![]()
Главная Обратная связь Дисциплины:
Архитектура (936) ![]()
|
Тақырып. Коллизиялық нормалар
Жоспар: 1. Коллизиялық және материалдық құқықтық реттеу әдістері. 2. Коллизиялық норманың құрылысы, жүйесі. 3. Коллизиялық нормалардың түрлері. Негізгі ұғымдар: коллизия, коллизиялық нормалар, норма, құқықтық норма, біржақты нормалар, көпжақты нормалар. 1. ХЖҚ-та шетел элементімен күрделенген құқықтық қатынастарға қай елдің заңын қолдану керек деген мәселе туындайды. «Коллизия» сөзінің өзі латын тілінен аударғанда «қақтығысушылық» деген мағынаны білдіріп, заңдардың коллизиясы туралы және шетелдік элементі бар құқықтық қатынастарды шешу үшін қолданылатын құқық туралы мәселені шешеді. Коллизиялық мәселе – ХЖҚ-қа тән құқықтық қатынасқа қолдануға жататын құқықты таңдау мәселесі. Егер өзге құқық салаларында заңдардың коллизиясы қосалқы мәнге ие болса ХЖҚ-та коллизиялық мәселе және оны жою осы құқық саласының негізгі мазмұнын құрайды. Заңдардың коллизиясы - шетел элементімен күрделенген азаматтық құқықтық қатынасқа қай мемлекет заңын қолдану керектігін анықтайтын коллизиялық нормаларды қолдану жолымен шешіледі. Коллизиялық нормаларға қажеттілік құқықтық жүйелердің бір-бірінен ерекшеленуінен туындайды. Мұндай нормалардың мақсаты екі немесе бірнеше бәсекелес құқықтық жүйелердің коллизиясын шешу және шетелдік элементі бар құқықтық қатынасты тиісті қатынастың табиғатына сәйкес келетін құқықтық тәртіпке бағындыру. Коллизиялық нормаларға екі ерекшелік тән: Біріншіден, коллизиялық норма - тараптардың құқықтары мен міндеттерін көрсетпей тек қана осы құқықтық қатынасқа құзіретті, тараптардың құқықтары мен міндеттерін анықтайтын азаматтық құқықтық тәртіпті көрсетеді. Екіншіден, сілтемелі норма болғандықтан - өзі сілтеп отырған, сұрақты мәні бойынша шешетін заңнама нормаларымен, яғни материалдық құқықтық нормалармен бірге қолданылады. Коллизиялық және материалдық құқықтық нормалардың ХЖҚ-тың құрамында біріктірілуі сипаты бойынша біртекті қатынастарды екі әдіспен реттеу қажеттілігіне негізделген. 2. Коллизиялық нормалар ХЖҚ-та қолданылатын заңдық техника тұрғысынан күрделі нормалар. Коллизиялық нормалардың құрылысы екі элемент: «көлем» мен «шешім»- нен тұрады. Коллизиялық норманың көлемі – құқықтық қатынастың түрін, яғни коллизиялық норма таратылатын қатынасты көрсетсе, шешім – құқықтық қатынасқа қолданылуға жататын заңды көрсетеді. Кейбір коллизиялық шешімдер кең таралғандықтан коллизиялық қағидалар ретінде қарастырылады. Жиі кездесетін коллизиялық қағидаларға мыналар жатады: а) азаматтық заңы (lex patriae); ә) тұлғаның тұрғылықты жерінің заңы (lex domicilii). Аталған екі шешім біздің заңнамамызда жеке тұлғалар қатысатын қатынастарды реттеуде қолданылады. б) заттың тұрған жерінің заңы (lex rei sitae) - бұл қағида меншік құқығы және мұрагерлік құқық салаларында қолданылады. в) мәміле бекітілген жердің заңы (lex loci contractus) – бұл қағида негізінен сыртқы сауда саласында қолданылады. г) міндеттеме орындалатын жердің заңы (lex loci solutions) – бұл шешім шарттың мазмұнына, тараптардың құқықтары мен міндеттерін анықтауда шарт орындалатын жердегі мемлекеттің заңы қолданылатындығын көрсетеді. ғ) ту заңы (lex flagi) – сауда мақстанында теңізде жүзу саласында қолданылады. д) (lex loci delicti commissi) – зиян келтіру салдарынан туындайтын міндеттемелер саласында әрекет ететін қағида. е) неке тіркелген жердің заңы (lex loci celebrations) – бұл шешім отбасы құқығында некені тіркеу тәртібі мен нысанын анықтайтын қағида. ж) сот заңы (lex fori) – бұл қағидаға сәйкес сот немесе өзге де орган қатынастың құрамында шетелдік элемент болғанына қарамастан дауды шешуде өз мемлекетінің заңын қолдануы тиіс. Коллизиялық нормалар халықаралық келісімдердің де ұлттық заңнаманың да құрамында болады. ҚР-ның заңнамасында коллизиялық нормалардың негізгі бөлігі ҚР АК-нің «Халықаралық жеке құқық» деп аталатын YІІ бөлімінде көзделген. 3. Коллизиялық нормалардың түрлеріне байланысты оның саралануы да әртүрлі критерилерге қарап жүргізіледі. Біріншіден, коллизиялық норма шешімінің нысанына тәуелді коллизиялық нормалар біржақты және екіжақты коллизиялық нормалар болып екіге бөлінеді. Біржақты коллизиялық нормалар – шешімі қолданылуға жататын мемлекет құқығын тікелей көрсетеді. Негізінен мұндай нормалар өз мемлекетінің құқығын қолдануды көрсетеді (Мыс. ҚР АК 1119 б). Көптеген мемлекеттердің ХЖҚ-да коллизиялық нормалардың шешімі біржақты болып келеді. Екіжақты коллизиялық нормалар негізінен халықаралық шарттардың құрамында бекітілген. Екіжақты коллизиялық нормалар – отандық және шетелдік құқықты қолданудың шектерін көрсетеді, яғни, екіжақты коллизиялық норма қолдануға жататын құқықты тікелей көрсетпей, тек жалпы белгіні қолдану арқылы құқық таңдау мүмкіндігін көрсетеді (Мыс. ҚР АК 1121б). Екіншіден, реттеу әдісі бойынша коллизиялық нормалар үшке бөлінеді: а) императивті коллизиялық нормалар; ә) диспозитивті коллизиялық нормалар; б) альтернативті коллизиялық нормалар. Императивті коллизиялық нормалар деп – азаматтық құқықтық қатынас тараптарының қалауы бойынша өзгертілуге жатпайтын құқық таңдауға қатысты нақты ережелерді айтамыз (Мыс. ҚРАК 1098-б). Диспозитивті коллизиялық нормалар деп – құқық таңдау туралы жалпы тәртіпті бекіте отырып тараптарға, оларды өзгертуге, ауыстыруға мүмкіндік беретін нормаларды айтамыз (Мыс. ҚР АК 1117-б. 2т.). Альтернативті коллизиялық нормалар – коллизиялық норманың көлемінде көрсетілген азаматтық құқықтық қатынасқа құқық таңдаудың бірнеше тәртібін бекітеді. Ескере кететін жағдай баламалық тек коллизиялық норманың шешіміне қатысты, себебі қолданылатын құқық шешімде көрсетіледі (Мыс. ҚР АК 1116-б).
![]() |