Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)


 

 

 

 



Адамның табиғаттағы орны 4 часть



Қасаға байланысы (симфиз) – шат сүйектерінің талшықты шеміршек арқылы байланысуынан түзілген. Бұл байланысты қасаға түйісу не шат симфизі деп атайды. Буын сұйықтығына толған буын қуысы бар. Оның басқа буындардан айырмашылығы онда буын қапшығы болмайды. Осымен байланысты бұл қосылысты синхондрозды байланыстар қатарына жатқызбай, жартылай буын қатарына жатқызады. Әйел адам босанар кезде қуыс ұлғайып, шеміршегі жұмсарып, шат сүйектері бір-бірінен алшақтап босануды жеңілдетеді. Шат буыны үстіңгі және астыңғы жағынан жатқан сіңір байламдары арқылы бекіп отырады.

Сегізкөз-мықын (крестцово-подвздошный сустав) – жұп буын, сегізкөз бен мықын сүйегіндегі құлақ пішінді буын беттері арқылы қосылып, тегіс буын түзеді. Буынның алдыңғы және артқы бетімен өткен сіңір байламдары арқылы бекіп отырады, сондықтан қимылы аз келеді. Мықын сүйегі мықын-беломыртқа байламы, сегізкөз-шонданай бұдыр байламдары арқылы бекіп жатады. Соңғы екі сіңір байламы жамбас сүйегінің арт жағында жатып, шонданай бөлігінің үлкен және кіші тесіктерін түзеді. Олар арқылы ішкі жамбас еттері, қан тамырлары мен жүйке талшықтары жамбас қуысынан сыртқа тебеді. Жамбастың қолсұғар тесігі жарғақты жапқышпен жабылып тұрады.

Жамбас белдеуі үлкен және кіші жамбас астауы болып екіге бөлінеді. Бұл екі астаудың шекарасы болып мықын сүйектің доға тәрізді сызығы мен шат сүйегінің жоғарғы қыры өтеді. Үлкен жамбас астауы жоғары жағынан кеңейе келіп, ішкі сарай органдарының қорғаныш тірегі, әрі қорғаныш қорабы болып табылады. Кіші астауы үлкен жамбас астауының жанында жатады, пішіні цилиндр тәрізді. Мұның ішінде зәр шығару және жыныс мүшелері арналасқан. Әйел адамның жамбас белдеуі ер адамға қарағанда енді әрі жалпақтау болады. Бұл - жамбас белдеуінің жыныстық ерекшелігі, босану кезіндегі табиғи бейімделу болып табылады. Мұндай жыныстық ерекшеліктер қыз баланың 5 жасынан байқала бастайды.

Аяқтың еркін қозғалатын сүйектерінің байланысы. Аяқ сүйектерінің қимылды қозғалыстарына жамбастың ұршық буыны, тізе, толарсақ және аяқ басының буындары жатады.

Жамбас буыны (тазобедренный сустав) – ортан жілік басы мен жамбас сүйегінің ұршық ойысынан тұрады. Бұл шар тәрізді буындар қатарына жатып, үш біліктен айнала қозғалатын қимылды буын болып табылады. Жамбас буын ойысынан айнала сақина тәрізді шеміршек жиектеп жатады. Буын қапшығының сыртынан өткен күшті сіңір байламдарының барлығынан жамбас буыны өте берік орналасқан, сол себептен де бұл буынның иық буынға қарағанда шығуы аз кездеседі.

Жамбас-ортан жілік буынының сіңір байламдары деп буыннан айнала жатқан буын сіңірін және буын ішінде жатқан сіңірді айтамыз. Сыртқы сіңір байламдарына мықын-ортан жілік, шат-ортан жілік және шонданай-ортан жілік буындары жатады.

Мықын-ортан жілік байламы – ең күшті сіңір байламы. Ол мықын сүйегінен басталып, ортан жіліктің ұршық аралық сызығына бекиді. Бұл байлам жамбас буынның артқа қарайғы қимылын тежеп тұрады. Шат-ортан жілік байламы шат сүйегінен басталып ортан жілікке дейін созылады. Ал шонданай-ортан жілік байламы шонданай сүйегінен басталып ортан жіліктің үлкен ұршығына бекиді.

Буын ішіндегі жұмыр сіңір жамбастың ұршық ойысынан басталып ортан жілік басына тіркеледі. Бұл сіңір екі сүйек аралығында жатып, олардың бір-біріне соғылыспау (амортизация) маңызын атқарады және жілік басына қан тамырларын жеткізеді.

Жамбас-ортан жілік буынының тағы бір ерекшелігі - буын қуысы май тканіне толы келеді. Бұл буын арқылы санды бүгу-жазу, әкету-әкелу, ішке және сыртқа бұрау қимылдары өтеді.

Тізе буыны (коленный сустав) – ортан жіліктің төменгі буын беті асықты жіліктің жоғарғы буын бетімен және тобығымен беттесіп тізе буынын түзеді. Бұл буын ішкі жағынан қатпарлар жасап жатқан кең буын қапшығымен қоршалған. Буын қапшығының алдыңғы беті мен тізе тобығын қоршап төртбасты еттің сіңірі асық жілікке жетіп тіркеледі. Бұл ерекше жағдай буынның бекінуіне де себеп болады. Тізе буынының екінші ерекшелігі буын ішінде жатқан буынаралық шеміршектері мен сіңір байламдарының жатуына байланысты. Сыртқы жиегі қалыңдау келген буын ішіндегі орақ тәрізді шеміршектер буындасып жатқан сүйектердің бір-біріне қалыптасуына себеп болады. Сонымен бірге тізе буынының ішінде біріне-бірі қайшылана қиғаш келген алдыңғы және артқы буын сіңірі жатады. Олардың әрқайсысы ортан жіліктің буынаралық ойысынан басталып, асық жіліктің айдаршықаралық дөңесіне тіркеледі. Тізе буынының екі жағымен сүйір сіңірлері өтеді. Олар ортан жіліктің екі жағынан басталып, біреуі асық жілікке, екіншісі оның шыбығына тіркеледі. Осы айтылған құрылыстар тізе буынын түзіп жатқан сүйектердің бір-бірімен қалыптасып жатуына себеп болады.

Тізе буыны блок тәрізді буындар қатарына жатады, сондықтан бұл буын арқылы екі түрлі біліктен айнала жүретін қимылдар өтеді. Көлденең біліктен айнала сирақты бүгу-жазу, ал тік біліктен айнала ішке және сыртқа айналдыру қимылдарын жасауға болады. Сирақ сүйектерінің жоғарғы жақ бастары бір-бірімен қозғалмалы байланыс жасап жатса, олардың төменгі бастары буынсыз байланыс жасап қосылады. Ал бұл екі сүйек аралығын білекаралық жарғаққа ұқсас сүйекаралық жарғақ қосып тұрады.

Аяқ басының буындары алуан түрлі қосылыстар түзеді. Оларға мыналар жатады: толарсақ буыны, толарсақаралық буындар, толарсақ-табан, табан-бақайшақ және бақайшақаралық буындары.

Сирақ-аяқ басы буыны (голеностопный сустав) – сирақ сүйектері мен толарсақ сүйек арасында орналасқан. Бұл шығыршық буындар қатарына жатады. Буын қапшығы буын бетінің шетіне тіркелген. Буын қапшығының сыртымен ішкі және сыртқы бүйір байламдары өтеді. Осы сіңір байламдары арқылы бұл буын бекіп жатады. Бұл буында көлденең біліктен айнала бүгу және жазу қимылы өтеді. Сонымен қатар толарсақ сүйектерінің қатысуымен аяқ басын ішке және сыртқа айналдыру, әкелу және әкету қимылдары жүреді.

Толарсақаралық буындарға (межпредплюсневые суставы) – топай-өкше және топай-қайықша буындары жатады. Топай-өкше буыны топай сүйегімен оның алдыңғы жағында жатқан қайықша сүйегінен түзілген. Бұлар шар тәрізді буындар қатарына жатады. Топай-өкше буыны сүйекаралық және топай-өкше сіңір байламдарымен бекемделген. Күшті сіңір байламдарымен бекемделуіне байланысты толарсақ сүйектерінің аралығындағы буындар баяу қимылды келеді. Олар: топай-қайықша буыны, сына-текше-қайықша буындары. Бұл буындар құрамы аттарына байланысты сүйектер қосылыстарынан тұрады.

Толарсақ-табан буындары (предплюсно-плюсневые суставы) – осы аталған сүйектер аралығында орналасқан. Бұларға І сына сүйегі мен І табан сүйегінің аралығындағы бірінші буын, ІІ және ІІІ сына сүйектері мен ІІ-ІІІ табан сүйектерінің аралығындағы үшінші буын жатады. Бұл буындар көптеген табан үсті, табанасты буын сіңірлерімен бекемделген. Толарсақ-табан буындары жалпы тегіс буындар қатарына жатады. Сол себептен қимылға баяу келеді.

Табан-бақайшық буындар (межфаланговые суставы) – негізгі бақайшақтармен ортаңғы бақайшақтар жалғасып, І қатарлы бақайшақаралық буындарды түзеді. Ал басбармақта бақайшақаралық буын біреу ғана болады. Бұл буындар пішініне қарай шығыршық буындар тобына енеді. Буын қапшықтары өте жұқа келеді. Олар сырт жағымен өткен бүйір байламдары арқылы жалғасып тұрады. Бұл буындар арқылы көлденең біліктен жүретін бүгу-жазу қимылдары өтеді.

Аяқ басының сүйектері астыңғы жағынан ойыстау, ал үстіңгі жағынан дөңестеу орналасқан. Олардың бұлай орналасуы адам денесінің тек қана тірегі болып қоймай, рессорлық қызмет атқарады. Аяқ басының астыңғы жағында көлденең табан доғасы болады. Табанның ішкі доғасы сырт жағындағы доғаға қарағанда жақсырақ жетілген. Бұл жағдай сына, текше және табан сүйектерінің бір жазықтыққа жатпай, көтеріңкі орналасуына байланысты. Осының нәтижесінде адам секіргенде, жүгіргенде дене сүйектерінің солқылын жеңілдетіп отырады.

Егер адам табанының асты жазық болып келсе, оны тегіс табан (майтабан) деп атайды. Бұл жағдайда ұзақ уақыт жүгіру, жүру қимылдары қиынға соғады. Ол бір үлкен кемістік болып саналады.

Бақылау сұрақтары:

1. Аяқ сүйектерінің түрлерін атап, әр қайсына жеке сипаттама беріңіз?

2. Аяқ сүйектерінің байланысын түсіндіріңіз?

 

БАС СҮЙЕКТЕРІ

Бас сүйектеріне алуан түрлі құрылыста келген сүйектер жатады. Олар адам өміріне өте қажетті көптеген органдарды қоршап, қорғап тұрады. Ол сүйектерді атқаратын қызметтеріне қарай ми сауыты және бет бөлімі деп екіге бөледі.

Ми сауытының іші қуысты, онда нерв жүйесінің жоғарғы бөлімі – ми жатады. Бас сүйектерінің бет бөлімінен тыныс алу және ас қорыту жүйелері басталады. Сонымен қатар көру, есту, иіс, дәм сезу т.б. сезім мүшелері жатады.

 

Жұмыс

Тақырыбы:Бас сүйектері

Жұмыстың міндеті: ми сауыты мен бет бөлімінің сүйектерінің құрылыс ерекшеліктерімен танысқаннан кейін олардың өзара байланыс түрлерін білу.

Жұмыстың мақсаты: Бас қаңқасы мен сүйектерінің құрылыстарымен танысу.

Жұмысқа қажетті жабдықтар:«Бас қаңқасы мен сүйектері», «Бас сүйектерінің муляждері», атластар мен түрлі-түсті таблицалар «Бас қаңқасы», «Бастың жеке сүйектері», «Жас нәрестенің бас сүйегі».

Бас сүйектеріне ми сауытының шүйде, төбе, маңдай, самай, сына және тор сүйектері жатады.

Шүйде сүйек (затылочная кость) - ми сауытының арт жағын түзіп жатады. Оның сырт жағы дөңес, ішкі беті ойыс келеді. Шүйде сүйегінің үлкен тесігінен айнала төрт бөлігі жатады. Алдыңғы жағында – негізгі, екі жағында екі бүйір бөлігі, арт жағында қабыршақ бөлігі. Бүйір бөлігінің астыңғы бетіндегі екі кебіс тәрізді келген буын дөңесіне (қарақұсқа) ауыз омыртқаның буын ойысы жалғасады. Кебіс тәрізді буын денесіне буын ойысы жалғасады. Екі бүйір бөлігі мойындырық өсіндісі мен ойығына жалғасады. Олар самай сүйегімен қосылып, бірнеше мидан тарайтын нервтер өтетін мойындырық тесігін түзеді.

Шүйде сүйегінің қабыршақ бөлігінің сырт жағымен бір-біріне көлденең параллель өтетін желке бұдырлары болады. Оларға желке еттері тіркеледі. Қабыршақ бөлігінің ішкі беті сайшалар арқылы төрт ойысқа бөлінген. Жоғарғы екі ойысына үлкен мидың шүйде бөліктері сай келсе, төменгі екі ойысына мишық бөліктері сай келеді. Шүйде сүйектері алдыңғы жағынан сына сүйектерімен, екі жағынан самай сүйектерімен және төбе сүйектерімен шектеліп жатады.

Төбе сүйек (теменная кость) – жұп келеді. Ми сауытының төбе және екі бүйір бөлігін түзеді. Бұл ішкі жағы ойыс, сырт жағы дөңес келген, пішіні төрт бұрышты сүйек. Алдыңғы жиегі маңдай, төменгі жиегі самай, ал артқы жиегі шүйде сүйегімен шектес жатады. Төбе сүйектерінің орта жеріндегі дөңес келген жерін төбе төмпегі деп атайды. Ішкі бетінде қан тамырлары өтетін сайлары болады.

Маңдай сүйек (лобная кость) – тақ сүйек ми сауытының алдыңғы бөлігін түзеді. Ол екі көз, мұрын, жазық келген қабыршақ (маңдай) бөлігінен тұрады. Екі қос пластинка тәрізді көз бөлігі көз шарасының жоғарғы қабырғасын түзеді. Бұл екеуінің аралығындағы мұрын тор бөлігі сүйектің үстіңгі жағында орналасқан, оған мұрын сүйектері жалғасады. Қабыршақты бөлігі төбе сүйектерімен шектеседі. Бұл бөлігінің тек адамға тән шығыңқы келген жерін маңдай дөңесі дейді, одан төмен екі қас доғасы жатады.

Маңдай сүйегінің мұрын бөлігінің үстіңгі жағындағы қуыстықты маңдай қойнауы дейді, ол мұрын қуысымен тығыз байланыста жатады.

Самай сүйегі (височная кость) – жұп сүйек, ми сауытының екі жақ бүйір бөліктерін түзіп жатады. Оның алуан түрлі атқаратын қызметіне қарай құрылысы да өте күрделі келеді. Самай сүйегінің ішінде есту және тепе-теңдік органдары орналасқан және ол шайнау процесінің тірегі болып табылады. Бұл сүйектің сырт жақ бетінде есту органының сыртқы есту тесігі орналасқан. Осы тесіктің жоғарғы жағында қабыршақ бөлімі, арт жағыда емізік бөлімі, астыңғы жағын қоршап дабыл бөлімі, ми сауытының ішіне қарай кіре жатқан тас тәріздес бөлімі жатады. Қабыршақ бөлімі жұқа келген пластинка тәрізді, ол ми сауытының сырт жағын түзеді. Оның шықшыт сүйегіне қарай бағыт алған өсіндісін шықшыт өсіндісі деп атайды. Осы өсіндінің басталар жерінде буын ойысы бар. Оған төменгі жақтың буын өсіндісінің басы жалғасады. Осы буын ойысының алдыңғы жағындағы төменгі жақтың буын басының таюын тежеп тұрады. Бірақ адам қатты есінегенде, не қатты соғудан жақ сүйегінің шығып кетуі де мүмкін.

Емізікше бөлімі (сосцевидная часть) – емізікше өсіндісінен, құлақ қалқанының арт жағынан тері астынан байқауға болады. Самай сүйектің бұл бөлігі қуысты, ол ортаңғы құлақ қуысымен тығыз байланыста жатады. Осының нәтижесінде ортаңғы құлақ ауырып қабынған кезде ондағы ірің заты емізікше бөлігіне де тарауы мүмкін. Емізікше өсіндісінің алдыңғы жағында біз тәрізді өсінді жатады.

Дабылдық бөлімі (барабанная часть) – дыбыс тесігінің алдыңғы және төменгі қабырғасын қоршап жатқан бөлігі. Бұл тесіктің жоғарғы қабырғасын қабыршақты бөлімі қоршап жатады.

Тас тәрізді бөлімі (каменистая часть) – ми сауытының ішіне қарай жатады. Бұл бөлімнің пішіні үш қырлы пирамидаға ұқсас болғандықтан прирамида деп атайды. Кеңейіп келген бөлігі сыртқа қарап, үшкір жағы ми сауытының ішіне еніп жатады. Оның артқы бетінде ішкі есту тесігі орналасқан. Бұл тесік арқылы ұлу-кіреберіс нервісі өтеді. Ал астыңғы жақ бетінде бет нервісінің өтетін біз-емізік тесігі және ұйқы артериясының өтетін ұйқы каналының тесігі және ІХ, Х, ХІ ми нервілерінің өтетін мойындырық тесігі бар. Тас тәрізді бөлімнің ішінде есту және тепе-теңдік органдары орналасқан. Мұндағы дабылдық қуыс (ортаңғы құлақ қуысы) есту (евстахиев түтігі) арқылы жұтқыншақпен жалғасқан. Осының нәтижесінде ортаңғы құлақтағы қысым сыртқы ауа қысымымен теңесіп дабыл жарғағын қатты күшпен келген ауа толқынының әсерінен қорғап тұрады. Ортаңғы құлақ қуысында балғаша, төсше және үзеңгіше деген есту сүйектері орналасқан. Ішкі құлақтың сүйекті лабиринті ұлу-кіреберіс және үш иірімді каналдардан тұрады. Лабиринттің ұлу бөлігінде есту, ал жартылай иірімді бөлігінде тепе-теңдік (вестибулярлық) аппараты орналасқан.

Сына сүйек (клиновидная кость) – тақ сүйек. Ол ми сауытының астыңғы жағында барлық сүйектермен байланысып, бас сүйегінің астыңғы жақ негізін құрайды. Сол себептен мұны негізгі сүйек деп атайды. Бұл сүйек шүйде сүйегі мен маңдай сүйегінің арасында сыналана жатады. Сына сүйек көз шарасының қабырғасын және самай шұңқырын құруға да қатысады. Бұл сүйектің бірнеше тесіктері арқылы ми нервтері өтеді. Сонымен бірге бұған шайнау еттері де бекиді. Сына сүйектің толық келген орта жерін денесі дейді, одан екі үлкен қанат тәрізді өсінділер тарайды. Денесі арт жағынан шүйде сүйегімен байланысса, алдыңғы жағынан мұрын қуысымен жалғасады. Жоғарғы бетіндегі түрік ершігінде гипофиз безі орналасқан. Денесінің екі жағынан үлкен екі қанат шығады. Онда ми нервтерінің өтетін бірнеше тесігі жатады. Үлкен қанаттың алдыңғы беті көз шарасын құрауға қатысады, ал оның алдыңғы жағында кіші қанаты орналасады. Бұл екі қанат өзара көз шарасының жоғарғы саңылауы арқылы ажырап жатады. Кіші қанат басталар жерінде көру нервісі өтетін көру каналы болады. Сына сүйектің денесінен төмен қарай қос пластинкадан түзілген қанат тәрізді өсінділер шығады. Оларға шайнау еттері тіркеледі.

Тор сүйек (решетчатая кость) – тақ сүйек, мұрын қуысының жоғарғы жағын толтыра жатады. Бұл сүйек ми сауытына да, бет сүйектерінің де құрамына кіреді. Тор сүйегінің көз шарасына қараған екі жақ бетін қағаз пластинка деп, ал ми сауытының қуысына қараған бөлігін тесікті пластинка деп атайды. Оның тесіктері арқылы миға иіс нервтері өтеді. Осы көлденең жатқан тесікті пластинка бөлігінен төмен қарай мұрын қуысын екіге бөліп тік пластинка түседі. Бұл пластинканың (ми қуысына қараған) үшкір бөлігін әтеш айдары дейді. Оған қатты ми қабығы тіркеледі. Тік пластинканың екі жақ жанында тор сүйегінің шытырмақ (лабиринт) бөлігі жатады. Одан мұрынның сыртқа қабырғасына екі өсінді шығып, жоғары және ортаңғы кеуілжір түзеді. Төменгі кеуілжір жеке жұқа сүйектен түзілген. Осы айтылған үш кеуілжір арасында жоғарғы, ортаңғы және төменгі деп аталатын үш ауа жолы жатады.

Бас қаңқасының бет бөлімі алуан түрлі сүйектерден түзелген. Бұған жоғарғы жақ, шықшыт, мұрын, көз, кеңірсік, төменгі жақ, таңдай және тіласты сүйектері жатады.

Жоғарғы жақ (верхняя челюсть) – беттің орталық бөлімін түзетін жұп сүйек. Оның орта жерінде денесі, одан таралатын төрт өсіндісі болады. Денесінің ішінде мұрын қуысына ашылатын ауа (гайморов) қойнауы бар. Сыртқы бетінің ойысы және көзасты тесігі орналасқан. Денесінің жоғарғы беті – көз шарасының астыңғы қабырғасын, мұрын бөлігі – мұрын қуысының бүйір қабырғасын түзеді. Жоғарғы жақтан айнала жатқан сүйектермен байланыстарынан төрт өсінді тарайды. Жоғары қарай маңдай сүйегіне бағыт алған маңдай, шықшыт сүйегіне бағыт алған шықшыт, тіс ұяларын түзіп жатқан тістік және таңдай өсінділері болады.

Шықшыт сүйек (скуловая кость) – беттің бүйір бөлімін түзетін жұп сүйек. Мұның үш жағына қараған маңдай, самай, жоғарғы жақ өсінділері деп аталатын өсінділері бар. Олар осы өзі аттас сүйектермен байланысады. Шықшыт сүйектері көз шарасының сырт жақ қабырғасын түзіп жатады. Артқа қарай бағыт алған самай өсіндісі арқылы самай сүйегімен байланысып, шықшыт доғасын түзеді.

Мұрын сүйегі (носовая кость) – төрт бұрышты келген, ұзынша пластинка тәрізді жұп сүйек. Ол мұрын қуысының алдыңғы тесігінің жоғарғы жиегін түзеді. Осы жерде тор, маңдай және жоғарғы жақ сүйектерімен байланыс жасап жатады.

Қаңырық сүйегі (слезная кость) – кішкене шағын пластинкалар тәріздес болып келеді. Көз шарасының ішкі қабырғасын түзуге қатысады. Айнала маңдай, тор, жоғарғы жақ сүйектерімен шектеліп жатады. Оның төмен қарай мұрын қуысына бағыт алған өзекті сайы болады. Бұл сай мұрын қуысына ашылатын жас түтігін түзеді. Мұрынның ортаңғы және төменгі кеуілжір сүйегі жұқа пластинка тәрізді жұп сүйектер. Олар мұрын қуысының бүйір қабырғасына орналасқан.

Таңдай сүйек (небная кость) – ауыз қуысының жоғарғы қабырғасын түзіп жатқан қатты таңдайдың арт жақ жалғасындағы жұп сүйек. Олар орталықтан жіктесе жатады. Әрқайсысы көлденең және тік пластинкадан түзілген. Көлденең бөлігі қатты таңдай құрамына қатысса, тік бөлігі мұрын қуысының жақтауын түзеді. Оларға сына сүйектің қанатты өсінділері жалғасып жатады.

Төменгі жақ сүйегі (нижняя челюсть) – пішіні доға тәрізді. Жалпы бас сүйегінің ішіндегі қозғалмалы сүйек. Оның доғаланып келген дене бөлігінен екі өсінді көтеріледі. Оның самай сүйегімен байланысып жақ буынын түзетін өсіндісін буын өсіндісі, ал оның алдыңғы жағындағы үшкір келген бөлігін тәждік өсіндісі дейді. Бұған шайнау, самай еттері тіркеледі. Денесінің алдына қарай шығыңқы келген жерін иек деп атайды. Іш жағында қан тамырлары мен нерв талшықтары өтетін қоректі тесіктер де орналасқан. Жақтың жоғарғы жиегінде тістерге арналған тіс ұялары жатады.

Тіласты сүйегі (подьязычная кость) – жақтың астында көмекейдің үстінде орналасқан доға тәріздес сүйек. Оның орта жерін денесі деп атайды, одан таралған кіші және үлкен мүйізшелері болады. Тіласты сүйегі мойын еттерінің қалыңында орналасқан, оны қолмен байқауға да болады. Бұл сүйекке төменгі жағынан көмекей, ал жағарғы жағынан тіл бекиді.

Соқаша сүйек (сошник) – жұқа, төрт бұрышты пластинка тәрізді тақ сүйек. Ол тор сүйегінің тік пластинкасының астыңғы жағынан басталып, мұрын қуысын бөліп тұруға қатысады.



Просмотров 4110

Эта страница нарушает авторские права




allrefrs.su - 2025 год. Все права принадлежат их авторам!