік ат, сойыс мал және әр түрлі ірілі-ұсақты сыйлық бұйымдар. Егер қазақ жұртының жасауына кіретін кейбір дүние-мүліктерін таратып айтар болсақ, отауға — екі жүзік, екі туырлық, бір түндік; кару-жараққа — ер-тұрман, садақ (түзу мылтық), берік сауыт, калқан, берен қылыш, ыдыс-аяққа — қазан-ошақ, астау, шара, шөміш, ожау, күбі, келі, кебеже, асадал, қасық, кұмған, саба, торсық, үрген қарын т.б., көрпе-төсекке — ағаш төсек, құс төсек, көрпе-жастық, бірнеше ет көрпе, төсеніш көрпе т. б., төсенішке — бірнеше текемет, сырмақ, еткиіз, 4— 5 алаша, 2—3 кілем т. б., киім-кешекке *— әрқайсысы тоғыз-тоғыздан тон, ішік, көйлек-көншек, шапан т. б., құрал-жабдықтарға балта, шот, балға, төс, шапқы, түрпі, ара, ине, талыс, үскі, сапсалғы, біз, сыдырғы, мәкі т. б. жататындығын көреміз.

"Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз той болмайды" демекші, калыңдықтың туған-туысқандары қызын ешқашан жасаусыз үйінен шығармаған. Себебі, қызына жасау беру — ата-ананын мойнындағы бірінші борышы болып есептеледі.

Қазіргі кезде шамасы жетіп жатқандар, қыз жасауын той үстіне-ақ алып келіп жатады. Жасаудың қаншалықты болатыны қыз жағының шама-шарқына байланысты. Кейбір жерлерде жасауды қызды тұрмысқа шыққаннан кейін бір, екі жыл өткеннен кейін береді. Қыздың шешесі мен тағы бір-екі әйел жасауды алып барады. Оған да кішігірім той жасап, әкелінген жаңа заттарға «құтты болсын!» айтып келушілер шашу шашады, байғазы береді. Жасау әкелген құдағиларға үлкен құрмет көрсетіліп, киіт беріледі, сырға, жүзік салынып сыйластықтарын білдіреді. Жиналған туған-туыстар мен ауыл әйелдеріне қыз жасауын ашып көрсетеді. Түйіліп-буылған әр-түйін заттың бетіне әдейілеп салынған сыйлықты ашып көрсеткен адам өзі алып, басқа әйелдерге де бөліп береді. Жасауын әкелген қыздың шешесіне ризашылықтарын білдіреді.

Қыз ұзату тойы. Құдалар бәтуаласқан соң-ақ қыздың барлық туған-туысқандары жиналып, ұзату тойының қамына қызу кіріседі. Той басталарға екі-үш күн қалғанда 5-6 жолдасымен сүт ақысы, той малы, жыртысы мен түрлі кәделерге арналған мал-мүліктерін алып, артынып-тартынып күйеу келеді. Бір топ қыз-келіншек олардың алдынан шығып, ауыл сыртынан қарсы алады. Жездесінін атын жетектеп келіп, көрмеге байлағаны үшін балдызы маталай "ат байлар" сыйлығын алады. Күйеу бала жолдастарымен онаша отауға түсіріледі.

Рәсім бойынша, күйеу келген соң, қыз әкесі үйінің артынан қалыңдық пен жігітке арналған ақ отау тігіледі. Ақ отауды тігу үстінде мынадай дәстүрлі ырымдар орындалады. Отау тігер алдында "Тәңір қолдасын!" деп бір мал сояды. Бұл рәсім — "құдай жолы" делінеді. Отау тігуге сол ауылдың үбірлі-шүбірлі кейуаналары қатысып, керегесін кергені үшін күйеу баладан "кереге көрер" кәдесін алады. Әдетте шаңырақты (жігіт әкелген) жасы бел ортадан асқан, елге сыйлы сол ауылдың кәрі күйеуіне ырымдап көтерткізеді, ол "шаңырак көтереріне" бір ат мінеді. Сонымен бірге күйеу жігіт отаудың уығын шаншығанда "уық шаншар", туырлығын жапқаңда "туырлық жабар", түндігін жапқаңда "түндік жабар", үзігін жапқанда "үзік жабар", баушуын тартқаңда "баушу байлар" кәделерін үлестіреді. Ақ отау әбден тігіліп болған соң, әйелдер құдалардан "отау байғазысын" алады. Тігілген ақ отауға ен алдымен қалындықты кіргізеді. Ол уйдің сол жақ босағасына барып, оң аяғымен жерді бір теуіп, далаға қайта шығады. "Бұл отаудың иесі біз боламыз" деген ишаратты білдіреді, осы әдетті күйеу бала да қайталайды. Үй тігісімен аналар "құдай жолына" сойған малдың етін міңдетті түрде жаңа отаудың ішінде жеулері шарт. Сүйегіне тіс тимей мүжілген қойдың омыртқасын әйелдер күйеуге ұсынады. Жігіт оны жібек орамалға орап, ақ отаудың шанырағынан сыртқа лақтыруы керек, ал мойын ұсынған әйел "мойын ұсынарым" деп, жібек орамалды өзі. алады. Бұл "ақ отаудын босағасы берік болып, түтін түзу шықсын" деген ырымды білдіреді.

"Тойдың беті — дастарқан" демекші, оның мейлінше берекелі әрі дайыңдаған тағамдардың дәмді болуы үшін той жасаушылар бар өнерлерін салып, тырысып-ақ бағады. Әдетте той шығынын қыздың туған-туысқандары мен ел-жұрты жабыла көтерісетін болғандықтан шартарапқа хабар салынады. Тойдың барынша қызықты өтуі үшін той иесі төңірекке аты мәлім өнер адамдарын — ақыңдар мен әншілерді, сал-серілер мен жыршыларды, билер мен шешендерді, батырлар мен балуаңдарды, ат-пыраштар мен құсбегілерді, есепшілер мен құмалақшыларды түгел шақырады. Олармен жүзбе-жүз көрісіп, өнерін қызықтау ел үшін бір тамаша ғанибет болса, той иесі үшін үлкен абырой. "Байлық — қолдың кірі", "Бай — бір жұттық" деп есептеушілер той біткен соң берілер баға, айтылар сын, даңқ-дақпыртқа қатты көңіл койған.

Келетін қонақтардың жолы, жасы, дәрежесіне қарай арнайы қонақ үйлер тігіліп, ас сақтайтын шошалар дайындалады. Кімнің қай үйге түсетініне әбден қанық күтушілер бекітіліп, әр үйге қымызға лық толы емізіктелген саба қойылады. Сегіз қырлы, бір сырлы той басқаратын тойаба мен сыбағалы табақ жасайтын асаба сайланады; айтыс пен бәйге, күрес пен көкпар ұйымдастырушылар белгіленеді. Тойдың ойдағыдай етуі осыларға байланысты болғандықтан реніш туып, арты дау-дамайға айналмас үшін той берушілер бұл жағын мұқият ескереді.

Қыз ұзату тойы басталардан екі-үш күн бұрын жан-жаққа шақырушылар жіберіледі, ал алыс жақтағы ағайындар екі-үш ай бұрын хабардар болады. Жетісу еліңде үстіне әдемі киім іліп, басына қалыңдықтың сәукелесін киіп, қоңыраулы күміс ер-тоқымды жорға мініп, қыз жеңгесі шақырған.

Ауылдың өнерлі жастары ымырт түсісімен-ақ киіз үйдің іргесін түріп тастап, қыздар іште, жігіттер сыртта тұрып, қызу айтысты бастап жібереді. Жеңілген жақ уақ-түйектен бір тоғыз төлеп, түн ортасы ауа тарқасады.

"Той десе, қу бас та домалайды" демекші, ертесіне ат жалын тартып мінген жастан еңкейген кәріге дейін тойлы ауылға жиналады. Қымыз ішіліп, сыбағалы табақтар тартылған соң, кезек балуаңдар күресіне беріледі. Курес арты көкпарға ұласып, кешке таман түрлі өнердің тиегі ағытылады. Жастар таң атқанша ойын-сауық құрады. "Балтам тап", "Хан", "Көрші", "Мыршым" секілді ойындар ойналады.

Келесі күнгі ең қызық тамаша — ат бәйгесі. Бәйгеге қосылған аттар шаң бергенше тойға жиналған жұрт арқан тартысып, қыз қуысып, жамбы атысып, балаларды күрестіріп, жаяу жарыстырып мәре-сәре болады, жеңімпаздар жүлделерін алысады. Қазақтың қай тойында болмасын жүлденің төресіне аты жүйріктер ие ғой!.. Бірінші бәйгеге түйе бастаған тоғыз, екіншіге ат бастаған тоғыз, кейінгілерге жай тоғыз... беріледі.

Кешқұрым ақ отау алдына "Жар-жар" айтатын қыз-жігіттер жиналады. Бір жігіт бастап, қажет жерінде жігіттер тобы қостап, жауап сөзді құрбылары қостаған қалыңдықтың өзі қатады. Осылайша жат жерге кетіп бара жатқан бойжеткен құлын-тайдай тебісіп бірге өскен құрбыларымен қимай қоштасса, жігіттер жағы "үлгілі, әдепті боп, қайын ене, қайын атанды сыйла, туған аулыңа сөз келтірме",— деп наздарын айтады. Қалыңдық пен күйеуді қаумалаған жастар "жар-жардан" соң ауыл сыртына шығып, алтыбақан теуіп, "ақсүйек", "айгөлек" ойңап, думандатып, түн ортасы ауа тарқасады.

Сонғы күні ұзатылар қыз үй-үйді аралап жүріп, ел-жұртымен қоштасады. Бұған қыз туыстары дайындалып, әрқайсысы өз дастарқанынан дәм тартқызады. Әр үйдің от-орнымен қоштасып, көп болса, көпсінбей, аз болса қомсынбай берген сыйлықтарын көзіндей көріп жүру үшін алатын бұл салт ел ішінде "танысу" деп аталады. Мәселен, Батыс Қазақстанда танысатын калыңдықты кілемге отырғызып көтеріп аралату дәстүрі болған.

Ұзату тойы өткен соң жақын-жуықтарын қыз үйіне шақырып, дәстүр бойынша қыздың жасауын көрсетеді. Жасауға ризашылық білдірген құдаларға киіт кигізіп, түйе жетектетіп, ат мінгізеді. Болашақ отаудың көшер көлігі, сауып ішер сиыры мен биесі де қыз жасауының құрамына кіреді. Сойыс малы бір-бір жарым жылға мөлшерлеп беріледі. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша ұзатылған қыз әке малынан әр түлік бойынша "мал құты" деп есептелетін бір-бір мал, сондай-ақ әке мүлкінен түзу мылтық, берен сауыт қалауына болады. Дәстүр бойынша, қызы не сұраса да әкесі бетін қайтармайды. Бас құданың рұқсатымен қыз жасауы буылып, түйіледі. Әр тениің арасына әйелдерге арналған кішігірім "тең шешер" сыйлықтары салынады.

Қыз аттанарда қимас ата-анасы, туған-туыстары, қасиетті ел-жұрты, атамекен, құрбы-құрдастарымен қоштасып, "сыңсу" айтады.

Аттанар алдында қызға күштеп сәукелесін кигізеді. Қалыңдық пен күйеуге күміс ер тұрмаңды, үкіленіп қызыл шұғамен жабуланған жорғалар, қыз шешесіне жайлы көлік дайындалады. Ертеде арба үстіне ақ қайыңнан өрілген ақ отау да орнатқан.

Аттанған қызды жаяу ұзатып салған қыз-келіншектер қоштасар сәтте у-шу болып, жылап айырылысады. Қалыңдық кешіне қыз шешесі, екі жеңгесі және косшы жігіт ереді. Жолшыбай жолыққан ауылдар ұзату көшінің алдынан шығып, шашу шашып, қонақ қылып аттандырып салады. Күйеу ауылына жакындаған сәтте серіктерінің бірі сүйінші сұрауға тұра шабады.

Шамасы келіп қыз ұзату тойын жасап, қазақтың осы салт-дәстүрлерін орындап жатқандар аз емес. Қыз ұзату тойы бүгінгі күні көп жерлерде әдетке айналып жатыр. Безендіріліп жатқан осы тойлар қазақ халқының салт-дәстүрін көркемдедейді. Ұзатылатын қызға, туған-туыстарына бұл той қуаныш әкеледі. Қыз ұзату тойына алдын ала дайындалады. Оны келін түсіру тойынан кем өткізбейді. «Ана алдында – құрмет, ата алдында қызмет», «Әкеден – ақыл, анадан мейір», Перзент көздің нұры, жүректің жыры». Әке шешесінің перзенті болғандықтан, оның да үйлі-жайлы болуын тілеген олар күшін аямайды. «Гүл өссе – жердің көркі, қыз өссе – елдің көркі» демекші, қазақ халқы да қызға аса бір ерекше көңілмен қарайды. «Ұлын өссе – мұратын, қызын өссе - жұратын» деп, ұлдан қызды кем көрмеген. Бүгінгі күндері «Қыз ұзату» тойына көптеген туған-туыстары шақырылады. Той өтетін орынды безендіруге айырықша мән беріледі.

Асаба бар өнерін салып, тойды қызықты өткізуге тырысып бағады. Ол алдын ала айтылатын әндер мен билерді, ойындарды, тілек айтушыларды рет-ретімен қағаз жүзінде дайындап қояды. Тойдың қызықты өтуі тікелей асабаға байланысты болғандықтан, той иелері асабаны күні бұрын белгілеп қоюлары қажет. Асаба сөзге жүйрік, өлен-жыр мен әзіл-сықақтарды көп білетін, музыкалық аспаптарда еркін ойнап, ән сала алатын өнерлі, әрі ауыл адамдарын түгел танитын болғаны жөн. «Ел – іші өнер кеніші» дегендей, өнерлі жігіттер кез-келген ауылдан табылады. Қазіргі кезде арнайы той өткізуші асабалар дарынды музыкалық аспапта ойнай алатын адамдарын өз көмектерін ұсынуда. Тойдың қызықты өтуі, өтпеуі де оны ұйымдастырушылар мен басқарушыларға байланысты.

Келетін қонақтардың санына байланысты дастарқан дайындалады. Дастарқан мәрізін дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Ыдыстар мен тағамды жеткізетін даяшылар, қазан-ошақ басында жүретін аспаздар ерте бастан белгіленеді. Жұрттың бас-аяғы жиылып болғаннан кейін, асаба той бастауға кіріседі. Ол, біріншіден қонақтарды рет-ретімен дастарқан басына орналастырады. Жайғасып, орныққан соң, асаба той бастауға кіріседі. Дәстүрі бойынша тойды «Той бастар» өлеңімен бастайды. Бұл тойда қыз ерекше сәнді той көйлегін, бас киімін киеді. Жар-жар айтып, екі жасты ортаға шақырады. Қыздың әке-шешесі өз тілектерін екі жасқа білдіріп, баталарын береді. Той бітпей жатып, қарсы жақтан келген құдалар қайтуға ыңғай танытады. Оларды қошаметтеп шығарып салады. Кетіп бара жатқан қыздың алдынан арқан керіп, көрші қоландары, жора-жолдастары жолын бөгейді. Қарсы жақ құда кәдесін беріп, жолын ашқызады. Ендігі кезектегі той күйеу жігіттің ата-анасына жасайды. Келін түсіретін жақ белгіленген уақытқа қонақтарын шақырып, күтіп отырады.

Келін түсіру тойы. Ауыл әйелдері жасаулы кештің алдынан шашу шашып қарсы алады. Кімде-кім кеш бастар түйенің бұйдасын қабылдап алып, ауылға жетектеп енсе, "мұрындық апа" атанып, тиісті сыйлығын алады. Ауыл адамдары дереу жүкті түсіріп, ақ отауды тігуге кіріседі. Әдетте ақ отау күйеу әкесі үйінің оң жағына тігіледі. Мұңда да отаудың шаңырағын көтеруге балалы-шағалы, төңірекке жақсы атағы жайылған салиқалы ана тандалады. Отау тігіліп болысымен түрлі жиһаздар шығарылып, жайнатып жиналады. Осы кезде бір жеңгесімен ауыл шетіне атынан түсіп, хабар күтіп тұрған келіннің алдынан ауылдың қыз-келіншектері шымылдық алып шығады. Бет-жүзі үлкендерге көрсетілмей, шымылдықпен бүркемеленген келінді алдымен қайын атасының үйіне кіргізеді. Ұлы шаңырақтың босағасынан оң аяғымен аттасымен тізесін бүгіп, үш рет сәлем берген келініне атасы "Көп жаса, қарағым!" деп батасын береді. Содан соң жас келінді ошақ жанындағы жұмсақ тулақ-баспаққа отырғызады. Бұл "жаңа түскен келіннің мінезі де илеген тулақтай жұмсақ, биязы болсын" деген ырым. Ошақтағы отқа май құйған жас келін: "От Ана, Май Ана, шапағатыңды тигізе көр, жарылқа!"— дейді, Ал қалыңдықты қоршаған әйелдер қолдарын отқа қыздырып, "Оттай опалы бол!"— деп оның маңдайына тигізеді.

Осы рәсімдер аяқталған соң жас келінді ақ отауға
әкеледі. Күйеу шешесі шашу шашып, оң аяғымен табалдырық аттаған жас келінді сол жаққа тігілген шымылдық ішіне отырғызады. Қарсы алушы қыз-келіншектерге қыз шешесі күміс білезік, сақина, жүзік, сырға, алқа, түрлі маржан тастар үлестіреді.

Қонақтарға табақ тартылып, ақсақалдар бата оқыған сар табақтан ақ отауға сыбаға (үлпершек) жібергенде, жас келін оны сәлем етіп қабылдайды. Ауыл адамдарымен жаңа түскен келінді таныстыру үшін "беташар" басталады. Беташар айтатын жігіт әркімді таныстырып тұрып, "Бір сәлем" дегенде, келін тәжім етіп, ақын желектің төменгі ұшын шыбықпен көтеріп қалып, оны жұртқа көрсетеді. Бет ашушыға келінді сүйеп тұрған қыз жеңгесі мен жігіт жеңгесіне жібек көйлек, биқасап шапан кигізеді. Беташардан соң ауыл жастары түнімен ойын-сауық жасап, думанды кезі құрады. Ертеңіне "келін түсіру тойы" жасалады. Тойбастардың бірденайтылып, той ашылу тұсы болмаса, келін түсіру тойы негізінен қыз ұзату тойымен бірдей өткізіледі.

Қазіргі таңда келін түсірген уақытта қалындықты ауыл келіншектері мен жастары күтіп алып, шашу шашып, құрылған шымылдықтың ішіне келген келінді кіргізеді. Шымылдықты құрғаны үшін сый алады. Абысындары басына орамал салып, тағы басқасы отқа май құйғызады. Сол қызметтері үшін енелері сыйлық сыйлайды. Орамал салғаны енді келін болды дегенді білдіреді. Жас келінді көргісі келгендер үлкен келіндеріне немесе жеңгелері мен апаларының біріне көрімдіктерін береді. Келіннің бөлмесіне апарып келінмен таныстырады. Танысқан адам келінге шашу шашып, «қадамының құтты болсын!» деп тілегін айтады. Беташар болмайынша келін шымылдырықтан шықпай, іске араласпай отырады. Келінді көруге келгендерге ол ізеттілік білдіріп орнынан түрегеледі. Оңтүстік Қазақстанда осы дәстүрлердің барлығын орындауға тырысады, ал басқа жақтарда беташар жасап, келіннің басына орамал салу дәстүрлері орындалғанымен шымылдыққа отырғызу дәстүрі орындалмайды.



Просмотров 1592

Эта страница нарушает авторские права




allrefrs.su - 2025 год. Все права принадлежат их авторам!