![]()
Главная Обратная связь Дисциплины:
Архитектура (936) ![]()
|
Адамның табиғаттағы орны 2 часть
Сүйектердің сүйек ткані арқылы байланысуын немесе сүйектену процесін синостозды байланыс деп атайды. Бұл жағдай жас балаларға қарағанда ересек адамдарда көбірек кездеседі. Себебі, жас адамдарда көбірек кездесетін шеміршек ткані жас ұлғайған сайын сүйектене бастайды. Мысалы, 16 жасқа дейінгі арасы шеміршек тканімен байланысқан үш бөліктен тұратын жамбас сүйегі бара-бара бірігіп, сүйектеніп кетеді. Сондай сүйектену процесінде шүйде мен сына сүйектері, 1-ші қабырға мен төс аралықтары жатады. Қимылды байланыстар. Қимылды байланыстарға адам денесіндегі буынды қосылыстар жатады. Бұлардың құрылысы өте күрделі. Буын құрылысына қатысатын сүйек санына қарай жай және күрделі буындар деп бөлінеді. Жай буын деп екі сүйек қосылысынан пайда болған буынды айтса, күрделі буын деп үш одан да көп сүйектер қосылысынан пайда болған буындарды атайды. Жай буындарға: иық, жамбас, бұғана т.б. буындар жатады. Әрбір буын – буын бетінен, оны жауып жатқан буын шеміршегінен және буын қапшығынан түзілген. Буын беті деп екі сүйектің бір-біріне қараған, беттескен жерін айтады. Буындасушы сүйектердің беттері бір-біріне сай келеді. Бірі ойыс болып келсе, екіншісі оған сай дөңес болып бітеді. Мысалы, ортан жіліктің шар басына, жамбастың ұршық ойысы сай келсе, тоқпан жілік басына жауырынның буын ойысы сай келеді. Сүйектердің буын беттері шеміршекпен жабылады. Оны гиалин шеміршегі деп атайды. Ол өте тегіс ашық-көгілдір келеді. Бұл сүйектердің бір-біріне қажалмай, еркін қимылдап тұруына себеп болады. Буын қуысы деп екі сүйек аралығындағы саңылау қуысты айтамыз. Бұл қуыс буын қапшығымен айнала тұйықталып жатады. Буын беттерін ылғалдап тұратын буын сұйықтығы ол арқылы өтетін қимыл-әрекеттерді оңайлатады, әрі сүйек аралық үйкеліс болмауын қамтамасыз етеді. Буын қуысындағы қысым атмосфералық қысымнан төмен болғандықтан беттескен сүйектер –бір-біріне жабысып, буын беттерінің таймауына себеп болады. Буын қапшығы байланыс жасап жатқан сүйектердің буын жиектеріне бекіп жатады. Буын қапшығы екі қабаттан тұрады: сыртқы – фиброзды, ішкі – синовиальды. Сыртқы қабат талшықты дәнекер тканнен түзілген. Бұл қабатты буын қапшығын сырт жағынан жауып, сүйек қапшығына тіркеледі. өте берік келеді, қорғаныштық қызмет атқарады. Буын қапшығының ішкі қабаты қан тамырларына бай, әрі синовиальды түкшелер түзеді. Бұл түкшелер буын сұйықтығын бөліп, сүйектердің буын беттерін ылғалдап отырады. Кейбір буындарда (иық, тізе) синовиальды қабаттар буын ішіне қарай қатпарлар, бір бүйіріне қарай қалталар жасайды. Бұл құрылыстар ет сіңірінің өтер жерінде де жатып, сүйекті үйкеліс жағдайдан қорғайды. Буынның қозғалғыштығы оның пішініне сай келеді. Буын басының үлкен-кішілігі, оның ойыстарының саяз-тереңдігі әр түрлі болады. Буын ойындысы қаншалық саяз, жазық болса, соншалық бекемдігі азырақ келеді. Бұған тізе, иық буындарын айтуға болады. Егер буын басы ойындыға терең орналасса, оның бекемділігі орнықты болады. Буынның негізгі құрылысында қосымша буын байламдары, буын ернеулері, буын аралық шеміршектері және сесам сүйектері болады. Буын байламдары тығыз талшықты дәнекер ткандерінен түзілген. Олардың қайсысы буын қапшығының сыртынан, кейбіреулері ішінен өтіп, сүйектер арасын жалғап, байланыстырып жатады. Бұлар буын қозғалысын тежеп, тайып кетуден сақтап тұрады. Буын ернеулері фиброзды шеміршектен түзілген, буын ойыстарының шетін сақиналана қоршап, оның бетін үлкейтеді. Бұл жағдай буынның бекемділігін арттырып, қимылын азайтады. Осыдан сақиналанып жатқан шеміршектерді жауырынның, жамбастың буын ойыстарының жиектерінен көруге болады. Буынаралық шеміршектер пішіні дөңгелек диск не жарты ай тәрізді болып келеді. Олар байланысатын сүйек аралығында жатып, буын қуысында орналасады. Бұл шеміршектер буын қуысын екіге бөліп, шет жақ жиектерімен буын қапшығына бекиді. Бұлар байланысушы сүйектердің буын беттерінің бір-біріне толық беттесуіне, үйлесуіне жағдай жасайды. Буынаралық шеміршектердің тағы бір үлкен маңызы - олар (жүргенде, жүгіргенде, секіргенде) сүйектердің бір-біріне соғылу күшін кемітеді (амортизациялық қызмет атқарады). Буын қапшықтарының жанында сесам сүйектері де болады. Бұған тізе буынындағы тізе тобығы, бармақ бақайшақтары маңындағы майда сүйектер жатады. Буындарды шар, эллипс, ер, шығыршық (блок), цилиндр тәрізді, жазық пішінді деп бөледі. Осы аталған пішіндеріне байланысты әр буынның тек өзіне тән біліктік айналу қимылдары бар. Осыған орай бір білікті, екі білікті, үш немесе көп білікті буындар деп бөлінеді. Бір білікті буындарға цилиндр және шығыршық пішінді буындар жатады. Цилиндр тәрізді буындардың буындасушы беттері бір-бірінен цилиндр тәрізді айнала қоршап жатады. Айналу білігі сүйектен ұзына бойына төмен қарай түсіп, сүйекті ішке қарай (пронацио) және сыртқа қарай (супинацио) айналдырып қимылға келтіреді. Осыған шынтақ жілік пен шыбық сүйектің арасындағы буынды жатқызуға болады. Шығыршықты буын цилиндр тәрізді. Одан айырмашылығы буындасушы сүйектердің біреуінің буын беті соған сәйкес қырлы-дөңес келеді. Айналу білігі буын бетіне көлденең өтеді. Осы білік бойымен жазу және бүгу қозғалыстары ғана өтеді. Мысалға шынтақ буынды, бармақ бақайшықтарының аралығындағы буындарды алуға болады. Қос білікті буындарға эллипс және ер тәрізді буындар жатады. Эллипс тәрізді буынның буындасушы беттері эллипс кесіндісіне ұқсас келеді. Буынның бір беті эллипс (ұзынынан жарған жұмыртқа) тәрізді дөңес келсе, екінші беті соған сәйкес ойық болады. Қозғалысы өзара перпендикуляр екі білік арқылы жүреді. Біліктің біреуі сагиттальды, екіншісі фронтальды бағытта өтеді. Осыған орай фронтальды білік бойымен бүгу-жазу, ал сагитальды білік бойымен әкелу-әкету қозғалыстары өтеді. Оған шыбық сүйек пен білезік сүйектерді, шүйде мен атлант арасындағы буындарды атауға болады. Ер тәрізді буындар атына байланысты екі сүйек беттері бір-біріне айқасып беттесе жатқан ер секілді келеді. Мұндай буындардың қозғалыс қимылы өзара перпендикулярлы өтетін екі біліктен айнала өтеді. Олар білезік сүйектеріндегі үлкен бұрышты сүйек пен бірінші алақан сүйегінің арасындағы буын. Бұл буындарда бүгу-жазу, әкелу-әкету қозғалыстары болады. Көп білікті буындарға шар тәрізді, жаңғақ тәрізді және жазық буындар жатады. Шар тәрізді буын ең қозғалғыш буындар қатарына жатады. Буындасушы сүйек беттерінің бір жағы шар тәрізді дөңес болып, екінші жағы соған сәйкес болып келеді. Шар тәрізді буындарда қозғалыс өзара перпендикулярлы жатқан үш білік арқылы (бүгу-жазу, әкелу-әкету, ішке, сыртқа бұрау) өтеді. Сонымен қатар бұл буындарда айналмалық қозғалыс жасауға да мүмкіндік бар. Мысалы, қолды иық буыны арқылы білік бойымен шексіз айналдыруға болады. Шар тәрізді буынның бір түрін жаңғақ тәрізді буын деп атайды. Бұның шар тәрізді буыннан айрмашылығы буын ойысы тереңірек болып келеді. Бұл жағдай буын қимылын тежеп, буынды тұрақты етеді. Оған мысалға жамбастың ұршық буынын алуға болады. Жазық буында сүйектердің бір-бірімен буындасар беттері тегіс, жазық келеді. Оларда қимыл өте баяу, өзара аз жылжумен бітеді. Сондықтан оларды баяу қимылды буындар деп атайды. Бұларға сегізкөз-жамбас, білезікаралық, толарсақаралық буындар жатады. Шеміршек арқылы жалғасқан байланысты жартылай буындар деп атайды. Бұл буындардың синхондроздан айырмашылығы буын қуысының болуы. Жартылай буындар деп аталатын себебі бұлардың буын қапшықтары жоқ. Оған адамның шат сүйектерінің арасындағы қосылыс (симфиз) жатады. Буындардың бекем болып тұруына негізінде үш жағдай әсер етеді: 1) сіңір байламдарының қатуы; 2) бұлшық еттердің тартымы (тонусы); 3) буын қуысындағы қысымның атмосфералық қысымға қарағанда кем болуы. Осы жағдайлардың арақатынасының өзгеруіне байланысты түрлі буын ауруларының болуы мүмкін.
Бақылау сұрақтары: 1. Адам денесіндегі сүйекаралық байланыс түрлерін атаңыз? 2. Буынның байланыс түрлері қандай?
Жұмыс ТАҚЫРЫБЫ:Омыртқа жотасы және көкірек клеткасы Жұмыстың міндеті: Омыртқа жотасының құрылысымен танысып болғаннан кейін, оның әрбір бөлігінде жатқан омыртқалардың ерекшеліктерін зерттеп, ажырата білу. Жұмыстың мақсаты:Омыртқа жотасының орналасуы бөліктерімен көкірек клеткасымен танысу. Жұмысқа керекті жабдықтар: «Адам қаңқасы», «омыртқа жотасы мен омыртқалар», «Көкірек клеткасы мен оның сүйектері», «Омыртқа жотасы», «Көкірек клеткасы», «Жеке омыртқалар», «Қабырғалар» Омыртқа жотасы 33-34 омыртқадан түзілген, адам қаңқасының негізгі тірегі, оның 24-і жеке, ал қалғаны біріккен немесе жалған омыртқалар болып саналады. Жеке жатқан омыртқалар өзара омыртқалық шеміршектер, буындар және сіңір байламдары арқылы жалғасқан. Олардың өздерінің тән ерекшеліктері де болады. Жалған омыртқаларға өзара бірігіп кеткен сегізкөз және құймышақ сүйектері жатады. Омыртқа жотасы орналасу жағдайына қарай бес бөлікке бөлінеді: мойын бөлігі – 7, арқа бөлігі – 12, бел бөлігі – 5, құймышақ бөлігі – 4-5 омыртқалардан түзілген. Сегізкөз және құймышақ бөлімдерінің омыртқалары бірігіп әрқайсысы өз алдына сегізкөз және құймышақ сүйектерін түзеді. Жеке омыртқалар саны – 24, әрбір жеке омыртқаның алдыңғы толық келген жерін омыртқа денесі, артқы жағынан омыртқа тесігін қоршай жатқан бөлігін доғасы, ал доғасынан айнала шығыңқы жерлерін өсінділері, олардың артқа қарап жатқан тақ өсіндісін арқа, ал екі бүйірінде жатқанын көлденең өсінділері дейді. Бұлардан басқа омыртқалар аралығын буындастырып жатқан жоғарғы және төменгі буын өсінділері бар. Олар да жұп болып келеді. Омыртқа тесіктері бір-бірімен бірігіп жұлын жататын омыртқа каналын түзеді. Омыртқа доғасы мен денесінің қосылар жерінде төменгі және жоғарғы ойындылары болады. Бұл ойындылар омыртқалардың байланысы нәтижесінде омыртқааралық тесіктер түзеді. Бұл тесіктерден жұлын нервтері мен қан тамырлары өтеді. 1 Тапсырма. Мойын омыртқаларының жалпы көлемі кішкентай, арқа өсінділері қысқа, ұштары екі айырлы келеді. Олар арқылы омыртқа артериясы миға өтеді. Осы ерекшеліктері арқылы мойын омыртқаларын басқа омыртқалардан ажыратуға болады. ҮІ мойын омыртқаның көлденең өсіндісінің алдыңғы жағындағы бұдырға жанаса ұйқы артериясы миға өтеді. Егер қанды тоқтату керек болса, төмпектің тұсынан тамырды басып, қанды тоқтатуға болады. Мойын омыртқаларының басқа омыртқаларға қарағанда қозғалу жағдайы молырақ келеді. Жұлын тесігі кең, пішіні үш бұрышты. Мойын омыртқаларының ішінде І және ІІ омыртқалардың құрылысы ерекше. Сол себептен І мойын омыртқаны ерекше атпен атлант, ал ІІ мойын омыртқаны эпистрофей деп атайды. І мойын омыртқаның тесігі үлкен болғандықтан ауыз омыртқа деп те аталады. Ауыз омыртқаның артқы өсіндісі мен денесі болмайды. Оның орнына алдыңғы, артқы доғасы және бүйір бөліктері болады. Бұл омыртқаның денесі ұрықтың даму кезеңінде ІІ мойын омыртқаға көшіп, тіс тәрізді өсіндісін түзеді. І мойын омыртқаның ІІ омыртқамен және шүйде сүйегімен байланысатын бірнеше буын беттері болады. Жоғары жағында кебіс тәрізді буын ойысы шүйде сүйегімен, төменгі жағындағы буын беті ІІ мойын омыртқамен жалғасады. Ал атланттың алдыңғы доғасының іш жағындағы буын беті ІІ мойын омыртқаның тіс өсіндісімен буынды байланыс жасайды. І мойын омыртқа бастың шүйде сүйегімен бірге ІІ мойын омыртқаның тіс өсіндісінен айналмалы қозғалысқа келіп отырады. Осы буынды байланыстар арқасында басты оңға-солға бұруға, алға-артқа июге болады. ІІ мойын омыртқаның ерекшелігі болып саналатын тіс тәрізді өсіндісі, оның үстінгі екі бүйір бөліміндегі буын беті үстінгі омыртқамен, астыңғы жағындағы жатқан буын беті үстінгі омыртқамен, астыңғы жағындағы жатқан буын беті астыңғы омыртқамен жалғасады. Мұның арқа өсіндісі қысқа, екі айырлы келеді. ҮІІ мойын омыртқаның арқа өсіндісі өте ұзын, сол себепті оны «шығыңқы» омыртқа деп те атайды. Бұл өсіндісін мойынның арт жағынан ұстап, тері астынан байқауға болады. Сол себептен осы омыртқадан төмен қарай санау жүргізіледі. 2 Тапсырма. Арқа омыртқалары (грудные позвонки) мойын омыртқаларға қарағанда ірілеу жетілген. Олардың әрқайсыларына қабырғалар келіп тіркеледі. Сол себептен көлденең өсіндісі мен денесінде буын беттері болады. Көлденең өсіндісіндегі буын беті алдыңғы жағында жатады. Дене бөлігіндегі (жоғарғы және төменгі) жартылай буын ойыстары омыртқа жотасын түзе келгенде бір-бірімен қосылып, бүтін буын ойысын түзеді. Осы екі омыртқа қосылысынан пайда болған ойысқа қабырға басы кірігіп орналасады. Сонымен бір қабырға басы көрші жатқан екі омыртқа денесімен буындасады. І-ХІ-ХІІ омыртқалар денесінде бүтін ойыстары болғандықтан оларға өз қабырғалары тікелей келіп байланысады. Осы ерекшеліктерімен бірге тағы бір айта кететін жағдай - бұл омыртқалардың арқа өсінділері ұзын әрі сәл төмен қарай бағыт алған. Осының нәтижесінде көкірек омыртқаларының қимылы басқа омыртқаларға қарағанда аздау келеді. Бел омыртқалар (поясничные позвонки) – бесеу. Дене салмағының көбірек түсуіне байланысты жоғары жатқан омыртқаларға қарағанда күшті жетілген. Әсіресе ең соңғы омыртқа ірілеу. Көлденең өсінділері қабырға қалдығының болуына байланысты ұзындау келген. Арқа өсінділері жалпақ, тіке артқа қарап, бір-біріне параллель жатады. Сол себептен адамның бел бөлігі басқа бөліктерге қарағанда қозғалғыш келеді. Сегізкөз (крестец) – омыртқалардың бірігуі нәтижесінде пайда болған. Сырт пішіні үш бұрышты келген. Жоғары жағы кеңейіп Ү бел омыртқамен, төменгі жағы сүйірленіп құймышақ омыртқаларына байланысады. Бүйір бөліктерінде екі жамбас сүйектермен буындасатын құлақ қалқаны тәрізді буын беті болады. Сегізкөз сүйегінің алдыңғы бетінде омыртқа денелерінің бірігуі нәтижесінде пайда болған көлденең сызықтар жатады. Артқы жақ беті өсінділерінің бірігуі нәтижесінде бұдырлы келеді. Сегізкөз сүйегінің ортасымен ұзына бой төмен түскен бұдырын ортаңғы бұдыры дейді. Ол арқа өсінділерінің бірігуі нәтижесінде пайда болған. Оның екі жағында өсінділерінің бірігуі нәтижесінде пайда болған буын бұдырмағы, ал оның екі жағында көлденең өсінділердің бірігуі нәтижесінде бүйір қалыңы жатады. Сегізкөздің ішінде каналы бар. Оның алдыңғы жағы және артқы бетінде жүйке талшықтары мен қан тамырлары өтетін тесіктері болады. Сол себептен бұл сүйекті сегізкөз деп атайды. Сегізкөз құрылысында жыныстық айырмашылықтар да байқалады. Ер адамда сегізкөз ұзындау, әрі жіңішкелеу, ал әйел адамда жалпақ, әрі қысқа болады. Құймышақ (копчик) – омыртқалардың өсінділері жойылып, омыртқа денесі ғана сақталған 4-5 қалдық омыртқалардың бірігуі нәтижесінде пайда болған. Бұл жануарлардың құйрық бөліміне сәйкес келген қалдық омыртқалар. Сондықтан олардың өсінділері жойылып, домалақ келген сүйекшелерге ұқсайды. Көкірек клеткасы (грудная клетка) – алдыңғы жағынан төс сүйегіне, арт жағынан көкірек омыртқаларына жалғасады. Бұл 12 жұп қабырғадан түзілген. Көкірек клеткасының жоғарғы жиегін І көкірек омыртқасы, І қабырға, төс тұтқасы қоршап жатады. Бұл жиектің алдыңғы жағы арт жағына қарағанда төмендеу келеді. Көкірек қуысының жиегін ХІІ көкірек омыртқасы, төменгі қабырғалар, шеміршек бөліктері және төстің семсер өсіндісі жиектеп жатады. Көкірек клеткасының пішіні әр түрлі болып келеді. Оның жыныстық және жастық ерекшеліктері де бар. Көкірек қуысында негізінен жүрек пен өкпе орналасқан. Қабырға шеміршектері көкірек клеткасына серпімділік қасиет береді. Көкірек клеткасының жалпы сырт пішіні конус тәріздес, оның мұңдай пішінде болуы қолдың еңбек құралына айналуына байланысты. Ал жануарлардың көкірек клеткасы керісінше, екі бүйірінен қысыңқы келеді. Жаңа туған баладан да соны байқаймыз. Сондықтан олар жиі тыныстап, қысқа дем алады. Өсе келе көкірек клеткасы дөңгелене бастайды. Оның жақсы дамып, дұрыс қалыптасуы үшін балаларды дене тәрібиесімен шұғылдандыру қажет. Рахит ауруымен ауырған балалардың көкірек клеткасы алдыға қарай шығыңқы «құс көкіректі» келеді. Ересек адамдарда көкірек клеткасының пішіні жалпы физиологиялық жетілу жағдайына байланысты болады. Ал кәрі адамда ет жүйесінің нашарлауына байланысты төмен түсіп, кішірейе бастайды. Әйел адамдарда ер адамдарға қарағанда көкірек клеткасы қысқалау келеді. Қабырға (ребро) – жұқа иіліп келген 12 жұп сүйектерден түзілген. Жеке қабырғаларының құрылысына келсек, оның орта жерін қабырға денесі деп атайды. Ал алдыңғы және артқы бөліктері қабырға ұшымен аяқталады. Арт жағындағы сәл жуандап келген қабырға басы омыртқа денесімен жалғасады. Қабырға басынан кейнгі сәл жіңішкеріп келген жерің қабырға мойны, одан кейнгі дөңесті қабырға бұдыры дейді. Қабырғалардың төменгі жиегі жоғарғы жиегіне қарағанда өткірлеу келеді. Төменгі жиегінің ішкі жағымен өтетін қабырға сайы арқылы қан тамырлары мен нерв талшықтары өтеді. Әр қабырға өзіне сай омыртқаларымен екі буын жасап қабырға басы омыртқа денесімен, ал қабырға бұдыры омыртқаның көлденең өсіндісімен қосылады. Әр қабырғаның алдыңғы бөлігі шеміршек арқылы төске жалғасқан. Қабырғалардың тікелей төске байланысатын жоғарғы жетеуін «нағыз қабырғалар» деп атаса, қалған 15 қабырғаны «жалған қабырға» дейді. Соңғыларының үшеуі шеміршектер арқылы өзара бірігіп барып ҮІІ қабырғаның шеміршегі арқылы төске жалғасады. Ал ХІ және ХІІ қабырғаларды «бос қабырғалар» дейді, себебі олар төспен байланыспай құрсақ етінің арасында бос аяқталады. Әр қабырғаның өз құрылысына қарай айырмашылығы да бар. І қабырға басқаларға қарағанда жалпақтау келеді, әрі көлденең орналасқан. Оның жоғарғы бетінде мойынның сатылы еттері тіркелетін бұдырмақтары бар. Ол алдыңғы жағынан төс тұтқасына, арт жағынан І көкірек омыртқасына жалғасады. Кей адамда ХІІІ қабырға да кездеседі. Бұл жағдайда көкірек омыртқаларының саны ХІІІ болып, бел омыртқалары төртке көшеді. Кейде ХІ қабырғалы адамдар да кездеседі. Төс сүйегі (грудинка) – жалпақ келген сүйек, ол 16 жасқа дейін төс тұтқасынан, төс денесінен және семсер өсіндісінен тұрады. Төс тұтқасының үстінде мойындырық ойындысы, екі жағында бұғана және І қабырғамен байланысатын ойындылары болады. Төс тұтқасы мен денесінің қосылар жерінде ІІ қабырға, ал одан төмен қарай ІІІ – тен ҮІІ-ші қабырғаларға дейінгі буын ойындыларын түзіп, қимылды байланысын жасайды. Тұлға сүйектерінің байланысы. Тұлға сүйектері өзара қимылды (диартрозды) және қимылсыз (синартрозды) байланыстар жасайды. Омыртқа жотасының бас сүйектерімен байланысуын шүйде-атлант буыны дейді. Бұл эллипс тәрізді буындар қатарына жатады. Ал атлант пен эпистрофей омыртқаларының арасында үш түрлі буынды байланыс бар. Оның екеуі осы омыртқалардың астыңғы және үстіңгі буын беттерінің байланысуынан пайда болса, үшінші буындасуы І омыртқаның алдыңғы доғасы мен ІІ омыртқаның тіс өсіндісінің арасында пайда болады. Бақылау сұрақтары: 1. Омыртқа жотасының құрылысын сипаттап беріңіз? 2. Көкірек клеткасының түрлері қандай? Жұмыс Тақырыбы:Қол сүйектері Жұмыстың міндеті: Қол сүйектерінің құрылысмен танысып болғаннан кейін сүйекаралық байланыстарды зерттеу. Жұмыстың мақсаты: Адам қанқасының қол сүйектерімен танысып ажырата білу. Жұмысқа қажетті жабдықтар: «Адам қаңқасы», «Қолдың жеке сүйектері» (жауырын, бұғана, тоқпан жілік, шынтақ сүйек, кәрі жілік, қол басының сүйектері), атластар мен түрлі-түсті таблицалар – қол сүйектері, жауырын, тоқпан жілік, шынтақ сүйек, кәрі жілік, қол басының сүйектері.
Қол сүйектері негізінен еркін қозғалмайтын немесе иық белдеуі (бұғана мен жауырын), еркін қозғалатын немесе қолдың өз сүйектерінен тоқпан жілік, білек және қол басынан тұрады. Иық белдеуінің сүйектеріне бұғана мен жауырын жатады. Бұғана (ключица) – ұзына бойы иіліп келген сүйек. Оның денесі және екі басы болады. Ішкі басы төстің тұтқасына, сыртқы басы жауырынның иық (акромион) өсіндісінен жалғасып көлденең орналасады. Төменгі беті бұдырлы келеді. 1-ші қабырға мен жауырынның тұмсық өсіндісіне сіңір байламдары арқылы жалғасып келеді. Бұғананың қызметі иық белдеуін көтеріп, қолдың еркін қозғалуына жағдай жасайды.
![]() |