Главная Обратная связь

Дисциплины:

Архитектура (936)
Биология (6393)
География (744)
История (25)
Компьютеры (1497)
Кулинария (2184)
Культура (3938)
Литература (5778)
Математика (5918)
Медицина (9278)
Механика (2776)
Образование (13883)
Политика (26404)
Правоведение (321)
Психология (56518)
Религия (1833)
Социология (23400)
Спорт (2350)
Строительство (17942)
Технология (5741)
Транспорт (14634)
Физика (1043)
Философия (440)
Финансы (17336)
Химия (4931)
Экология (6055)
Экономика (9200)
Электроника (7621)


 

 

 

 



ШЕТКІ ПЕРИФЕРИЯЛЫҚ НЕРВ ЖҮЙЕСІ



Жүйке жүйесінің шеткі (перифериялық) бөліміне ми мен жұлыннан таралатын жүйкелер жатады. Мидан 12 жұп ми жүйкелері тарамдалса, жұлыннан 31 жұп жұлын жүйкелері таралады.

 

Жұмыс

Тақырыбы:Жұлын жүйкелері.

Жұмыстың міндеті: Жұлын жүйкелерінің құрылысын, жүйкелендіретін мүшелерін айыру.

Жұмыстың мақсаты:Жүйке тораптарының жатқан жағдайымен таралатын жүйкелерінің қызметін анықтау.

Жұмысқа керек жабдықтар. Атластар мен түсті таблицалар: «Шеткі (перифериялық) жүйке жүйесі», «Жұлын», «Жұлын сегменті», «Жұлынның көлденең кесіндісі», «Жүйке жүйесі», «Жұлынның жүйке тораптары».

Жұлын жүйкелері(спинно-мозговые нервы). Адамда 31 жұп жұлын жүйкелеріі болады. Оларды жатқан жағдайына қарай 8 жұп мойын, 12 жұп көкірек, 5 жұп бел, 5 жұп сегізкөз, 1 жұп құйымшақ жүйкелеріне бөледі.

Жұлын жүйкелері жұлынның алдыңғы — қозғалтқыш, артқы — сезімтал, түбірлерінің қосылыстарынан пайда болады. Сондықтан да оларды аралас жүйкелер деп атайды. Себебі құрамында соматикалық сезімтал және қозғалтқыш талшықтардан басқа вегетативті талшықтар да кездеседі.

Жұлын жүйкелерінің артқы түбірлерінде сезімтал торшалар орналасқан жұлын түйіндері жатады. Әрбір жұлын жүйкесі омыртқааралық тесіктен шығысымен бірнеше тарамдарға бөлінеді. Оның екі ұзын тарамын алдыңғы және артқы десе, екі қысқасын — қабықтық және жалғастырушы тарамдары дейді.

Жалғастырушы тарамдары вегетативті жүйке жүйесінің түйіндерімен жалғастырады. Бұл тарамдар құрамында ішкі органдармен байланысатын эфференттік жүйке талшықтары өтеді. Ал, қабықтық тарамдарына келсек, олар омыртқааралық тесіктер арқылы омыртқа каналына кері өтіп, жұлынның қабықшаларын жүйкелереді. Сондықтан да оны қабықтық тарамдар деп атайды. Жұлын жүйкелерінің артқы тарамдары дененің арткы жағында сегментті түрде кездеседі. Бұл тарамдар омыртқааралық және сегізкөз тесіктерінен шыққаннан кейін, өз тұсындағы тұлға еттері мен терісіне тарамдалып, шүйде, арқа, бел, бөксе, беліктерін жүйкелендіреді.

Жұлын жүйкелерінің алдыңғы тарамдарының айырмашылығы, олар бір-бірімен көлденең қосылыстар жасап тораптар түзеді. Бұл тораптардан шыққан жүйкелер дененің алдыңғы жағымен қол-аяққа таралады.

Жұлын жүйкелерінің алдыңғы тарамдарынан пайда болған төрт торапты айырамыз. Оларға: мойын, иық, бел, сегізкөз — құйымшақ жүйке тораптары жатады. Тек, көкірек жүйкелері ғана торап түзбей, сегменттік жағдайын сақтайды. Оларға бір-біріне параллель жүріп жатқан 12 жұп қабырғааралық жүйкелер кіреді. Олар қабырғааралық еттер мен көкірек торшасының терісіне тарамдалады. Төменгі қабырғааралық жүйкелер іштің алдыңғы бетіне бағытталып, құрсақ еттері мен терісін де жүйкелендіреді.

Қорытып айтқанда, қабырғааралық жүйкелер көкірек торшасы және құрсақтың еттері мен терісін жүйкелендіреді. Олардың әрқайсысы алдыңғы және сыртқы тарамдарға таралады.

Мойын торабы (шейное сплетение). Мойын торабы негізінде жоғарғы төрт пар мойын жүйкелерінің алдыңғы бұталарының қосылысынан пайда болады. Ол мойын омыртқаларынаң жаныңда мойын еттерінің астында орналасқан. Бұл тораптан таралатын жүйкелерді ет, тері және аралас жүйкелер деп бөледі. Тораптан шығатын жүйкелер бастың тік және бүйір бұлшық еттерін, бас пен мойынның ұзын еттерін, сатылы және төс-бұғана-емізікше еттерін жүйкелендіреді. Мойын торабынан төмендеу мойын жүйкесі, төмендеу тіласты жүйкесімен бірігіп мойын жүйке ілмегін түзеді. Бұл жүйке ілмегі тіласты сүйегінің төменгі жағындағы еттерді жүйкелендіреді. Мойын торабынан еттерге баратын қозғалтқыш жүйкелерден басқа, сезімтал нервтер де шығады. Оларға негізінде мойын терісіне тарамдалатын шүйделік кіші нерв, мойынның келденең нервісі, бұғанаүсті нервтері жатады.

Шүйденің кіші нервісі (затылочный нерв)—төс-бұғана-емізікше етінің астынан өтіп, шүйде бөлігінің терісі мен емізік өсіндісінің аймағын жүйкелендіреді.

Құлақтың үлкен нервісі (ушной нерв)— мойын торабынан шығатын жүйкелердің ішіндегі ең ірісі. Ол төс-бұғана-емізікше етінің астынан артқа қарай өтіп, құлақ қалқанының терісіне, беттің сырт және самай терісіне тарамдалады.

Мойынның көлденең нервісі (кожные нервы шеи)— төс-бұғана-емізікше етінің астынан мойынның алдына қарай көлденең бағыт алады. Осы жерде мойынның теріасты етінен өтіп, мойын алдына қарай бағыт алып, мойынның терісін жүйкелендіреді.

Бұғанаүсті нерв (надключичные нервы)— мойын торабынан басталып, төс-бұғана-емізік етінің сыртқы жиегімен төмен қарай түсіп, бұғана-иық буынына, көкірек клеткасының жоғарғы жағына және дельта тәрізді етке қарай тарамдалып, сол жерлердің тері бөліктерін қамтиды.

Мойын торабының ең ұзын нервісі болып диафрагма нервісі (диафрагмальный нерв) саналады. Ол тораптан басталғаннан кейін, бұғанаасты артериясы мен венасының аралығымен төмен қарай көкірек клеткасына түсіп диафрагмаға жетеді. Жолында өкпе плеврасы мен жүрек үлпершегіне тарамдалып, аяғында диафрагманы жүйкелендіреді, сондықтан негізгі тыныс алу жүйкесі болып саналады. Қөкірек қуысын құрсақ қуысынан бөліп тұратын көк ет —диафрагма жүйкені мойын торабынан алатын себебі, ол эмбиональдық даму кезеңінде ұрықтың мойіын бөлігінде көкірек мүшелерімен бірге пайда болады. Осы мүшелермен бірге дами келе құрсақ қуысына дейін төмендеп, мойын торабынан алған жүйкесін бірге ұзартып әкетеді. Бұл жүйке негізінде қозғалтқыш жүйкеге жатады. Бірақ оның құрамында плевраға және перикардқа, бауыр байламына баратын сезімтал талшықтары да болады.

Иық торабы(плечевое сплетение). Иық торабы мойынның төменгі төрт пар жүйкесінің алдыңғы бұталарының өрімінен пайда болады. Бұл торап мойынның екі жағында, сатылы еттердің аралығында жатады. Бұның бұғанаүсті бөлігінен шықкан қысқа нервтері адамның иық буынына, иық белдеуіне, көкіректің беткей еттеріне тарамдалса, бұғанаасты белігінен шыққан ұзын нервтер қолдың ұзына бойына тарамдалып бұлшық еттері мен терісін жүйкелендіреді.

Иық торабының бүғанаүсті бөлімінен жауырынды қоршай жатқан жауырынасты, жаласты, жалүсті, жауырын кетеретін, ромба тәрізді, алдыңғы тіс тәрізді, үлкен және кіші көкірек еттерін жүйкелендіретін тарамдар шығады.

Иық торабының бүғанаасты бөлімнен шыққан ұзын жүйкелер үш ірі будалардан басталады. Оларға: сыртқы (латеральды), ішкі (медиальды) және артқы (дорзальды) будалар жатады. Сыртқы будадан еттері нервісі жоне ортаңғы жүйке шығады. Ішкі будадан шынтақ жүйкесі мен қолдың терісін жүйкелендіретін тарамдар шығады.

Еттердің жүйкесі (мышечно-кожный нерв)— аралас жүйке, ол құстұмсық-тоқпан жілік етін тесіп өтіп тарамдалып, қолдың құстұмсық-тоқпан жілік, екібасты еттерін және тоқпан жіліктің өзін, шынтақ буынын жүйкелендіреді. Оның тері тарамдары білектің, қол басының және басбармақтың терісін жүйкелендіреді.

Ортаңғы жүйке (срединный нерв)— аралас жүйкеге жатады. Ол иық торабының ішкі және сыртқы будаларынан басталып қолдың алдыңғы бетінде аттас артериямен параллель жүріп, білек бөлігінің беткей және терең еттерінің аралығымен қол басына жетеді де, үш саусаққа тарамдарын береді. Бұл жүйке адамның білек бөлігінде ғана тарамдалып, оның бұрушы және бүгуші еттерін, қол басының еттері мен терісін жүйкелендіреді.

Шынтақ жүйкесі (локтевой нерв)— аралас жүйкелер қатарына жатады, бұл жүйке тоқпан жілік тұсында тарамдалмай шынтақ буынның ішкі жағынан айналып, шынтақ, қол басын бүгетін еттерін жүйкелендіреді. Одан кейін қар жілік — білезік буын бөлігіне дейін шынтақ артериясымен қабат келіп, терең және беткей бұтақтарға белініп, қол басының етері мен терісіне тарамдалады.

Кәрі жілік жүйкесі қол жүйкелерінің ішіндегі ең ірісі болып табылады. Себебі ол қолдың артқы жағындағы (қолды жазатын) еттерді тұтасымен жүйкелендіреді. Бұл жүйке иық торабынан басталғаннен кейін қолтық асты-на қарай қолтықасты артериясымен параллель жатып қолдың артқы жағына өтіп, тоқпан жіліктің артқы жанындағы үшбасты етті және оны жауып жатқан теріні жүйкелендіргеннен кейін білек терісіне тарамдалады. Жүйкенің негізгі бағаны тоқпан жілікті астыңғы жағынан орап шынтақ буын тұсында терең және беткей тарамдарына бөлінеді. Оның терең жүйкелері білектің артқы еттерін жүйкелендірсе, беткей жүйкелері қар артериясымен бірге қол басына бағыт алып оның терісін жүйкелендіреді.

Қолтықасты жүйкесі (подкрыльцовый нерв)— аралас жүйкелерге жатады, ол жуан, қысқа тарамды келеді. Қолтықтың астымен қолды айналып дельта тәрізді және кіші жұмыр еттерге, иық буынына және иық белдеуінің сыртқы жақ терісіне тарамдалып, оларды жүйкелендіреді.

Бел торабы (поясничное сплетение). Бел торабы негізінде төрт бел жүйкелерінің алдыңғы бұтағының өрімінен пайда болады. Бұл торап бел омыртқаларының екі жақ бүйірінде, үлкен бел етінің астында орналасқан. Одан шыққан қысқа жүйке талшықтары бел-мықын және белдің шаршы етте-рін жүйкелендіреді. Тораптан шыққан ұзын жүйкелерінің жоғарғы бөлігі құрсақтың алдыңғы қабырғасын және жыныс органдарын жүйкелендіреді. Ұзын нервтердің төменгі тобына сан, қолсұғар, төменгі мықын-құрсақ және мықын-қасаға жүйкелері жатады.

Сан нервісі аралас жүйкелер қатарына жатады, бұл бел торабынан басталатын жүйкелердің ең ірісі. Ол шат сіңірінің астымен (бел етімен бірге) санның алдыңғы бетіне шығып ет және тері бұталарына бөлінеді. Сан жүйкесінің ет тарамдары — тігінші етпен төртбасты етті жүйкелендірсе, тері тарамдары — санның алдыңғы жағындағы терісін жүйкелендіреді. Тері жүйкелерінің ең ұзыны — ұзын тері жүйкесі теріасты венасын бойлай аяқтың балтыр және аяқ басының терілерін жүйкелендіреді.

Қолсұғар нервісі(запирательный нерв)—аралас жүйке, ол тораптан басталғаннан кейін кіші жамбас куысынан жапқыш тесігі арқылы санның ішкі бетіне карай шығып, онда жатқан еттер тобы мен терісін және ұршық буынын жүйкелендіреді.

Санның сыртқы тері нервісі (наружный кожный нерв бедра)— сезімтал жүйкеге жатады. Ол шат сіңірінің астымен санның сырт жағындағы жалпақ шандырдан өтіп, санның сырт жағындағы терісіне тарамдалады.

Төменгі мықын-құрсақ нервісі (подвздошно-подчрев-ный нерв)— қүрсақтың ішкі қиғаш және көлденең етте-рінің арасынан өтіп, оларды жүйкелендіріп шат аймағының терісіне тарамдалады.

Шат-мықын нервісі (лонно-подвздошный нерв)— алдында айтып кеткен жүйкемен қабат жатып, құрсақтың төменгі бөлігінің бұлшық еттерін жүйкелендіріп, шат каналы арқылы жамбас қуысынан сыртқа теуіп, ер адамда сыртқы жыныс мүшелері мен ұманы, ал әйел адамда жыныстық кіші және үлкен еріндерінің терісін жүйкелендіреді.

Сегізкөз торабы (крестцовое сплетение). Сегізкөз торабы негізінде сегізкөз жүйкелерінің алдыңғы бұталарының өрімінен түзіледі, бұл ең ірі торап болып саналады. Ол кіші жамбас қуысында алмұрт тәрізді бұлшық еттің алдында жатып қысқа және ұзын жүйкелерге тарамдалады.

Қысқа жүйкелерге жоғарғы және төменгі бөксе жүйкелері, ал ұзын жүйкелерге шонданай және санның артқы тері жүйкесі жатады.

Бөксенің жоғарғы нервісі (верхний ягодичный нсрв)— алмұрт тәрізді еттің үстіне жанаса үлкен шонданай тесігі арқылы жамбас қуысынан шығып, ортаңғы жоне кіші бөксе еттерінің арасында тарамдалып, оларды жүйкелендіреді. Сонымен бірге, санның жалпақ шандырын керетін етті де жүйкелендіреді.

Бөксенің төменгі нервісі (нижний ягодичный нерв) жамбас қуысынан, алмұрт тәрізді еттің астыңғы жағына жанаса үлкен шонданай тесігі арқылы жамбас қуысына шыіып, үлкен бөксе еті мен жамбастың ұршық буынын жүйкелендіреді.

Санның артқы тері нервісі (задний кожный нерв бедра)—сезімтал нерв. Ол төменгі бөксе жүйкесімен бірге жамбас қуысынан шығып, санның артқы жағындағы терісін және сирақтың жоғарғы бөлігінің терісін жүйкелендіреді.

Шонданай нервісі (седалищный нерв)— адам денесіндегі ең ірі, ең ұзын нерв, ол жамбас қуысынан үлкен шонданай тесігі арқылы санның артқы жағына бағыт алып еттерін жүйкелендіріп келіп, тақым астына жақындағанда асық жілік жүйкесімен жалпы шыбық жүйкесіне бөлінеді.

Асық жілік жүйкесі сирақтың артқы жағында, камбала тәрізді етпен артқы жілік етінің арасымен төмен қарай жүріп отырып, аяқ басының ішкі жағынан табанға қарай кетеді. Ол сирақтың еттері мен артқы бетіндегі терісін және табан еттері мен терісін жүйкелендіреді.

Жалпы шыбық жүйкесі шыбық сүйектің жоғарғы жағында терең және беткей шыбық жүйкелеріне бөлінеді.

Шыбықтың терең жүйкесі (глубокий малоберцовый нерв)— сирақтың алдыңғы бетінде, алдыңғы асық жілік етімен, басбармақ бүгетін ұзын еттің арасымен аяқ басының үстіңгі жағына дейін жетеді. Бұл нерв сирақтың алдыңғы бетіндегі еттер мен аяқ басының еттерін және бірінші, екінші бармақтар терісін жүйкелендіреді.

Шыбықтың беткей жүйкесі (поверхностный малоберцовый нерв) ұзын және қысқа шыбық еттері мен аяқ басының үстіңгі бетіндегі терісіне тарамдалады.

Сегізкез торабынан шыққан нервтердің ішінде жамбас қуысын, шат аралығын және ішкі жыныс органдарын да жүйкелендіретін нервтер бар.

Осы айтылған шонданай нервісі, не оның тарамдары қабынып ауырса, еттерінің жұмысының бұзылуына байланысты адам аяғын бүге алмай қалады. Ал, жалпы шыбық нервісі бұзылса, адам әуелі аяғын ұшынан басып, одан сыртқы қырына көшіп барып, өкшесін жерге тигізеді. Шонданай нервісінің қабынып ауыруы, тек зақым болудан ғана емес, инфекция және суық тиюден де болады.

Қол және аяқтың бұлшық еттері мен терісіне тарамдалатын нервтер.

Қолдың бұлшық еттеріне тарамдалатын нервтер: тоқпан жіліктің алдыңғы еттері — еттері жүйкесі, ал артқы жағындағы еттерін — кәрі жілік жүйкесі жүйкелендіреді. Білектің алдыңғы еттер тобын — ортаңғы және шынтақ жүйкелері жүйкелендірсе, артқы тобын — кәрі жілік жүйкенің терең бұталары жүйкелендіреді.

Қолдың тері бөліктерінің жүйкелері: қардың алдыңғы және іш жағының терісіне — қардың ішкі тері жүйкесі, сыртқы бетіне — қолтықасты жүйкесі ал, артқы бетіне кәрі жілік жүйкелерінің бұталары тарамдалады. Білектің ішкі және алдыңғы бетіндегі терісін —жеке білектің ішкі тері нервісі, сыртқы жағының терісін — ет-тері жүйкесіі, ал, артқы бетін — кәрі жілік жүйкесінің бұталары жүйкелендіреді.

Қол басының алакан бетін — ортаңғы нерв, сыртқы бетін — кәрі жілік және шынтақ нервтері жүйкелендіреді.

Аяктың топ еттерін — саннервісі, санның ішкі жағында жатқан еттерін — жапқыш нервісі, санның артқы жағында жатқан еттер тобын — шонданай нервісінің тарамдары жүйкелендіреді.

Сирақтың алдыңғы жағындағы еттер тобын — шыбық нервісінің терең тарамдары, сирақтың сыртқы жақ етер тобын —шыбық нервісінің беткей тарамдары, сирақтың артқы жағында жатқан етер тобын асық жілік нсрвісі жүйкелендіреді.

Аяк басының табан жағындағы еттерін — асық жілік нервісі, ал үстіңгі (сыртқы) бетіндегі еттерін — шыбық нервісінің терең тарамдары жүйкелендіреді.

Бақылау сұрақтары:

1. Жұлын жүйкелерінің атқаратын қызметі қандай?

2. Иық торабы мен мойын торабының айырмашылығы мен атқаратын рөлі қандай?

 

 

Жұмыс

Тақырыбы:Жүйке жүйесінің өткізгіш жолдары.

Жұмыстың міндеті: Жүйке жүйесінің орталыққа тепкіш, орталықтан тепкіш жолдарын анықтап білу.

Жұмыстың мақсаты:Орталыққа тепкіш жолдарына қандай бағандарды ажырата білу.

Жұмысқа керек жабдықтар: «Бас миыиың бөліктерінің моделі», «Бас миының көлденең кесіндісі». Түсті атластар мен таблицалар: «Бас миы», «Нерв жүйесі», «Ми сыңарларының қарыншалары», «Сопақша ми», «Мишық», «Ми көпірі», «Төрт төмпешік», «Ми сабақшалары».

Жүйке жүйесінің өткізгіш жолдары. Жұлында рефлекторлық орталықтар болады. Сол орталықтар арқылы тері, ет және ішкі органдардың қарапайым (шартсыз) рефлекстері іске асырылады. Осы рефлекстердің жолы доғасы) төмендегідей болады. Тітіркендіргіш рецептормен қабылданып, пайда болған қозуды жұлын түйінінде жатқан сезімтал нейронға, оның талшықтары арқылы, артқы мүйізде жатқан қосымша нейронға, одан алдыңғы мүйізде жатқан қозғалтқыш клеткасына беріледі. Қозғалтқыш клеткасының нейриті арнаулы бұлшық етке (эффекторға) жеткізіледі. Рефлекторлық доға деп импульстің рецептордан жұлынға, одан эффекторға (бұлшық етке т. б.), жұмыс органына келу жолын айтамыз. Бұл қарапайым доға болып саналады. Ал өмірде жүйке қызметі күрделі доға қатысымен өтеді. Мұндай жағдайда бірнеше нейрондар өзара түйісіп, синапстар жасап, қозуды бір нейроннан екінші нейронға өткізіп, өткізгіш жолдар арқылы нерв импульсін орталық жүйке жүйесіне — миға, одан кері жұлын арқылы жұмыс органына дейін жеткізеді. Сонымен бірге, бұл жолдар орталық жүйке жүйесінің беліктерін бір-біріне жалғастырып отырады. Осының нәтижесінде, күрделі рефлекторлық қызмет жүзеге асырылады.

Сонымен қорытып айтқанда, импульстерді шеттен (рецептордың) жұлын арқылы миға, керісінше, мидан жұлынның қозғалтқыш нейрондары арқылы органдарға (эффекторларға) жеткізетін жолдарды нерв жүйесінің өткізгіш аппараты деп атайды.

Егер, импульс сезімтал нейрондар арқылы орталық нерв жүйесіне бағыт алса, оны орталыққа тепкіш немесе афференттік (сезімтал) жолдар деп атайды. Егер импульс керісінше, қозғалтқыш нейрондар арқылы қарама-қарсы бағытқа жүретін болса, оны орталықтан тепкіш немесе эфференттік (қозғалтқыш) жолдар дейді.

Нерв жүйесінің орталыққа тепкіш (афференттік) жолдарына — нәзік және сына тәрізді будалары, артқы және алдыңғы жұлын-мишық, жұлын төмпек т. б. жолдар жатады. Олар бұлшық еттерден, буындардан, тері экстрорецепторларынан басталып, жұлын құрамына енеді. Жұлынның ақ затының құрамымен жүріп отырып, ми сыңарлары мен мишықтың қыртысына дейін жетеді.

Нәзік (голля) будасы сезімді дененің төменгі бөлігінен өткізсе, сына тәрізді будасы — дененің жоғарғы бөлігінен өткізеді. Оларды проприорецепторлы жолдар деп атайды. Нәзік және сына тәрізді будаларының рецепторлары бұлшық еттермен буынынан басталып, жұлын нервтерінің құрамында жұлын түйінінде жатқан бірінші нейронға, одан артқы түбір құрамымен жұлынның артқы бағанына бағытталады. Осы бағанмен жоғары көтеріліп, сопақша мидың нәзік және сына тәрізді төмпешіктеріндегі ядроларға келіп аяқталады. Бұл жерден кезекші нейрондар басталып, олардың аксондары көру төмпегінің сыртқы ядросына жетеді. Осы жерден басталған үшінші нейрон талшықтары ми сыңарының артқы орталық қатпары мен жоғары төбе қыртысында аяқталады.

Проприорецепторлы жолдарға алдыңғы және артқы жұлын-мишық жолдары жатады. Бұл екі жол жұлынның бүйір бағанында өтеді.

Алдыңғы жұлын-мишық жолы (передний спинно-мозжечковый путь)— бүйір бағандарының алдыңғы бөлігінде орналасқан. Бұл жолдың бірінші нейроны жұлын түйінінде жатқан униполярлы клеткалар. Олардың аксоны жұлынның артқы түбіршігі арқылы жұлынға еніп, оның сұр затының артқы мүйізшелерінің аралығында аяқталады. Осы жерден кезекші нейрон басталады. Оның аксоны сұр заттан ақ затқа шығып, бүйір бағанының алдыңғы жағымен миға бағытталады. Екінші нейронның талшықтарының бір бөлігі алдыңғы ақ байланыс арқылы қарама-қарсы жаққа ауысады да, бір бөлігі өз бағытымен сопақша ми, көпір, төрт төмпешікке барып айқасып, мишықтың жоғарғы сабақшасы арқылы ми сыңарының алдыңғы орталық қатпарына жетеді.

Артқы жұлын-мишық жолы (задний спинно-мозжечковый путь)— бірінші нейрон омыртқааралық түйіндерінде жатқан униполярлы торшалар. Олардың аксондары артқы түбіршік құрамына еніп, жұлынның сұр затының артқы мүйізшесінде аяқталады. Осы жерден екінші нейрон басталып, оның аксоны бүйір бағанының артқы жағымен жоғары көтеріліп сопақша ми арқылы мишықтың қыртысына жетеді. Одан тісті ядросына бағыталады.

Жұлын-төмпек жолы (спинно-таламический путь)— тері сезімін жұлын арқылы көру төмпегіне дейін жеткізеді. Бұл жолдар жұлын бағандары арқылы өтеді. Алдымен жұлын нервтерінің сезімтал талшықтары жұлын түйіндегі бірінші нейрондарға, одан артқы түбіршік арқылы жұлынның артқы мүйізшесіндегі клеткалармен сопақша ми ядроларында аяқталады. Осы жерлерден кезекші нейрон басталып қарама-қарсы жағына өтіп, бүйір бағанының құрамы арқылы жоғары көтеріліп сопақша миға, одан әрі көпір арқылы көру төмпегінің ядроларында аяқталады. Осы жерден үшінші нейрон басталады. Оның аксондары төмпек-қыртыс жолдың құрамына өтіп, ми сыңарының артқы орталық қатпарымен жоғарғы төбе қыртыстарына жетеді. Бұлқыртыстар аймағы тері сезу анализаторының орталығы болып саналады.

Жұлынның орталыққа тепкіш (сезімтал) жолдарымен келген импульстер, нерв талшықтарының айқасуына байланысты, дененің оң бөлігінен келген сезімді ми сыңарларының сол қыртысына, ал сол жағынан мидың оң қыртысына өткізеді. Бұл импульстер ми сыңарларының қыртысындағы қозғалтқыш клеткаларына беріледі. Ол клеткалардан орталықтан тепкіш (қозғалтқыш) жолдары басталады.

Орталықтан тепкіш (қозғалтқыш) эфференттік жолдар. Адам организмінің қимыл әрекеттері — нерв жүйесінің басқаруымен жүзеге асады. Қейбір қарапайым қимылдар жұлынның бір сегменттік нерв жолдарының қатысымен бітеді. Мұны - қарапайым рефлекс деп атайды. Ал күрделі (жоғарғы қатарлы) рефлекстер жұлынмен бірге ми бағанының қыртысасты ядроларының және ми сыңарларының қыртыс бөліктерінің қатысуымен жүзеге асырылады.

Қозғалтқыш жолдардың кейбіреулері импульстерді ми қыртысынан, екінші біреулері қыртысасты ядролардан бұлшық етке апарады.

Ми қыртысынан басталатын орталықтан тепкіш жолдарға пирамидалық қыртыс-жұлын жолдары жатады. Олар ми сыңарларының алдыңғы орталық қатпарының (Бец) клеткаларынан басталып, аксондары арқылы ішкі капсуланың құрамында жүріп отырып көпір негізінен сопақша мидың пирамидасына жалғасады. Пирамида құрамындағы талшықтар жартылай айқасып (оңнан солға, солдан оңға көшіп), одан жұлынның бүйір бағандарына енеді. Бұл жолды бүйір пирамида (боковой корково-пирамидный путь) жолы деп атайды. Ал сопақша мидың пирамида бөлігінде айқаспаған талшықтар, жұлынның алдыңғы бағанымен жүріп отырып, оның әрбір сегментінде айқас жасап, сұр заттың алдыңғы мүйізшелеріне келіп аяқталады. Бұл жолды алдыңғы пирамида жолы (передний пирамидный путь) деп атайды. Алдыңғы және бүйір пирамида жолдары жұлынның сұр затының алдыңғы мүйізшелеріндегі қозғалтқыш клеткаларында аяқталады. Осы жерден кезекші нейрондар басталып, олардың аксондары бұлшық еттерге жетеді.

Вестибуло-жұлын жолы (предверно-спинальный путь)—сопақша мидан басталып, жұлынның алдыңғы бағанымен төмен түсіп, оның алдыңғы мүйізшелеріндегі клеткаларына беріледі. Олардан шыққан нерв импульстері бұлшық еттерге жетеді. Қорытып айтқанда, вестибуло-жұлын жолы арқылы дененің тепе-теңдік сақтауы қамтамасыз етіледі.

Бақылау сұрақтары:

1. Жүйке жүйесінің өткізгіш жолдарын атаңыз?

2. Вестибуло жұлын қызметі қандай?

 

Ж ұмыс

Тақырыбы:Ми нервтері.

Жұмыстың міндеті: Атлас пен түсті таблицалардан 12 жұп ми нервтердің түбіршіктерінің жатқан (шыққан) жерін тауып, әрқайсысының атын жаттау.

Жұмыстың мақсаты:нервтердің қай органдарды жүйкелендіретінін зерттеп білу.

Жұмысқа керек жабдықтар: «Мидың моделі». «Мидың дайын препараты». Атластар, түрлі түсті таблицалар: «Мидың негізі», «Мидың баған бөлігі», «Мидың астыңғы жақ көрінісі», «Ми нервтері», «Иіс, көру нервтері», «Қөз-қимыл», «Шығыр, әкеткіш нервтер», «Үшкіл нерв», «Бет, кіреберіс-ұлу», «Тіл-жұтқыншақ нервтері», «Кезеген нервісі».

Ми нервтері (черепные нервы)—12 жұп ми нервтері (IV нервтен басқасы) мидың астыңғы жағынан тәртіппен басталып өздеріне тән аттарымен аталады. I — иіс нервісі, II—көру нервісі, III—көз-қимыл нервісі, IV— шығыр нервісі, V— үшкіл нерв, VI— әкеткіш нерв, VII—бет нервісі, VIII—кіреберіс-ұлу нервісі, IX—тіл-жұтқыншақ нервісі, X— кезеген нерв, XI— қосымша нерв, XII—тіласты нервісі.

Иіс және керу (I, II) нервтерінің орталықтары алдыңғы ми сыңарларымен байланыста болса, көз-қимыл және шығыр (III, IV) нервтері — ортаңғы мимен; ал үшкіл, әкеткіш, бет және кіреберіс-ұлу (V—VI— VII—VIII) нервтері — артқы мидың көпір бөлігімен, тіл-жұткыншақ, кезеген, қосымша және тіласты (IX— X—XI—XII) нервтері— сопақша мимен байланыста жатады.

Ми нервтері құрамы мен атқаратын жұмысына қарай сезімтал, қозғалтқыш және аралас нервтер деп бөлінеді. 12 жұп ми нервтерінің I, II, жұп нервтері соматикалық — сезімтал, III,IV, VI, XI, XII жұп нервтері соматикалық — қозғалтқыш, ал қалған (V, VII, IX, X) нервтері — аралас нервтер қатарына жатады.

I—иіс нервісі (обонятельные нервы)— сезімтал нервтер, ол (16—20) иіс нерв талшықтарынан түзілген. Иіс талшықтары мұрын қуысының кілегей қабықшасынан басталып, ми сауытының ішіне тор сүйегі арқылы еніп, иіс жолының нейрондары жатқан иіс жуашығына жетеді. Бұл нейрондардың талшықтары иіс жолы арқылы иіс бұрышына, одан белдеу, теңіз жылқысы қатпарының ілмегіне (иіс орталығына) келіп аяқталады.

II— көру нервісі (зрительные нервы)— сезімтал нервтер, бұл көз алмасының торлы қабықшасынан басталып, ми сауытының ішіне сына сүйектің көру каналы арқылы енеді. Онда көру нервтерінің кейбір талшықтары айқасып (оңнан-солға, солдан-оңға), көру айқасын түзіп, көру жолы арқылы қыртысасты көру орталықтарына барып аяқталады. Қыртысасты көру орталықтары ортаңғы мидың жоғарғы қос төмпешігінде, сыртқы тізелі денеде және көру төмпегінің көпіршігінде орналасқан. Қыртысасты көру орталығындағы кезекті нейрондар талшықтары үлкен мидың шүйде бөлігіндегі тепке қатпарының аймағына (жоғарғы көру орталығына) барып аяқталады.

III—көз-қимыл нервісі (глазодвигательный нерв) — негізінде қозғалтқыш нервтер қатарына жатады. Оның құрамында қарашықты тарылтатын және көздің әр түрлі қашықтықтағы заттарды көруін қамтамасыз ететін еттерге баратын парасимпатикалық талшықтары да болады. Бұл нервтің орталығы (ядросы) ми сабақшаларының қақпақша бөлігінде (ортаңғы мидың су өткізгішінің түбінде) жатады. Нервтің өзі, ми сабақшаларының арасынан ми бетіне теуіп, жоғарғы көз саңылауы арқылы көз шарасының ішіне еніп, көз алмасының жоғарғы, төменгі, ішкі тік еттері мен төменгі қиғаш етін жүйкелендіреді.

IV—шығыр нервісі (блоковый нерв)—қозғалтқыш нервтер. Нерв ядросы (орталығы) көз-қимыл нервісі ядросының қасында, ми сабақшаларының қақпақша бөлігінде жатады. Бұл нерв, ортаңғы мидың төменгі қос төмпешігінің астыңғы жағынан ми бетіне теуіп, жоғарғы көз саңылауы арқылы көз шарасына еніп, көз алмасының жоғарғы қиғаш етін нервтендіреді. Маңдай сүйектің ілгектеніп тұрған өсіндісінен, жоғарғы қиғаш етке тік түсіп тұруына байланысты оны шығыр нерв деп атаған.

V—үшкіл нерв (тройничный нерв)—аралас нерв болып саналады. Нерв орталығы ромба ойысының жоғарғы бөлігінде, ми көпірінде жатады. Көпір бетіне үлкен және кіші түбірлерімен шығады. Үлкенін — сезімтал түбір, кішісін— қозғалтқыш түбіршік деп атайды. Сезімтал түбір айшық түйінін түзгеннен кейін түбіршікпен қосылып барып үш тарамға бөлінеді: көз, жоғарғы жақ және төменгі жақ нервілеріне. Осыған байланысты бұл нервті үшкіл нерв деп атайды.

Көз тарамы жоғарғы көз саңылауы арқылы, көз шарасына еніп, көз жасының безіне, көз алмасына, жоғарғы қабақ пен маңдай терісіне және мұрын қуысының кілегей қабықшасына талшықтарын береді.

Жоғарғы жақ тарамы ми сауытынан шығып, көзасты канал арқылы бетке тарамдалады. Бұл жоғарғы тістерді, мұрын қуысының кілегей қабықшасын, жоғарғы жақты және бет терісінің орта бөлігін нервтендіреді.

Төменгі жақ тарамы сына сүйек арқылы ми сауытынан шығып, сезімтал және қозғалтқыш талшықтарына вегетативтік нерв жүйесінің түйіндерімен байланыста тарамдалады. Сезімтал талшықтары ұрттың, тілдің алдыңғы бөлігінің кілегей қабықшасын, төменгі жақтың тістерін, беттің және самай бөліктерінің терісін нервтендіреді. Ал қозғалтқыш талшықтары, негізінде, шайнау еттеріне тарамдалады. Үшкіл нервтің талшықтары вегетативтік нерв, жүйесінің түйіндерімен байланыста жатады.

VI—әкеткіш нерв (отводящий нерв)— қозғалтқыш нервтер қатарына жатады. Бұл нервтің де ядросы (орталығы) ромба ойысының жоғарғы бөлігінде, ми көпірінің тұсында жатады. Нерв түбіршігі сопақша мидың пирамидасымен көпір аралығынан ми бетіне шығады. Жоғарғы көз саңылауы арқылы көз шарасына еніп, көз алмасының сыртқы тік етін жүйкелендіреді. Бұл ет жиырылғанда көзді сыртқа қарай әкетеді (тартады), сондықтан бұл нервті әкеткіш нерв деп атайды.

VII—бет нервісі (лицевой нерв)—аралас нервтерге жатады. Құрамында жақасты және тіласты сілекей бездеріне баратын парасимпатикалық талшықтары болады. Бұл нервтің де ядросы ромба ойысының жоғарғы бөлігінде (ми көпірінде) жатады. Бет нервісі сопақша мидың олива тұсынан ми бетіне шығып, самай сүйегінің тасша бөлігіндегі ішкі есту жолы арқылы жүріп отырып, ми сауытынан сыртқа теуіп, бетке тарамдалып, барлық ымдау еттерін жүйкелендіреді. Нервтің сезімтал талшықтары тілдің алдыңғы бөлігіндегі дәм сезгіштігін қамтамасыз етеді.

VIII— кіреберіс-ұлу нервісі (преддверно-улитковый нерв)— соматикалық сезімтал нервтер қатарына жатады. Бұл нерв жеке кіреберіс, ұлу деген екі бөліктен тұзілген. Ұлу бөлігі есту толқынын ішкі құлақтан мидың самай бөлігіндегі жоғарғы есту қатпарына жеткізсе, кіреберіс бөлігі қозуды ішкі құлақтың тепе-теңдік органдарынан мишыққа береді.

Нервтің ұлу бөлігі ішкі құлақтың ұлу бөлігіндегі бұранда түйін клеткаларынан басталады. Бұл клеткалар есту жолының бірінші нейрондары болып саналады. Олардың ұзын талшықтары осы нервтің ұлу бөлігін түзеді. Ұлу бөлігі одан әрі самай сүйегінің тасша бөлігіндегі ішкі есту жолы арқылы оливаның артқы жағымен миға еніп, көпірдің тұсында жатқан ромба ойысының жоғарғы бөлігіндегі ядроға келіп аяқталады. Ал бұл орталықта жатқан клеткалар, есту жолының екінші нейрондары болып саналады. Олардың ұзын талшықтары ортаңғы мидың төменгі қос төмпешігімен, ішкі тізелі денеде жатқан үшінші нейрондарға жетеді. Бұл нейрондар талшықтары жоғарғы самай қатпарында жатқан есту анализаторының орталығына бағыт алады.

Нервтің кіреберіс бөлігі жарты иірім каналдармен ішкі құлақтың кіреберіс бөлігінің рецепторларынан басталады. Олар дененің жазықтықтағы жағдайын қабылдап, самай сүйегінің тасша бөлігінен ішкі есту жолы арқылы оливаның артқы жағынан миға енеді. Нерв талшықтары ядроларына жетіп, одан мишыққа бағыт алады.

IX— тіл-жұтқыншақ нервісі (языко-глоточный нерв) — аралас нерв болып саналады. Бұл нерв құрамында шықшыт сілекей безін нервтендіретін парасимпатикалық нерв талшықтары болады. Нерв ядросы ромба ойысының төменгі бөлігінде сопақша мида жатады. Ми бетіне олива артынан шығып, шүйде сүйектің мойындырық тесігі арқылы ми сауытынан сыртқа тебеді. Нервтің талшықтары тілдің артқы бөлігімен жүмсақ таңдайдың кілегей қабықшасын, жұтқыншақты, көмей бездерін, ал қозғалтқыш талшықтары — жұтқыншақтың еттерін нервтендіреді.

X— кезеген нерв (блуждающий нерв)— аралас нервтер қатарына жатады. Бұл нерв құрамында, көкірек қуысы мен құрсақ қуысында жатқан мүшелерді нервтендіретін парасимпатикалық талшықтар болады. Бұл нервтің де ядросы ромба ойысының төменгі бөлігінде, сопақша мида жатады. Ми бетіне оливаның артқы жағынан шығып, мойындырық тесігі арқылы ми сауытынан мойын бөлігіне қарай бағыт алады. Бұл нерв мойын бөлігінен көкірек қуысына, одан құрсақ қуысына өтеді. Мойын бөлігінде — тіл түбірінің кілегей қабықшасын, көмекей еттері мен кілегей, қабықшасын, жүтқыншақ еттерін; көкірек қуысында — жүректі, өңешті, өкпелер мен бронхыларды; құрсақ қуысында — ас қорыту мүшелерін тік ішекке дейін жүйкелендіреді. Сол себептен кезеген нерв, парасимпатикалық нервтердің ішіндегі ең ірісі және ұзыны болып саналады.

XI— қосымша нерв (добавочный нерв)— қозғалтқыш нервтер қатарына жатады. Оның ядролары сопақша ми мен жұлынның жоғарғы сегменттерінде жатады. Осыған байланысты нервтің ми және жұлын бөліктеріндегі түбірлерді айырамыз. Нервтің төменгі жұлын түбірлері шүйде тесігі арқылы ми сауытына етіп, жоғарғы ми түбіршіктерімен қосылады. Осы қосылыстан пайда болған қосымша нервтің негізгі сабағы, кері ми сауытынан шығып, трапеция тәрізді және төс-бұғана-емізік еттерін жүйкелендіреді.

XII— тіласты нерв (подъязычный нерв)—қозғалтқыш нерв. Ядросы сопақша мида орналасқан. Бұл нерв сопақша ми пирамидасы мен олива арасынан ми бетіне шығып, шүйденің тіласты каналы арқылы ми сауытынан тілге қарай бағыт алады. Тіласты нерв тіл еттері мен мойынның алдыңғы бетіндегі кейбір еттерін жүйкелендіреді.

Бақылау сұрақтары:

1. Нерв жүйелеріне не жатады?

2. Ми нервтері құрамы мен атқаратын жұмысына қарай нешеге бөлінеді?

 

 

Жұмыс

Тақырыбы:Нерв жүйесінің вегетативті бөлігі.

Жұмыстың міндеті:Вегетативтік нерв жүйесінен жалпы түсінік алу. Оның қандай органдар жүйесін нервтендіретінін зерттеп, соматикалық нерв жүйесінен қандай айырмашылығының бар екенін білу.

Жұмыстың мақсаты: Симпатикалық және парасимпатикалық нерв жүйесінің орталық бөлімдері мен нерв жолдарын (түйінге дейінгі, түйіннен кейінгі) зерттеп, қай органдарды нервтендіретінін білу.

Жұмысқа керекті жабдықтар. Таблицалар: «Вегетативтік нерв жүйесі», «Симпатикалық баған», «Вегетативтік нерв жүйесінің симпатикалық және парасимпатикалық бөлімдері», «Рефлекторлық доға».

Нерв жүйесінің вегетативті бөлігі.Нерв жүйесінің вегетативті бөлігінің соматикалық бөлігінен айырмашылығы ішкі органдарды, қан және лимфа тамырларын, жүректі, бездерді нервтендіреді. Вегетативті нервтер көлденең жолақты ет тканін де (бұлшық еттер) жүйкелендіреді. Бірақ олардың жиырылуына тікелей әсер етпей, зат алмасуын арттырып, қызметін ғана күшейтіп, органдарға трофикалық әсер етеді.

Вегетативтік нерв жүйесінің соматикалық нерв жүйесі сияқты орталық және шеткі бөліктері болады. Орталық бөлігіне ми мен жұлын жатса, шеткі бөлігіне нерв түйіндері, нерв талшықтары, нерв өрімдері жатады.

Вегетативтік нерв жүйесінің рефлекторлық доғасындағы нейрондардың орналасу жағдайында ерекшеліктері бар. Себебі, олардың ми мен органдар арасындағы эфференттік жолы екі нейрондық жол болып табылады. Бірінші нейрон ми мен жұлында (орталық нерв жүйесінде) жатса, екінші эфференттік нейрон жүйкелендіретін мүшелерге жақын немесе органдар ішіндегі түйіндерде орналасады. Сондықтан да олардың талшықтары (нейриттері) эфференттік жолдың «түйінге дейінгі» (преганглионарлы) және «түйіннен кейінгі» (постганлионарлы) жолдарын түзеді.

«Түйінге дейінгі» талшықтар (жолдар) ақ миелин қабықшамен жабылған бірінші нейрондардың нейриттері болып саналады. Олар ми мен жұлында жатқан аралық нейрондар. Олардың нерв ұштары екінші эфференттік нейрон денесіне келіп түйіседі. Ал «түйіннен кейінгі» талшықтар (жолдар) шеткі түйіндерде жатқан екінші эффекторлы нейрондардың өсінділері (нейриттері) болып саналады. Бұл талшықтардың миелинді қабықшасы болмайды. Олардың нерв ұштары тікелей органдарға жетіп, сол органдарды жүйкелендіреді. Нерв жүйесінің вегетативті бөлігі — физиологиялық, формакологиялық және морфологиялық ерекшеліктеріне қарай симпатикалық және парасимпатикалық жүйелеріне бөлінеді.

Симпатикалық нервтердің аралық нейрондары жұлынның көкірек және бел сегменттерінің бүйір мүйізінде жатады. Осы жұлын сегменттерінен шыққан нерв талшықтары алдыңғы түбіршік құрамымен жүріп отырып, жулын нертверімен симпатикалық баған түйіндеріне дейін жетеді.

Парасимпатикалық нерв жүйесінің орталық бөлігі ортанғы ми, көпір, сопақша ми бөліктері мен жұлынның сегізкөз сегменттерінде жатады. Осы ми бөліктерінен шыққан парасимпатикалық талшықтар ми нервтерінің құрамында түйіндерге дейін жетеді. Ол түйіндерден шыққан парасимпатикалық нерв талшықтары көз-қимыл, бет, тіл-жұтқыншақ және кезеген нервтер (III— VII—IX—X) құрамында жүріп отырып органдарға барады. Ми бөліктерінен шыққан парасимпатикалық нервтер ішкі органдарды, қан қысымын, тыныс алуы, асқазан, ішек жұмыстарын, организмдегі зат алмасу процестерін реттеп тұрса, сегізкөз сегменттерінен шығатын парасимпатикалық талшықтар жамбас нервтерінің құрамымен жүріп отырып, жамбас ішіндегі органдарды жүйкелендіреді..

Вегетативті нерв жүйесінің симпатикалық бөлімі (симпатический отдел вегетативной нервной системы).

Симпатикалық нейрондар жұлынның көкірек сегменттері бүйір мүйізінде жатады. Ол нейрондардан шыққан ұзын талшықтар ақ дәнекер бұтағын түзіп түйінге дейінгі жолға жалғасып симпатикалық бағанның түйіндеріне жетеді. Бұл түйіндер ұзына бой өзара қосылыстар жасап омыртқа жотасының екі жағындағы симпатикалық тізбектер түзеді. Бұл симпатикалық тізбектер ми сауытының астыңғы жағынан басталып, омыртқа жотасының екі жағымен құймышақ сүйегіне жетеді.

Симпатикалық баған жатқан жағдайына қарай мойын, көкірек, бел, сегізкөз құймышақ бөлімдеріне бөлінеді.

Симпатикалық бағанның мойын бөлімі мойын омыртқаларының көлденең өсінділерінің алдында, бұлшық еттерінің астында жатады. Бұл бөлігі бір-бірімен қосылыста жатқан үш жұп симпатикалық түйіндерден түзілген. Оларға жоғарғы, ортаңғы және төменгі мойын түйіндері жатады.

Жоғарғы мойын түйіні түйіндердің ішіндегі ең ірісі, ол жоғарғы II—III мойын омыртқаларының тұсында жатады. Бұл түйіннен шыққан нерв талшықтары, көрші жатқан түйіндермен, органдармен және тамырлармен, сонымен қатар, жоғарғы төрт жұлын нервтерімен, тіласты, мойындырық, кезеген, диафрагмалды нервтерімен және ішкі-сыртқы ұйқы артерияларымен жалғасып жатады. Бұл түйіннен шыққан жоғарғы жүрек нервісі, көкірек қуысындағы жүрек нерв өріміне жалғасады.

Ортаңғы мойын түйіні сопақша пішінді, төменгі (V—VI) мойын омыртқалар тұсында орналасқан. Бұл түйіннен шыққан нервтер жұлынның төменгі мойын нервтерімен, айнала жатқан органдармен, тамырлармен және жоғарғы, төменгі мойын түйіндерімен қосылыстар жасайды. Сонымен қатар осы түйіннен ортаңғы жүрек нервісі шығып ол да жоғарғы жүрек нервісімен бірге жүрек өріміне қатысады.

Төменгі мойын түйіні немесе «жұлдызша» түйін екі түйін қосылысынан пайда болып, пішіні төрт бұрышты келеді. Ол түйін VII мойын омыртқа мен I қабырға басының тұсында жатады. Бұл түйіннен VI— VIII жұлынның мойын нервтеріне, мидан таралған нервтерге, мойын бөлігіндегі қан тамырларына тарамдар шығады. Сонымен бірге осы түйіннен шыққан төменгі жүрек нервісі жүрекке жетіп жоғарғы және ортаңғы жүрек нервтерімен бірге жүрек өрімдерін түзеді.

Қорытып айтқанда, мойын бөлігінің түйіндерінен шыққан симпатикалық нервтер мойын мен бастың қан тамырларын, бездерін, жұтқыншақ пен көмекейді нервтендіріп, жүрек, мойын, иық нерв өрімдерін түзуге қатысады. Сонымен қатар, көздің қарашығын кеңейтетін етті де жүйкелендіреді.

Симпатикалық бағанның көкірек бөлімі көкірек омыртқаларының екі жағында ұзына бой жатады. Бұл бөлім 10—12 жұп көкірек түйіндерінен түзілген. Олардың пішіндері үш бұрышты, жоғарыдан төмен қарай ірілене келеді.

Көкірек бөлімінің симпатикалық түйіндерінің негізгі нерв тарамдарына үлкен және кіші құрсақ нервтері жатады. Олар көкірек түйіндерінен басталып диафрагма арқылы құрсақ қуысына өтіп, асқазанның астыңғы жағындағы «күн тәрізді» нерв өрімінде аяқталады. Көкірек түйіндерінен осы аталған екі нервтен де басқа көкірек қолқасы мен көкірек органдарына барып өрімдер жасайтын парасимпатикалық нерв талшықтары шығады.

Құрсақтың немесе күн тәрізді өрім (солнечное сплетение)—вегетативті нерв жүйесінің, өрімдерінің ішіндегі ең ірісі болып саналады. Сол себептен оны кейде «құрсақ миы» деп те атайды. Ол екі бүйрекүсті бездерінің аралығында, құрсақ артериясын қоршап жатады. Бұл өрімнің құрамына қарынасты, оң жақ кезеген нерв, I—II бел нервтері мен диафрагма нервісі кіреді, Өрімнен таралған симпатикалық нервтер құрсақ қуысындағы органдарды, қан және лимфа тамырларын жүйкелендіреді.

Симпатикалық бағанның бел бөлімі төменгі қуысты венаның оқ жағы мен құрсақ қолқасының сол жағында бел омыртқалар тұсында жатады. Осы бел түйіндерінен шыққан нерв талшықтарынан «құрсақ өрімі» пайда болады.

Симпатикалық бағанның сегізкөз-құйымшақ бөлімі төрт жұп түйіннен түзіледі. Бұл түйіндерден шыққан нерв талшықтарының қосылысынан құрсақ қолқасының төменгі бөлігін қоршап жатқан, «төменгі құрсақ өрімі» пайда болады. Бұл өрімнен шыққан симпатикалық нервтер ішкі мықын артериясымен бірге тарамдалып, кіші жамбас ішіндегі органдарға (қуыққа, тік ішекке, шәует бауына, шәует көпіршіктеріне жатыр мен қынапқа) барып сол мүшелерді жүйкелендіреді.

Вегетативті нерв жүйесінің парасимпатикалық бөлімі (парасимпатический отдел вегетативной нервной системы). Бұл нерв бөлігі симпатикалық нерв бөлігіне ұқсас, орталық және шеткі бөлімдерден түзілген. Оның орталық бөліміне парасимпатикалық нерв клеткаларының шоғырланған жерлері — ортаңғы ми, көпір және сопақша ми бөліктері мен сегізкөз сегменттері жатады. Осыған байланысты, парасимпатикалық нерв жүйесінің орталығын ми және жұлын бөліктеріне бөлеміз.

Парасимпатикалық нерв жүйесінің шеткі бөлігіне осы айтқан орталықтардан шыққан нервтер мен түйіндер кіреді. Нерв талшықтары «түйінге дейінгі» (предузловые волокна) және «түйіннен кейінгі» (послеузловые волокна) жолдар түзеді. «Түйінге дейінгі» нерв талшықтары парасимпатикалық орталықтардан (ми және жұлыннан) басталса, «түйіннен кейінгі» нерв талшықтары парасимпатикалық түйіндерден басталып, нервтендіретін органдарына дейін жетеді. Түйіндердің кейбіреулері органдардың қабырғасында орналасса, кейбіреулері органдардың қасында орналасады.

Ортаңғы ми, көпір және сопақша ми бөліктерінен (орталықтарынан) шыққан парасимпатикалық нерв талшықтары ми нервтерінің құрамымен нервтендіретін органдарға жетеді. Оларға көз-қимыл, бет, тіл-жұтқыншақ және кезеген (III—VII—IX—X) нервтер жатады. Осы ми нервтерінің құрамындағы парасимпатикалық талшықтар түйіндерге келіп аяқталады. Сол себептен оларды «түйінге дейінгі» талшықтар дейді. Осы талшықтардың аяқталған түйіндерінен екінші нейрондар басталып, олардың талшықтары (нейриттері) «түйіннен кейінгі» жол түзіп, нервтендіретін органдарына жетеді.

Парасимпатикалық түйіндерге — кірпікті, қанат-таңдай, құлақ, жақасты түйіндері мен көкірек және құрсақ қуысындағы органдар түйіндері жатады. Осы түйіндерден шыққан парасимпатикалық талшықтар өздеріне тән органдарын жүйкелендіреді.

Ортаңғы ми бөлігінен шыққан көз-қимыл (III) нервісінің құрамындағы парасимпатикалық талшықтар көз алмасының нұрлы қабықшасының ет талшықтарын жүйкелендіреді. Егер бұл нерв талшықтарын тітіркендірсе, көз қарашығы кеңейеді.

Бет (VII) нервісінің құрамындағы парасимпатикалық талшықтар тіласты және жақасты сілекей бездерін, көздің жас бездері мен мұрын қуысының кілегей бездерін жүйкелендіреді. Тіл — жұтқыншақ нерв (IX) құрамындағы парасимпатикалық талшықтар шықшыт безін жүйкелендіреді.

Парасимпатикалық нервтер ішіндегі ең ірісі кезеген нерв (X). Бұл нерв сопақша мидың ромба ойысындағы ядролардан басталып, «түйінге дейінгі» жол түзіп, көкірек қуысы мен құрсақ қуысындағы органдардағы түйіндерге келіп жалғасады. Осы талшықтар келіп аяқталған парасимпатикалық түйіндерден кезекті нейрондар талшықтары шығып, «түйіннен кейінгі» жолдар түзіп, ішкі органдарды жүйкелендіреді.

Жұлынның сегізкөз сегменттеріндегі парасимпатикалық орталықтан шыққан нерв талшықтары, «түйінге дейінгі» жолдар түзіп, алдыңғы түбіршік құрамында, одан кейін жамбас нервісімен жүріп отырып, түйіндерге дейін жетеді. «Түйіннен кейінгі» жолға кіші жамбас ішіндегі органдарға баратын парасимпатикалық талшықтар жатады. Олар құрсақасты өрім құрауға қатысады. Одан тараған нервтер зәр шығару және жыныс органдарын жүйкелендіреді.



Просмотров 11313

Эта страница нарушает авторские права




allrefrs.su - 2025 год. Все права принадлежат их авторам!