![]()
Главная Обратная связь Дисциплины:
Архитектура (936) ![]()
|
Классификациялау мәселесі, түп-төркіні 4 часть
Бәйге Бәйге(дәстүр). «Тігіпті бас бәйгеге елу бие, Он отау, бір бас тоғыз, тоғыз түйе, Жабулы қара нарға қалы кілем, Аты озған болады бір олжаға ие» (Н. Ахметбеков).Ұлы тойда, аста, мерекеде жыққан палуанға, озған жүйрікке, жеңген ақынға берілетін жүлде. Тойдың, астың дәрежесін, қызығын осы бәйгеге қарап анықтауға болады. Бәйгенің ең үлкені әдетте бас палуан мен жүйрік атқа тағайындалады. Әсіресе ат бәйгесіне мол мал, дүние мүлік тігіледі. Бәйге алдында озып келген 10, 15, 20 атқа да беріледі. Мысалы Лабақ Қуат баласының асында бас бәйгеге 100 жылқы, 1 отау, 9 нар, 9 ат, 9 құндыз тігілген (С. Шәріпов).Қелесі атқа 75, одан кейін 50, одан кейінгіге 25, осылай төмендей береді. Аты озып бәйге алғандар оның бәрін еліне айдап кетпейді. Бұл жомарттық, мәрттік, ерлік, ғұрып. Оның біраз бөлігін әруаққа, ақсақалдарға атап, қалғанын жанындағы жолдастарына бөліп береді. «Атығай, Қарауылға олжа салған, Бота тірсек,- қыл сағақ сандал керім» дегенде Ақан осыны айтқан. Палуан бәйгесі де үлкен. Оған кілем жабылған түйе берілген, акындарға шапан кигізіп ат мінгізген. Бәйге — жеңімпаздарға берілетін жүлде болғанмен кейде ат жарысының өзін де «бәйге»—деп айта береді. Бәйге казақ халқының рухани, мәдени дәрежесін көтеретін және көрсететін үлкен дәстүр. Дауыс қылу Дауыс қылу(әдет, ғұрып). «Әйел жылап Бөжейге барып:— Ақ маралды құдай алды, Ақбас атанды Майбасар алды»,— деп дауыс қылыпты (Ә. Кәкітайұлы). Қатты күйзелген, өмірден соққы көрген, адамдарынан қапыда ерте айрылған, мұңды шерлі адамдар кейде қамығып отырып өзінің зарналасын сыртқа шығарып тәңірге, әруаққа, елге шағынып жылайды, зарлайды. Мұны «дауыс қылу» дейді. Дауыс қылу өлеңмен айтылады және ол әйелдерге тән әдет. Дауысты естіген адамдар, үлкендер мен әйелдер оған келіп басу, тоқтам айтады, балалары, туған-туыстары барын айтып, ертеңгі күнге сендіреді. Кейде мұндай адамдар көзіне жас алып, қосыла жылайтын күндері де болады. Дауыс қылу әсіресе кешегі 1928 жылғы тәркілеу, колхоздастыру, 1937 жылғы қудалау, 1941—1945 жылғы соғыстан кейінгі жылдары ел ішінде өте көп болған. Дауыс қылу мен жоқтауды шатыстыруға болмайды. Рас екеуі де қаралы, қапалы жағдайда айтылса да екеуі екі басқа. Жоқтау өлген адамға ғана арналып айтылады, ал дауыс қылу көңіл-күйін білдіретін жыр. Дау Дау(дәстүр). «Дау бірнеше күнге созылып, екі жақ та келісе алмайды» (Ел аузынан).Дау халықтың әділдікке жүгіну, билік, заң шешім жолдарының шешуші кенесі және әлеуметтік маңызы бар шараларының бірі. Қазақтың үлкен дау-жанжалы көбінесе күн, жер дауы мен жесір дауына байланысты. Даугерлер биге жүгінеді. Ересек адамдар қатысқан жиын болады. Мұнда екі жақтан да шешен даугерлер шығып, қамшы тастап өздерінің дәлелдерін ұтымды сөзбен жеткізіп отырған. Дауда шешендік, тапқырлық, қарсы жақтың осал жақтарын дәл басатын біліктілік керек. Дауға төбе би төрелік айтады, яғни үлкен билік, үкім шығарып, бітім жасайды, Би, ақсақалдар шешімі заң және ол талқылауға жатпайды. Бұған даугерлер де тоқтайды. Деңгене Деңгене (дәстүр). Соңғы жылдарда ұмытылып бара жатқан дәстүрдің бірі — осы деңгене. Екі немесе үш жігіт басын қосып ауқатты үйге «деңгене» жеуге келдік»—дейді. Оның шарты мынадай: Үй иесі бір семіз қойды сояды да әлгі екі не үш жігіттің алдына қояды. Олар бір қойдың етін сорпасымен ішіп, жеп кетуі керек. Егер олар қойды жеп кетсе, қойдың құны сұраусыз, егер етті тауыса алмаса, олар үй иесінің қойын төлеуге тиіс. Кей жерлерде мұны «сірне» деп те атайды. Тағы бір қызығы ел арасында бұрын бір қойды бір өзі жеп кететін мешкейлер көп болған. ХХ-ғасырдың басында Арғын ішінде Тінет руында Шінтен деген атақты мешкей болыпты. Дүре салу Дүре салу(салт, әдет).—«Сал дүрені! Артын түріп қойып соқ!—деп Құнанбай қалшылдап кеп, төніп тұр». (М. Әуезов).Жазаның ауыр түрі, әрі масқаралау түрі — дүре салу. Көбінесе жазалының құйрығын жалаңаштап қойып жазасына қарай 25, 50, 75, 100 қамшы дүре соғылады, яғни ұрады. Дүре үстінде әдіи кеткендерге құн төленбейді. Мұндай ауыр жаза ұрыларға, опасыздарға, ауыр қылмыскерлерге, қолға түскен барымташыларға, өшті-қасты адамдарға беріледі, кек алу жолында да қолданылады. Дүре көп алдында соғылады және оның әлеуметтік, тәрбиелік, заң жолында да атқаратын қызметтері бар. Мысалы, мұндай жазаны көрген адамдар қылмысқа көп бара бермейді. Ерулік Ерулік(салт).Қазақ тұрмысыңдағы орны бөлек, дархан да дара салттың бірі - ерулік. Өмірге сіңген, халыққа мерейлі дәстүр. Адамдардың өзара сүйіспеншілігін, құрмет-ізетін көрсетеді. Кейде ел мен елдің танысып, жақыңдаса түсуінің де дәнекері. Бұл салт қазақпен бірге туып, біте қайнасып келе жатқан секілді. Тіршілік талабымен де қабысып жатады. Ерулік берудің ыңғайына көңіл белсек, көші-қонмен сабақтасып, тұрмысқа енген сыңайы бар. Ылғи да адамның көңілін аялап, рухын демейді. Көш ұзақ жолдан шұбатыла созылып жетеді, шаршап-шалдыққан кісілерге еру ауыл адамдары қол ұшын береді. Ерулік - ертерек көшіп келіп отырған ауылдың жаңа көшіп келушілерге көрсететін сыйы. Көліктердің жүгі түсіріліп, үй тігіліп жатқаңда еру ауылдың әйелдері шайын қайнатып, ас пісіріп әзірленеді. Жаңа келгендерді шақырады да, тамақ беріп, тынықтырады. Ерулік беру – адам тандамайды. Таныс не бейтаныс бол, бәрібір. Адамдардың барлығына көрсетілетін сый. Мұндағы мақсат адамдардың көңілі жай табуымен байланысты. Қазақтың екі маусым кезіңдегі көші аса маңызды әрі оның қиыншылығы да мол. Бұл көштердің жолы да ұзаққа созылады. Ол — жайлауға және одан кері етекке қарай көшу әрекеті. Жайлау - қазақтың еркін тыныс алатын, малды түртпексіз жайылатын шүйгін жайылымы. Қыстау мен көктеуден шалғай. Ел мұңда күн суып, жердің оты қашқанша отырады. Ойдағы астық орылып бітіп, жайылым кеңігеннен кейін кері көшеді. Осы көште адамдар біраз қиналады. Тынымсыз жұмыстан шаршап-шалдығады. Жайлауға беттегеңде немесе күзеуге кайтқаңда көш көбіне еру елді жанай келіп қонады. Қашаңда қазақ ауылдары бұлақтың басына не үлкен судың бойына орналасады. Кейде көліктерін тынықтырьш алу үшін аялдаған көш те осыңдай манды таңдайды. Қаңдай жағдайда да еру ауылдың әйелдері ерулік беруді парызы санайды. Бұл елдік намыс. Ерулік берудің туысқа, ағайынға, құда-жекжатқа ілтипат көрсететін ниеттілік ететін сипаты да бар. Жасы үлкен туысқа жасалатын сыйдың түрі. Жасы кіші інілер мал сойып, үлкендерді асқа шақырады, сый табақтар тартады. Өйткені кеш басталған да әр уақытта отау үйлер ертерек қозғалады да, қонысқа барып, үлкен үйлерге жұрт сайлап қояды. Артқы үйлер көшіп келгеннен кейін отау үйлер арнайы әзірлікпен ерулік береді. Ерулік берудің тағы бір түрі құдаңдалы адамдар мен жекжат-жұраттар арасында өтеді. Мұның жөні бөлек. Көші-қон аяқталғанда, яғни ел жайлауға шығып не күзекке түсіп болғаңда бірін-бірі дәмге шақырысады, сыйластық әдеттерін атқарады. Бұл ауыл-үйлердің іркілмей араласуына, бала-шағаның жақындасуына, бауыр басуына жол ашады. Ерулік асқа әрдайым күңдіз шақырылып, тамағы да күндіз беріледі. Ерулікке көбіне жасы үлкен кісілер келеді. Ауыл жастары өзара сыбайласып, ерулікке шақырған ауылдағы бір отау үйге оңаша жиналады. Жастар бұл дәстүрді сауыққа жалғастырады. Үлкен кісілер өздерін күтіп алған үйде сый көреді. Жастар үлкен кісілермен араласпайды. Ерулікке шақырылған қариялар ас жеп, қымызға қанып аттанып кеткен соң, ауылдың жігіт ағасы ақсақалдардан рұқсат сұрайды. Жастардың қалауына бөгеттік жасалмайды. Жастың меселін қайтару, баланы басқа ұру - қазақ салтында барып тұрған теріс қылық саналады. Қалыптан аспайтын істің бәріне жол ашық. Қарым-қатынасы бар ауылдың жастары қысылып-қымтырылмай, бұрынғыдан да тығыз жымдасады. Бас қосу арқылы хал-жайларын білісіп, әзіл-қалжынмен көңіл ауласады. Қалаған ойыңдарын ойнайды. Әркім шама-шарқынша қызық көрсетеді. Ән салады, өлең айтады, күй шертеді. Жалпы қазақ ғұрпы бойынша өлеңшілер айтысады. Бұлар халық өлеңдерін жаттап, есінде сақтаушылар. Айтыс үстіңде қисынын тауып, өз ойларын да кіріктіреді. Бірақ дамытып әкете алмайды. Соңдықтан өлеңші аталады. Ойынды басқарушы айтысатын әріптестерді қатарластырып отырғызады. Өлеңшілердің көңілінен шығудың әдісін қолданады. Өленді ауыл жігіттері бастайды. Көңіл күйі мол қамтылған өлендер айтылады. Қарсыластардың қыз-келіншек жағы да, жігіттер жағы да екі-екіден жұптасып отырысып әндетіп айтысады. Ен, таңба Ен, таңба, (ғұрып). «Алаш, алаш болғанда, Алаша-хан болғанда, Таңбасыз тай, енсіз қой болғанда» (Ауыз әдебиетінен). Қазақ дәстүрінде жақын-жуық адамдарының баласына құлын, тай, бота, қошақан т. б. мал төлін атап, оның құлағына ен салдыратын ғұрып бар. Бұл үлкендер үшін сыйласудың, құрметтеудің белгісі болса, бала үшін үлкен қуаныш. Баланың көңілі өсіп, малға, еңбекке деген ынтасы, туған-туысқа деген жақындық ықыласы артады. Әр ауылдың, үйдің малға салатын өзіндік таңбалары болған. Мысалы, тілік, ойық, қиық, кесік, сырға, ойма ен, кез ен тағы басқа. Ен таңбасының шығу тарихы тым әріде жатыр. Ол атақты ғалым М. Қашғаридің «Диуан лұғат ат-түрік» («Түркі тілдерінің сөздігі») атты шығармасында да айтылған. Таңба сонымен бірге қазақ руларының өзіндік таным белгілерін де анықтайды. Мысалы: Арғынның таңбасы — кез, Қыпшақтыкі — әліп, Керейдікі — ашамай, Ошақтынікі — тұмар, Дулаттікі — дөңгелек, Бағаналынікі-бақан, тағы сол сияқты. Таңба мен енсол кездің «мөрі» десе де болады. Жаза Жаза(ғұрып).— Тиісті жазасын ол алады ғой, Жүргенді кім аяйды ұрлық қылып (С. Есенбаев). Ұрлығы, тентектігі, кінә, күнәлары үшін қолданылатын шаралардың бірі — жаза. Билер кеңесінің шешімі бойынша жазаға ұшыраған адамға жұрт көзінше дүре соғылады, қара есекке теріс мінгізіліп ел аралатады. Арақ ішіп өлген де жазаланады, яғни сүйегі басқа моладан жүз кадам жерге бөлек қойылады, оған намаз шығарылмайды. Егер жазаны алған әйел болса, бетіне күйе жағылады, («қарабет болады» деген осыдан шыққан) шашы кесіледі немесе ері талақ етеді. Жалаңаш билеу „Жалаңаш билеу"(ескі салт). „Тырдай жалаңаш жас әйел майданға шығып, осыны шешіп алып, билеп жұрт алдынан өтсін,— дейді" (Ә. Марғұлан).Мұндай би ерте замандарда ойын-сауық, қызық ретінде қалыптасқан сияқты. Оның түркі елдерінде, оның ішінде қазақ елінде болғаны түрлі жазба деректерде, аңыздарда да кездеседі. Бидің шарты үстіне қалын кілем жауып, асыл бұйымдар артқан түйенің бұйдасын жалаңаш әйел тісімен шешіп алуы керек. Және оған жас келіншек немесе жас қыз шығады. Мысалы, «Манас» жырында осындай салтқа Ороңқа шығып, түйені шешіп әкетеді. Мұндай салт қазақ даласында да болған. Өткен ғасырда Ұлытау баурайында болған аста „жалаңаш биге" шыққан әйел „үлкендерің көрген жерің, кішілерің туған жерің" деп келіп, шөккен түйенің бұйдасын тісімен шешіп әкетіпті. Арқада өткен аста осындай биге қатысқан жалаңаш жас келіншек ұзын бұрымын тарқатып жібергенде бүкіл денесін шашы жауып кетіп еті көрінбепті. Ол сол бойымен келіп, түйені жетектеп кеткенде нар тіккен жақ „жалаңаш шықпады" деп дау шығарып, биге жүгініпті. Сонда әділ би „келіншек киімімен шыққан жоқ, шаш әйелдің қудай жаратқан мүшесінің бірі, оған дау жүрмейді" деп даугерді тоқтатыпты. 1920 жылдар ішінде Торғай даласына есімі көпке белгілі Қараман Досай хажының асындағы қалы кілем жабылған нарды Нарыш деген жас келіншек шешіп әкеткен. Жиенқұрық Жиенқұрық(салт). Қыздан туған балалар «жиен» деп аталады. Халық дәстүрі бойынша жиен нағашыларынан қалаған затын, яғни «жиенқұрық» алуға тиіс. Нағашысы жиенінің бетін қайтармай үш рет беруге міндетті. Халық жиенді ренжітпей «жиен назары жаман» деп еркелетіп ұстаған. «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деген де сөз бар. «Жиенқұрық» кейбір жерлерде «қырық серкеш»— деп те аталады. Жылу Жылу(дәстүр). «Жұрт малын жылулаған аясын ба?» (І. Жансүгіров). Өртке ұшыраған, мал-мүлкі суға кеткенде тағы басқа бақытсыздық жағдайға ұшыраған жанұяға ауыл-аймақта тұратын адамдар мал, дүние, ақшалай көмек көрсетіп, жәрдем беруді халық «жылу» деп атайды. Кейінгі кезде қоғам мүлкін жеп мойнына ақша мінгендер «жылу» жинайтын болып жүр. Қазақ заңы бойынша ондайларға «жылу» берілмейді. Жылу беру — адамгершілік көрінісі. Жолдасу Жолдасу (жолын беру) (дәстүр). Үлкен мәжілістерде, бас қосуда бұрынғы адамдар салт-дәстүр жолымен орын алады. Бас табаққа кіруде, немесе бата беруде де ата-баба жолын негізге алады. Мұндайда тек жасы ғана емес, жүз, ру жағы да еске алынады. Мұны қазақ салты бойынша «Жолдасу» немесе жолын алу деп атайды. Бұл ежелгі қазақ заңдарында негізделген. Көз қысу Көз қысу(ғұрып). Халық арасында ойды, айтар сөзді ыммен білдіретін жайлар да аз емес. Мұндайда «ымды білмеген дымды-білмейді»—дейді. Соның бірі көз қысу. Мұның екі түрі бар. Біріншісі — көп ортасында тілмен айта алмайтын «айтпа», «сездірме», «үндеме» тағы басқа ұғымды білдірсе, екіншісі — ер менәйел арасындағы жасырын сүйіспеншілік жолды білдіреді. Көз тию Көз тию(ырым). «Бір тойда диуананың көзі тиіп, кезінде құлыншақтай ол да өлді» (И. Байзақов).Қазақтың ұғымы бойынша жақсы адамға, жас балаға, жүйрік атқа, сұлу қызға көз тиеді деген ұғым бар. Ондай адамдарға «көзі бар» немесе «назар керде» дейді. «Кісі еді назар керде Кенесары, көзінің қарағанда етті зәрі», (Наурызбай-Қанышайым).Ас, тойларда шыққан палуанды, жүйрік атты көзге көп көрсетпейді. Ажары әдемі жас сәбилердің бетіне күйе жағып қоятын да ғұрып бар. Бұл көз күйеге тиеді деген түсініктен шыққан. Біреулер жас келінге, сәбиге сұқтана қараса «көзің тиеді, түкір» деп түкіртіп алатын да ырым бар. Көз тисе «сұқ-сұқ»— деп, тіл тисе «тіфә-тіфә» деп немесе біреуді мадақтағанда «тіл аузым — тасқа» деп ырымдайды. Кәде Кәде(ғұрып). «Ат өлсе де, кәде өлмейді», «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды» (мақал).Ойын, тойларда, айтта тағы басқа салт-дәстүрлер кезінде берілетін сыйды немесе алымды «кәде» деп атайды. Кәде — ойын-тойдың гүлі, оның сұрауға әркімнің де еркі бар. Кәде жолдары казақтарда өте көп. Той кәде, жол-жоралары: тойбастар, шашу, мүше сұрау, тәбәрік т. б. Құдалық жол-жоралғылары, кәделері мен ырымдары: жаушы жіберу, алдынан өту, қалың мал, кұда түсу, өлі-тірі, бата аяқ, той малы, есік ашар, атбайлар, той-бастар, құйрық-бауыр, құда тарту, көрімдік, отқа кұяр, түйемұрындық, қосақбас, құда аттандырар. Күйеу жолы мен кәделері:ұрын бару, есік көру, ентікпе, көрімдік, күйеу табақ, қалыңдық ойнау, кызқашар, құда-күйеу келгенде: сүт, ақы, ат байлар, босаға аттар, күйеу табақ, жеңгетай, отау жабар, қол ұстатар, шаш сипатар, ит ырылдатар, кемпір өлді, бақан салар т. б. Бала туғанда, жүргенде жасалатын дәстүрлер мен кәделер: Шілдехана, қазанжарыс, кіндік кесу, көтеріп алу, ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесер, шідерге сигізу, сүндеттеу т. б. Көрімдік «Көрімдік»(салт). Халқымыз жақсы сөзді жарты бақытқа балайды. Сонымен бірге адам көңілінің бір атым насыбайдан да қалатынын ескертеді. Өмір тіршілігіміздегі әрбір құбылыс адам сезімінің шежіресі ғой. Жақсы ат мініп, лотереямен "Жигули" ұтып, әйелінің ұл табуы былай тұрсын, жақсы көйлек киген күні де көңілің есіп жүреді. Осыңдайда ішкі мәдениеті кемел, сезім парасаты бай кісілер әлгі қуаныш иесін құптап, одан сайын куанышқа кенелту үшін көрімдік береді. Бұл игі рәсімнін халықтын дәстүрге айналғаны сонша, қуаныш, иесінін, "көрімдік бермесен, көрсетпеймін" деп бұлданатыны бар. Көрісу Көрісу(ғұрып). Көрісудің екі түрі бар: 1) бұрынғы дәстүр бойынша ұзатылған қыздар жыл толмай төркін жұртына баруына болмайды. Бұл қыздың жаңа қауымға алаңсыз үйренсін деген мақсатпен жасалған. Және келін болғаннан кейінгі биологиялық өзгеріске ұшырауы да өзінің еліне көрінбеуге тырысқан. Елін, бауырын сағынып жүрген осындай кездерде қыздың аға-інісі іздеп келгенде қыз оларға өлең, жырмен көрісіп, жылап, өзінің сағынышын, өкпе-назын, қуанышын білдіреді. Мұндай сәтте қыз туыстарына басындағы жаулығын көрсетуге ұялып, оны алып тастап, орамал тартып алады. Қыздың бұл көрісуі өте жарасымды әдет-ғұрып қатарына жатады; 2) «кімдер екенін айырып болар емеспін, кезек-кезек келіп, мені құшақтап көрісіп жатыр» (Т. Әбдіков).Туыс-туғандары, ет жақындары қайтпас сапар шеккенде артта қалған ағайын, іліктері көрісіп, жылайды, дауыс қылады. Еркектер де көріседі, бірақ әйелдердей жоқтау айтып, дауыс қылмайды. Азан шегелеу «Қазан шегелеу»(салт). «Қазан шегелейік»— деп Жексен кеңкілдеді, Екі иығы селкілдеді» («Мірдің оғы»).Өздері жақсы танитын, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдар бір-бірінің үйіне бас қосып барып «осы үйдің қазаның шегелей келдік» дейді. Үй иесі әзілмен жауап қайырып «жақсы болды ғой, қазан шегелегіш шебер іздеп отыр едік» деп қонақжайлық танытып, оларға қонақасы береді. Демек «қазан шегелеу» қонақ бола келдік деген ұғымды білдіреді. Бұл дәстүр де қазақтың қонақжайлық бейнесін танытатын ғұрыптардың бірі. Азанжарыс «Қазанжарыс»(ырым).— Әйел босанар сәтте басқа әйелдер қазанға жеңіл-желпі тамақ істеп оны босанатын әйелден бұрын пісірмек болып «жарысады». Халық ұғымы бойынша туатын бала «қазан жарысқа» «қатысып», одан бұрын өмірге келуге тырысады деп түсінген. Айырлы болсын айту Қайырлы болсын айту(дәстүр). «Бәрі де қайырлы болсын, қарақтарым» (Т. Әбдіков). Бала туған, келін түсірген т. б. сол сияқты қуанышқа «қайырлы болсын» айту ата салтымыз. Ол сол адамдарға деген ыстық ықыластың қуанышқа ортақ, екендігінің белгісі. «Қайырлы болсын» айтуға келмегендерге өкпелеуге де болады. Алау Қалау(салт, дәстүр). «Құттықтап әркім келіп, қалау алып, Ат мінді молда дағы атын қойған» (С. Торайғыров).Біреудің жақсы малына, затына, мүлкіне көңілі кеткен адам сол үйге барып «қалау» қалайды. Яғниүй иесіне, әйеліне, не баласына лайықты бағалы тарту жасап, қалауын айтады. Оның тартуының бағасы өзі қалаған затының бағасымен сәйкес келуі шарт емес. Дәстүр бойынша үй иесі қалаушы адамды қонақасы беріп, қалағанын орындап қайтаруға тиіс. Бұл жомарттық пен мәрттіктің, біліктік жақындық, әрі сыйластықтың белгісі. Арғыс Қарғыс(ғұрып). «Қарғыстан қорқушы еді улап ішім, Өлмесе қанды қанмен жумақ үшін» (Ақылбай Абайұлы).Зорлық-зомбылық жасаса оны қарғау әдеті бар. Ол адамға да, малға да, дүние-мүлікке де айтыла береді. «Жер жастанғыр», «өлім келгір», «қарасан келгір», «өртенгір» деген сияқты қарғыс түрлері өте көп. «Ашынған тәңірісін қарғайды» дегендей қарғыс ашу, ыза, кек үстінде айтылады. Қарғыстың ең ауыры — ананың ақ сүтін көкке саууы және атаның теріс батасы болып саналады. Бұрын аса жүгенсіздік көрсеткен балаларын ата-ана осылай қарғаған. «Үш түрлі дұға бар, олар шексіз қабыл болады»: Ата-ананың перзенттік хақысын өтемеген балаға арнап оқыған қарғыс дұғасы» (Мұхаммед пайғамбар). «Қарғану» деген де бар. Олбіреу жала жапқанда, нақақ күйдіргенде адалдығын дәлелдеу үшін «жалғызымның қызығын көрмейін», «құран ұстайын», «керегенің көгін жейін» деп қарғанады. Мұны адал адамдар ғана айта алған. Ой жасы Қозы жасындағы бала он беске — отау иесі делінетін жасқа келісімен, бастауышты бітіріп, жоғарғы класқа көшкен оқушыдай кәсібін ауыстырады. Қозыдан қой бағуға шығады. Отаудың иесі деп үміт күтіп отырған жасты қой бағуға жарамайды деп қазақ ешқашан ойлаған емес. Сондықтан он бес пен жиырма бестің арасын қой бағу жасы деген ертеде. Ал сиыр мен түйеге ие болу кәрі-құртаңнын сыбағасы. Қазақтың ертедегі ең көп ұстаған малы жылқы мен қой, онан соң түйе.
![]() |