Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)


 

 

 

 



Адамның табиғаттағы орны 3 часть



Жауырын (лопатка) – жалпақ, үш бұрышты келген сүйек. Көкірек клеткасының арт жағында, жоғарғы қабырғалар тұсында орналасқан. Жауырынның үш (жоғарғы, ішкі және сыртқы) жиегі, үш (төменгі, ішкі, сыртқы) бұрышы және екі (ішкі және сыртқы) беті болады. Жауырынның қабырғаларға қараған беті аздап ойыс келеді. Оны жауырынасты ойысы деп атайды. Сыртқы жақ бетінде жауырын жалы жатады. Ол жауырынды жалүсті және жаласты ойыстарына бөліп тұрады. Жауырын жалы сырт жағына қарай кеңейіп, иық өсіндісіне келеді. Оны акрамион деп атайды. Сыртқы бұрышында жатқан буын ойысы тоқпан жілік басымен байланысып, иық буынын түзеді. Жауырынның жоғарғы жақ жиегі құстұмсық өсіндісіне жалғасады. Жауырын мен бұғана өзара бір-бірімен байланысып, иық белдеуін түзеді.

Ал қолдың еркін қозғалатын сүйектеріне тоқпан жілік, білек және қол басының сүйектері жатады.

Тоқпан жілік (плечевая кость) – іші қуыс жілік сүйектерінің қатарына жатады. Оның денесін диафизі, жұмыр, жоғарғы және төменгі бастарын – эпифиздері деп атайды. Денесі сүйектің ортасында орналасқан, оның жоғарғы бөлігі жұмыр, төменгі бөлігі үш қырлы болып келеді. Денесінің ортасында дельта еті жалғасатын аттас бұдыры және қан тамырының өтетін қоректік тесіктері болады.

Жоғарғы эпифизінде жарты шар пішінді келген басы бар. Одан айнала сәл жіңішкерген жерін анатомиялық мойын дейді. Осы анатомиялық мойыннан кейін үлкен және кіші төмпешіктері жатады. Ол екеуінің арасында төмпешікаралық сайы болады. Диафизге өтетін жерінде жіңішкеріп келген хирургиялық мойыны жатады. Олай айтатын себебі бұл сүйек осы жерден көбірек сынады.

Төменгі эпифизінде екі буын беті бар, оның ішкі блок тәрізді буын беті шынтақ жіліктің буын ойындысына сай келсе, сырт жағындағы шар тәрізді буын беті кәрі жілік сүйегінің буын басына сай келеді. Осы буын бет терісінің алдыңғы жағында кіші тәждік ойындысы, артқы жағында тереңірек шынтақ ойындысы орналасқан. Бұл ойыстарға шынтақ жіліктің аттас өсінділері қолды жазып, бүккенде кіріп тұрады. Тоқпан жіліктің төменгі эпифизінің екі жағында бұлшық еттер мен буын сіңірлері тіркелетін ішкі және сыртқы айдаршық өсінділері жатады. Оның ішкісі сыртқысына қарағанда шығыңқы келеді.

Білек сүйектері (кости предплечья) – шынтақ сүйек пен кәрі жіліктен құралған. Шынтақ сүйек білектің ішкі жағында, кәрі жілік сыртқы жағында орналасқан.

Шынтақ сүйектің (локтевая кость) – жоғарғы бөлігінде айшық ойындысы бар. Ол тоқпан жіліктің блок тәрізді буын бетімен байланысып шынтақ буынын түзеді. Айшық ойындысының артқы шығыңқы келген жерін шынтақ өсіндісі, алдына қарай қырлана келген жерін тәждік өсіндісі деп атайды. Бұл өсінділер буынның бекемділігін сақтайды. Шынтақ сүйектің сыртқы жанында кәрі жіліктің басымен байланысатын буын ойысы бар. Тәждік өсіндісінен сәл төмен шынтақ бұдыры орналасқан, оған білектің супинатор еті бекиді. Шынтақ сүйектің бөлігінің сырт жағында кәрі жілікпен буындасатын буын беті және «біз» өсіндісі жатады.

Кәрі жіліктің (лучевая кость) жоғарғы жағында цилиндр тәрізді басы болады. Оның жоғарғы бетінде тоқпан жілікпен байланысатын буын ойығы, айналасында жанындағы шынтақ сүйекпен буындасатын сақиналы буын беті болады. Кәрі жіліктің басынан кейінгі сәл жіңішкеріп келген жерін мойыны, одан төменде жатқан жерін бұдыры деп атайды. Бұл жіліктің төменгі бөлігі жалпақ келеді. Оның астыңғы жағындағы буын ойысы бірінші қатарлы білезік сүйектерімен байланысып білезік буынын түзеді. Ал оның ішкі жақ жанында шынтақ сүйекпен байланысатын буын ойындысы сырт жағында шығыңқы келген «біз» өсіндісі жатады.

Қолбасының сүйектері (кисть) – білезік, алақан және саусақ бақайшақтарынан түзілген. Білезік сүйектері (запястье) екі қатар болып орналасқан кішігірім жұмыр сүйектерден тұрады. Олардың білек сүйектеріне жақын жатқан қатарын жоғарғы, ал алақан сүйектерімен шектесіп жатқандарын төменгі қатар деп атайды. Білезік сүйектерінің жоғарғы қатарына (басбармақтан кіші саусаққа қарай) мыналар жатады: қайықша, айшық, үш қырлы және бұршақ сүйектері. Ал төменгі қатары – көпбұрышты, трапеция тәрізді, томпақ және ілгекті сүйектерден тұрады. Бұлардың аттары пішіндеріне сай келеді. Бұл сүйектердің өзара байланысқан беттері тегіс келеді де, ішкі және сыртқы беттері бұдырлы болады. Өйткені оларға байламдарымен бұлшық еттер бекиді. Білезік сүйектері жалпы алақанның жоғарғы жігін түзіп жатады.

Алақан сүйектері (пястные кости) бес ұзынша келген сүйектерден түзілген. Олардың жоғарғы жағын негізі, төменгі бөлігін басы, орта жерін денесі деп атайды. Олар жоғарғы жағынан білезік сүйектерімен, төменгі жағынан саусақ бақайшықтарымен жалғаса жатады. І алақан сүйегі көпбұрышты сүйекпен ер тәрізді буын түзіп, алшақтау орналасқан. Қалған төртеуі паралелльді орналасып, сүйекаралық саңылау қалдырады.

Саусақ бақайшықтары (фаланги пальцев) – басбармақтан басқасы үш бақайшықтан түзілген. Оларды негізгі, ортаңғы және тырнақ бақайшықтары деп атайды.

Негізгі бақайшықтар жоғарғы жағынан ортаңғы бақайшықтармен жалғасады. Ал ортаңғы бақайшықтар тырнақ бақайшықтарымен байланысады. Басбармақта ғана ортаңғы бақайшық болмайды. Әрбір бақайшықтың орта жерін – денесі, жоғарғы бөлігін – негізгі, төменгі бөлігін – басы деп атайды. Негізгі бақайшықтар басқаларына қарағанда ірілеу келеді. Тырнақ бақайшықтары – ең қысқасы. Олардың бас бөліктерінде ет және буын сіңірлерінің бекитін бұдырлары бар. Сонымен қатар көрші сүйектермен буындасатын буын беттері болады.

Қол сүйектерінің байланысы. Қол сүйектері өзара әртүрлі жолмен байланысады. Осының нәтижесінде адам түрлі еңбек қимылдарын жасай алады. Олар иық белдеуінің және еркін қозғалатын сүйектерінің байланысы деп екіге бөлінеді.

Иық-белдеу сүйектері төс бұғана және иық-бұғана буындарын түзеді.

Төс-бұғана буыны (грудинно-ключичный сустав) – төс сүйегі мен бұғананың қосылысынан пайда болады. Ол ер тәрізді буын түріне жатады. Екі сүйек аралығында шеміршек болғандықтан бұл буын арқылы бірнеше біліктен айнала қимылдар өтеді. Иықты көтеру-түсіру, алға-артқа қимылдату. Буын қапшығының сыртынан өткен буын сіңірлері арқылы І қабырғаға бекіп жатады.

Иық-бұғана буыны (акромиально-ключичный сустав) – бұғана мен жауырын қосылысынан пайда болады. Бұғананың сырт жақ басы жауырынның иық (акромион) өсіндісімен қосылып тегіс буын түзеді. Ол көлденең жатқан сіңір байламы арқылы жауырынның тұмсық өсіндісімен жалғасып тоқпан жілік басына күмбез жасайды. Осы айтылып кеткен буындар арқылы иық белдеуін алға, артқа жоғары, төмен қарай қимылдатуға болады. Жауырын сүйегі денеге бұлшық еттер арқылы байланысып жатады.

Қолдың еркін қозғалатын сүйектері өзара бірнеше буындар түзіп, қолдың еркін қимылдап еңбек әрекетін жасауына жағдай жасап отырады. Бұл буындарға иық, шынтақ, білезік және бақайшықаралық буындары жатады.

Иық буыны (плечевой сустав) – жауырынның буын ойысы мен тоқпан жілік басынан түзілген. Тоқпан жіліктің басы мен жауырынның буын ойысы сәйкес келмегендіктен буынның шығуы жиі кездесіп тұрады. Сол себептен буын ойысынан айнала жиектеп сақиналы шеміршек жатады. Ол жілік басын қамтып сәйкестендіріп отырады. Буын қапшығының сыртымен сіңір байламы өтеді. Ол иық буынын бекітіп тұратын буын сіңір. Иық буынының тағы бір ерекшелігі – буын қуысының ішімен екі басты еттің сіңірінің өтуі.

Бұл буын арқылы фронтальды біліктен айнала бүгу-жазу, сагиттальды біліктен айнала қолды ішке және сыртқа бұрау қимылдары өтеді.

Шынтақ буыны (локтевой сустав) – күрделі буындар қатарына жатады. Ол үш сүйектің қосындысынан пайда болып жалпы бір буын қапшығымен жабылған. Буын қапшығының сырт жағымен бүйір байламдары өтеді. Бұл буында үш сүйек байланысын байқаймыз: тоқпан жілік - шынтақ сүйек, тоқпан жілік - кәрі жілік және кәрі жілік - шынтақ сүйектің жоғарғы жақтары.

Тоқпан жілік-кәрі жілік және тоқпан жілік-шынтақ сүйек буындарында көлденең біліктен айнала бүгу-жазу қимылдары, ал шынтақ сүйек-кәрі жілік буындарында тік біліктен айнала білекті ішке және сыртқа бұру қимылдары өтеді.

Білек сүйектерінің арасы сүйекаралық жарғақпен жабылған. Осы сүйектердің жоғарғы және төменгі бөліктерінің қосылысынан жоғарғы және төменгі шынтақ сүйек-кәрі жілік буындары түзіледі. Бұл буындардың қозғалу нәтижесінде білекті бұрып, алақанды сыртқа айналдыруға және ішке айналдыруға болады. Супинацио кезінде екі сүйек бір-біріне параллель жатса, пронацио кезінде кәрі жілік айқасып, шынтақ сүйектерінің ішінде қиғаш жатады.

Кәрі жілік-білезік буынын (лучезапястный сустав) түзу үшін жіліктің төменгі бөлігі мен білезік сүйектердің жоғарғы қатары қатысады. Буын пішіні эллипс тәрізді. Осы буын арқылы білек сүйектері қол басымен байланысып тұрады. Фронтальды және сагитальды біліктер арқылы қол басын бүгіп-жазуға және әкеліп-әкетуге болады. Шыбық сүйек бұл буынды құруға қатыспайды. Себебі, үш бұрышты шеміршектің буын бетінде жатуына байланысты ол сүйек алшақ қалады. Білезік буыны «біз» өсінділерінен басталатын бүйір байламдарымен, қол басының алақан бетімен және сырт жағымен өтетін буын сіңірлері арқылы бекиді.

Қол басының буындарына білезік-аралық, білезік-алақан, алақан-бақайшақ, бақайшақ-аралық буындары жатады.

Білезік-аралық буындар (межзапястные суставы) – жоғарғы және төменгі қатардағы білезік сүйектерінің арасында жатады. Олардың буын беті күрделі, бұл сүйектер өзара мықты және қысқа сіңір байламдарымен бекіген. Осы сіңір байламдары буынды бекемдеумен бірге қимылын да тежеп тұрады.

Білезік-алақан буындары (запястно-пястные суставы) – білезік сүйектері мен алақан сүйектерінің арасында жатады. ІІ-Ү алақан және білезік сүйектерінің арасындағы буындар жазық буындар болып саналады. Олардың буын қапшықтары қатты тартылғандықтан аз қозғалып қол басының негізін құрайды. І алақан сүйегі мен үлкен көп қырлы сүйек арасындағы буын ер тәрізді болады. Бұл алақан сүйектерінен алшақ жатады. Бұл буын арқылы бас бармақты сұқ саусаққа жақындатуға, алшақтатуға, басқа саусақтарға қарама-қарсы қоюға да болады.

Алақан-саусақ буындары (пястно-фаланговые суставы) – алақан сүйектері мен саусақтардың негізгі бақайшықтарының арасында жатады. І саусақ сүйегінің басы ойық, сондықтан да блок пішінді буын түзеді. Қалғандары алақан жанында сесам тәрізді майда сүйек болады. Бұл буында бүгу-жазу, әкелу-әкету және ішке-сыртқа бұру қимылдары өтеді.

Бақайшақ-аралық буындар (межфаланговые суставы) – блок тәрізді буындарға жатады. Басбармақта бір бақайшақ-аралық буын болса, қалған саусақтарда бақайшақ-аралық буындар екеуден болады. Бұл буындарды бекемдетіп, бекітіп тұратын бүйір байламдары болады. Блок тәрізді буындар болғандықтан, оларда көлденең біліктен айнала бүгу және жазу қозғалыстары ғана өтеді. Осының нәтижесінде саусақтарды бүгу және жазу қимылдары жүреді.

Бақылау сұрақтары:

1. Қол сүйектің түрлерін атаңыз?

2. Қол сүйектерінің байланысы қандай?

Жұмыс

Тақырыбы:аяқ сүйектері

Жұмыстың міндеті: Аяқ сүйектерінің құрылысымен танысып болғаннан кейін олардың өзара байланысын зерттеу.

Жұмыстың мақсаты:Аяқ сүйектерінің құрлысымен танысып, сүйек аралық байланыстарын анықтау.

Жұмысқа қажетті жабдықтар: «Адам қаңқасы», «аяқтың жеке сүйектері» (жамбас, ортан жілік, асық жілік, асық жілік шыбығы, аяқ басының сүйектері)

Аяқ сүйектері қол сүйектеріне сәйкес келеді. Олар жамбас белдеуі, ортан жілік, сирақ және аяқ басының сүйектерінен тұрады. Жамбас белдеуі ересек адамдарда түбі ашық астауға ұқсайды. Ол екі жамбас сүйегі мен сегізкөзден және құймышақтан түзілген.

Жамбас сүйегі (тазовая кость) – қимылсыз байланысқан үш бөліктен түзілген. Оларға мықын, шонданай, шат сүйектері жатады. Осы үш сүйектің біріккен жеріндегі ойысты ұршық ойысы деп атайды. Оған ортан жіліктің ұршық басы енеді.

Сүйектің мықын бөлігі деп артқы жағындағы қалақ тәрізді кеңейіп келген жерін айтады. Ал шат бөлігі мен шонданай бөлігі алдыңғы жағын ала жатады. Осы соңғы екі сүйек қоршауынан қолсұғар тесігі пайда болады. Ересек адамдардың жамбас сүйегі біртұтас болып келеді, сол себептен құрамына кіретін сүйектердің шекаралары білінбей тұрады. Ал 16 жасқа дейін бұл сүйектердің аралығында шеміршек тканінің жатуына байланысты шекаралары білініп тұрады.

Мықын сүйек (подвздошная кость) – жамбас сүйегінің жоғарғы жағында кеңейіп қалақ тәрізді келген үлкен бөлігі. Оның ұршық ойысына жақын қалың жерін денесі, кеңейіп келген жерін қанаты дейді. Денесі ұршық ойысының үстін қоршап жатады. Қанатының жоғарғы жақ жиегін «мықын қыры» дейді. Мықын қыры алдыңғы жағынан алдыңғы-жоғарғы және алдыңғы-төменгі өсінділермен аяқталса, артқы жағынан артқы-жоғарғы, артқы-төменгі қалқан өсінділермен аяқталып, үлкен шонданай ойындысына жалғасады. Мықын сүйегінің ішкі беті ойыс және тегіс келсе, сыртқы бетінде еттер тіркелетін бұдырлар жатады. Бұл сүйектің артқы бөлігі қалыңдап, сегізкөзбен байланысатын құлақ қалқаны тәрізді буын бетін түзеді. Оның жоғарғы жағында үлкен жамбас астауын кіші жамбас астауына бөліп тұратын шекаралы сызық бар.

Шонданай сүйегінің (седалищная кость) денесі және екі бұтасы болады. Денесі жамбастың ұршық ойысының төменгі жағын жасауға қатысады. Бұталары қолсұғар тесігін қоршап жатады. Шонданай сүйегінің астыңғы жағында отырған кезде денеге тіреу болатын шонданай бұдыры болады, сондықтан оны отырғыш сүйек деп те атайды. Осы бұдырдың арт жағында сәл жоғары жатқан шонданай өскіні болады, ол шонданайдың кіші ойындысын үлкен ойындысынан бөліп тұрады.

Шат сүйегінің (лонная кость) де денесі және екі бұтасы болады. Оның жоғарғы және төменгі бұтасы өзара жалғасып, қолсұғар тесігінің жоғарғы және алдыңғы жақтарын қоршайды. Шат сүйегінің жоғарғы жағы қасағалық қыр жасап, қасағалық дөңеске жалғасып жатады. Ол жамбастың алдыңғы бөлігін түзеді. Бұл сүйектің беті де бұдырлы келеді. Шат сүйектері алдыңғы жағынан өзара қосылып қасаға (симфиз) жасайды.

Ортан жілік (бедренная кость) немесе сан сүйегі адам сүйегінің ішіндегі ұзын, ең ірісі, оның денесі – диафизі және екі шеті - эпифизі болады. Жоғарғы басын проксимальды, ал төменгі жағын дистальды эпифизі дейді. Диафизінің немесе денесінің орта жері жұмыр түтік тәрізді, жоғарғы жағы шар сияқты басы мойын бөлігі арқылы диафизінен бөлініп тұрады. Диафизі мен мойынның шекарасында үлкен және кіші ұршық төмпешіктері жатады, олар арт жағынан төмпешік аралық бұдыры арқылы өзара қосылып тұрады. Ортан жіліктің алдыңғы беті тегіс, артқы жағында ұзына бойына созылып бұдырлы сызық жатады. Сүйектің төменгі бөлігінде буын бетін түзетін сыртқы және ішкі айдаршықтары болады. Олардың арасында айдаршықаралық ойыс жатады. Дөңес келген айдаршық беті буын шеміршектерімен қапталған. Ол алдыңғы жағынан тізе тобығымен буындасатын буын бетіне көшеді. Айдаршықтың ішкі және сыртқы бүйірінде айдаршықүсті бұдырлары болады. Оларға ет және буын сіңірлері бекиді.

Тізе тобығы (надколенная чаша) – сесам тәрізді сүйектердің ең үлкені, ол төрт басты бұлшық еттің сіңірлерінің ішінде орналасып, тізе буынын бекемдеуге қатысады. Тізе тобығы ішкі беті буын шеміршекпен қапталған, сыртқы беті ет сіңірі бекитін бұдырлы болып келеді.

Сирақ сүйектері (кости голени) қолдың білек бөліміне ұқсас, екі сүйектен түзілген. Сирақтың ішкі жағын ала асық жілік, сырт жағында шыбық сүйек орналасқан.

Асық жілік (большеберцовая кость) – ұзын түтік тәрізді, оның қырлы келген орта жерін денесі (диафизі), ал екі шетін ұшы (эпифизі) деп атайды. Жоғарғы бөлімінде ортан жілікпен қосатын екі айдаршығы бар, оларды айдаршықаралық төмпешік бөліп жатады. Айдаршық бетін буын шеміршегі жауып тұрады. Асық жіліктің алдыңғы бетімен төмен қарай өткір қыры созылып жатады. Оны тері астынан сипап оңай байқауға да болады. Төменгі бөлігі төрт бұрышты келеді, ол аяқ басымен байланысып жатады. Асық жіліктің сырт жағында шыбық сүйектің байланысатын буын ойындысы болады.

Шыбық сүйек (малоберцовая кость) – ұзынша келген жіңішке сүйек. Жіліктің сырт жағына жабыса орналасқандықтан асық жілік шыбығы деп атайды. Денесі үш қырлы келеді. Төменгі жағы жуандап топай сүйектің сырт жағынан жапсарлана жатып, толарсақ буынын құрайды. Екі сирақ сүйектерінің аралығы білек сүйектеріне ұқсас сүйекаралық жарғақпен жабылып жатады.

Аяқбасы (стопа) үш бөліктен – толарсақ, табан сүйектері және бармақ бақайшақтарынан тұрады.

Толарсақ бөлімі (предплюсневая часть) – қолдың білезік бөліміне ұқсас сүйектерден түзілген, бірақ оларға қарағанда ірілеу келеді. Оларға өкше сүйегі, оның үстіңгі жағында топай сүйек, топай сүйектің алдыңғы жағында қайықша сүйек, үш сына сүйектері және олардың сырт жағындағы текше сүйек жатады. Толарсақ сүйектері жоғарғы жағынан сирақ сүйектерімен, ал алдыңғы жағынан табан сүйектеріне жалғаса жатады.

Өкше сүйегі (пяточная кость) – толарсақ сүйектерінің ішіндегі ең ірісі. Ол үстіңгі жағынан топай сүйекке, алдыңғы жағынан текше сүйекке жалғасады. Арт жағына қарай шығыңқы келген, толық жерін өкше бұдыры деп атайды. Оған келіп сирақ еттерінің сіңірі бекиді. Өкше сүйегі адам тік тұрған кезде жалпы дененің тірегі болып табылады.

Топай сүйек (надпяточная кость) - өкше сүйек үстінде жатып, сирақ сүйектерін аяқ басымен жалғастырып тұрады. Оның артқы толықша келген жерін денесі, алдына қарай жұмырлана түскен бөлігін басы, ал екеуінің арасындағы сәл жіңішкерген жерін мойны деп атайды. Сирақ сүйектері бұл сүйектің екі жағынан кептеліп шығыршық (блок) тәрізді буын жасап байланысады. Бұл сүйектің бас бөлімі мен қайықша сүйек байланысып шар тәрізді буын түзсе, астыңғы жағынан өкше сүйек тегіс буын жасайды.

Қайықша сүйек (ладьевидная кость) – толарсақ сүйектерінің орта жерінде жатып, өкше сүйегінен басқа сүйектердің барлығымен шектесіп байланысады. Пішіні атына сай қайыққа ұқсас.

Сына сүйектерінің (клиновидные кости) – саны үшеу, олардың арт жағында қайықша сүйек, жанында текше сүйек, алдыңғы жағында І-ІІ-ІІІ табан сүйектері жатады. Сына сүйектерінің осы айнала жатқан сүйектермен байланысатын буын беттері бар, бұл сүйектерді бір-бірімен қалыптасып, сына тәрізденіп жатқанына қарай сына сүйектер деп атайды.

Текше сүйек (кубовидная кость) – аяқ басының сырт жағын ала, өкше сүйегінің алдында орналасқан. Бұл сүйектің алдында ІҮ-Ү табан, іш жағында ІІІ сына сүйек жатады.

Табан сүйектері (плюсневые кости) – ұзынша келген бес сүйек. Бұлар арт жағынан өздеріне тұтас жатқан толарсақ сүйектерімен жалғасса, алдыңғы жағынан әрқайсысы бармақ бақайшақтарымен байланысады. Әрбір табан сүйегінің орта бөлігін денесі, арт жақ тегіс келген жерін негізі, ал алдына жұмырлана жатқан бөлігін басы дейді. Ү табан сүйек жіңішке, ұзындау болып келеді. Оның сырт жағында тері астында байқалатын бұдыры болады, оған ет сіңірі тіркеледі. Табан сүйектерінің жіңішкеріп келген орта жері үш қырлы келеді, олардың арасындағы сүйекаралық саңылауларын табан еттері толтырып жатады.

Бармақ бақайшақтары (фаланги пальцев) – қол саусақтарына ұқсас (басбармақтан басқасы) үш бақайшақтан түзілген: негізгі, ортаңғы және тырнақты. Басбармақ қана негізгі және тырнақ бақайшақтарынн тұрады. Негізгі бақайшақтар арт жағынан табан сүйектеріне жалғасып жатса, алдыңғы жағынан ортаңғы бақайшақтармен, ал ортаңғы бақайшақтар тырнақты бақайшақтарға жалғасады.

Аяқ сүйектерінің өзара байланысы

Аяқ сүйектері өзара байланысып, еркін қозғалмайтын жамбас белдеуінің және еркін қозғалатын аяқ сүйектерінің буындарынан тұрады.

Жамбас сүйектері алдыңғы жағынан өзара қосылып, арт жағынан сегізкөзбен байланысып жамбас астауын түзеді. Осының нәтижесінде жамбас буыны екі буынды болып келеді. Алдыңғы жағынан қасаға байланысын – симфизін және артқы жағынан сегізкөз-мықын буынын түзеді.



Просмотров 3258

Эта страница нарушает авторские права




allrefrs.su - 2025 год. Все права принадлежат их авторам!