![]()
Главная Обратная связь Дисциплины:
Архитектура (936) ![]()
|
Тақырып. Халықаралық жеке құыққтағы интеллектуалдық меншік
Жоспар: 1. Авторлық құқықтарды халықаралық қорғаудың мәселелері. 2. ҚР шетел тұлғаларының авторлық құқықтары. Шетелдегі отандық авторлардың туындыларын қорғаудың ерекшеліктері. 3. Өнеркәсіптік меншікті халықаралық құқықтық қорғау. 4. Қазақстандағы өнеркәсіптік меншікке шетел тұлғаларының құқықтарын қорғау. Қазақстандық азаматтардың патенттік құқықтарын шетелде қорғау. Негізгі ұғымдар: интеллектуалдық меншік, интеллектуалдық меншік құқығы, авторлық құқық, сабақтас құқық, өнеркәсіптік меншік объектілері, Конвенция, патент. 1.Халықаралық ынтымақтастықты дамыта отырып мемлекетіміз мұндай ынтымақтастық әрбір мемлекеттің суверенитетін, заңдары мен әдеп-ғұрыптарын сыйлау негізінде жүзеге асыруы тиіс деп бекіткен. Халықаралық мәдени ынтымақтастықта авторлық құқықтарды халықаралық қорғау маңызды орын алады. Әдеби туындыларға, ғылым мен өнерге және техникалық жетістіктерге қатысты құқықтардың жалпы ерекшелігі, өзге құқықтардан ажыратуға мүмкіндік беретін белгісі аталған құқықтардың «аумақтық сипатта» болуы. Егер мүлікке меншік құқығы ол мүлік бір мемлекет аумағынан екінші бір мемлекет аумағына өткеннен кейінде сақталып, танылуға жатса бұған қарама-қайшы болмыс авторлық және патенттік құқық салаларында қалыптасқан. Егер әдеби туындыға құқық туынды шығарылған мемлекетте пайда болса бұл құқықтың әрекет етуі тиісті мемлекеттің аумағымен шектеледі және өзге мемлекеттерде халықаралық келісім болмаса тиісті құқық танылмайды. Сондықтан бір мемлекетте басып шығарылған әдеби туында автордың келісімінсіз және авторға гонорар төленбей өзге мемлекетте аударылып, басылып шығарылуы мүмкін. Автор және әдеби туындыны бірінші басып шығарған баспа мұндай әрекеттерге қарсылық білдіре алмайды. Сол себепті бір мемлекеттің заңымен пайда болған әдеби туындыға құқықтың өзге мемлекетте әрекет етуі үшін тиісті мемлекеттер арасында өзара тану және авторлық құқықтарды қорғау туралы келісім болуы тиіс. Егер шетелдіктерге әдебиет, ғылым, өнер туындыларын шығаруға құқық берілсе, мұндай құқық жергілікті заңға негізделуі тиіс. Шетелдіктер мұндай жағдайларда жергілікті заңмен берілген өкілеттіктерді иеленеді және олардың жеке заңдары авторлық құқықтан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданулыға жатпайды. Сондықтан авторлық құқықтарды халықаралық қорғау кезінде аумақтық заңмен жеке заңды таңдау мүмкіндігі секілді коллизиялық мәселелер қарастырылмайды. Интеллектуалдық меншікті құқықтық қорғау үшін унификация жүргізу нәтижесінде халықаралық ұйымдармен осы салада бірнеше конвенциялар мен келісімдер қабылданды. Қазіргі уақытта Қазақстан интеллектуалдық меншік саласындағы келесі халықаралық конвенциялардың қатысушысы болып табылады: 1883ж. Өнеркәсіптік меншікті қорғау туралы Париж конвенциясы; 1891ж. Тауар белгілерін халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісімі; 1952ж. Авторлық құқық туралы Женева конвенциясы; 1967 Стокгольмде қабылданған интеллектуалдық меншіктің бүкіл әлемдік ұйымын бекітуші конвенция (ВОИС); 1994ж Евразиялық патенттік конвенция Мәскеу; 1971 Әдебиет және бейнелеу туындыларын қорғау туралы Берн конвенциясы. Аталған актілерге сәйкес ҚР авторларының құқықтары шетелде және шетелдік авторлардың құқықтары мемлекетімізбен танылып, қорғалуға жатады. Құқық таңдау мәселесіне келсек, ол әрбір мемлекеттің ішкі заңымен реттеледі. Швейцарияның ХЖҚ туралы заңы интеллектуалдық құқықтарға осы құқықтарды қорғау сұралатын елдің құқықғы қолдануға жатады деп бекіткен. Сонымен қатар тиісті заңда тараптарға сот заңын қолдану мүмкіндігін беретін келісімді бекітуге болатындығы көзделген. ҚР АК 1120 бабына сай интеллектуалдық меншікке байланысты құқықтарға осы құқықтарды қорғау сұралатын елдің құқығы қолданылады. Отандық заңнамада интеллектуалдық меншікке қатысты өзге коллизиялық нормалардың болмауы бұл институттың құқық иеленушілерінде құқық таңдау мүмкіндігінің жоқтығын бекітеді. 2. Шетел азаматтарының авторлық құқықтарының көлемі ҚР АК сәйкес және «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» ҚР заңының негізінде анықталады. Аталған заңға сай авторлық құқық шығармашылық қызмет нәтижесі болып табылады. Ғылым, әдебиет және өнер туындыларына олардың маңыздылығына, мазмұнына және нысанына қарамастан авторлық құқық таратылады. Авторлық құқық автордың және оның құқық қабылдаушыларының азаматтықтарына тәуелсіз ҚР аумағында объективті нысанда жарияланған болса ҚР аумағында танылып, қорғалуға жатады. Жалпы авторлық құқық шет мемлекетте жарияланған немесе жарияланбаған бірақ объективті нысанда ҚР аумағында орын алған жағдайда республикамызбен тиісті шет мелекет арасында халықаралық келісім болған жағдайда танылуы тиіс. ҚР халықаралық шарттарына сәйкес туындының авторы авторлық құқықты иеленуге негіз болған заңдық факт орын алған мемлекеттің заңымен анықталады. Осыған байланысты үш ереже бекітілген: а) ҚР аумағында алғаш рет жарияланған туындыға шетелдік автордың авторлық құқығы; ә) ҚР азаматтарының шетелде жарияланған туындыға авторлық құқықтары мемлекетімізбен танылып, қорғалуға жатады; б) шетелде жарияланған туындыға шетелдік автордың авторлық құқығы тек халықаралық конвенциялар мен келісімдердің негізінде қорғалып, танылуға жатады. Шетелдік автордың шетелде жарияланған туындыларына қатысты екі режим әрекет етеді. Осыған байланысты туындылардың өзі екі топқа бөлінеді: ► қорғалатын туындылар. Авторлық құқық туралы 1952 ж. Женева конвенциясына және Әдебиет және бейнелеу туындыларын қорғау туралы Берн конвенциясына ҚР қатысушы болғаннан кейінгі жарияланған туындылар кіреді. Сонымен бірге КСРО-мен бекітілген және ҚР бекітілген авторлық құқықтарды өзара тану және қорғау туралы келісімдер таратылатын туындылар қорғалатын туындылардың қатарына жатады. ► қорғалмайтын туындыларға қатысты режим әрекет ететін туындылар кіреді. Қорғалмайтын туындылардың авторлары өздерінің авторлық құқықтарын қорғауда кедергілерге жиі ұшырайды. Мемлекеттердің басым көпшілігінде шетелдік азаматтардың авторлық құқықтары егер бұл мемлекеттер халықаралық келісімдердің қатысушылары болса немесе өзара түсіністік бастауларында ғана танылады. Авторлық құқық туралы Бүкіләлемдік конвенция қазіргі кезде екі вариантта әрекет етеді. Әлемнің 97 мемлекеті бұл конвенцияның 1971ж. Парижде қабылданған мәтінін ратификацияласа, 36 мемлекет соның ішінде Қазақстан аталған конвенцияның 1952ж. Женевада қабылданған мәтінімен байланысты болып қалды. Конвенцияның нормалары әдебиет, ғылым және бейнелеу туындыларының қазақстандық авторларына қорғаудың қажетті минимумын ғана қамтамасыз етеді. Конвенцияның қатысушысы болып табылатын мемлекеттердің аумағында қазақстандық туындыларға тиісті мемлекет өзінің авторларының туындыларына беретін қорғау қамтамасыз етіледі. Конвенция автордың өмір сүру кезі мен оның қайтыс болуынан кейін 25 жылдан тұратын авторлық құқықтың әрекет етуінің төменгі мерзімін қамтамасыз етеді. Конвенцияның бұл ережелері тиісті мемлекетпен конвенция бекітілгенге дейін немесе конвенцияның күші жойылғаннан кейін жарияланған туындыларға таратылмайды. Қазақстан Берн конвенциясына қосылғаннан кейін қазақстандық авторлардың туындылары қорғалатын мемлекеттердің құрамы көбейе түсті. Қазіргі уақытта әлемнің 147 мемлекеті Берн конвенциясының қатрысушысы болып табылады. ҚР аталған конвенцияны 1999 жылы ратификациялады. 3. Ғылым мен техника саласындағы ынтымақтастықтың дамуы патенттелетін өнертабыс сандарының өсуіне әкеліп соқты. Өнертабыстарды қорғау патенттік құқық нормалары негізінде жүзеге асырылады. Патенттік құқық дегеніміз - өнертабысты, пайдалы модельді өнеркәсіптік үлгіні тіркеу, пайдалану, беру тәртібін реттейтін, сонымен қатар олардың авторларының және құқық иемденуші тұлғалардың құқықтарын қорғайтын нормалардың жиынтығы. Әдебиет пен өнер туындыларына қарағанда өнертабысқа аумақтық сипат көбірек тән. Техникалық жетістіктер патенттік ведомство тиісті шешім қабылдағаннан кейін ғана өнертабыс деп табылады және тұлғаның өнертабысқа деген құқығы, оған қорғау құжатын – патентті бергенде ғана пайда болады. Ал ондай құжаттың тиісті құжатты берген мемлекеттің аумағында ғана күші болады. Сондықтан өнертабысқа деген құқықты өзге мемлекеттен де алу үшін тиісті шет мемлекетке де өтініш беру және жеке патент немесе өзге де қорғау құжатын алу талап етіледі. Демек бір мемлекетте пайда болатын өнертабысқа деген субьективтік құқық, екінші бір мемлекетте танылмай, тек қана өтініш негізінде жаңа субъективтік құқық пайда болады. Ұсынысты өнертабыс деп тану және оған патент беру әрбір мемлекеттің ішкі заң нормалары негізінде жүргізіледі. Өнертабысқа келесі талаптар қойылады: «өнертапқыштық деңгей», «прогрессивтілігі», «қолданылуға жарамдылығы» және міндетті түрде «жаңалылығы». Ұсынылған өнертабыс әлемде немесе тиісті мемлекетте бұрын болмаған, яғни жаңа болуы тиіс. Өнертабыстың жаңалылығы арнайы сараптама жүргізу жолымен анықталады. Өнертабысты қорғау нысаны да әрбір мемлекеттің ішкі заң нормалары негізінде анықталады. Мемлекеттердің басым көпшілігінде өнертабысты қорғау патент беру жолымен жүзеге асырылады. ҚР патентті беру, тіркеу және экспорттаумен Қазпатент айналысады. Қазпатент уәкілетті мемлекеттік орган болып табылады және өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғау саласындағы мемлекеттік монополияны қамтамасыз етеді. Ұсынысқа патент берілген жағдайда патент иесіне айрықша құқықтар беріледі. Патент иесі өнертабысты өзге тұлғаларға пайдалануға беруге немесе жеке өзі пайдалануға құқылы. Патент иесінің келісімінсіз өнертабысты рұқсатсыз жасау, қолдану, импорттау, сатуға ұсыну, сату патент иесінің айрықша құқығын бұзу болып табылады. Қазақстаннан шығарылған тауарлар үшінші бір тұлғалардың патенттік құқықтарын бұзбау үшін, оларда патенттік «тазалық» болуы тиіс. Яғни экспонатты көрмеге шығармас бұрын және техникалық құжаттарды немесе жобаны берместен бұрын олардың үшінші тұлғаларға тиесілі патент күшінің аясына кірмейтіндігін анықтау қажет. Бұл патенттік тазалықты тексеретін арнайы сараптама арқылы анықталады. Егер тауарды патенттік тазалық болмаса тиісті жеке немесе заңды тұлға патент иесінен сол мемлекетте өнертабысты қолдануға рұқсат алуға яғни, лицензия сатып алуы тиіс. 4. Өнертабысқа деген шетел азаматтарының құқықтары өзара түсіністік қағидасына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес ҚР азаматтарымен тең дәрежеде алдын ала патент және патент беру жолдарымен қорғалады. ҚР өнертабысқа құқық мемлекетімізбен қорғалып, патентпен куәландыралады. Патент өнертабыстың авторына немесе оның құқық қабылдаушыларына беріледі. ҚР тәуелсіздік алғанға дейін өнертабысқа айрықша құқық тек мемлекетке тиесілі болды, ал өнертабыс авторына жай авторлық куәлік берілді. Авторлық куәлікпен қорғалған өнертабыстарды пайдалану мемлекеттік және өзге де ұйымдармен арнайы рұқсатсыз жүзеге асырылды. Қолданыстағы заңнамаға сай мемлекетіміздің патенттік жүйесінің ерекшелігі, бір өнертабысқа екі қорғау құжаты беріледі. Өнертабысқа және өнеркәсіптік үлгіге құқық оларға алдын ала патент немесе патент берілген жағдайда қорғалса, пайдалы модельге құқық – тек қана патент беру жолымен қорғалады. Алдын ала патен алу үшін заң талаптарына сай келетін өтінішті Қазпатентке тапсыру қажет. Ол бойынша формальді сараптама жүргізіліп оң шешім қабылдаған жағдайда 5 жыл мерзімге алдын ала патент беріледі. Алдын ала патенттің көмегімен ұсынысқа деген нарықта сұраныстың бар не жоқ екендігі анықталады. Егер өнертабыс иесі өзінің ұсынысының патентке қабілеттіктің барлық талаптарына сай екендігіне сенімді болса, яғни ұсыныс - әлем деңгейінде жаңа, жоғары өнертабыстық деңгейде және өндірісте қолдануға жатса, ол Қазпатентке өтініш түскен күннен бастап 4 жыл мерзім ішінде мәні бойынша сараптама жүргізу және ҚР патентін беру туралы өтінішімен Қазпатентке қайта жүгінуге құқылы. Мәлімдеген ұсынысты Қазпатентке патентке қабілеттіктің шарттарына сай келеді деп таныса, өнертабыс иесіне 20 жыл әрекет ететін патент беріледі. Шетелдіктерге қорғау құжаттарын беруде, қазақстандық азаматтарға қолданылатын ережелер таратылады. Шетелдік азаматтардың патент алу жөніндегі өтініштерін қарауда отандық заңнаманың жалпы ережелері әрекет етеді және бұған қатысты шетелдіктер үшін арнайы ережелер бекітілмеген. ҚР патент алған шетелдіктің құқықтарының көлемі толығымен отандық заңнамамен анықталады. Шетелдік патент иесінің келісімінсіз оның өнертабысының ешкім пайда табу мақсатында пайдалана алмайды. Патент иесінің айрақша құқықтарын бұзған тұлға азаматтық заңнамамен көзделген тәртіпте құқық бұзушылықты жойып, келтірілген шығынды өтеуге міндетті. Шетелдіктерге патент иеленушінің құқықтарымен бірге, оған ресми монополияны меңгеруден туындайтын міндеттер де таратылады. Яғни патент иеленуші өнертабысты пайдалануға міндетті. Қазақстандық азаматтардың патенттік құқықтарын шетелде қорғау. ҚР патенті өзге мемлекеттердің қорғау құжаттары секілді тек өз мемлекетіміздің аумағында әрекет етеді. Сондықтан қазақстандық тұлға өзінің өнертабысын қорғау үшін, өнертабысқа өзге мемлекеттерден де патент алуы тиіс. Өнертабысты, пайдалы модельді және өнеркәсіптік үлгіні шетелде құқықтық қорғау бірінші кезекте экономикалық мүдделерді қамтамассыз ету үшін жүргізіледі. Шетелде патенттеудің басты мақсаттардың бірі өндірістік экспортты қамтамасыз ету және шетелдік фирмаларға отандық өнертабыстарды пайдалануға құқық беретін лицензияны сатудың тиімді шарттарын қамтамасыз ету. Қазақстандық азамат өзінің өнертабысын шетелде патенттеудің алдында өзінің өнертабысына, өнеркәсіптеік үлгіге, пайдалы модельге өтінішін қазақстандық патенттік ведомствоға беруі тиіс. Бұл өтінішті беру мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтердің бар не жоқ екендігін тексеру қажеттелігімен байланысты. Өтініш түскен күннен бастап үш ай ішінде Қазпатент объектіні шетелде патенттеуге келісімін немесе қарсылығын білдіруі тиіс. 1970 жылы патенттік коперация туралы шартқа Қазақстан 1993 жылдан бастап қатысушы болып табылады. Бұл конвенцияның ережелері қазақстандық мәлімдеуішіге бір өнертабысқа бір мезгілде әр түрлі мемлекеттерге өтініш беру үрдісін жеңілдеткен. Аталған конвенция ережелеріне сәйкес мәлімдеуші ҚР патенттік ведомствосына өзінің туындысын, осы конвенцияның қатысушысы болып табылатын қай мемлекеттерде қорғауды қажет ететіндігін көрсете отырып бір халықаралық өтініш береді. Патенттік ведомство өтініштің бір экземплярын Интеллектуалдық меншіктің бүкіл әлемдік ұйымына жібереді.
![]() |